Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзі 5873 0 пікір 4 Қазан, 2016 сағат 09:59

МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙДЫҢ ЖАЗУШЫЛАРҒА ҮНДЕУІ

Abai.kz ақпаратттық порталының электронды почтасына Мырзан Кенжебайдан төмендегі мақала келіп түсті. Мақала авторының ойы редакция көзқарасын білдірмейді. Қарсы тараптың айтар уәжі болса, оған да мінбер беруге дайын екенімізді ескертеміз.

Abai.kz ақпаратттық порталы  

(«ҚӘ» газетінде жарияланған Б. Шахановтың мақаласына орай)

Әнебір кезде қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, шығармалары талай елдің тіліне тәржімаланған белгілі-белгілі ақсақал қаламгерлер мен Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері бастаған бас-аяғы 200-ге тарта ақын-жазушылар Одақтағы осынау өте жайсыз жағдаяттардың себептері мен салдарларын атап көрсетіп, Елбасының атына  хат жариялағаны  белгілі.

Ол хатта Жазушылар Одағындағы қаржылық күмәнді істер, жазушыларға беріліп, кейін із-түзсіз кеткен жер телімдері, жылжымайтын мүлік, жазушыларға арналған шығармашылық үйі қазір кімнің пайдасына жұмыс істеп тұрғаны, Одақтың бас ғимаратындағы жалға беріліп отырған мекен-жайлардан түсіп жатқан қаржы, Одақтың органы болып саналатын «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби сын тұрмақ, Одақ басшылығына сын айтып көзге түскен қаламгерлердің, әсіресе, ақындардың өлең-жырлары басылмайтыны, «Қазақ әдебиетінің» басшылығы оны авторларға ашықтан-ашық айтатыны, Жазушылар Одағы еш талғам-талапсыз, не талқылаусыз әртүрлі сыйлықтарды кім көрінгенге шүлен таратқандай үлестіретіні сияқты жөнсіздіктер мен келеңсіздіктер  атап тұрып көрсетілді. Қазір әдеби қазынамызға үлес қоспақ түгіл, әдебиетке жүз қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданып, олардың саны бүгінде 800-дің о жақ, бұ жағына жетіп отыр. Олардың ішіндегі жәй, қарадүрсін журналистерді және қарапайым тіл мамандарын айтпағанда актер да, суретші де, бір кезде облысты, ауданды басқарған әкім де, пьеса деуге келмейтін пьеса жазған депутат та, базарком да, спортшы да, тарихшы да, заңгер де, көлік саласының  қызметкері де, өз руының, не тайпасының  шежірешісі де, өзге де толып жатқан сан-сала мамандары өріп жүр. Бұл әдебиеттің  ілгері басқан аяғын кері кетіру, ащылау айтсақ әдебиетке жасалған қылмыс емес дей аласыз ба? Міне, осының бәрі және 20 жылдан бері шын әдеби сынның жойылып, бірыңғай бірін-бірі мақтауға айналуы, «Алаш» деп аталатын және басқа да сыйлықтар мен пәленшекем, түгеншекем атындағы жүлделердің балық үлестіргендей үлестірілуі, жақсы шығарма мен шығарма деуге келмейтін кітаптардың судай сапырылысуы бүгінде әдебиетімізді аумағы ат шаптырым  үйіндіге айналдырды. Оған да бір мысал келтіре кетелік. Былтыр еліміз қазақ хандығының 500 жылдығын тойлауына байланысты  ұлы мерекеге орай жазылған үздік шығармаларға бәйге жарияланып, оған миллиондаған көлемде қаржы бөлінді. Сонда Жазушылар Одағы бұл ұлы мейрамға арналған үлкен бәйгіге қатыстырудың өзі әрі ұят, әрі саяси қате дерлік,  өзі арақтан өлген, маскүнем Какаду құсқа арналған әңгімені, ең үздік шығарма деп бас бәйгені соған берді. Әсіресе, осы маскүнем құстың иесі «осы сен президентсің-ау» деп қайта-қайта қалжыңдағансымақ болуының аржағында не жатыр деп ойлайсыз? Бұл әдебиетіміздің жақсысы қайсы, жаманы қайсы екені белгісіз үйінді-қоқысқа айналғаны және Жазушылар Одағы әдебиетті әбден аяқ асты қылғаны емес дей аласыз ба? Жалпы, Н.Оразалин басқасын былай қойғанда соңғы кезде Сенат депутаты болып, қолында толып жатқан мүмкіндік тұрғанда  20 жыл бойы айтыла-айтыла жауыр болған қаламақы мәселесіне де бір ауыз қозғау салар сөз айтқан жоқ қой. Жақында Елбасымыздың әлгінде айтылған «Ашық хатқа» орай Одақтың кезектен тыс жиынын өткізуге тапсырма бергенін ести сала Одақ басшылығы бұған қарсылық ретінде тәуелсіздігіміздің алда 25 жылдығы келе жатқанын сылтау етіп, өзінің органы «Қазақ әдебиеті» газетіне әуелі 443 адамның, келесі нөмірде 555 адамның тізімін берді. Мұның аржағында жас балаға да түсінікті қулықсымақ жатқанын түсінген жұрт мынау ұят болды-ау десе, енді біразы бұл да надандықтың бір түрі ғой деп күлкіге қарқ болды. Және әлгі біресе 443, біресе 555 адамдық тізімнің ішіндегі «Жазушылар Одағының мүшесі» деп аты-жөні берілген адамдардың әдебиет деп аталатын рухани қазынамызға үлес қоспақ түгіл көпшілігі әдебиетте құлақ естіп, көз көрмеген адамдар екеніне белгілі-белгілі қаламгерлер қайран қалды. Бұлар кімдер деп тағы таңданды жұрт.

Иә,  қазақ халқының басына қара бұлт үйірілген сонау бір қасіретті заманда, қазағым үшін жан пида деп Кремльге жазылған «Бесеудің хаты» деген хат бар. Ол бес адам өз басын қатерге тігіп, қалың қазақты ажалдан алып қалмақ болды. Ал, телефон шалу арқылы ұйымдастырылып «қол қойдырған» мына 555 адаммен Одақ басшылары кімді, қай елді қай дұшпаннан аман алып қалмақ болды десеңізші. Осылай жанталасқан ЖО басшылығы әлгі 443 пен 555-ке қол қойдырғаны аз болғандай «Қазақ әдебиетіне» әлдеқашан о дүниелік болған жазушы О.Сәрсенбаевтың естелігіндегі бір-екі азамат туралы айтқан жайсыздау сөзін де  мақала қып берді. Ол екеуі де Елбасымызға  жазған ашық хатқа қол қойған қаламгерлер еді. Қазір Одақ басшылығы Одақ төрағасын өзгертейік, әдебиетімізді бұдан әрі құлдыраудан сақтап, Жазушылар Одағының да, қаламгерлердің де абырой-беделін бұдан әрі түсірмейік  деп Елбасымызға жан дауысын жариялағандарды қаралайтын мақалаларды «Қазақ әдебиеті» газетінде үзбей жариялап отыруға шықты. Бұл үшін олар бүкіл әдеп, мәдениет дегендерді белінен бір-ақ аттап, небір лас, былапыт сөздерді үйіп-төгуден де тайынбайтын болды. «Қазақ әдебиетінің» осы қыркүйек айының 9-шы жұлдызында Одақ басшылығындағы жасы 70-тен әлдеқашан асып кеткен Берік Шаханов деген жазушының қайта жарияланған мақаласындағы Одақ төрағасына қарсы сын айтып жүргендерді «соққылаған» мына сөздерін оқыған қаламдас қауымның шынымен тұлабойы түршікпей ме екен? Берік ақсақал Одақ төрағасын аман сақтап қалу үшін оның «дұшпандарына» мынадай қосымша «атақтар» береді: «мысықтілеулі», «пәле-жалашылар», «жөн-жосықсыздар», «жолбике», «дау қуғандар», «даукестер», «пәленшекеңдер», «жала жауып, күйе жағушылар», «әлдекімдер», «бәлеқор әріптестер», «бықсытып», «сыпсың сөз» таратушылар т.б. Мақала, «Құрылтайдан» кейін де өмір бар» деп аталады. Ендеше, Құрылтай сайын 20 жыл бойы бір Н.Оразалинді аман сақтап қалатын амал-айла аз болғандай осынша былапыт сөз айтуына қарағанда Н. Оразалин сайланбай қалса, Берік ақсақалға Құрылтайдан кейін өмір бітіп, таусылатындай көрінгені емес пе? Өзі әлгіндей лас та былапыт ат қойғандардың, яғни, Одақ басшылығын өзгертуді қолдап жүргендердің ішінде Ә.Нұрпейісов, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, Е.Раушанов, Т.Медетбеков, С.Нарымбетов және басқа да есімі алты алашқа, қала берді шет елдерге белгілі тұлғалар да бар екенін Б. Шаханов ақсақал шынымен байқамай қалды ма екен? Оларды қалың қазақ қана емес, шет ел жұртшылығы біледі. Ал, Берік Шаханов дегенді естімеген болуы да мүмкін. Әсіресе, осындағы «жолбике» деген ар-намысқа өте ауыр тиетін қорлық сөзді айтуға ақсақал адамның қалай аузы барды десеңіздерші. Өйткені, бұл сөз әйел жынысты адамдардың ішіндегі жолшыбай өткен-кеткеннің бір түндік төсектесі болатын ең бір жеңіл етектілеріне айтылатын сөз екенін Бекең білмеуі мүмкін бе? Осылайша Одақ басшылығы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлайық дегенді желеу етіп, жазушылардың кезектен тыс жиынын қоя тұрайық деп басқа шаруасы құрып қалғандай осындай жиренішті амал-әрекеттер жасаумен айналысуда. Енді «Одақты жас адам басқаруы керек» деген пікір таратылуда. Әдетте әкімшілік жүйеде және шаруашылық саласында жиі қолданылатын бұл өлшем Жазушылар Одағы сияқты таза шығармашылық ордасына мүлде сәйкес келмейді. Өйткені, Жазушылар Одағы әдебиетке,  әсіресе жазушылыққа бет бұрған жас қаламгер атаулыға бағыт беріп, жол сілтеп, көркем шығарманың озығы мен тозығына баға беріп отыратын киелі орда. Сондықтан Одақты жас қаламгерге өзінің өмірлік те, шығармашылық та тәрбие-өнегесін ұсына алатын, сонымен бірге өзінен кейінгі басшылыққа лайықты талантты да іскер  қаламгер даярлайтын  аты-жөні ел-жұртқа әйгілі, әдебиетімізді өзімізге де, өзгелерге де танытуға үлкен үлес қосқан, шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына қосылған, әдебиет майданында ысылған белгілі аға тұлға басқаруы керек сияқты.

Алдағы жиынымыз мейлі Пленум, мейлі Құрылтай болсын, соған осынау киелі құндылығымыздың құнын түсірмей, Жазушылар Одағы сияқты қара шаңырағымызға жаңа леп, жағымды өзгеріс әкелу үшін бұған дейін бойымызды билеген бәріне бас изеу, бәріне қол көтеріп құптай салу,  бір ауыздан қайта сайлай салу сияқты керенаулықтан, салғырттықтан арылып, әрқайсымыз ар-ұят тазалығын, жан тазалығын сақтай отырып, Одағымызға елге, әдебиет әлеміне белгілі, жас қаламгерлерге әдеби тағлым-тәрбие беретін қабілеті де, тәжірибесі де бар, елімізге де шет жұртқа да есімі белгілі аға буыннан бір тұлғаны таңдайық дегіміз келеді.    

М.Кенжебай, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394