Сенбі, 23 Қараша 2024
Үміт пен күдік 6158 0 пікір 27 Қыркүйек, 2016 сағат 16:17

ОЛАР КЕТІП БАРАДЫ, «ҚАРА ОРЫСТАРДЫ» ҚАЛДЫРЫП...

Өткенде белгілі саясаттанушы Айдос Сарым  Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйеніп, 2016 жылдың жарты жылында елімізден 16 742 адам көшіп кеткенін жазған болатын. 

Қазақстанды артта қалдырып, өз атамекеніне асыққандардың басым бөлігі орыстар екен. Ресейге қоныс аударған азаматтардың нақты саны -  14 512 адам.

Аймақтар бойынша қарайтын болсақ, ең көп адам солтүстік облыстардан кеткен. Көштің басын Қарағанды облысы бастап тұр. Олардың қарасы  – 2890 адам. Қостанайдан – 2413, Павлодардан – 2222,  Алматыдан - 1640, Шығыс Қазақстан облысынан – 1536, Солтүстіктен Қазақстан облысынан –1334, Ақмоладан – 1192, Батыстан – 931 адам сыртқа қоныс аударған. 

Әрине, бұл өкінетін жағдай емес. Себебі, Мәңгілік Ел болу жолын таңдаған Қазақстанмен болашағын байланыстыра алмайтын әр азаматтың жолы ашық.

Жарты жылда 16 мыңнан аса өзге тілді азамат елден кетіп отырса, алдағы он шақты жылда Қазақстан ұлттық мемлекетке айналатынына ешкім дау айта қоймас.

Шындығын айтайық, орысы бар, басқасы бар, өзге диаспора өкілдері Қазақстаннан кетпегеннің өзінде ішкі өсім арқылы бұл мемлекетте қазақ тілділердің үстемдік құратыны анық байқала бастады. Билік қанша жерден мектептерді үштілді етіп, ресми тілді сақтап қалу үшін мың айла тапса да, «көп қорқытады, терең батырады».

Мұны біздің шенеуніктер әлі түсіне алмай отыр. Ал, өзге диаспоралар баяғыда-ақ түсінді. Түсінді де, аузынан ақ май төгіліп отырса да, ерте қам жасап, тарихи Отандарына қоныс аударып жатыр. Ал, қалып кеткендері бірте-бірте қазақ тілін үйреніп, осы мемлекетке өз тағдырын тапсырмақшы. Олар өздерінің құқығын мемлекет құраушы ұлттың құқығынан жоғары қоймайды.

Рас. Тағдырдың тәлкегімен елімізге келді. Өсті, өнді. Қазақтың алақанында еркелеп ғұмыр кешті. Қойнауы байлыққа толы жерімізді бізбен бірге тел емді. Қара қазақ қара нан таппай отырғанда жырғап өмір сүрді. Енді заман өзгерді. Қазақ – бодан ел емес. Бодан болмағандықтан да өз ұлттық мемлекетін құрып, жоғалғанын табуға тиісті. Мұны түсінбейтін шенеуніктерден басқа тағы бір топ бар. Ол еліміздегі – «қара орыстар». "Атан түйе аунаған жерде түк қалады".

Сол "түк" Ресейге барса орыс бола алмайды, елде қалып қазақ бола алмайды. Сосын, дамуы қарқын алған ұлттық сананы кері тартып, ел арасын бүлдірумен айналысады. Олжас Сүлейменов секілді «орысшыл» тұлғаларды өздеріне тартып, әр нәрсеге Ресейді мысалға келтіріп, саясаттың бетін қазақтарға бұрғызбау үшін барын салады. Ендігі күресіміз сол «қара орыстармен» болатыны анық. Олар аз санды бола отырып, бүкіл қазақты "қара орыс" жасау үшін күресетін болады.

Кетіп жатқан қауым артына «қара орыстарды» қалдырып бара жатқаны ғана өкінішті. Оларды да өздерімен бірге ала кетсе ғой, қазақтың тақиясы қисайып қалмас еді.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364