ОҚО-да дәндік жүгері үшін гектарына 25 000 теңге бөлінген
Ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді гектарлық субсидиялау дақыл түріне байланысты жүзеге асырылады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Мәселен, ОҚО-да дәндік жүгері үшін гектарына 25 000 теңге бөлінген.
ҚР Агроөнеркәсіптік кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасау мақсатында «Агробизнес 2020» бағдарламасы құрылғаны белгілі. 2013-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама саланы қолдау мақсатында түрлі бағыттарды қамтиды. Соның ішінде дәндік жүгері өсіру басты назарда болмақ.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданы Қарғалы ауылында «Отырар Дән» ЖШС 2011 жылдан бері жүгері және бау-бақша егумен айналысып келеді. Биылғы жылы жеке шаруа қожалық 220 гектар жерге жүгері, 100 гектарына бау-бақша егіп, жақсы өнім алды.
Әлімхан Бауыржан, «Отырар Дән» ЖШС төрағасы:
– Жермен айналысқанымызға біраз уақыт болды. Дегенмен соңғы 5 жылдан бері жеке шаруашылық құрып, кәсіби түрде жүгері егуді қолға алдық. Отырар ауданында 712 гектар егістік жеріміз бар. Жерден жақсы өнім алу үшін әрине, ерінбей еңбек ету керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттен субсидия алдық. Осы қаржыға жүгеріні кептіріп, сақтайтын кешен салдық. Жүгеріні кептіретін арнайы құрылғы қажет болды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында құрылғы құнының 20 пайызын субсидия ретінде алдық. Биылғы жылы қажырлы еңбегіміздің арқасында жүгеріден гектарына 100 центнер өніп алып жатырмыз. Қыс бойы жүгері арнайы кешенде сақталады, көктемде саудаға шығарамыз. Жүгеріні сатып алушылармен алдын ала келісімшар жасасамыз». Жеке кәсіпкерлерге, біз секілді жер игерген шаруа қожалықтарына әкімдіктің, мемлекеттің тигізіп жатқан көмегі, пайдасы орасан.
«Отырар Дән» ЖШС төрағасының айтуынша, олар аудан халқын жүгері мен бау-бақша өнімдерімен қамтып отыр. Бүгінде шаруа қожалықта ондаған жергілікті тұрғындар жұмыс істейді.
Абай-ақпарат