Жұма, 22 Қараша 2024
8337 0 пікір 22 Желтоқсан, 2016 сағат 12:19

«ЖҮЗ НАҚТЫ ҚАДАМ» - ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУЫНА БАҒЫТТАЛҒАН СТРАТЕГИЯ

Қазіргі кездегі сан салалы және күрделі әлемдік жағдай шарттарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша жүз қадам» атты жаңа ұлттық жоспары  - дер кезінде қабылданған, айрықша мәнге ие құжат. Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде бес институционалды реформа жасаудың қоғамның алдында тұрған ең қажетті бағыт екенін атап көрсетті. Осы бағытта Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құрылып, реформаларды жүзеге асыруға бағытталған нақты жүз қадам туралы шешімдер де қабылданды.

Терең мәнге ие және Қазақстанның экономикалық, демократиялық және зайырлы дамыған мемлекет ретінде болашақтағы даму бағыттарын айқындайтын бұл құжат «Қазақстан – 2050» стратегиясының, «Нұрлы жол» бағдарламасының жалғасы және ол Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға үндейді.

Елбасы ұсынған реформалар бағдарламасы өмірдің барлық саласын қамти отырып, әлемде орын алып жатқан өзгерістерге нақты жауап сипатына ие болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев - өз елін экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге жеткізудің жолын дер кезінде қалыптастыра білген әлем елдеріндегі алғашқы жетекшілердің бірі. Ол мемлекеттілігіміздің ауқымды сын-қатерлерге төтеп беруі және оны дамыту жолында алға жылжудың қажет екендігіне баса назар отырып, осы бағытта атқарылар шара ретінде бес институттық реформаны алға тартты. Жоспарда қамтылған бұл бес реформа кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру жəне экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру секілді бағыттардан тұрады.

Осы реформада қазақстандық біртектілікті нығайтуға баса мән берілгендігі қоғамның жарқын болашағы үшін ерекше маңызға ие. Біртектілікті қалыптастыру – «Нұрлы болашақ», «Мәңгілік Ел» және «Менің елім» қадамдарымен ұштасып жатқан маңызды бағыт. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін қабылдаған өте маңызды және тарихи мәнге ие бұл құжаттың идеологиялық негізі етіп «Мәңгілік ел» идеясын алды. Бұл туралы ол өзінің сөзінде «Болашағы біртұтас ұлт. Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді. Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек. Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел – тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады» деп атап көрсетті.

Біртұтас ұлт қалыптастырудағы мақсат еліміздегі ұлттарды біріктіретін ортақ болашақ екені белгілі. Қазіргі таңда Қазақстанда 130-ға тарта ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті, бірлігі жараса өмір сүріп жатыр. Қазақ халқының ұлылығы - сол ұлттардың барлығын адамгершілікпен бауырына тартып, қонақжай ықыласына бөлей білуінде. Осы халықтың барлығының бірігіп біртұтас болашақты жоспарлауы - маңызды іс.

Еліміздің қазіргідей тыныштық пен бірлікте өмір сүруі оны мекендеген әр түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің арасындағы татулықтың нәтижесі. Ешкімді тілі мен діліне қарап бөлместен, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы ішкі және сыртқы тұрақтылық сақталып келеді. Бұл ынтымақтастық пен ауызбіршілік - елдегі Ата заң арқылы қамтамасыз етілген діни сенім бостандығының нәтижесі.

Ата Заң арқылы Қазақстан өзінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін бекітіп, мемлекет пен діннің ара-қатынасын реттейтін зайырлылық қағидаттарына сүйенетінін айқындады.

Зайырлылық қағидаттарының негізінде мемлекет азаматтарының өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан орын алады. Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. Ешқандай ресми немесе міндетті діннің болмауы сол елдің қоғамдағы кез-келген құндылықты қолдайтынын және тұлғаның ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін қамтамасыз ететінін білдіреді. Бұл республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне, не болмаса өзін қандай да бір діннің өкілі ретінде сезінбей, діни институттардан тыс өмір сүру құқығына ие дегенді білдіреді.

Зайырлылық - мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі. Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі болып табылады. Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады.

Қазақстанның мемлекеттік білім және тәрбие беру жүйесінің сипаты да зайырлы екенін және оның діни білім беру жүйесінен ажыратылғандығын айта кету керек. Яғни, зайырлылық ұғымы – білім беру мекемелерінде жастар бойында белгілі бір дінге деген көзқарасты тәрбиелеуге қарсы дегенді білдіреді. Діни көзқарасты қалыптастыру құқығы тек республикалық немесе аймақтық мәртебесі бар діни бірлестіктің құзыретінде ғана. Мұндай бірлестіктер заң талаптарының аясында діни оқу орындарын аша алады.

Елімізде қазіргі күнде қыз­мет атқарып отырған 18 конфес­сияның мүдделерін білдіре­тін 3600-ден астам діни бірлес­тік­тердің барлығы өз қызметтерін заңды негізде жүзеге асыруда. Конфессияаралық және этносаралық тұрақтылық пен келісімді өзара ұштастырып отырған Қазақстанның қазіргідей тыныштық пен бірлікте өмір сүруі оны мекендеген әр түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің арасындағы татулықтың нәтижесі. Еліміз ешкімді тілі мен діліне қарап бөлместен, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы ішкі және сыртқы тұрақтылықты нығайтып келеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда этностардың қарым-қатынасын сақтауға көмек көрсететін көптеген әлеуметтік институттар бар.  Солардың ішінде елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор. Қазіргі кезде Ассамблея қоғамдағы толеранттылық пен халық бірлігін, этносаралық келісімді нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға күш салуда. Сонымен қатар экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмектесе отырып, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды.

Дәстүрлі діндерге зор құрмет көрсетіліп, 2003 жылдан бастап әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өткізіліп, осы ауқымды шараның нәтижесінде әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері арасында халықтардың татулығы мен өзара түсіністігіне бағытталған ауқымды келіссөздер жасалып келеді.

Мемлекет тарапынан елдегі тұрақтылықты сақтап, қоғамда келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталып атқарылып жатқан барлық игі шараларға қарамастан экстремизм мен терроризм мәселесі Қазақстан үшін де өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, ашық ақпарат кеңістігі мен ашық шекара саясатын өз мақсатына пайдаланған теріс пиғылды ағымдар да еліміздің аумағына тамыр жайып үлгерді. Саяси мақсатты көздейтін, дін атын жамылған бұл ағымдардың елімізде де алауыздық пен қақтығыстарға негіз болғаны белгілі. 

Теріс пиғылды ағымдардың басты нысанасы - ұлттың дәстүрлі құндылықтарын күйретіп, қазақ халқының рухани мұрасы мен мәдениетін жоққа шығару. Олар қазақтың дәстүрін дініне қарсы қойып, мұсылмандығын жоққа шығаруды көздейді. Өйткені кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Бұл ағымдардың осындай бағыттағы әрекеттері мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңісіп кеткен дінді түрліше  түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату түрінде көрініс табуда. Радикалды идеологияға арбалу тұлға болмысының құлдырауынан бастап, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарларға соқтырады. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.

Елде қазіргі діни ахуал жағдайы ескеріліп, қоғамда орын алып отырған түйткілді мәселелерді шешу мақсатында оңды бастама ретінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Оның құрамы үш бірдей маңызды саланы – дін саласын, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттестігін және жастар саясатын қамтиды. Дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын министрлік тарапынан радикалды сипаттағы діни ағымдардың қақпанына түспеген жастарды арашалау, теріс пиғылды діни ағымдардан келетін қауіп-қатерді халық арасында кеңінен түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысы жолға қойылған. Өйткені, теріс пиғылды ағымдардың, экстремистік және террористік ұйымдардың әрекеттеріне қарсы тұрып, оларға қарсы иммунитет қалыптастырудың ең негізгі құралы алдын алу шаралары екені айқын.

Ақпараттық-түсіндіру топтары арқылы жекелеген және топтық кездесулер өткізіліп, республикалық және халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, дәрістер ұйымдастырылуда. Ғаламтор мен әлеуметтік желілерде мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіретін порталдар мен қоғамдастықтар  жұмыс істеуде. Баспа, телевизиялық БАҚ және ғаламтор ресурстарында шыққан діни тақырыптағы материалдарға тұрақты түрде зерделеу жұмыстары жасалып отырады. 

Көптеген экстремистік ұйымдардың қызметіне соттың шешімімен тыйым салынып, діни мазмұндағы әдебиеттерге, үнпарақтар мен аудио-бейне материалдарға, ғаламтор сайттарына дінтану сараптамасы жүргізілуде. Дінтану сараптамасы сол материал мазмұнының Қазақстан Республикасы Конституциясына, заңдарына және басқа да құқықтық нормаларына қайшы келетінін немесе келмейтіндігін айқындау, әрі оны Қазақстан Республикасы аумағында пайдалануға және таратуға шектеу қоюға негіз болатын айғақтар мен себептердің бар-жоқтығын анықтау мақсатында жүргізіледі. Бұл көпшіліктің дұрыс негіздегі діни ақпараттармен сусындауына, теріс насихаттың алдын алуға септігін тигізіп отыр.

Шетелдердегі қарулы қақтығыстарды, соның ішінде «ИГИЛ» террористік ұйымының идеологиясын әшкерелеу, халықтың әсіресе жастардың радикалды сипаттағы теріс діни ағымдар идеяларына қарсы иммунитетін күшейту тақырыбында және дін саласына байланысты өзге де өзекті мәселелер бойынша жарияланымдар дайындап, оларды бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде шығарып отыру жолға қойылған.

Сондай-ақ, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, теріс пиғылды жат ағымдармен күресу мақсатында елімізде исламдық бағыттағы көшбасшы ұйым  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жан-жақты ауқымды істер атқаруда. Насихат жұмыстары бағыты бойынша 2013 жылы ҚМДБ-ға қарасты құрылған ақпараттық-насихат тобы жергілікті және республикалық болып екі құрамда жұмыс істейді.

ҚМДБ тарапынан ел мұсылмандары мен дін қызметкерлері үшін «ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту Тұжырымдамасы», «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті» сынды маңызды төрт құжат қабылданды. Бұлар - қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты нығайтуға серпін беру мақсатында дайындалған маңызды құжаттар болып саналады.

Зайырлы мемлекет қағидатына негізделген мемлекеттік жүйе бүкіл қоғамның мүддесін басшылыққа алатындықтан имамдардың сауатты, білімді болуы өте маңызды. Осыған орай, ҚМДБ дін ғалымдарының, имамдардың беделін, мәртебесін көтеру мақсатында олардың діни біліммен қатар зайырлы білімді игеруі қажеттігі туралы бастама көтеріп,  «Қазіргі заманның үздік 500 зиялы имамы» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Зайырлы елдің рухани көсемдері имамдар болғандықтан олар тек діни емес, зайырлы білімді де игеруі маңызды. Осылайша, имамдар діннің талаптары мен зайырлылық қағидаттарын үйлестіре отырып, халық арасында туындаған мәселелер бойынша оңтайлы шешімдер қабылдай алады.

Осы бағытта еліміздегі 9 медресе өзінің оқыту әдістемесін жетілдіріп, оқыту бағдарламасын мемлекеттік үлгіге сәйкестендіруде. Бұл - мамандардың тек діни білім алуды ғана емес, зайырлы бағдарламаларды да игеріп, дін саласындағы заңдар мен мемлекеттің саясатын білуі үшін жасалып жатқан шаралардың бірі.

ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, «Зайырлылық және дінтану негіздері» атты міндетті факультативтік курстың үлгілік оқу бағдарламасы әзірленді. Аталмыш оқу курстарының оқу бағдарламаларына енгізілуі дін мәселелері бойынша жастармен ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыруға, жастар бойында дін атын жамылған деструктивті идеологияға қарсы білім мен иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Оны оқытудың мақсаты оқушылардың әр түрлі діни наным-сенімдер мен мемлекеттің зайырлы принциптері туралы ғылыми танымдарын жетілдіру болып табылады. Бұл - жастарға дін туралы зайырлы түрде білім беру және жастарды теріс пиғылды ағымдардың ықпалынан арашалай алатындай білім берудің қажеттілігінен туындаған бастама.                                                                                                                                                                                      

Осы атқарылып жатқан шаралардың барлығы қоғамдағы зайырлылық қағидаттары мен руханият саласын қамти отырып, олардың тиісті дәрежеде жүзеге асырылуына үлкен мән беретін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының шеңберінде атқарылуда.

Елбасы ұсынға «Мәңгілік ел», «Нұрлы жол» идеялары мен «Жүз нақты қадам»  ұлт жоспарын жүзеге асырып, одан әрі дамытуға жастардың тигізер септігі зор. Бұл үшін азаматтар тәлім-тәрбие мен ғылымға баса мән беріп, біліммен мықтап қарулануы қажет. Елдің экономикалық, рухани жағдайының дамып, өркендеуі, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру ел жастарының білім деңгейімен де тығыз байланысты. Қазіргі кезде бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып та жатыр. Жастар «Болашақ» бағдарламасының аясында шетелдерде білім алып, шетел тәжірибесінің артықшылықтары мен кемшін тұстарына көз жеткізіп, санасына тоқып келіп, еліміздегі маңызды қызмет салаларында сол тәжірибелерін қолданып еңбек атқаруда.

«Жүз нақты қадам» арқылы еліміздегі экономикалық, құқықтық және әлеуметтік салалардың жетілдірілуі елдің рухани тұрғыдан дамып-өркендеуіне зор ықпалын тигізеді. Тұрақты саяси-әлеуметтік жағдай, конфессияаралық келісім мен өзара сыйластық, дін саласындағы құқықтық реттеудің де елдегі осындай маңызды экономикалық, саяси қадамдардың нәтижесінде қалыптасып, нығаятындығы белгілі. «Жүз нақты қадам» ұлттық жоспарын әрбір Қазақстан азаматының жарқын болашағына арналған стратегия деп атауға толық негіз бар.

Теңлібаева Ж.Қ.,  

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау орталығының

жетекші ғылыми қызметкері

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270