ОҚО: Бәйдібек ауданы БАӘ-кәсіпкерлерімен бірігіп ет өндіреді
ОҚО-да өндірілген ет «халал» стандартына сәйкестендіріліп, мұсылман елдеріне экспортталады. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысының биылғы жылының басты жаңалықтарының бірі, - деп хабарлайды Абай-ақпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бәйдібек ауданында дубайлық «AMK METAL FZCO» металлургиялық компаниясы өз бизнесін әртараптандыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында ең ірі жобаны жүзеге асырмақ, - деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Жалпы құны 30 млн. АҚШ долларын құрайтын жоба аясында дубайлық инвесторлар 20 мың бас мүйізді ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен жылдық қуаттылығы 5 мың тонна болатын ет өңдеу зауытын салмақшы.
«Бүгінде жобаны жүзеге асырудың шарттары мен егжей-тегжейлі тетіктері Оңтүстік Қазақстан облысының жетекшілігі деңгейінде талқыланып, Бәйдібек ауданынан 17 мың мал жайылымдық жер мен 2 мың гектар суармалы жер, сондай-ақ, зауыт салу үшін аудандағы индустриалды аймақтан 5 гектар жер телімі бөлінуде», - делінген хабарламада.
Жобаның ерекшелігі сол, мұнда өндірілген ет «халал» стандартына сәйкестендіріліп, оның басым бөлігі мұсылман елдеріне экспортталмақ. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, оның ішінде қарапайым шаруаларға өз өнімін тұрақты түрде қымбат бағада экспорттауға мүмкіндік береді.
Айта өтейік, Біріккен Араб Әмірлігінде тіркелген «AMK METAL FZCO» компаниясы 20 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Аталмыш компания Теміртау металлургия компаниясынан жыл сайын жалпы сомасы 400 млн. АҚШ долларын құрайтын өнім сатып алады.
Абай-ақпарат