Мыңғырған мал басы толағай табыс көзіне айналмақ
Оңтүстік Қазақстан облысы жыл басынан бері шет елдерге, соның ішінде Иран Ислам Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері елдеріне мал басын экспорттап келеді. Енді Оңтүстік мал басын ғана экспорттап қоймай ет өнімдерін шығарып, оны мұсылман елдеріне экспорттамақ. «Осы мақсатта алдағы жылы жалпы құны 30 млн доллар жоба аясында дубайлық инвесторлар 20 мың ірі қара бордақылау алаңы мен жылына 5 мың тонна ет өңдейтін зауыт салмақшы», деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Бүгінде жобаны жүзеге асырудың шарттары мен егжей-тегжейлі тетіктері Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі деңгейінде талқыланып, Бәйдібек ауданынан 17 мың мал жайылымдық жер мен 2 мың гектар суармалы жер, сондай-ақ, зауыт салу үшін аудандағы индустриалды аймақтан 5 гектар жер телімі бөлінген.
Жобаның ерекшелігі сол, мұнда өндірілген ет «халал» стандартына сәйкестендіріліп, оның басым бөлігі мұсылман елдеріне экспортталмақ. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, оның ішінде қарапайым шаруаларға өз өнімін тұрақты түрде қымбат бағада экспорттауға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, Біріккен Араб Әмірлігінде тіркелген «AMK METAL FZCO» компаниясы 20 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Осылайша Оңтүстік мыңғырған мал басын толағай табыс көзіне айналдырмақшы.
Абай-ақпарат