«Үсенов Н» шаруа қожалығы Түйе шаруашылығымен айналысады
Жақында Шымкент қаласында «Түйе тұқымдары» республикалық палатасының кеңесі өтті. Аталған жиынға қатысқан кәсіпкер Бақтияр Ахаев шаруаларға мемлекеттік қолдаудың жасалып жатқанын айтты.
Бақтияр Ахаев, «Үсенов Н» шаруа қожалығының төрағасы:
- Бүгінде түйе шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға барынша көмек қажет. Түйенің етіне, сүтіне мемлекет тарапынан субсидия берілсе дұрыс болар еді. Жұмысын бастағалы отырған палата осы мәселелердің шешімін табуға атсалысады деген үміттеміз. Ғалымдардың өзі дәлелдеп отыр ғой түйе сүтінің бірнеше ауруға ем екенін. Ендеше ауруханалардың, мектептердің, мекемелердің мәзіріне шұбатты ендірсе дұрыс болады,- деді Ахаев.
Түйе тұқымының таза қанды, асыл тұқымды малдарын сату бойынша аукциондар (биржалар), көрмелер мен жәрмеңкелер өткізуді ұйымдастыру да палатаның мойнында. Сондай-ақ, шаруашылықтарда қажетті инфрақұрылымды әзірлеуге жәрдемдесу, жарғылық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін инвестициялар мен гранттар тарту да түйе өсірушілерге көп жәрдем болары анық.
Түйе тұқымы мен соған байланысты бизнестің дамуына көмегін тигізетін шетел ұйымдарымен, атап айтқанда жаңа технологияларды енгізу, генетиканы жақсарту, түйе тұқымдарын тарату және байланыстарды нығайту бойынша бірігіп қызмет істеу, түйе тұқымдарын өсіру мәселелері бойынша басқа елдердің Ассоциацияларымен бірігіп қызмет атқару да нәтижелі болары анық.
Түйе тұқымының ішкі және сыртқы нарықтағы саудасының дамуына жағдай жасау да палатаның алдына қойған мақсаттарының бірі болып табылады.
Abai.kz