Отбасылық шаруашылықпен айналысқандар ұтылмады
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданында ауылшаруашылық секторы қарқынды дамып келеді. Әр жанұя отбасылық кәсіптің кілтін шаруашылықтан тапқан. Бұл туралы «Abai.kz» порталы бірнеше мәрте жазған болатын.
ОҚО, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылы сүт фермасы мен мал бордақылау алаңдарын ұйымдастырып жатқан жайы бар. Оңтүстікте арнайы сапарлап қайтқан «Қазақстан заман» газеті шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан екен.
Газет тілшісіне жанұялық кәсіптің қыры-сыры туралы айтқан Шұбар ауылының әкімі Қыдырбай Сейітқұл: "Алдағы уақытта жанұялық құс өсіру бойынша тағы үш азаматты оқытып, несие мәселесі шешілсе, бастама өз қолдауын табады деген ойдамыз. Округ аумағында бролер тауықтарын өсіретін «Қайнар құс» фабрикасы бар. Сол фабрикадан жергілікті тұрғындар көктемде әрқайсысын 200 теңгеден балапан сатып алып, оны 35-40 күн бағып, қайта ферманың өзіне сатады. Аталған уақыт аралығында балапан 5 келіден астам тірі салмақ жинайды. Оны фабрикаға келісін 500 теңгеден өткізеді. Былайша айтқанда, өнімді өткізуде мәселе жоқ. Қажет болса, жеммен қамтамасыз етуге де фабрика жәрдем береді. Өзара келісе алса, ветеринарлары дәрі егіп кетеді. Бұл жергілікті тұрғындардың қызығушылығын туғызуда", — дейді.
Айта кетейік, Оңтүстікте шаруаларға қолдау көрсету мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Abai.kz