Шымкенттік 25 азамат Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік марапат алды
Қала әкімдігінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарды марапаттады. Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Тәуелсіздік – бұл халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған арманы. Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлт пен ұлыстар татулығында. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында мемлекетіміз әлемдегі дамыған елу елдің қатарына еніп, бүкіл әлемге танылып отыр», - деді қала әкімі өз құттықтауында.
Айтулы мерекеге орай 25 азаматқа «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалі, «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы» табыс етілді. Сонымен қатар, 57 адам «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, 3 адам қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. 12 азамат «Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін алды.
Іс-шара соңында облыстық филармония өнерпаздары, жергілікті өнер ұжымдары мен жас әншілер мереке мерейін асырып, әннен шашу шашты.
Abai.kz