Шағалалы Шардарада жақсы жаңалық
Жуырда Шардара ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаевтың бастамасымен жаңадан балық зауыты іске қосылды. Бұл туралы «Abai.kz» порталы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Теңіз жағасынан бой көтерген балық өңдеу кәсіпорнында балық еті мен тұздалған және қақталған балық өнімдері өндіріледі. Жылдық қуаттылығы - 600 мың тонна балық өнімдерін құрайды. Алдағы уақытта бұл зауыттан шыққан балық өнімдері алыс және жақын шетелдерге де шығарылатын болады. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 200 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілген жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, бәсекеге қабілетті балық өнімдерін шығарып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл зауыттың маңызы зор екенін айтып өтті.
Шардарадағы бұл алғашқы балық өңдеу зауыты емес. Бұған дейін ауданда осындай екі зауыт жұмыс істеп келеді. «Хамит» СТК-і мен «Шардара балық – 1» балық өңдеу зауыттары биылғы жылы есепті мерзімде 3700 тн. балық өнімдерін өндіріп, алыс-жақын шет елдерге экспортқа шығарған.
Abai.kz