Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. Исатайдың ұрпағы
1836-1838 жылдардағы қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлының туғанына биыл 220 жыл толады.
Көтерілістің Бөкей ордасынан шығып, Атырау жерін басып, Ақтөбе өңірінде күшпен басылғаны да, Исатайдың асыл сүйегі Ақтөбе жерінде жатқаны да белгілі. Батырдың басына белгі орнату мәселесі әр кезеңдерде көтерілген. Тіпті, кешегі кеңестік кезеңде сондай бір рәсім көрсетілген де. Енді еліміз Тәуелсіздік алған мына заманда, елдігімізді, қас батырдың шынайы рухын көрсететін кесене тұрғызу міндет болып отыр.
Биыл Исатай атындағы қор құрылып, осы бір игілікті істі қолға алып жатыр. Шілде айында, Исатайдың қаза болған күніне орайластырылып, Ақтөбе қаласында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда жұртшылық мұны қолдайтындықтарын білдірді. Осы басқосуға Атыраудан батырдың өзіне қараған тікелей ұрпақтары да қатысты. Жиында сөз алған батырдың бесінші ұрпағы Аманғали Құрманұлы келбетіне қарағанда, бір кездегі қас батырдың сойын танытатындай азамат екен. Бабасы туралы айтар әңгімесі де жеткілікті. Біз тыңдадық, сіздер де назар салып көріңіз.
- Мен - Исатайдың бесінші ұрпағымын. Яғни Исатайдың баласы Жақия, одан Шахмет, одан Таңқаш, одан Құрман, одан мен - Аманғали.
1836-1838 жылдардағы қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлының туғанына биыл 220 жыл толады.
Көтерілістің Бөкей ордасынан шығып, Атырау жерін басып, Ақтөбе өңірінде күшпен басылғаны да, Исатайдың асыл сүйегі Ақтөбе жерінде жатқаны да белгілі. Батырдың басына белгі орнату мәселесі әр кезеңдерде көтерілген. Тіпті, кешегі кеңестік кезеңде сондай бір рәсім көрсетілген де. Енді еліміз Тәуелсіздік алған мына заманда, елдігімізді, қас батырдың шынайы рухын көрсететін кесене тұрғызу міндет болып отыр.
Биыл Исатай атындағы қор құрылып, осы бір игілікті істі қолға алып жатыр. Шілде айында, Исатайдың қаза болған күніне орайластырылып, Ақтөбе қаласында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда жұртшылық мұны қолдайтындықтарын білдірді. Осы басқосуға Атыраудан батырдың өзіне қараған тікелей ұрпақтары да қатысты. Жиында сөз алған батырдың бесінші ұрпағы Аманғали Құрманұлы келбетіне қарағанда, бір кездегі қас батырдың сойын танытатындай азамат екен. Бабасы туралы айтар әңгімесі де жеткілікті. Біз тыңдадық, сіздер де назар салып көріңіз.
- Мен - Исатайдың бесінші ұрпағымын. Яғни Исатайдың баласы Жақия, одан Шахмет, одан Таңқаш, одан Құрман, одан мен - Аманғали.
Исатай 1837 жылы, желтоқсан айының басында Жайықтың шығыс бетіне өткен. Сонда Жақия да өтеді. Сол айдың аяқ кездерінде Жақия мен Дінбаянды патшаның әскерлері қолға түсіреді. Дінбаян мүлде жас болған. Жақияны Сібірге айдап алып кеткен. Артында бір, бір жарым жасар Шахмет есімді бала қалған. Бұл баланы тыс көзден жасырып өсірген. Көшкенде кебеженің ішіне тығып жүрген. Бір жерде қоныс теуіп отырғанда қазанның астына жасырған. Дұшпан жақындағанда түлкінің, қарсақтың інінің ішіне тығып, көзден таса еткен кездер болған. Нәсіпхан деген анасының руы Себек Беріш екен. Сол нағашыларының қолында да тұрған. Солай жеткен Шахметтен - Шамақ, Таңқаш, Әмет, Сары есімді төрт ұл және Ақон атаған қыз дүниеге келеді. Шамақтың ұрпақтарын жақсы білемін. Көбісі Атырауда тұрады. Әйбөпе есімді қызынан туған Аманкелді Шамғонов - тарихшы. «Исатай ұрпақтары» кітабын жазған осы кісі. Атыраудағы Халел Досмұхамбетов атындағы университеттің профессоры.
Таңқаштың ұлы Құрман, менің әкем, 1917 жылы туған еді. Фин соғысына, одан Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, елге 1946 жылы келеді. 2000 жылы қайтыс болды. Менің айтып жүрген әңгімелерім - негізінен сол кісіден естігендерім, есімде қалғандары.
Исатай Жәңгір ханның старшыны бола жүре, ханның қарапайым халыққа салық салғанына қарсы болады. Әсіресе, оның жарлы-жақыбайларға ауыр тиіп отырғанын айтады. Патшаға арыз да жазады. Бұрын Исатай отырған жер, Каспий теңізінің жағасы екен. Оны хан қайын атасына алып беріп, Исатайдың қол астындағы үйлерді қырға, су жоқ Мыңтөбе деген жерге аударады. Хан тарапынан жасалған осындай әділетсіздіктер Исатайдың ханға қарсылығын күшейте береді. Оған жарлы-жақыбайлар қосылады. Төңірегі ұлғайып, барлығы 25 рудан үйлер көшіп келіп, Исатай тобына қосылады.
Көпшіліктің есінде болуы керек, Атырау облысы, Исатай ауданы, Манаш деген жерде 1991 жылы, қыркүйек айында Исатайдың туғанына 200 жыл толуына байланысты той болды. Осы тойда «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай!» деген атпен деректі фильм түсірілді. Мен сонда Исатай рөлін сомдап шықтым. Жастау кезім еді, көрермендер, кино мамандары батырға өте ұқсас деп жоғары баға берді. Фильмнің директоры Ләтиполла Қапашев Алматы қаласынан келді.
Әкем Құрман менен басқа да төрт ұл, екі қыз өсірген. Олардан тараған ұрпақтар, шүкір, баршылық. Мен өзім Атырау облысы, Исатай ауданы, Исатай селосында тұрамын. 1947 жылы, 30 қыркүйекте Забурын ауыл кеңесінде дүниеге келіппін. 1966 жылы Ганюшкино селосында ауыл шаруашылығы училищесін бітіріп, «Забурын» кеңшарында механизатор болып жұмыс істедім. 1972 жылы әскерге алындым. Араға екі жыл салып елге оралып, темір жолға жұмысқа кірдім. Осы күнге дейін сол салада қызмет істеймін. 1980-1989 жылдары Ақтөбенің темір жол техникумын бітірдім. Қазіргі кезде №10 Ганюшкино жол аралығы мекемесінде бөлім бастығы болып қызмет атқарамын. Отбасымызда Лида, Гүлназ, Лайхат, Асылзат, Руфина есімді бес қыз өсірдік. Бәрі де тұрмыста, балалы-шағалы. Атырау облысының бірнеше аудандарында тұрады.
Әкемнің айтуы бойынша да, жазылып қалған деректер бойынша да білетінім, Исатай 1838 жылы Ақбұлақ өзені жағасында қаза болған.Ол қазіргі Ақтөбе облысының Қобда ауданының жерінде. Алдағы жылы Исатай батырдың туғанына 220 жыл толады. Соған байланысты ақтөбеліктер батырдың басына кесене тұрғызу мәселесін көтеріп жатыр екен. Бұған біз, батырдың ұрпақтары, шексіз қуаныштымыз. Бұл шараға өзім де қаржылай көмек қолын созуға әзірмін. Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың бастамашылардың ісіне қолдау көрсетіп отырғанына Исатайдың ұрпақтары атынан алғысымызды айтамыз. Өзі де батырлар елінде туып өскен басшының бұған дейінгі атқарған істерінен хабардармыз. Бір ғана Қобланды батырдың басына кесене тұрғызуының өзі неге тұрады. Осындай адам қолдау көрсетіп отырғаннан кейін, біз бұл істің нәтижелі аяқталарына сенеміз. Тек Ақтөбе емес, бұл шаруаға Атырау, Батыс Қазақстан облыстары да көмектеседі ғой деп ойлаймыз.
Мен енді Исатайдың өзім білетін, қалған балалары және одан тараған ұрпақтары туралы да айтып кетейін. Исатайдан -Жақия, Ақай, Оспан, Досмағанбет, Дінбаян, Әлпияр, есімді ұл, Дүлзада есімді қыз болғанын көзі қарақты оқырман біледі. Жақиядан өрбігендерді айттық. Ал Ақай Тастөбе ұрысында қаза болған деседі. Оспаны өзімен бірге Ақбұлақта қаза болған. Досмағанбеттен ұрпақтар бар. Олар негізінен Атырау, Астрахан облыстарында. Ауыл ақсақалдары Жақияның әйелі Нәсіпханды да әмеңгерлік жолмен Досмағанбетке атастырған. Одан Қодар, Салық, Қали, Жүніс есімді балалар болған. Дінбаяннан Өтепқали, Түсіпәлі, Сыралы, Қарес, Қарей атты ұлдар, Нәшін есімді қыз тарайды. Бұлардың әрқайсысынан өскен-өнген ұрпақ бар. Олар еліміздің әр өңірінде тұрып жатыр.
Исатай батырдың есімі әр кезеңде үлкенді-кішілі ұлықталып келді. Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына байланысты Атырауда Исатай-Махамбет ескерткіші койылды. Исатайдың ескерткіші Астанада да, Ақтөбеде де, Оралда да тұрса жарасымды болар еді деп ойлаймыз. Исатай батырдың әкесі Бегалы Тайманұлының бейіті біз тұрған өңірде. Ауыл тұрғындары бір кезде қолынан келгенше мұнда да белгі қойды. Сондай белгі батырға туған жері Тайсойғанда да қойылған. Ол ескерткіш Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосына жақын жерде.
...Исатай батырдың бесінші ұрпағы Аманғалидың әкесінің аузынан естіген деректері шындықтан алшақ кетпейді. Исатай 1838 жылы 12 шілдеде шағын қолмен Қиылға келіп тоқтайды. Осы жерде 1500 қарулы әскері бар полковник Геккенің отрядымен соғысады. Махамбет ақынның:
«...Бір Аллаға сыйынып,
Кезенген жауға кез келдік
Жалаң найза бір атпен», - деп жырлайтын ұрысы осы. Исатай ұрыста қаза болады. Халық «Шейітсай», «Қырғынсай» деп атайды. Қазіргіше жол сілтесек, Қобда ауданының Жарсай елді мекенінде, Ақтөбе-Орал тас жолы бойында. Бұл жерде Исатаймен бірге, ұлт-азаттық көтерілісіне қосылған 500 сарбаздың сүйегі жерленген үлкен қорым бар. Кесене Исатайдың рухына осы жерге тұрғызылмақ. Үлес қосамын деген ағайынның есіне:
«Исатай» қоғамдық қорының есепшоты: № KZ31319V010003214363 КБЕ 18 МФО АВКZКZКХ
БИН 100440015101РНН
061800295200
Тел. 93-21-35.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ
"Ақтөбе" облыстық газеті