Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 7675 0 пікір 12 Желтоқсан, 2016 сағат 11:33

ҚОЛҚА САЛДЫМ СІЗДЕРГЕ...

Суретте: жазушы, велосаяхатшы, Темірхан Момбекұлы-Түркістан

Редакциядан: Жазушы, велосаяхатшы, Темірхан Момбекұлы-Түркістан қазақ зиялыларына, қаламгерлер мен ел білетін азаматтарға қаратып, үшбу хат жазып, редакцияның поштасына жолдапты. Хатта Темірхан Момбекұлы ширек ғасырдан бері қағажу көріп, төрт аяғын тең бас алмай, тынысы ашылмай келе жатқан мемлекеттік тіл - қазақ тілінің мәселесін көтеріпті. Соның ішінде жер-су, аймақ, өлке атауларының да бұрмаланған, жұлмаланған жан ауыртар халі де баяндалыпты.

Хаттың толық мәтінін өзгеріссіз жариялап отырмыз.

abai.kz

 

ҚОЛҚА САЛДЫМ СІЗДЕРГЕ:

Шерхан Мұртаза

Амангелді Айталы

Төлен Әбдік

Бексұлтан Нұржекеұлы

Дулат Исабеков

Мұхтар Шаханов

Ақұштап Бақтыгереева

Оразгүл Асанғазықызы

Марал Ысқақбай

Өмірзақ Айтбайұлы

Дандай Ысқақ

Амалбек Тышанов

Темірхан Медетбек

Смағұл Елубай

Құрманғазы Қараманұлы

Айсұлу Қадырбаева

Жүрсін Ерман

Бейбіт Қойшыбай

Хасен Қожа-Ахмет

Иманғали Тасмағанбетов

Қуаныш Айтаханов

Мұхтар Құл-Мұхаммед

Тоқтар Әубәкіров

Бердібек Сапарбаев

Серік Ақсұңқарұлы

Сабыр Адай

Жабал Ерғали

Бақытбек Смағұл

Әселхан Қалыбекова

Нұрлан Ноғаев

Құлбек Ергөбек

Мейірхан Ақдәулетұлы

Аманхан Әлім

Рахымжан Отарбаев

Бауыржан Байбек

Нұртай Сәбилиянов

Тілеуберді Әбенайұлы

Серік Жанболат

Әмірхан Меңдеке

Нұртөре Жүсіп

Бекжан Тұрыс

Ербол Тілешов

Серік Абас-Шах

Арман Сқабылұлы

Дархан Қыдырәлі

Дәурен Қуат

Айбек Қалиев

 

          Менің досымның азан шақырып қойған есімі - Ғалым. Осыны басқыншылар мен келімсектердің бұрынғы да, бүгінгі де ізбасарларының, оларға қоса өзіміздің  кейбір орыстілділердің де ыңғайына бақсақ,  Ученый деп ныспылаудан жүзі жанбайды. Олай дейтінім, Алматыда Абай мен Төлебаев көшелерінің қиылысында жер жаннаты Жетісуды орысша аударып жазып қойған жазу тұр. Жер атын аударғандарға адам аты деген не тәйірі?! Осындай сорлы түсініктен әлі арыла алмай жүр екенбіз. Телеарналардың бірінен «Жетісу-Семиречье» сауда комплексі» деген жарнаманы көзім шалып қалды. Осы таяу күндері ғана.

    Егер әділетіне, адамгершілікке, парасатқа жүгінсек, жер-су, өзен-көл, тау-тас, теңіз-аймақ, адам аттары аударылмайды, бұрмаланбайды. Міндетті түрде ең алғашқы нұсқада тұруға тиіс. Мәселен, ақпарат құралдарында, басқа да дерек көздерінде Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Орталық Қазақстан аталатын аймақтар «Южный», «Западный», «Центральный», «Восточный», «Северный» деп келімсектердің тіліне аударылып жазылады, солай айтылып жүр. Аймақ аттары тек қазақ тілінде айтылуға тиіс қой. Осы әділетсіздік пен басынуға қазақтардың өзінің де еті үйреніп кеткен.

         Шығыстағы бір, солтүстіктегі екі облыстың табиғи, төл атын әлі күнге дейін қалпына келтіре алмай бүгежектейміз. Ауа райын айтқанда, Астана мен Алматы түсінікті, бас жағында, не аяқ жағында айтыла береді.  Бұл - заңды, орынды. Ал, облыстар ше? Әдетте кез-келген мәліметтің басы мен аяғы көзге бірден түседі. Елдің есінде қалады. Облыс орталықтарын Петропавл  деп бастап, діңкеңді құртады. «Сенің жеріңнің атына дейін біз қойып бергенбіз» деген табалауды өз құлағымызбен талай естігенбіз. Естіп те жүрміз. Ең басында жаттың сөзі тұрса, үлкен-кішіге қалай әсер етеді?! Езіп жібереді. Ал балалар «Жеріміздің атына дейін қойып бергені рас-ау» деген ойға беки түседі. Орысша  атауды сөз басына (облыс орталықтарының тізімі), не аяқ жағына қойып, біздер өзімізге-өзіміз қарсы жұмыс істеп жүрміз.  Егер орысша атау ортасында тұрса, көп есте қала бермейді. Мәселен, Хабар-24-тегі Шалқар Мұқашұлы қандасымыз облыс орталықтарының мәліметтерін бергенде, Көкшетаудан бастап, Қарағандыдан аяқтатты. Бұл көрерменге аналар сияқты соншалықты жайсыз әсер етпейді. Аз да болса елеусіздеу.

        Оңтүстікте  Ақбиік деген аты да, заты да тамаша жер бар. Соны  ұзақ уақыт бойы «Высокое» деп жүрдік. Жазбаша да, ауызша да. Қасиетті Қазақ Жерінде өз атын иелене алмай жүрген мұндай жерлер аз емес.

         Диктор Мұхамедәлі Болатұлы талай әріптестеріне: 

«Жаңалықтарды, ауа райын айтқанда, неге Орал деп айта бермейсің. Орал десең де түсінікті ғой. Талайларға «Уральск» деп неге бұрмалайсың?!» депті. Біреуі де құлағына қыстырмаған.

          Орал секілді атауларды тек қазақ тілінде айтуға да, жазуға да болады. Елдің есінде ғой, Медеу-Медео, Көкшетау-Кокшетав, Қызылорда-Кзыл-орда, Алматы-Алма-Ата, Шымкент-Чимкент болып жүрді. Осылардың өз атын қалпына келтірдік қой. Яғни қалпына келтіруге болады екен. Бұл арада тек Орал ғана емес, басқа да атауларды меңзеп отырмын. Орал –мысал үшін ғана келтірілген жағдаят.  Бурабай. Біріншіден, төл аты. Екіншіден, түсінікті. Осыны «Боровое» деп айтады. Жазады. Осылай кете берсе не болмақ?  Қарағанды. Қараған  -  бұталы өсімдік .Осы Караганда болып бұрмаланады, яғни қарауға байланысты мағынаға кетіп қалады.  Мәселен, «Мен саган караганда, сен маган карамайсын» дейді кейбір сақауларымыз бен кекештеріміз. Орыс тілділер де кейде сөйтіп сөйлейді. Ақмола облысындағы «Қатаркөл» атауының жосықсыздықпен жат тілге аударылып, одан қайта қазақ тіліне аударылғанда, «Қотыркөл» атанып кеткеніне күлесің бе, жылайсың ба?

      Ал енді жат тілінде ныспыланып жүрген үш облыс орталығын қашан өз атымен атаймыз? Қабырғамызды қайыстырып жүрген үлкен сорлылық –осы.

      «Қазақ мектептері ашылып жатыр, қазақ мектептеріндегі оқушылардың саны көбейіп келеді» деп шүкіршілік қылып жүргендеріміз де бар. Егер түбіне үңілсек, осының бәрі сырт көзге ғана сияқты. Олай дейтінім - сол өскіндердің көпшілігі көшеде, үйінде жат тілінде сөйлейді. «Әй, ана тілің не болды?» десең, ренжиді, не беті шылп етпей тұра береді. Он қазақ жиналып  жаттың тілінде шүлдірлеседі. «Жігіттер, қыздар, бұларың не?» десең, кейбіреулері «Өзіміз білеміз» деп қарап тұрады. « Өзің білмейсің. Халықты бұзасың. Сені көріп басқалар да, әсіресе балалар сол тілде сөйлеуге әдеттенеді. Бұл - індет» дегенді түсіндіре алмай қор боласың. Басқа жерді білмеймін, жақсы үлгі таратып, қалың елге өнеге болады деп жүрген Астанада дәл осылай. Індет тарататын мұндай сорлылықты қайтеміз сонда?

       Аты-жөнімізді ана тілімізде құжат бойынша жаздыру да, өзгерту де қиямет-қайым екен. Ов, еваны алып тастай аласыз. Егер әке атына бір кездері евна, евич жалғасып кеткен болса, оны өзгерту үшін қайта тууға тура келеді. Онсыз да біздегі бюрократтық былық аяқ алып жүргізбейді ғой. Ал мына құжатты түзетудегі қиыншылықтарды көргенде, екі қолыңды төбеңе қойып безіп кеткің келеді. Көп адам осындай-осындай ауыртпалықтарынан қашады да, қолын сілтей салады.

        Іс қағаздарын ана тілімізде жүргізу мүлдем сын көтермейді. Орыс тілін ресми тіл деп мінгестіріп қойдық. Шалағай заңсымақ осылай болғанның өзінде де барлық құжат мемлекеттік тілде жазылып, қажет жағдайда орысшаға аударылу керек қой. Ал бізде керісінше. Әуелі орысша әзірленеді, оның дайын қалыптары тұр. Енді осы дайын орысша қалып қазақшаға аударылады, көбіне мүлдем аударылмайды да, сол күйі орысша қалпымен кете береді. Бұған да етіміз үйренді.

       Қазақстанда  -  қазақ халқы. Басқалар – ұлттар мен ұлыстардың өкілдері. Біздегі өзге ұлт өкілдерінің  бір де біреуі өздерімен бірге Қазақстанға жерлерін арқалап келіп қосылған емес. Мәселен, Қытай,Ресей - империялар. Соларда халықтар, тілдер, ұлттар деп айтуға болады. Өйткені, бұл мемлекеттердің құрамына көптеген халық байырғы атамекендерінде отырып-ақ   «қосылған». Дұрысы - күшпен, айламен қосылып алынған, жаулап алынған. Бұл- екінің бірі білетін ақиқат. Ал бізде олай емес. Қазақтар өз атамекендерінде отыр. Біреулерді жаулап алып, оларды өз жеріне миллиондап күштеп, не жалынып әкелген жоқ. «Келіп, жерімізді иелен, тілімізді, дәстүрімізді құрт» деген жоқ. Өйтіп жалынған да жоқ. «Қайтсең де сөйт» деп талап еткен де жоқ.

      «Қонаевадан түсесің бе?», «Сейфуллинаға бара ма» деу бүгіндері кәдімгі дағдымызға айналды. Індеттің бір парасы осы. Бұл жағына мүлдем мән бермейтін болып алдық. Былайғы жұртты айтпағанда, кейбір журналистеріміз бен жазушыларымыз да «өкінішке орай» деп соқтырта береді.  Жазса да, айтса да. «Өкініштің» мағынасы басқа, «орайдың»  мағынасы басқа екені ешкімнің де қаперінде жоқ.

            «Әр нәрсенің бұ дүниеде де, о дүние де жауабы бар» делінеді. Бұл түсінік жер бетіндегі барлық халықта бар. Неміс билігі кеш те болса еврейлерден кешірім сұрады. Ал орыс билігі ше? Арғы тарихты айтпағанда, орыс үкіметі жіберген еврей Голощекиннің тұсында қазақ миллиондап қырылды. Орыс билігінің қолшоқпары орыс Колбиннің кезінде қырғын болды. Ал бұлар болса әлі күнге дейін дұрыстап кешірім сұрайтын емес. Бұл қалай сонда? Қаншама халықтың көсемдері мен ардақтыларының басын кесіп алып, қорлап, «Қыңқ десең, көретінің осы!» деген айбарақ саясатпен сақтап қоюлары қалай?! Қандай адамгершілікке сыйғызамыз?! Осылардың бір де біреуінің сұрауы болмағаны ма?!

      Жоғарыда тізбелеген жағдаяттар - менің де, сіздің де, оның да - бәріміздің де жүрегіміздегі сыздаулы жара. Бұл індетті жараның жазылу жолын қарастырсақ, ел болып ақылдассақ, септессек қайтеді? Ықпал етсек. Бас-басымызға би болған, біріміз сайға, біріміз айға тартқан  күйімізбен, барлығына да «заман солай ғой» деп бұға берсек, ыға берсек, құрдымға кеткенімізді байқамай қап жүрмейміз бе?

 

Қандастарыңыз Темірхан Момбекұлы-Түркістан

Жазушы, велосаяхатшы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583