"Ашық әкімдік" жобасының аясында бюджет шығындары қысқарады
Халыққа керегі қашанда сапалы қызмет. Халық ақпарат аларда, құжат жинарда ешқандай кедергіге кездеспей, шаруаларын жылдам бітірулері тиіс. Осы мақсатта Елбасының 5 институционалды реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарынң 94 қадамындағы «Ашық үкіметті» енгізу тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстан облысында «Ашық әкімдік» жобасы іске асты. «Ашық әкімдік» жобасының аясында қызметтер оңтайланып, халыққа көрсететін қызмет жақсарып қана қоймай, болашағы жарқын бағдарламалар да жүзеге асуда. Мысалы, осындай бағдарламалар қатарына – «Smart Ontustik» бағдарламасын қосуға болады.
Осы бағдарламаны халыққа таныстырған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Сапарбек Тұяқбаев: «Smart Ontustik» идеясын жүзеге асыруға бюджеттен бiр тиын да жұмсалмайды. Білім беру, денсаулық сақтау, жол, тұрғын-үй, коммуналды қызметттер... Бәрі бақылауда болады. Қатаң бақылаудың нәтижесiнде үнемделетiн мемлекет шығындары бағдарламаны орындауға кететiн қаражаттан әлдеқайда асып түседi екен. Қазына қаржысынан шашау шықпайды деп айтуға осы фактор негіз болды. Облыста «Smart Ontustik» бағдарламасын iске асыратын бiлiктi мамандардан құралған арнайы топ құрылған.
Сондықтан бұл идея орта жолда қалып қоймайды. Тағы бiр айта кетерлiгi, бағдарламаны жүзеге асырушы компанияны әкiмдiк конкурс арқылы анықтап, бiрер жылға уақытша жалдайтын болады. Егер жұмыс барысында мiндетiн дұрыс атқармайтын болса немесе бағдарлама ойдағыдай жүрмей жатса, келiсiмшартты сол арада бұзады. Осылайша қыруар қаржы желге ұшпайды. Қалай десек те, «SmartOntustik» бағдарламасының әлеуметтiк маңызы, халықтың билiкке деген сенiмiн күшейтудегi рөлi зор болғалы тұр. Келесі жылдан бастап бұл бағдарлама «Ашық әкімдік» жобасының шеңберінде қолданысқа енгізіле бастайды, - деді.
Абай ақпарат