Қазығұрт ауданы дәнді дақылдар егуден облыс бойынша алдыңғы орында
Еліміздің оңтүстігіндегі егін алқаптарындағы егістікті ору мен бау-бақша өнімдерін жинау жұмыстары аяқталды. Жалпы оңтүстік өңір ел халқын арзан әрі сапалы өніммен қамтуға күш салатын аймақ. Өнімнің бір бөлігі солтүстік өңірлерге жөнелтілсе, артылғаны Ресей қалаларына экспортталады.
Бір ғана Қазығұрт ауданындағы шаруашылық қазірге дейін 150 тонна жүзім, 100 тонна алма мен 80 тонна алмұртты Ресейге жөнелтіп үлгерген. Жаз ортасынан бері бұл қожалық 500 гектар баудан 800 тоннадай шие, шабдалы және қара өрік жинап, сатып үлгерген. Шаруашылықтың жеке тәлімбағы, 2 мың тонна өнім сақтауға қауқарлы тоңазытқышы бар. Жергілікті 300 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Нұрлан Құралов, шаруашылық жетекшісі:
- Мұның экономикалық рентабельності өте жоғары. Мысалы, гектарынан 10 тонна алған күннің өзінде қазір 250 теңгеден сатып жатырмыз. 2,5 миллион теңге әр гектарынан табыс түсіп жатыр.
Биылғы жылы Қазығұрт ауданы дәнді дақылдар, арпа-бидай, жүгері егуден облыс бойынша алдыңғы орынға шықты. Егіншіліктің сырына қаныққан қазығұрттықтар соңғы жылдары жылыжай салып қыстың көзі қырауда да егін егуге бет бұрып келеді. Жылыжаймен айналысатын шаруа қожалықтарының бірі «Қазығұрт нұры» ЖШС төрағасы Аманжол Әшірбаевтың айтуынша, олар жыл сайын ақпанда қияр, қызанақ егіп, сәуір, мамыр айныда алғашқы өнімдерін ала бастайды. Алғашында 25 гектарға қияр-қызанақ салған шаруалар бір түп қызанақтан 5 келіге дейін өнім алатындарын айтты.
Abai.kz