Қазандықтар Шымкентке шырша көшеттерін тарту етті
Оңтүстік Қазақстан облысына Татарстан Республикасының астанасы – Қазан қаласынан айрықша сый жетті. Бұл туралы «Абай ақпарат» порталы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың Шымкент қаласын жасыл қалаға айналдыру идеясы туралы арнайы сюжетті республикалық «Хабар» телеарнасынан көрген аймақ басшысының Қазан шаһарындағы достары игі іске үлес қосып, тамшыдай көмек ретінде көгілдір шырша ағашы көшетінің 120 данасын сыйға тартты.
Биіктігі 4-5 метр болатын жас шырша көшеттері, негізінен, әкімшілік-іскерлік орталығының маңына, атап айтқанда, әкімдік пен «Түркістан» салтанат сарайы, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық драма театрының айналасына егілді.
Қылқанжапырақты өсімдіктердің ең әдемісі болып табылатын көгілдір шырша ағашының отаны Солтүстік Америка болып саналады. Десе де, аталған жасыл желек түрі әлемнің басқа да елдерінде өсе алады.
Айта кетейік осының алдында Шымкентте арнайы рейд жүргізілген болатын. Қаланың сауда орындарына жасыл шыршалар қайдан әкелінуде? Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аумақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясының өкілдері қала базарлары мен дүкендеріне рейд жүргізді.
Рейдке шыққандар жасыл шырша сатылып жатқан әрбір сауда нүктесін мұқият тексерді. Бір айта кетерлігі, әдетте үрпие қарсы алатын сатушылар бұл жолы үріккен жоқ. Мына дүкеннің иесі тіпті қонақтарды қуана қарсы алғандай.
Ақылбек Әлихан, кәсіпкер: «Мендегі барлық құжаттар заңдастырылған. Бұл қылқанжапырақты көшеттерді өзім тәлімбақта өсіріп, баптап, кейіннен сатылымға шығарамын. Осындай рейдтер жиі жасалса бізге де жақсы. Заңсыз жұмыс жасайтын бәсекелестердің де қатары азаяр еді».
Жас өскінді заңсыз кесіп, сататындар қатаң жазаланады. Орман және аңшылық шаруашылығының аймақтық испекторлары ескерті жұмыстарымен бірге айыппұл да салып жатыр. Шырша мен қарағайды заңсыз қырқып, пайда табушыларға осылай ғана тоқсауыл қоюға болады дейді мамандар.
Абай-ақпарат