Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3774 0 пікір 9 Қыркүйек, 2010 сағат 05:34

Қуандық Шамахайұлы. АТАҚҚА ДА ШЫҒАРАТЫН, АПАНҒА ДА ҚҰЛАТАТЫН МАМАНДЫҚ

Тележурналистиканың қыр-сыры жайында бір ауыз сөз

1958 жылы Қазақ телевизиясы құрылғаннан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын осы аралықта  телевизия саласы Қазақстанда ықпалды әлеуметтік институтқа айналды. Сан жүздеген талантты тележурналистер туып, халыққа танылды. Сала бойынша маман даярлайтын жоғары оқу орындары пайда болды. Телевизия саласы бойынша ғылыми-зерттеумен айналысатын ғалымдар мектебі де біртіндеп қалыптасып келеді.   Тележурналист Марат Барманқұлов, Құдайберген Тұрсын сынды профессорлар телевизия журналистикасының өзекті мәселелерін тыңғылықты зерттеп, ғылым докторы дәрежесін қорғады. Аязби Бейсенқұлов, Назгүл Шыңғысова және өзге де кейінгі буын ғалымдары саланы зерттеумен айналысып келеді. Сондай-ақ, белгілі журналист Қайнар Олжайдың, Серік Абасшахтың, Мақат Садықтың кітаптары жарық көрсе, «ҚазАқпарат» баспасынан «Қазақ телевизиясы» атты көп томдық энциклопедияның бастапқы томдары шығарыла бастады.

Тележурналистиканың қыр-сыры жайында бір ауыз сөз

1958 жылы Қазақ телевизиясы құрылғаннан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын осы аралықта  телевизия саласы Қазақстанда ықпалды әлеуметтік институтқа айналды. Сан жүздеген талантты тележурналистер туып, халыққа танылды. Сала бойынша маман даярлайтын жоғары оқу орындары пайда болды. Телевизия саласы бойынша ғылыми-зерттеумен айналысатын ғалымдар мектебі де біртіндеп қалыптасып келеді.   Тележурналист Марат Барманқұлов, Құдайберген Тұрсын сынды профессорлар телевизия журналистикасының өзекті мәселелерін тыңғылықты зерттеп, ғылым докторы дәрежесін қорғады. Аязби Бейсенқұлов, Назгүл Шыңғысова және өзге де кейінгі буын ғалымдары саланы зерттеумен айналысып келеді. Сондай-ақ, белгілі журналист Қайнар Олжайдың, Серік Абасшахтың, Мақат Садықтың кітаптары жарық көрсе, «ҚазАқпарат» баспасынан «Қазақ телевизиясы» атты көп томдық энциклопедияның бастапқы томдары шығарыла бастады.

Соңғы жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясымен қатар Астанадағы Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-де және Қазақ ұлттық өнер университетінде де телевизия саласының мамандарын даярлай бастады. (Соңғы аталған оқу орнында телеоператор мамандығын даярлауды биыл бастаса, келесі жылы журналистерді оқытуды қолға алмақ) Отандық телеарналардың сан жағынан өсе түсуі оған керек мамандарды даярлап шығаруды талап етуі бүгінгі қоғам өмірінен туып отырған қажеттілік болса керек. Олай болса, сапалы маман даярлаудың ең негізгі алғышартының бірі олардың сұраныстарына жауап беретін оқулықтардың көптеп шығарылуы болмақ.

Олай болса, бүгінге дейін дайындалған оқулықтардың жайы теңізге қосылған тамшыдай ғана деуге болады. Шетелдік бір әріптесіміз айтқандай, «телевизия адамды атаққа да шығарады, апанға да құлатады». Себебі, тележурналистің жұмысы миллиондардың көз алдында тым жария түрде ашық өтеді. Сәтті шықса - мақталасың, сапасыз жасалса - датталасың. Оның үстіне «біткен іске сыншы көбін» тағы ұмытуға болмас.

Бүгінде екінің бірі, егіздің сыңары тележурналист болуға ұмтылатын болды. Жөн-ақ. Журналист дос, сіздің атаққа шығуға, танымал болуға толық мүмкіндігіңіз бар. Ал, «апанға құлап» қалмау үшін жұмысыңызды мейлінше кәсіби деңгейде атқаруыңызға тура келеді. Осыған сізді бейімдей алғанда ғана ғалымдарымыздың жазған оқулықтары мен аудиторияда оқыған дәрістері өзінің алға қойған мақсатына жетпек. Алайда, оның өзі көңіл көнішітпей тұрған мына заманда не істемек керек?!

Телевизия тарихынан, ерекшеліктерінен, жанрларынан, функциялары мен ұстанымдарынан, телехабардың құрылымынан, тіл, стилі мен көркемдік құралдарынан, телесценарий жазу, бағдарлама даярлау, телехабар жүргізу - комментаторлық, модераторлық, шоумендік сынды шеберліктің алуан қырларынан мағлұмат берген отандық оқулық бүгінде жоққа тән. Әріптестеріміз бұл жағынан келгенде өздерінің қорғаған тақырыптарының аясынан шыға алмай монографияларын ғана жарыққа шығарудан арыға бара алмай отыр.

Қалай десек те, телевизия бүгінгі қоғам өміріне белсенді араласумен қатар әлеуметтік саяси, экономикалық мәдени үрдіске әсер ете алатын ықпалды құралға айналды. Жалпы, демократиялық үрдісте мемлекет өз азаматтарына қалай қалтқысыз қызмет көрсетсе, телевизияға да қалың көрермен алдында дәл сондай міндет жүктеледі. Мұның мәні қоғамды дамыту ісіне ел азаматтарын жаппай жұмылдыруға, сол арқылы әлеуметтік сананың қалыптасуына елеулі ықпал ететіндігінде. Сондықтан, телевизия дегеніміз қоғамдық, әлеуметтік аса маңызды құрал.  Сонымен қатар телевизия - ең күшті ақпарат құралы және адамзаттық, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды таратушы, әлеуметтік айна, бұқаралық қарым-қатынастың маңызды құралы әрі саяси идеялық аса мықты қару-жарақ.  Оны бүгінде тек қана ақпарат құралы ретінде қарастырушылық бар. Бұл мүлде жеткіліксіз. Телевизияның өнер екенін естен шығармауымыз керек.

Телевизия үшін ақпарат пен таным бір-бірімен тығыз сабақтаса көрініс табады. Телевизияның өзге ақпарат құралдарынан даралануының өзі оның синтездік сипатында жатыр. Осы себептен, телевизизияны таза журналистік туынды жасайтын БАҚ ретінде тану жеткіліксіз. Себебі, эфирлік өнердің сипаттары телевизияның ішкі болмысында толықтай сақталған. Көркем туындыны ұсыну формасы, қарым-қатынастық тетіктері телевизияны өнер ертінде алға шығарды. Ал, өнер дегеніміз танымның ерекше бір тәсілі болса керек.

Телевизия хабарларын қаржыландырылу көздері мен меншік түріне қарай және қамтитын аумағы мен мақсатына сай мемлекттік, қоғамдық, коммерциялық деген үш топқа бөлуге болады. Телехабар өзінің қамтитын аумағына қарай ұлттық деңгейдегі, жергілікті, қалалық-аудындық және коммюнити (мүдделес топтардың) деп бөлінсе, формасына сай кабельдік, релелік,  ғарыштық яғни, жасанды серіктік деп жіктеледі. Олай болса, телехабар дайындап жүргізетін телевизия журналистерінің қызметтік ерекшеліктерін де үш бағытта қарастыруға болады.

Біріншіден, тележурналистің сөзі аудиторияға тікелей емес, ақпаратты тарататын белгілі бір тәсіл арқылы тасмалданып жеткізіледі. Екіншіден, телекөрермендердің психологиялық жағдайымен де санасуға тиіспіз. Телевизия журналистикасы әрдайым уақыт пен кеңістіктің кедергілерін азайтудың, қысқартудың жолдарын іздестіреді.   Үшіншіден, тележурналист жеткізіп отырған ақпаратының шынайылығына өзі көз жеткізіп сенген болуы тиіс. Оны журналист әңгіме ауанымен, дауыс ырғағымен немесе үнінің екпінімен алмастыра алмайды. Сондықтан, телевизия авторы, телередактор (продюсер), телетілші, телевизия комментаторы, телешолушы, тележүргізуші қызметінің негізгі міндеттерін білмейінше. Қазіргі практикадағыдай беті жылтырағанның бәрін эфирге шығара беру жүгенсіздік болмақ.

Тележурналист деген субьектінің өзі айналып келгенде «ешкімнің есігін қақпай-ақ, үйінің төріне озып алып, көк жәшіктің ішіне жайғасатын шақырусыз қонақ» ретінде өзінің күнделікті өмірінде ұстанатын  12 түрлі практикалық кеңесті жадында сақтауы қажет екенін ескерте кетуді жөн санадық.

1. Көрерменді өзіңізге тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаңыз. Дарын-қабілет, алғырлық мүмкіндігіңіз болса, бәрін пайдаланыз;

2. Көрерменді өзіңіздің сұхбаттасушыңыз деп біліңіз. Егер көрерменнің сенімінен шыға алмайтындай болсаңыз, эфирге шықпаңыз;

3. Белгілі бір мәселе жөнінде толықтай терең білмесеңіз де оны сезінетін түйсігіңіз болсын;

4. Өзіңізге лайық жеке тақырыбыңыз болғаны абзал. Оң жамбасына келетін тақырыбының жоқтығынан талай тамаша журналист көрермен алдында абыройдан айырылған ащы мысал өмірде көп. Әр шөптің басын бір шалып кетсеңіз сенімнен айырыласыз;

5. Үнемі қызықты әрі тартымды көріне біліңіз;

6. Телехабардың бас кейіпкері кім екенін үнемі жадыңызда сақтағайсыз;

7. Мәдениетті әрі сыпайы болыңыз. Көрерменді де, өзіңізді де құрметтеңіз. Айтып отырған әңгімеңізден бұрын көрерменнің құлағына түрпідей тиетін анайы сөздерден аулақ болып, ебедейсіз қимыл қозғалыстан, жарасымсыз киім-кешектен аулақ болыңыз;

8. Өзгелердің сөзіне зейін қойып тыңдап үйреніңіз;

9. Көрерменнің психологиясын сезіне білген абзал;

10. Байқағыш, қырағы әрі қызықтай білетін қабілетіңіз болсын;

11. Қиын жағдайдан тез әрі ыңғайлы тәсілмен шыға білетін шеберлікті игеру қажет;

12. Мұның бәрі мамандығыңызды шеберлікпен игергенде ғана мүмкін болмақ.

Бұған Ұлы Британия «Би-Би-Си» корпорациясының телехабарға қатысушыларға «көзді аударып-төңкеруге, ерінді сылпылдатуға, саусақты жұлғылауға, қабақты түюге, өтірік күлуге, үстелге бауырлап жатып алуға тиым салынатындығын» үнемі ескертуден жалықпайтынын тағы қосып қоюдың еш артықтығы жоқ деп білеміз.

Тележурналиске тән ең басты қасиет жеделдік болса керек. Оның өзі сізден тез ойлануды, қисынды әрі мәнді сөйлеуді талап ететіндіктен жоғары деңгейде тілдік мәдениеттің болғаны абзал.  Кіммен болсын, дереу тіл табысып кететін өнерді игеріп, кез-келген тұлғаның көңілін баурап алатын ептілікті меңгерген абзал. Алғырлықтың орны қашан да бөлек. Қажетті ақпарат көздерін әрдайым біліп, тауып алатындай мүмкіндіктің болғаны бек жақсы.
Сюжет, мәтін, студия декорациясы, субтитр сөзі, комментарий, сұхбат, синхрон, сазды әуен, дауыс-дыбыс секілді тележурналистика «асүйінің» ұсақ-түйек құралдары да назардан тыс қалмауға тиіс деп білеміз.  Айталық, телевизияда тікелей сұхбат немесе ток-шоу секілді әңгіме-дүкеннен тұратын бағдарламаларда болмаса, бос сөздің аздауы, нақты оқиғаның көбірек болғаны жақсы. Олай болса, сөзбен жеткізетін ең негізгі жайлар не деген сұрақ туындауы заңды. Олар мыналар:

- бейнебаян арқылы көрсетуге мүмкіндік болмаған жағдайда;

-оқиғаны сол адамның өзінің сөзі арқылы бергенде ғана сенім тудырарлықтай болса;

- даулы мәселеге жеке адамның пайымы, көзқарасы міндетті түрде қажет етілсе.

Телевизия туындыларының көркемдік сапасын арттыруда телеоператорлық, телережиссуралық және монтаждау өнердің де алар орны айырықша. Жекелеген бейнелерді лайықты әрі кәсіби жоғары деңгейде түсірудің өзі камераны  дұрыс орналастырудан, сурет нысаны мен камера екеуінің арасындағы қашықтықты дәл сәйкестіруден, түсіру нүктені нақты белгілеуден басталатын күрделі өнер.  Көрермен назарын эфирге аудару үшін, бейнебаянды жандандырып, мазмұнын тереңдету үшін жекелеген бейнеден басқа понарамалық, ракурстық, «наезд», «отьезд» тәсілдері пайдаланылады.

Понарамалық бейне дегеніміз бір нүктеден немесе белгілі бір нысаннан келесі жағына барып бітетін үзіліссіз қозғалысқа негізделген бейне көріністің түрі. Понараманы ішінара жоғары-төмен, көлбеу және айналма деп бөледі. Ал, «наезд»-ге келсек, түсірілетін нысанға жақындап баратын қозғалысқа негізделген бейне. Олай болса, «отьезд» нүктеден немесе нысаннан шегінуді білдіретін қозғалыс.
Сондай-ақ, ракурстық бейне дегеніміз нысанды бір қырынан ба немесе тас төбесінен, әлде көлбетіп  түсіруді айтады. Әдістемелік тұрғыдан осылай түсіндіруге болады.

Телевизия өнерінде монтаждау ісінің де алар орны айтарлықтай. Ол туралы зерттеуші-ғалым Клара Қабылғазинаның оқулығы ғасыр тоғысында Қазақстанда жарық көрген. Монтаждаудың да өзіндік сатылары мен әдеттегі жалғаулары, қараңғылық жасау, сіңіру, перделеу секілді арнайы тәсілдері баршылық.

Телехабар даярлау ісін негізгі үш сатыға бөлуге болады. Атап айтқанда, өндірістен бұрынғы, өндіріс барысындағы және өндірістен кейінгі. Бұл үшеуінің әрбірінде атқарылатын технологиялық және техникалық, шығармашылық және ізденістік қыруар шаруалар бар.

Оқиғаны өтіп жатқан ыстық ошағынан дер кезінде жеткізуге міндетті телевизия журналистері үшін өздерінің әр қадамдарына мұқият болу талап етіледі. Кассета, батарея жеткілікті ме, микрофон дұрыс істеп тұр ма дегенді тексеруден бастап, телехабар - ұжымдық туынды болып табылатындықтан түсіру тобының әр мүшесі, әсіресе, оператор мақсатын нақты түсінген редактормен ақылдасқан болуы шарт. Оқиғаға іскерлікпен, шығармашылықпен, тың бастамамен белсенді қатысу талап етіледі. «Көңілдегі көрікті ойдың» бәрі телевизияда техникалық мүмкіндік арқылы ғана жүзеге аспақ.  Қыл аяғы микрофонды дұрыс орналастырудың өзінің айтарлықтай рөлі бар. Тілші мен режиссер оқиға орнынан оралған соң монтаждың үстеліне жайғасқанда оның «жамау-жасқауына» жарататын қосымша бейнелерінің де алдын ала түсіріліп алынған болуын ұмытпаған абзал.

Телевизияға арналып жазылатын мәтіннің өзіндік құрылымы, ерекшелігі, арнайы формасы болады. Жалпы, телевизия бейнелік қозғалыстардан, дыбыс-дауыстардан тұратын жиынтық (синтез) өнер болғанымен бәрібір алдымен қағаз бетіне мәтін жазудан іс басталады.  Бірақ, телевизия туындысының тілі мен стилінде мерзімді баспасөз жазбасынан айтарлықтай өзгешелік бар. Сондықтан, газет-журналға тән кейбір ұзын сонар әңгімеден, сала құлаш құрамалас сабақтас күрделі сөйлемдерден бойды аулақ салу телемәтінге қойылатын негізгі талап болмақ.  Алайда, солай екен деп ауызекі тұрмыстық сөздермен қарабайырландыруға болмайды. Бос әрі тым әсіре қызыл сөздерден де аулақ болған жөн. Қарапайым әрі түсінікті, нақты анық жазу, сөз атауларды қысқартпау, тырнақша мен сілтемені өз мәтінінде қолданудан қашу, үтір, нүктелердің өзіне мән беру, сандарды қолданғанда шұбыртпай қысқартып мазмұнын жоймай жеткізу, адамдардың аты-жөндерін толықтай дұрыс атау,  есімдіктерді жөнімен қолдану, мейлінше көрермендерге тікелей қайырылу, қазақ тілінің құнарлы нәрін толық пайдалана білу тележурналистің парызы.

Телевизияға арналып жазылатын туындының басты ерекшелігі - сөз бен бейнесюжет бір-бірін толықтырады және сол арқылы екеуі өзара сіңісіп жататындығы. Мұндайда көп сөзділіктің салдарынан тамаша бейнесюжеттің құны түсіп қалатындығын да ұмытпауға тиіспіз. Айталық, телетуындының құрылымын лайықты ету үшін мына мысалға назар аударайық. Тележурналист сіз немесе хабарыңыздың кейіпкері «батыс өңірде ауа райы аптап ыстық» деп эфирде айтты делік. Осы сәтте көлеңке жерге жатып алып, тілін салақтата ентіккен итті «крупный планда» көрсеткеніңіз абзал. Сонда ғана бейне мен мәтін үйлесім таппақ.

Сәулетті құрылыс салу үшін оның тағаны мен едені, төбесі мен қабырғалары қандай маңызды болса, телетуындының да өзіндік құрылымдары бар. Шығарма дегеніміз ішкі көңіл күйдің, рухани ой мен қажырлы еңбектің сәулетті құрылысы іспетті. Туындының іргетасы автордың идеясы арқылы қаланса, оның қабырғасы кірпішпен емес, айналып келгенде, құдіретті сөзбен ғана тұрғызылмақ.  Олай болса, «сөз өнері дертпен тең» деп ұлы Абай тегін айтпаса керек.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері,

халықаралық журналист.

 

АСТАНА.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5412