ОҚО әкімі прокуратура саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Оңтүстік Қазақстан облысында 6 желтоқсан - Қазақстан Республикасының прокуратурасы күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерейлі отырысқа облыс əкімі Ж.Түймебаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев, облыс прокуроры И.Иманов пен осы салада еңбек еткен ардагерлер қатысты.
Ел Егемендігінің 25 жылдық мерейтойымен қоса, биыл ҚР Прокуратурасына да ширек ғасыр толып отыр. Бүгін осы жылдар ішінде міндеттерін адал атқарып, қызметінде жоғары нəтижелерге жеткен 100-ден астам сала қызметкерлері алғысқа бөленіп, "ҚР прокуратурасына 25 жыл" мерекелік медалімен наградталды. Сонымен қатар, бірқатар сала қызметкерлеріне арнайы сыныптық шендер берілді.
Жиында сөз алған өңір басшысы барша құқық қорғау органдарын қос мерейлі мерекемен құттықтап, облыстық прокуратура қызметкерлерінің өңіріміздегі құқықтық саясатты жүзеге асыру бойынша міндеттерін ойдағыдай атқарып келе жатқанын жеткізді.
«Ибраһим Әлжанұлы, Сіздің бастамаңызбен бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Олардың бірі - халыққа қолжетімді «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» әзірленіп, интернет желісінде Шымкент қаласының картасы орналастырылды. Сондай-ақ, «Жерлерді өз бетінше иелік етуді жою», «Қауіпсіз қала –Шымкент», «Мал ұрлығына тосқауыл» жобалары бойынша да жергілікті әкімдер мен тиісті басқарма басшылары бірлесе жұмыс жүргізуде. Аталған реформалардың сәтті жүзеге асуы - еліміздің жемісті дамуына оң ықпалы болары сөзсіз», - деді Ж.Түймебаев.
Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысындағы аталған салада 300-ден прокурор қызмет етеді. Ширек ғасырлық тарихы бар аталған құқық қорғау саласының ұйытқы болуымен түрлі қылмыстар ашылып, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша іс-шаралар өтуде. Мәселен, бүгінгі таңда облыстық прокуратурада 12 жоба аясында нақты іс шаралар жоспарлары жасалып, атқарылуда. Олардың қатарында «Алаяқсыз қоғам», «Қауіпсіз қала», «Жерлерді өз бетінше иелік етуді жою мен шешу жолдары» және тағы басқа мәселелер қамтылған.
Мұнан бөлек, Тәуелсіздік жылдары прокуратура органдарының құрылымдық бөлімшелері заманауи техникалармен, қызметтік ғимараттармен толықтай қамтамасыз етілді. Солардың қатарында оңтүстік өңірінде Арыс, Созақ аудандары мен Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық прокуратураларының ғимараттары салынды. Облыстық прокуратура мен бірқатар аудандық прокуратуралардың ғимараттары күрделі жөндеуден өтті.
Abai.kz