Ақпараттық-насихаттық топ Шардарада
Шардара аудандық әкiмдiгiнiң мәжiлiс залында Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында қол жеткен жетiстiктердi насихаттау мақсатында өткен семинарға облыстық iшкi саясат басқармасының маманы Исахан Гүлжауһар Серiкқызы мен облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшесi, Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының доцентi, тарих ғылымдарының кандидаты Анарбаев Қайрат Сапарханұлы қатысты. Семинарды аудан әкiмi аппаратының басшысы Ғ.Амантай ашып, Тәуелсiздiк жылдары атқарылған ауқымды жұмыстар Елбасымыздың жүргiзген сарабдал да салиқалы саясатының нәтижесi екенiн айтып өттi. Бұл туралы Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бір айта кетері, «ашық әкімдік» жобасы аясында қазір атқарушы органдар жұмысының ашықтығы, жариялығы қамтамасыз етілуде. Семинарда сөз алған Анарбаев Қайрат «Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығында салалар бойынша республикада, оның iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында жеткен жетiстiктер» тақырыбы төңiрегiнде хабарлама жасады. Кеңес Одағы кезiндегi бiр-бiрiмен байланыста болған елдердiң егемендiк алғаннан кейiн бiрден алға жылжуы қиын болған сәтте Елбасымыздың 2030 жылы бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң деңгейiне жетудi алға мақсат етiп қойған стратегиялық бағдарламасы жасалғанын, ол мерзiмiнен бұрын орындалып, қазiргi таңда 2050 жылы 30 елдiң қатарында болу үшiн бағдарламалар жасалынып, ол iс жүзiнде атқарылып жатқандығын айтты. Астананы ауыстырудың саяси ғана емес, экономикалық маңызы болғандығын, Қазақстан халықтарының Ассамблеясының құрылуы, татулықты, тыныштықты сақтау, ядролық қарудан сақтану, Астанада түрлi дiн өкiлдерiнiң съездерiнiң өтуi, көп ұлтты елдiң тiлi, дiнi, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрi сақталған, Оңтүстiк өңiрi әрқашан Елбасының назарында болғанын айтып өттi. Аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң маманы А.Әлiбеков тәуелсiздiк жылдары ауданда көптеген iс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылғанын, «Тұңғыш Президент», «Тәуелсiздiк», «Шежiре», «Тың игерушiлер» және «Бекзат Саттарханов» саябақтары ашылып, халыққа қызмет көрсетiп жатқанын жеткiздi. «Тұңғыш Президент» саябағында ҰОС ардагерiне арналып монумент тақта орнатылса, «Шежiре» саябағында Төле би, Қазыбек би және Әйтеке биге арналып ескерткiш пен мемлекеттiк рәмiздер алаңы ашылғанын, Тәуелсiздiк жылдарында ауданда 7 үкiметтiк емес ұйым мен 16 дiни бiрлестiктер, қоғамдық кеңес, қоғамдық келiсiм кеңесi және 22 жастар ұйымдары құрылып, жұмыстар жүйелi жүргiзiлiп жатқанын айтып өттi. Баяндамашы ауданға инвестиция тарту, өнеркәсiп, шағын кәсiпкерлiк, туризм, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту мен еңбек нарығы салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Қ.Iлесов кешегi Кеңес Одағы кезеңi мен қазiргi тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жетiстiктерiмiздi салыстыра отырып әңгiмелесе, тәуелсiздiк алған жылы дүниеге келген аудандық емхананың дәрiгер-статистi Гүлзира Сағындықова тәуелсiздiгiмiздiң құрдасы екендiгiн мақтанышпен айта келiп, бүгiнгi таңда жастардың шаруашылықтың әр саласында өз қалауымен жұмыс жасап жатқандығы тәуелсiздiгiмiздiң жетiстiгi екендiгiн атап өттi.
Семинарды аудан әкiмi аппаратының басшысы Ғ.Амантай қорытындылап, облыс орталығынан келген қонақтарға аудан басшысы атынан алғыс айтты.
Abai.kz