Оңтүстік шаруалары әлеуетінің жоғары екенін көрсетті
Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының мол өнім жинаған жетістігі ерекше аталып өтуде. Күнгейдегі диқандардың дәнді дақыл жинау бойынша үздiк көрсеткiшке қол жеткiзiп, рекорд жасауы оларға деген міндетті де еселей түскендей. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәлiметiнше, биыл өңiр диқандары 676 мың тонна (өткен жылмен салыстырғанда 95 мың тоннаға көп) өнiм жинап, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткiзiп отыр.
Орташа түсiмдiлiкке шаққанда, гектарына 26 центнер дәндi дақылдан түскен. Сонымен қатар шаруалар биылғы маусымда өзге дақыл түрлерiнен де мол өнiм жинай бiлдi. Мәселен, 963 мың тоннадан астам көкөнiс түрлерi, 1 миллион 413 мың тонна бақша өнiмдерi, 277 мың тонна картоп жиналып алынды. Сондай-ақ, 126 мың тонна жемiс-жидек, 63 мың тонна жүзiм терiлдi. Бұл көрсеткiштердiң барлығы да өткен жылдың көрсеткiштерiнен анағұрлым жоғары. Соңғы үш жылда жердi жаңа әдiспен игеру жұмыстары жүргiзiлуде. Осы жылы 86 мың гектар жерге терең қопсыту технологиясы енгiзiлген. Бұған дейiн тәжiрибе жүзiнде мақтадан гектарына орташа есеппен 26-27 центнерден өнiм алынса, терең қопсыту технологиясын енгiзген шаруашылықтар гектарына 40-45 центнерден өнiм жинады. Аталған технологияның қатты топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиiмдiлiгiн ескере отырып, бұл технологияны басқа да дақылдар мен тәлiмi жерлерге қолдану ұсынылуда. Айта кетейiк, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көлемi өткен жылмен салыстырғанда 12,8 мың гектарға артып, 788,6 мың гектарға жеттi. Орташа есеппен республика бойынша өндiрiлген мақтаның 100, жүзiмнiң 65, бақшаның 66, мақсарының 40, жемiс-жидектiң 31, көкөнiстiң 24 пайызы Оңтүстiк Қазақстан облысының еншiсiнде.
Бұл – Оңтүстiк Қазақстан облысын республика халқын жергiлiктi азық-түлiк өнiмдерiмен қамтамасыз ететiн негiзгi орталыққа айналдыру әлеуетiнiң өте жоғары екендiгiн байқатады.
Abai.kz