Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 4520 0 пікір 29 Қараша, 2016 сағат 13:24

Біз 25 жылдың ішін­де барлық қиын­дықты жеңіп, дамыған 50 елдің қата­рына кірдік

«Біз, әлем жұртшылығы, Қазақ елінің ұлы жетістіктерін енді ғана жете бағалай бастадық. Шынында, мұның феномен екенін мойындауымыз керек. Қазақстандықтар қол жеткен табыстарын мақтан тұтуға толық құқылы», - деп жазады "Айқын" газеті.

Бұл Астанада өткен «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі» атты халықаралық конференция барысында АҚШ-тан келген мәртебелі мейманның лебізі. 

Мәжіліс пен еліміздің Сыртқы істер ми­нистрлігі ұйымдастырған іс-шараға Бельгия, Бразилия, Венгрия, Иран, Ита­лия, Қытай, Ресей, Финляндия, Германия, Швеция және басқа да елдерден парламент депутаттары мен сарапшылар қатысты. 

Жиында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин еліміздің қалыптасуы мен да­­муы жолында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз рөліне тоқ­­тала келе, Елбасыны «қазақстандық пар­ламентаризм моделінің негізін қалау­шы» деп атады. «Еліміздегі барлық де­мок­ратиялық жаңа­рулардың басты бас­тама­шы­сы болып табылатын Тұңғыш Пре­­­зиденттің тұлғасы – қазақстандық парламентаризмнің қалып­тасуы­на шешуші ықпал еткен басты фак­тор­ға айналды. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев парламентаризмнің қа­зақстандық моделінің негізін қалаушы ре­тінде қарас­тырылуға толық құқылы» деді спи­кер. 

Н.Нығматулин Тәуелсіздіктің ақ таңы ат­­қан шақта халық өзінің шынайы таң­дауын жасағанын, Нұрсұлтан Назарбаевты ел Пре­зиденті ретінде таңдай отырып, тағ­дырлы ше­шім қабылдағанын айтты. Сол уа­қыт­тан бас­тап, Елбасы «мемлекетіміздің қарқынды да­муының, Қазақстанның гүлденуінің ке­пі­ліне» айналды.

– Өзінің жаңа тарихының ширек ға­сы­рын­да Қазақстан Елбасының басшылығы­мен, кезіндегі Кеңес Одағының кенже қал­ған шеткі-перифериялық респуб­ли­ка­сынан, шын мәнінде «шикізаттық қой­ма­сынан» – әлемдік қоғамдастықтың толық­қанды мү­ше­сіне, өңірлік көшбасшыға, күш­ті эконо­микасы мен тұрақты қоғамы бар заманауи мемлекетке дейінгі таң­ға­лар­лық жолды жү­ріп өтті. Біз 25 жылдың ішін­де барлық қиын­дықты жеңіп, дамыған 50 елдің қата­рына кірдік. Бұл шынында та­рихи жеңіс! 
Бұл Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясаты­ның, батыл қадамдарының, тарихи ше­­шім­дері­нің жеңі­сі. Сондықтан 25 жыл­дық биік белестер – еліміз үшін, халқымыз үшін жарқын бола­шаққа жол ашып отыр, – деді Нұрлан Зай­роллаұлы. 

Ол тәуелсіз Қазақстан тарихында бол­ған көптеген маңызды шаралардың Пар­ламент қабырғасында өткендігіне назар ау­дарды. Олардың қатарында Қазақстан ас­танасын көшіру, Кедендік одақ және Еу­разиялық эко­но­микалық одақтың құ­рылуымен жүзеге ас­қан еуразиялық интег­рация идеялары және бас­қалары бар.

Н.Нығматулиннің байламынша, Пре­зи­дент Қазақстанның барлық бағыттар бо­йын­­ша үздіксіз ілгері жылжуын қамтама­сыз етеді. 

– Бүгінде, осы ширек ғасыр ішінде жү­ріп өт­кен жолымызды шола отырып, біз бар­лық же­­тістіктер мен жеңістердің Тұң­ғыш Пре­зи­де­нт – ұлт Көшбасшысы 

Н.­На­зар­баевтың қызметімен байланысты еке­нін айқын байқаймыз. Мемлекет бас­шысы осы жылдар бойында қоғамдық прог­рестің барлық бағыттарында Қазақ­станның үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуші қуатты шы­ғар­ма­шылық және топ­тастырушы күш, – деп түйген спикер сөз соңында қазақ­стан­дық­тар­ды алдағы ме­рекелермен – «Тұңғыш Пре­зи­де­нт күні­мен» және «Тәуелсіздік күнімен» құт­тықта­ды.

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыды­ры­сов Кеңес империясы ыдыраған соң, Қа­зақ­станға жаңа мемлекеттің сыртқы сая­сатын да «та­қыр­д­ан» бастауға тура кел­генін еске салды:

– Қазақстан аумағы жөнінен әлемдегі ең ірі елдердің бірі. Бірақ соған қарамастан, дүниежүзінде «Қазақстан» деген мемлекет­тің картада қайда орналасқанын білетіндер өте аз еді. Біздің еліміз туралы білетін шет­ел­дік­тер­дің өзі Қазақстанды «көп ұлт­тан құралған, мұ­хитқа шығар жолы жоқ, жан-жақтан ал­па­уыт көршілерінің қоршауында жатқан, Арал, Семей секілді экологиялық проблемалар ауыртпалығының астында қалған мемлекет» ре­тінде ғана білді. Әрі олар аталған про­бле­ма­лар жаңа мемле­кеттің егемен өмір сүруіне қатер төндіреді деп түсінді. Соған қарамастан, біз табиғи ре­сурстарымызды өз орайына пай­далана отырып, кең ауқымды эко­но­ми­ка­лық, сая­си реформаларды жүзеге асыру арқылы өзі­міздің төл табыс тарихымызды жазып шық­тық, – деді сыртқы саясат ве­домст­во­сы­ның басшысы Е.Ыдырысов.

Ол ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бас­тап, мем­лекетіміздің тек ішкі істермен ғана шек­тел­мей, халықаралық аренада да өзін белсенді ойыншы ретінде көрсете алғанына назар ау­дарт­ты. «Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде Қа­зақстан Шығыс пен Батыс ара­сын­дағы шы­на­йы географиялық, экономи­калық және сая­си көпір рөлін өз мойнына алды. Пре­зи­де­нт Н.Назарбаев саяси ерік-жі­гер мен ба­тыл­­дық таныта отырып, дана әрі дұрыс ше­шім қабылдады, кеңестен қал­ған ядролық мұ­радан бас тартты. Осы­лай­ша, біздің мемле­кет әлемді ядролық жап­пай қырып жою қа­руы­нан және ядро­лық тайталастан құтқарды» де­ді Е.Ыды­рысов.  

Түркия республикасының Ұлы ұлттық мә­жілісі төрағасының орынбасары Мехмет Акиф Хамзачеби қазақ елі Тәуелсіздігін жа­рия­лай салысымен, түрік мемлекетінің әлем­де бірінші болып, оны мойындағанын еске салды. – Президент Н.Назарбаев басшы­лы­ғын­дағы Қазақстанның осы 25 жылдағы же­тіс­тіктері – нағыз ерліктің ерен үлгісі. Біз үшін қазақ елі – бауыр әрі дос. Сондықтан әр­қашан біздің қолдауымызға ие. Біздің қазіргі қарым-қатынастарымыз стра­те­гия­лық серік­тестік деңгейіне дейін көтерілді. Біз Қа­зақ­станның сындарлы саясатының жеміс­те­рін және халықаралық аренадағы жетіс­тік­те­рін сүйсіне қадағалап оты­рамыз. Бұл елдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жыл­дар­д­ағы мүшесі болып сайлануы – үлкен та­быс әрі мәртебе деп бағалаймыз – деген Хам­­зачеби мырза Астанадағы ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көрмесінің табысты өткізілуіне Түр­­кияның үлес қосатынына сендірді.  

Еуропалық Одақтың Орталық Азия бо­йын­ша арнайы уәкілі Питер Буриан болса, қа­зақ халқын «өте қуатты ұлт» деп атады. 

– Тәуелсіздік осы халықтың әр салада да­муына жол ашты. Нәтижесінде, тарихи тұр­ғыдан өте қысқа мерзім ішінде республика ірі жетістіктерге жетіп отыр. Бүгінде Қазақ­стан – орнықты, әрі кемеліне келген серіктес бо­лып табы­лады. Ол халықаралық сахнада өңір­лік және жаһандық бейбітшілік пен тұ­рақ­­­тылыққа үлес қосатын маңызды ойыншы ре­тінде жақсы бедел-репу­тацияға қол жет­кіз­ді. Біздің Еуропалық Одақ Президент     Н.Назарбаев бастама­шылығымен 5 инс­ти­тут­тық реформа мен Ұлт жоспары ая­сында қол­ға алынған модернизация мен транс­фо­р­ма­ция үдерісінде сенімді серіктес болғысы ке­леді. Біз үздік тәжірибе­ле­рімізбен және озық технологияларымызбен бөліспекпіз – де­ген П.Буриан Қазақстан мен ЕО қатынас­та­ры сапалық жаңа кезеңге шыққанын атап көр­сетті.  
Халықаралық жиында жария етілге­нін­дей, АҚШ пен Еуропа сарапшылары ке­ле­шек көкжиегіне үңілуге ұмтылыс жасап, Тә­уел­сіздіктің торқалы тойынан кейін елімізді не күтіп тұрғанын бағам­дауға, егемендік пен мем­лекеттілікті нығайту үшін не істеу ке­рек­ті­гін сара­лауға тырысыпты.    
Осы орайда АҚШ-тағы Дж.Хопкинс уни­­верситетінің Орталық Азия және Кавказ бо­йынша институтының төрағасы Фредерик Старр «Қазақстан 2041: келесі 25 жылдағы даму сцена­ри­й­лері» («Kazakhstan 2041: Scenarios for the Next 25 Years») баянжазбасын та­ныс­тырды. Оның ай­туын­ша, «Қазақ­станда күш­ті пре­зиденттік билік қалыптасты, енді мем­ле­кеттілік күшті болуға тиіс». 
Ф.Старр Елбасы жүргізіп отырған көп­век­торлы саясатты құптай келе, Қа­зақ­­стан­ның әлемдік аренадағы бел­сен­ді іс-қи­мы­лын, жаһандық про­бле­ма­ларды шешу үшін ма­ңызды жоба­лармен шы­ғуын «Тәуелсіздікті ны­ғай­татын фак­тор» деп атады.

– Егер Қазақстан халқының саны сон­ша­лықты көп еместігін ескерсек, осы тұр­ғы­дан алғанда да бұл өте қажет. Ел үнемі жаһан жұрт­шылығының көз ал­дында бо­лу­ға тиіс. Қа­зақстан басшы­лы­ғының да 25 жыл бойы қол жеткізіп, көз­деп келгені – осы. Сіздер ядро­лық қару­сыздану қозғалысына көшбас­шы­­сыздар, ЕҚЫҰ тарихи саммитін өткіз­ді­ңіз­дер, Азиядағы өзара сенімді орнатушы ұйы­мды (АӨСШК) құрдыңыздар, БҰҰ Қа­уіп­сіздік кеңесіне мүшелікке қабыл­да­ды­ңыз­д­ар және басқалары. Дәл осы оқиғалар Қазақ елі­нің туын биіктен желбіретеді және елдің тә­уелсіздігі мен өзіне деген сенім­ді­лі­гін паш ете­ді. Егер «Мәңгілік ел» болғы­ла­рыңыз кел­се, жаһандық сахнадағы көрнекті, салмақты іс-қимылдарыңыз жалғаса беруі қажет! – деп қо­рытты сөзін алдағы ширек ғасырлық даму сце­на­рийлерінің тең авторы, америкалық мей­ман Фредерик Старр.  

Халықаралық конференция жұмысы «Қа­зақстандағы негізгі саяси және эконо­ми­ка­лық реформалардың қоры­тын­­­ды­лары», «Қазақ­стан әлемдік сая­сатта», «Қазақстан: ке­ле­шек көкжиегі» атты үш сессия аясында жал­ғасын тапты. 

Айхан Шәріп

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3221
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5274