Жұма, 22 Қараша 2024
8548 0 пікір 29 Қараша, 2016 сағат 13:17

«Ұлы дала ұлағаттары». ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАБЫ ЖАЙЛЫ ТҰЛҒАЛАР ПІКІРІ

Дербестігімізді алып, тәуелсіздік туын көтергенімізге жиырма бес жыл толды. Тұтас бір ел, жеке қоғам үшін бұл уақыт оның даму тарихында аққан жұлдыздай қас-қағым сәт. Өйткені, кез келген қоғамдағы елеулі өзгерістер жолында ондаған, тіпті, жүздеген жылдар өте шығатыны тарихтан белгілі. Дегенмен, қоғам дамуының, ондағы күрделі өзгерістердің бір жылы он жылға, тіпті, одан да ұзақ мерзімге татитын кезеңдер болады. Сондай кезеңдердің бірі – біз, қазақтар, қазақстандықтар, атап өткелі отырған егемендігіміздің алғашқы ширек ғасыры. Ал осы ширек ғасырдағы қарышты қадамдарымыздың бірден-бір жетекшісі, әлбетте, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған кезекті туындысы – «Ұлы дала ұлағаттары» – қазақ сахарасының елдік философиясы дер едім.

Ширек ғасыр шыңдары

Әңгіме басын, тәуелсіздіктің жиырма бес жылындағы жетістіктерден бастасақ. Осы тарихи кезең ешкімге жал­тақтамай тәуелсіз мемлекет құру­дың қамына кірісуге жол ашты. Біз азаттығымыздың арқасында өрке­ниет­ті елдердің жолымен жүруге мүм­кіндік алдық. Осы уақыт ішінде көп­теген күрделі реформалар жүргізіп, қоғамымыздың бұрынғы бетпердесін түбегейлі өзгертіп, қазіргі заман талабына сай қайта жасауға кірістік.

Ұлан-ғайыр істердің алғашқы жылдарын­да әртүрлі себептерден туған батпан­дай қиын­дықтарды да басымыздан өткізуге тура келді. Олар­ды еңсере біліп, қол жеткізген же­тістіктерімізді ауыз толтырып ай­туға болады. Алғашқы онжылдықта мем­лекеттік басқару жүйесі, ішкі-сыр­тқы саясат, әлеуметтік қорғау, на­рықтық экономика жүйелері жасалып, іске қосылды. Әлемдік қау­ымдастықта демократия мен нарықтық эко­номикаға көшкен ел ретінде тиісті ор­ны­мызды алдық.

Біз жүргізген сыртқы саясат көп­те­ген әлем елдерімен достасу­ымызға, олар­мен тығыз байланыс орнатып, жас мемлекетіміздің дамуына керек мүм­кіндіктерді кеңінен пайдалануға жағ­дай жасады. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан ешбір елмен дауласпады, жа­ға жыртыспады. Бүгінгі алай-түлей заманда байсалды, бейбіт қалпын сақтай білген бірден-бір ел – біздің Қазақстан.

Мемлекетіміз жүргізген ішкі саясат егемендік жылдарында еліміздегі ұлттар достығын, бірлігін сақтап, барша халықтың бір мақсатқа жұмыла кірісуін қамтамасыз етті. Әрбір қоғам­ның сапасы оның тұрақты дамуымен өл­шенеді. Егемендіктің тұсында қазақ қо­ғамы тұрақты дамудың үлгісін көр­сетті. Араласқан әлем елдері біздің қо­ғамның осы қасиетін әр уақытта ай­тып, үлгі етіп жүреді. Егемендік туын көтергенімізге он жылға жетпей, АҚШ, Германия, Франция, Ита­лия, Австрия сияқты дамыған елдер Қазақстанды демократиялық үрдісті қабылдаған, нарық экономикасы елі деп таныды. Нәтижесінде, шет елдерден бізге керек миллиардтаған инвес­тиция келді, жүздеген кәсіпорын бой көтерді, өндірістің бізде бұрын бол­маған – машина жасау, ақпараттық тех­нология, ядролық энергетика, химия, құрылыс материалдары өн­ді­рісінің заманауи салалары, өңдеу, та­мақ­ өнеркәсібінің көптеген нысандары салынып, іске қосылды.

Егемен елдің өзіне тән салық, бюджет жүйелері, кеден кешені құрылды, б­ү­гін осы салалардың барлығы да елі­мізде тұрақты түрде жұмысын жал­ғастыруда. Кәсіпкерлердің саны да, сапасы да өсті. Қазір бізде әлемдегі озық үлгіге сәйкес жасалған қаржы жүйесі бар. Қазақстан экономикасын келеңсіз жағдайлардан сақ­тан­ды­ратын, тығырықтан шығуы­на тікелей жәрдемдесетін өте қо­мақ­ты қаржы жиналған Ұлттық қо­ры­мыз жұмыс істейді. Егемен ел­дің эко­но­ми­ка­сының айналымын қам­та­масыз ете­тін ұлттық валюта – теңге бар. Бір сөз­бен айтқанда, елімізде нарық эконо­микасы толыққанды жұмыс жасау үшін оның барлық тетіктері жасалды.

 

Тәуелсіз елдің көшін бастаған Тұлға

Тәуелсіздік асуларын баяндай ке­ліп, еліміздің көшін бастаған, ре­фор­маларды табандылықпен жүр­гізе білген Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның еңбегі ерен деп айтуымыз керек. Президент Нұрсұлтан На­зарбаев тарихымыздың өте бір күр­делі кезеңінде егемендігіміздің туын кө­теріп, мемлекетімізді басқару ісін­де кемеңгерлігін көрсете білген қай­раткер. Оның сарабдал саясаты Қа­зақ­стан жұртының қол жеткізген же­тіс­тіктерінің демеушісі һәм жебеушісі болды.

Мемлекет басшысы халқымыздың келешегін анықтайтын, болашағын бү­тін­дей­тін күн тәртібін ұсына білді және оның жүзеге асуын үлкен ше­берлікпен, жасам­паз­дықпен бас­қарды. Қазіргі заманның ең өзекті мә­селелерін көтеріп, оларды шешу жол­дарын әлем елдерінің назарына ұсынғаны – оның халықаралық дә­режедегі қайраткер екенін таныт­ты. Мұны әлемдік деңгейдегі сая­сат­керлердің Президентіміз туралы шешіле сөйлеген сөздерінен, іс­кер­лігін мойындаған пікірлерінен білеміз.

Бізді, қазақтарды, әлем сахнасына шыға­рып, елдігімізді баршаға паш ете алған Нұрсұлтан Әбішұлындай қай­­раткер қазақ та­рихында бұрын бол­­­ған жоқ. Ол ұсынған, халық қол­да­­ған саясаттың арқасында біз, қа­зақ­­стандықтар барша әлемді шар­ла­­­дық, жер беті өркениетінің озық үл­­гі­лерімен сусындадық. Дамыған елу елмен иық тірестік. Елбасы кө­ре­­гендігімен қолға алынған шаруа­лар елімізді әлі талай белестерден биік­те­тіп, асулардан асыратынына сенім мол.

Ол жаңа астанамызды тұрғызды, өзі­нің кемеңгерлігімен Астананы әлем елдері басшылары жиналып, зама­нымыздың бүгіні мен ертеңі туралы кеңес құратын беделі жоғары халықаралық орталық дәрежесіне көтере білді. Астаналық форумдар шешімдері әлем елдері тарихында сақталатынына күмән жоқ.

 

Қазақ сахарасының елдік философиясы

Осыдан бір-екі жылдай бұрын Нұр­сұлтан Әбішұлының қаламынан шық­қан өзі туралы естелігін оның тамаша баяндалған өмір философиясы деп едім.

Міне, Елбасының қаламынан та­ғы бір тамаша туынды жарық көр­ді. Оқыдым, тақырыптарына көз жібердім, терең сырларына да бой­лауға тырыстым. Осылардан кей­ін
«Ұлы дала ұлағаттары» қа­зақ саха­расының ғасырлар бойы қа­лып­тасқан елдік философиясы деген тұ­жырымға келдім. Тұрмыс, салт-дәс­түр, дархан көңіл, қариялар мен жас ұр­пақ, жақсы мен жаман, үкілеген үміт, әлем елдері мен қазақ қоғамы, Мәң­гілік ел болу жолдары, осылардың бәрі де біздің дүниетанымымыз бен асқақ арманымызды көрсете бі­ле­тін ұлы дала перзенттерінің адами қыр­ла­ры. Олар терең ой, сұлу сөзбен ерекше бе­зендірілген.

Кез келген қоғамның кемшілігі де бар. Президент бұл туындысында дәл қазіргі кездегі түйінді мәселелерді де, шешуі қиын проблемаларды да сөз еткен екен. Және оларды тарқату жолдарын да егжей-тегжейлі баяндай кетеді. Сондықтан қоғам назарын тіккен еңбекті ендігі даму жолымыздың бір жос­пары деп те айтуға болады.

«Ұлы дала ұлағаттары» оқыр­ма­нына ой салады, жас ұрпақтың өз Отанына құрметін арттырады. Ел­ді­гі­міз­ді паш еткен еңбек орыс, ағылшын тіл­деріне аударып, әлем жұртшылығы на­зарына ұсынуға сұранып-ақ тұр. Ел­ба­сының өз халқын, оның өмір филосо­фия­сын әлемдік қоғамдастықтың бі­луіне жасаған тағы бір сәтті қадамы бо­лар еді.

Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик

Туған тілдің тұғыры

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде тілге байланысты тебіренісін осылай «Туған тілдің тұғыры» деген тақырыппен бастапты. Ол тәуелсіз еліміздің сан түрлі өзекті мәселелерімен шұғылдана жүріп, ана тіліміздің тағдырын да ешқашан есінен шығарған емес.

Халықтың ұлы перзенті «ең әуелі қазақ елі барда қазақ тілі өмір сүреді, өседі, өркендейді, ұлтымыздың ұлы тілі мәңгілік» дегенді нысана етіп, арғы-бергі тарихты оймен шарлап өтеді. Шынында, ана тілін ардақ тұта­тын біздің қазақтай ел көп емес. Мұны Елбасы бүкіл болмыс-біті­мімен, жан-тәнімен түйсіне оты­рып, өзінің замандастарына, жас жеткіншектеріне жеріне жет­кізе айтыпты. Кешегі кеңестік дәу­ір­дегі отарлық құрсаудың те­мір қақ­паны ана тіліміздің ады­мына шідер салып, дамуы то­қыр­ай жаз­дағаны мәлім. Мұны бү­гінгі ұр­пақ ұмытпауы тиіс. «Ұлт­тың ұл­ы қазынасы ана тілін жаңа ғасыр биігіне абыроймен алып шығу – бүгінгі ұрпақтың па­расат­ты парызы» дейді Елбасы. Өзім тіл маманы, Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының басшысы бол­ған­дықтан да, «Ұлы дала ұла­ғат­та­рын­дағы» тілге байланысты тол­­ғаныстарға баса назар аудардым. «Тәуелсіздік бізге не берді?» де­ген­де, алдымен айтарымыз, ту­­ған тіліміздің бұрын болмаған мем­­­лекеттік мәртебе иеленіп, Кон­ституциямыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасында мем­лекеттік тіл – қазақ тілі» деп бе­кітілуі болатын.

Ия, тілімізге теңдік тиді, төр­ге шықты, заңдық негізге ие болды. Елбасы айтқандай, мем­лекетіміздің беделін көтеріп тұр­ған бұл бапты дұрыс пайда­ла­на алмасақ, кімге өкпе артамыз? Өз тілін өгейсініп, өзге тіл­дің ығына жығылғандардың қара­сы азайғанымен, мемлекеттік қыз­метте әлі де көптеп кездесетінін Ел­басы біліп отыр. Содан да болар, Нұрсұлтан Әбішұлының бір кезде намыс пен жігерді қайрап, «он бес жылда аю да мемлекеттік тілді үйреніп алатын уақыт болды» деп айтқаны әлі есімізде. Осы ойлардың біразын тағы да қайталап еске салудан жалықпай отырған Елбасының ұлттық мәселені есінен шығармайтынын білдіреді. «Әр азамат әуелі туған тілге деген құрмет пен жауап­кер­шілікті өзінен бастауы керек, отбасынан бастауы керек», дей­ді Елбасы. Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының да әу бас­тан ұстанған бағыты – осы. Ел­басы мемлекеттік тілді үнемі на­зарында ұстап келеді. Бағыт-бағ­дар сілтеудің ең төте түрі оның «Қазақстанның болашағы – қа­зақ тілінде» деген сөзі болатын. Сондай-ақ, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзді айтқан да Елбасы. Қадап, қазып айтылған бұл ұсыныстардың қадіріне жете алмасақ, тағы да намыссыздықтың салдары.

Үш тұғырлы тіл мәселесін Ел­басы мемлекет дамуындағы ма­ңызды мәселелердің бірі санай­ды. Бұл дұрыс. Алайда, мұны жү­йе­лі, саналы түрде сауатты іске асы­рудың орнына ана тілден асырып, жа­лаулатып жүретін жандар бар. Әри­не, көп тіл білгеннің зияны жоқ. Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз, қазақ тілі өз мәр­те­бесін жоғары ұстауы тиіс деген ұс­та­нымынан танбайды Елбасы.

Президенттің мемле­кет­тік іс­тер­ге бай­ла­ныс­ты тол­ғау­ла­рының өзі­­нен ақын­жан­­дылығы бай­қа­лып тұрады. Ол кісі­нің «қа­зақ тілі­­нің қанық бояула­ры – қа­зақ ән­­дерінде» деуі тегін емес. Со­лар­­ды бойға сіңіре жүріп, өлең жол­­­дарын туындататыны мәлім. Қа­з­ағының әніне, күйіне, өнеріне, та­рихы мен кең байтақ жеріне сүй­­сіне көз тастай жүріп:

Арайлап таңым,

Асқақтап тауым,

Ән ойнап көгім,

Күй төгіп көлім,

Қол жетті, міне,

Аңсаған күнге

Жасай бер, жаса,

Қазағым менің!–деп төгіл­дір­ген Елбасы­ның ана тілін аялай бі­л­етін осы қасиеті халық үшін ту­ған, ел бастайтын көсемдік мі­не­зін танытады.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, академик, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы

 

Қазақта «жылқы кісінескенше, адам тілдескенше»деген сөз бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің әр санына жарияланып отырған «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабы  халық пен Президенттің өзара тілдесу, түсінісу, сырласу үлгісі екеніне дау жоқ.

Осы жазбаның «Саясат салтанаты» деп аталатын бөлімінде біздің елі­міздің алғаш азаттық алған күннен бастап осы күнге қалай жеткені, қолға тиген Тәуелсіздік қалай тұғырға қо­нып, қалт-құлт етіп, жаңа тәй-тәй бас­қан мемлекет, мемлекеттілік қалай қалыптасқаны жайында тәптіштей баян­далады.

«Мен үшін елімді дамыған мемле­кет­тердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат» жоқ деген Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы мұрат жолында немен жігерленіп, күш-қуат­ты, ерік пен рухты, қайратты қалай шың­дағанына тәнті боласың. Ер азаматқа қанат бітіріп, ұлы істер тындыруда серік болатын ел сенімі екен. Сонымен қоса, әрине, туған еліне, жеріне деген махаббаты, Отанына деген сүйіспеншілігі. Бұл орайда Елбасы: «Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылмай, тауаны қайтпай тұрмайды», — деп ағынан жарылыпты. Дәл осы бөлімде елді саяси-экономикалық жақтан біршама дамытып, алға межелі міндеттер қойып, қарыштап дамыған Қазақстанды әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері қатарына қосуға күш салғанын айта келе, Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдарда жеткен жетістіктерімізге де тоқтала кетіпті. Атап айтқанда, Қазақстанның халықаралық беделіне байланысты еліміздің биылғы, яғни 2016  жылғы 28 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын айтады. «Бұл Кеңес – БҰҰ-ның Жарғысымен «ха­лықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіздіктің басты  жауапкершілігі» жүк­телген, тұрақты жұмыс істейтін орган. Елі­міздің оған мүше болуы Қазақ­стан­ның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз», — дейді.

Қазақстанның мұндай жетістікке жетуіне, сөз жоқ, тәуелсіздік алысымен еліміздің Семей ядролық-полигонын жабуы және қуаты жағынан әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тартуы, әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастық үшін республикалық және халықаралық ірі жобаларды қолға алып, терроризммен күресте өз позициясын мықтап ұстанып, ұдайы белсенділік танытып отыруы, Қазақстанның бейбіт­құ­марлығы, татулықсүйгіштігі жол аш­қан.

Қазақстан білімі мен біліктілігіне көрегендігі үйлескен Президенттің бас­қаруымен осы жылдың өзінде  халық­ара­лық дәрежеде жаңа нәтижелерге қол жеткізді. 2016 жылғы 17 маусымда Қазақ­стан Орталық Азияда алғашқы болып Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бәсекелестік жө­нін­дегі комитетінің мүшелігіне қабыл­данды. Осылайша, жаһандық экономиканы қалыптастыруға әсер ететін белді халықаралық ұйым жұмысының бел ортасында жүріп,  әлемдік нарықтың бағыт-бағдарын белгілеуге өз ықпалын тигізуге ұмтылды. Мұндай ауқымды шаруаларға рухы мықты, еңселі ел ғана бара алатыны анық. Бұл тұрғыда «Туған тілдің тұғыры» деген тақырыппен өзінің тіл туралы толғамдарын, мемлекеттік тіліміздің қазіргі қолданылу күйі мен оны дамыту, мәртебесін өсіру, аясын кеңейту жайлы өз ұстанымын баяндаған Нұрсұлтан Әбішұлы Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дейтін қанатты сөзін тілге тиек етіп, Ата Заңымыздың 7-бабына «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі»  деп жазу  Тәуелсіздіктің, азаттықтың жемісі екенін еске салыпты. Десе де, өз тілін өгейсініп, өзге тілдің ығы­на жығылғандар әлі де мемлекеттік қыз­метте әлі де көп кез­де­сетініне қын­жылыс білдіргендей болады. Мұның бәрі «ұлттық намыстың аздығы,  ерсі әрекетке еліктегіштік, ұлт дәстүріне енжарлық» салдары екенін атап өтеді.

Кейде халық бала секілді. Қамқор ата-ана ненің қажет, ненің болашақта пайдалы екенін тәптіштеп түсіндіріп отырмаса, болашағын болжап біл­мейді. Бұл орайда, үш тұғырлы тіл сая­сатын ұсынған Нұрсұлтан Әбішұлы «бұрын көп тіл білу мақтан болса, енді ол қажеттілікке айналғанын» тү­сіндіріпті. «Әлемдік ақпарат, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жүріп жатыр. Демек, бұл тілді біз еркін меңгеруіміз керек», — дейді Президент «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында. Әйтсе де, ұлттық рухтың өзегі туған тіл деп қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев  отандастарын қанша тіл білсе де, туған тілінің туын жоғары ұстауға шақырады.

Бірлігі мықты, қуаты күшті, қар­қынды дамуға бейім ел болу үшін сын­дарлы саясат ұстанып, алды-арты ба­жайланған экономикалық бағ­дар­ла­малар қабылдап, ел тұрмысын дамытуды мақсат тұту тым аз. Ендеше, «Ұлы дала ұлағаттары» кітабындағы бір бөлім тіл мәселесіне арналса, тағы бір бөлімнің «Дін мен дәстүр» аталуы да қисынды. Дінді «рухсыздық пен қанағатсыздықтың алдына қойылған ең берік қамалдардың бірі» деп айдарлаған Елбасы бұл бөлімде еліміздегі қазіргі діни ахуалды біршама саралапты. Шариғат тұрғысында біз де қазір бірнеше ағым бар екенін айтып, «Солардың бірі – құдайсыздық пікірін ұстанатындар. Екіншісі – ислам дініне таза ұлтшылдық тұрғысынан қарайтындар. Енді бі­реу­лері – ислам дінінің негіздерін ха­лықшыл-мемлекетшіл тұрғыдан терең тү­сініп, оның қадірін білетіндер» деп атап өтіпті. Алғашқы екі бағытты ұстанушылар тынымсыз еңбектеніп, діни сауаты таяз талай жасты тура жолдан адастырып отырғанын жаны қинала баяндапты. Отандастарын ислам дінінің құндылықтарын ажырата білуге, осы тұрғыда білімді арттырып, ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан мұсылманшылық дәстүрді, өз жолымызды ұстануға шақырған Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні адасқандарға жалау болған жиһад ұғымының шын-мәнінде қырып-жою, террористік әрекет жасап, кісі өлтіру емес, белгілі бір нәтижеге жету үшін, ел мүддесі үшін ынта-жігер таныту, күш-қайрат жұмсау екенін де жалықпай түсіндіріп өтіпті. Алла жаратқан өмірді сүю, адамды сүю, Отанды сүю және қастерлеу – мұ­сылманның басты шарты екенін жү­ректен шыққан сөзімен жеткізіпті. Адаспаудың, дұрыс, тура жолда өмір сүрудің ең тиімді жолы өткенге тас атып, өзге елдің үгіт-насихатының ықпалында кету емес, ата-бабаларымыз салып кеткен жолдан жаңылмау, топшыл болмай – көпшіл болу, мемлекетшіл болу.

Ел ертеңіне алаңдап, жас ұрпағымен сырласқан абыздай Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында осыны меңзейді.

Әлібек АСҚАР, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ұлттық кітап палатасының директоры

ДЕРЕККӨЗІ. "Егемен Қазақстан"

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1446
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5207