Бейсенбі, 5 Желтоқсан 2024
5333 0 пікір 29 Қараша, 2016 сағат 12:59

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Тұңғыш Президент күні мен еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі» атты халықаралық конференция кеше Астанада сәтімен өтті, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" басылымы. Қазақстан, Ресей, Түркия, Финляндия және өзге де елдердің парламент депутаттары, министрліктер өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысқан мұндай ауқымды шараны Парламент Мәжілісі мен Сыртқы істер министрлігі бірлесе ұйымдастырған болатын.

Конференцияны Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қазақстандық парламентаризмді қалыптастыру жолындағы Елбасының рөлін ерекше атап көрсетті. «Біз 25 жылдың ішінде барлық  қиындықты жеңіп, дамыған 50 елдің қатарына кірдік. Бұл – шынында тарихи жеңіс. Бұл – Тұңғыш Президентіміз – Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың көреген саясатының, батыл қадам­дарының, тарихи шешім­дері­нің жеңісі. Сондықтан 25 жыл­дық  биік белестер – еліміз үшін, хал­қымыз үшін жарқын  болашаққа  жол ашып отыр», деді Нұрлан Зайрол­лаұлы ағынан жарылып. Спикердің атап өткеніндей, Мем­лекет басшысының жоғары беделі мен теңгерімді сыртқы саясаты тұр­ғындарының саны 3 миллиард­тан астам адамды құрайтын 24 елді біріктірген Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңестің (АӨСШК)  ке­ңеюіне мүмкіндік берді.

Және де Тәуелсіз Қазақстан тари­хында орын алатын көптеген маң­ызды шаралардың Парламент қа­бырғасында өткендігіне назар аудартып, солардың қатар­ын­да Қазақстан астанасын көші­ру, Елбасы ұсынысы бойынша бү­гінгі күні Кеден одағы және Еу­ра­зиялық экономикалық одақ­тың құрылуымен жүзеге асқан еу­разиялық интеграция идеялары бар екендігін қаперге салды.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Қа­­зақстан ЕАЭО-ға төрағалық етуде, деді Мәжіліс Төрағасы. Осыған байланысты Елбасының бастамасымен 2016 жыл «ЕАЭО-ның үшінші елдермен және маңызды интеграциялық бірлестіктермен эко­номикалық қатынастарды терең­дету жылы» деп жариялан­ғаны да аталмай қалмады. Еліміз халықаралық беделінің жоғары екендігін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне сайлануы мысал бола алады. Қа­уіпсіздік Кеңесінің тарихында Ор­талық Азиядан сайланған алғашқы мемлекет және еліміз аталған ха­лықаралық белді ұйымның назарын осы өңірдің қауіпсіздігі мә­се­лесіне аударуға берілген мүм­кіндік те. «Біздің ең басты идея­мыз – Орталық Азия өңірін «бей­біт­шілік, ынтымақтастық және қауіп­сіздік аймағына» айналдыру. Біз­дің өңірлік тәжірибеміз, сон­дай-ақ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты ірі халықаралық ұйым­дардағы төрағалығымыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі күн тәрті­бін­де тұрған өмірлік маңызы бар бейбітшілік пен қауіпсіздік мәсе­ле­лерін шешуде пайдасы тиетінінен үміттенеміз», деді Н.Нығматулин сөзін сабақтай түсіп. Мәжіліс Төрағасы реті келгенде Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен ұлттық экономиканың тұрақты дамуы үшін құқықтық база жасалғандығын жеткізді. Қазақстан посткеңестік кеңістікте бірінші болып «Шетелдік инвестициялар туралы» Заңды және «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заңды қабылдағандығы бұған жарқын дәлел. Қайта құ­ры­лымдау нәтижесінде Қазақ­стан әлемдегі орнықты дамып отыр­ған үштіктің құрамына кірсе, ал тартымды бола түскен қазақ­стандық экономикаға 25 жыл­дың ішінде 260 мил­лиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тар­тылған. Қазіргі таңда Қазақстан тікелей инвестицияның жалпы көлемі жөнінен ТМД елдері ішінде Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орында. Н.Нығматулин келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесін де тілге тиек етті. Спикердің пайымынша, көрме әлемдік энергетика саласында инновациялар мен «жасыл экономиканы» дамытуға қуатты серпін беруі тиіс. Толықтай алғанда, Қазақстан ең жоғары құндылығы адам, оның құқығы мен бостандығы болып табылатын азаматтарын нақты әлеуметтік қолдайтын және демократиясы дамыған, экономикалық қуатты, зайырлы, құқықтық мемлекет құрып келеді.

Бұдан кейін сөйлеген еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бір кездері көп ұлтты, оның үстіне экологиялық проб­лемалары ауыртпалық салып отыр­ған, не теңізге шыға алмай­тын, оның үстіне қуатты елдермен қоршалған Қазақстанның тәуел­сіздігіне төніп тұрған қауіп көп деп түсінік қалыптасқан кездер болғандығына назар аудартты. Осыған қарамай, еліміз табиғи байлықтарын дұрыс пайдалана отырып, экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыра білді. 90-шы жылдары көптеген проблемалар орын алса да, Қазақстан ішкі жағдайға тұйықталып қалмай, мемлекет пен ұлтты дамытуға қолайлы орта қалыптастыру үшін сыртқы саясатпен де белсенді айналыса бастады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың экономиканы дамыту және қоғамды демократияландыру жолында елімізді қалай бәсекеге қабілетті ету жайын анық білгендігін, сыртқы әлеммен ашықтыққа құрылған алыс және жақын шетелдермен өзара тиімді әрі өзара құрметке құрылған теңгерімді сыртқы саясат моделін қабылдау керектігін, екіншіден, жауапкершілігі бар әрі сенімді әлем азаматы ретінде жаһандық прогресс пен қауіпсіздікке ықпал ету жағын да қарастырғандығын ортаға салды.

Ерлан Ыдырысов Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жыл ішінде еліміз Батыс пен Шығыстың арасын жалғаған географиялық, экономикалық және саяси көпір рөлін шынайы атқара білгендігін қаперге салды. Енді бұл көпірдің жұмыс істеуі жолында еліміз барын салып келеді. Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық арсеналдан бас тартуы батыл да дана шешім болғандығын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Семей поли­го­нындағы ондаған жылдар бойғы жүргізілген ядролық сынақтар біз­дің ұлтымызды және Президентті, Қазақстанды, Орталық Азияны,  тіпті әлемді ядролық қарудан арылтуды жақтайтындардың қатарынан табылуына өзіндік оң ықпалын тигізген. Еліміз тек ядролық арсеналдарын өткізіп қана берген жоқ, сонымен қатар, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру және таратпау жолында да тер төгіп келеді. Елбасының үстіміздегі жылы жария еткен «Әлем. XXI ғасыр» манифесі Қа­зақ­станның бейбітшілік ұстаны­мын көрсетіп қана қоймай, онда 2045 жылға қарай жұмыр жерде ты­ныштық орнауы үшін әлемді ядролық қарудан арылту жөніндегі нақты жоспар қамтылған. Жалпы, Қазақстан көптеген халықаралық бастамалар көтеріп келеді.

Сондай-ақ, халықаралық кон­­фе­ренция барысында Ресей Феде­­рациясының Федералдық Жина­­лысы Мемлекеттік Думасы төр­аға­сының орынбасары В.Ва­сильев, Түрік Республика­сының Ұлы Ұлт­тық Жиыны Төр­аға­сының орынбасары М.Хам­зачеби, Финляндия Республи­касы Парламенті төра­ғасының бірін­ші орынбасары М.Пеккари­нен, Еуропалық одақ­тың Орта­лық Азия бойынша арнайы уәкілі (Бельгия) П.Буриан, Дж.Хоп­кинс Уни­вер­сите­тінің Ор­талық Азия және Кав­­каз бойынша институтының төр­ағасы (АҚШ) Ф.Старр сөз сөй­леді.

Ресей Федерациясы Феде­рал­­дық Жиналысы Мемлекеттік Ду­масы Төрағасының орынбасары Владимир Васильев өз сө­зінде Қазақстан бүгінгі таңда халық­аралық қоғамдастық лидер­лерінің бірі екендігін ерекше ата­ды. Шешен Қазақстан мен Ре­сей тату тұрып жатқан көрші­лердей экономикалық, әлеумет­тік даму сияқты ауқымды мәсе­ле­лерді шешуде бірге жол тауып келе жат­қандығын, кез келген ауырт­па­лықтарды бірге еңсеріп, қарым-қа­тынастар стратегиялық әріптестік деңгейінде қалыптасып отырған­дығын жеткізді. Оның үстіне екі ел арасындағы өзара түсіністіктің жаңа деңгейге көтерілгендігіне 2014 жылы күшіне енген ХХІ ғасырдағы ынтымақтастық пен тату көршілік қатынастар туралы келісім дәлел бола алады.

В.Ва­сильев сөз орайы келгенде Қазақ­стан тәуелсіздігін алған 25 жылдың ішінде қазіргі заманғы жаһандық проб­лемалар мен қауіпсіздік және пост­кеңестік кеңістікті құруға қа­тысты сыртқы саясатта бел­сенді бастамалар кө­те­ріп келе жат­қан­дығын да алға тартты. «Қазақ­станның жетістіктері халықаралық қоғам­дастық тарапынан мойындалып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы да сондық­тан. Бұл ретте Ресей мен Қазақстан қазіргі әлемдегі көптеген проблемаларын шешуде өз ұстанымдарын үйлестіріп отырады. Біз өмір алды­мызға қойып отырған барлық мәсе­лелерде өзара ымыралы шешімдер қа­былдаймыз», деді ресейлік мейман.

Келесі сөзді Түрік Респуб­ли­касы Ұлы Ұлттық Жиыны Төр­аға­сы­ның орынбасары Мехмет Хам­зачеби алды. «Н.Назарбаевтың көш­басшылығымен Қазақстан Рес­­публикасы тәуелсіздігін алған 25 жыл ішінде айтарлықтай табыс­тарға қол жеткізуі үлкен ерлік болды. Түркия әрқашанда өз достарын қолдайды және көмек қолын да со­зуда. Қазақстанның алғаш тәуел­сіздігін алған күнінен басталатын ара­­дағы достығымыз тамыры терең­­ге кеткен ортақ тарихымыз бен мә­­дени құндылықтарымыздан  бас­­тау алады», деді Мехмет Хамзачеби мырза.

Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдің өкі­лі ретінде М.Хамзачеби 2012 жы­лы жоғары деңгейде Стратегия­лық ынтымақтастық кеңесі құрыл­ғандығын тілге тиек ете келіп, елдер арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейі­не көтерілгендігін паш етті. Қазақ­станның халықаралық деңгей­де тиімді саясат жүргізіп келе жат­қандығын ауызға алған мәртебелі мейман оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануы соның жарқын мысалы екендігін алға тартты. Әсіресе, елі­міздің ядролық қаруды таратпау, тер­роризм мен экстремизмге қарсы күресін оң бағалап, Түркия бұл бағытта қолдау білдіре беретіндігін жет­кізді. Түркияның ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің нәтижелі өтуіне қолдау білдіретіндігін айт­қан М.Хамзачеби екі ел арасындағы байланыстар арта беретіндігіне сендірді.

Финляндия Республикасы Парламенті Төрағасының бірінші орынбасары Маури Пеккаринен кезі келгенде Қазақстанның эконо­микалық дамуы айтарлықтай жедел әрі таңқаларлық болды. Қазақстан көптеген минералды ресурстары болғанымен де, өзге де секторларды дамыта білді. Қазақстан өңірдегі көршілерімен жақсы қарым-қатынас орната білген маңызды ойыншыға айналды. Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде Еуропалық одақпен маңызды әріптес ретінде жақсы бай­ланыс орнатты. БҰҰ ҚК тұ­рақты емес мүшелігіне сайлау және ЭКСПО-2017 көрмесін өткі­зуді сеніп тапсыру Қазақстанды мой­ындау дегенді білдіреді. Осы маңыз­ды екі оқиғамен де Қазақстан келе­сі жылы кеңінен әлемге танылып, тіпті, орталығына айналмақ. Фин­ляндия тұрғындары фин басшысына сыйға тартылған жылқыдан кейін атқа міну­ге деген әуестіктері оянды. Сон­дықтан да екіжақты қарым-қаты­нас­тар тек сый берумен ғана шектеліп қалмай, білім беру саласы мен техноло­гия­лар­ды дамытуда да, инвестиция мен саудада да жалғасын тауып келе жатыр. Фин компаниялары ЭКСПО-ның нәтижелі өтуіне өзін­дік үлестерін қосады. Адам­дар мен ком­паниялардың ара­сын­дағы ынты­мақтастық тікелей әуе рейс­тердің ұша бастауымен де белсенді бола түспек, деді финляндиялық мейман.

2015 жылдың желтоқсанында Қа­зақстан Республикасы мен Еуро­палық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны мәлім. Бұл ретте ЕО-ның Орта­лық Азия жөніндегі арнайы өкілі Буриан Питердің мінберге кө­те­ріліп, қысқаша баяндама жасауы алқалы жиынға қатысушылар тара­пынан жылы қабылданды. Б.Пи­тер өз кезегінде қысқа уақыт ішінде Қазақстанның толайым табыс­тарға қол жеткізгендігін атай келіп, оның өңірлік және жаһан­дық деңгейде бейбітшілік пен тұ­рақтылыққа үлес қосып келе жат­­қан маңызды елдердің бірі­не айнал­­ғандығын жеткізді. Мұндай қадам­дар Қазақстан мен ЕО арасын­дағы ортақ құндылықтарға құрыл­ған және халықаралық міндет­те­мелерге негізделген достық қа­рым-қатынастардың және ыңты­мақ­тастықтың кеңейе беруіне өзіндік оң ықпалын тигізуде. Еуропалық одақ Қазақстанның экономикалық дамы­ған елдер қатарына қосылуын қол­дайтындығын білдірген арнайы өкіл алда көптеген қиын­дық­тардың тұрғандығын да қаперге алды. Бұл тұрғыдан келгенде нақты мақсаттарға қол жеткізу жо­лындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары дұрыс шешім болған. Сондықтан да ЕО өз тәжірибесі мен технология­ларымен бөлісуге әзір, деген Б.Питер ЭКСПО-2017 көрмесі қазақ­стандық және еуропалық компания­лар мен ғылыми институттар арасындағы әріптестікті дамытуға серпін беруі тиіс деген ойымен қорытындылады сөзін.

Халықаралық жиында Дж.Хоп­кинс Университетінің Орталық Азия және Кавказ жөніндегі инс­ти­тутының төрағасы Старр Фредерик «Қазақстан 2041: келесі 25 жылғы дамуының бағдары» атты қысқаша баяндама жасады. Америкалық ғалым бұл ретте қағазына да қа­рамастан сөйледі. Оның пайымынша, Қазақстан жетістіктерге жетуі үшін ең алдымен экономикасын әртараптандыруы қажет. Әсіресе, ауыл шаруашылығына ерекше ден қойған орынды. Астана халықаралық қаржы орталығын құру жобасы батыл қадам екен­дігін, алайда шағын және орта кәсіп­керлерді қолдау назардан тыс қал­мауы тиістігін де алға тартты. Ғалым өзінің ойын «Хан Ша­тыр» сауда ойын-сауық орталығында орын тепкен сауда орындарының иесі қазақ­стандықтар болуы тиісті­гі тұр­ғысындағы пайымымен нықта­ды. Орайы келгенде, ол Қазақстан үшін өте күшті қоғам мен мемлекет құ­рудың уақыт талабы екендігін ескертті.

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы «Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың негізгі қорытындылары»; «Қазақстан әлем саясатында және Қазақстан: келешек көкжиегі» деген сессияларда жалғасын тапты. Онда еркін нарықтық экономика,  жүргізіліп жатқан реформалар жайы  және өзге де мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Ал екінші сессияда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану, ДСҰ-ға кіру, ЕО-мен жаңа буын келісіміне қол қою сияқты еліміздің жүргізіп отырған белсенді сыртқы саясатының негіздері мен салдары жан-жақты талқыланды. Ал үшінші сессия жұмысында  Қазақстан мен оны қоршаған әлем 5, 10 және 25 жылдан кейін қандай болады, деген сұраққа жауап іздеді.     

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1148