Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Экономика 15621 0 пікір 29 Қараша, 2016 сағат 00:00

Алматы – туристер қаласы

ҚР Орталық коммуникациялар қызметі   өңірлік бөлімшесінде болған баспасөз мәслихатында  Алматы қалалық  Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Тимур Дүйсенғалиев еліміздегі бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ла­масы мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы  аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, журналистердің  сауалдарына жауап берді.

Басқарма басшысы Тимур Дүйсенға­лиев шаһарымыздағы туризмнің дамуын­дағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, бұл саланың  ел экономикасының басым секто­ры екенін ерекше ескертті. Туризм шаһарымыздың  дамуына даңғыл жол ашатынын айтқан басқарма басшысы Алматыны танымал, бәсекеге қабілетті, туристік тартымды қалаға айналдыру қажеттігіне айрықша тоқталды. Осынау стратегиялық бағытқа сүйенген Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының қызметі қаламыздың бәсекеге қабілетін туризм тұрғысында, туристік индустрияны қалыптастыру бағытында  бағын сынамақ.

Біздің қала – сырттан келуші шетелдік туристердің саны бойынша абсолютті көшбасшы. Әрбір шетелдік екінші туристің Алматыға келетіні  мәлім болды. Туристік кірістердің ширегін, яки, 25,4 пайызын   қаламыз қалыптастырып отыр. Еліміз бойынша туризмнен түскен 73,1 млрд. теңгенің 18,6 млр. теңгесі – Алматының қосқан сүбелі үлесі.

Қаламыздың жайғастыру орындары Қазақстанға келушілердің жалпы санының 20 пайызын қамтиды. Жайғастыру орындары көрсеткен қызметтің 15,2 пайызы –  резиденттер (ішкі туристер),  43,2 пайызы –   резидент еместер (сырттан келуші туристер), 24,7 пайызы – көрсетілетін қызметтің  көлеміне тиесілі.

Бүгінде 19 мемлекеттің азаматтары республикамызға  виза ресімдемей-ақ келе алады. Десек те, шетелдіктер арнайы құжат­сыз  ел аумағында 15 күннен артық бола алмайды. Әрі олардың еңбек және   миссионерлік қызметпен айналысуына құқығы болмайды. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 26 маусымдағы № 483 қаулысына сай, Австралия, Венгрия, Италия, Монако, Бельгия, Испания, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Финляндия, Франция, Швейцария мен Жапония азаматтары былтырғы 16 шілдеден бастап 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстан Респуб­ликасының шекарасын кесіп өткен сәттен бастап 15 күнтізбелік күнге дейінгі мер­зімде визалық талаптан босатылады. Сондай-ақ ҚХР, Иран, Үндістан, Тайланд және Вьетнам секілді елдермен де визалық тәртіпті жеңілдету жөнінде жұмыс жүргізілуде.

Қаламызда еліміздің туристік компа­ния­ларының басым бөлігі шоғырланған. Алматы нарығында 569 туристік фирма бар. Соның 239-ы – туроператор, 330-ы – турагент. Осылардың 90 пайыздан астамы сырттан келушілер туризмі саласында қызмет көрсетеді. Атап айтарлығы, сырттан келушілер және ішкі туризм саласында жұмыс істейтін туроператорлардың ірі ұсы­ныстар пакеті бар.  Бұған қалада серуендеу, табиғи рекреация  мен саябақтарға бару жатады. Сондай-ақ,  белсенді демалыс пен басқа да көптеген бағдарламалар осы ұсыныстар пакетіне кіреді.

Әлбетте, жайғастыру орындары туристік өнімнің маңызды құрамдас бөлігі саналады.  Шаһарымызда жайғастыру желілері жақсы  дамыған. Статистика департаментінің дерегіне сүйенсек, бүгінде  қаламызда 173 қонақ үй бар, олардың нөмірлік қоры 7629 нөмірді құрайды. Бұл көрсеткіш – бұрнағы жылғымен салыстырғанда, қонақ үйлер санының 12 пайызға артқанының айғағы. Жайғастыру орны көрсететін қызметтер көлемі (мейрамханалар қызметін қоспа­ғанда) өткен жылғы осы кезеңмен салыс­тырғанда, 4,6 пайызға артқан. Қонақ үйлер­ден өзге,  хостелдер де танымал­дылыққа ие.

Шет елде демалыс үшін барынша таны­мал бағыттар – Түркия, Болгария, Қытай, Тайланд, Малайзия, Грузия, Грекия, Мы­сыр, Испания, Израиль, Үндістан, Оңтүс­тік Корея, Қырғызстан (жазғы маусымда Ыстықкөл көлі), Бали Аралдары, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Сингапур, Фран­ция, Чехия, Америка, Швеция, Шри-Ланка, Швейцария, Жапония. Алматы компанияларының серіктес желілері жер-жаһанды қамтитынын,   қаламыздың туристік ұйымдары сұраныс бойынша төрткүл дүниеге кез-келген күрделі  турды ұйымдастыруға қабілетті.

Шетелдік және жергілікті туристер арасында танымал негізгі бағыттар: «Шым­бұлақ» тау шаңғы курорты, Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы, Көлсай көлі, «Алтын Емел» Ұлттық паркі (Әншіқұм, Ақтау таулары, Бесшатыр қорғандары), «Таңбалы тас» петроглифтері, Түрген шатқалы, Есік көлі, Қайыңды көл. Ішкі туризм бөлігінде ең танымал бағыт – Ша­рын шатқалы (маусым –  тамыз айла­рында), Көлсай көлі (маусым – тамыз айла­рында), Түрген шатқалы (наурыз – қазан айларында), Қапшағай су қоймасы (маусым – тамыз айларында). Қысқы уақытта «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты мен Шонжы ыстық бастауы едәуір үлеске ие. Көрсетілген турлар маусымдық сипатқа ие. Әдетте, туроператорлар,  туристердің жекелеген талаптарын ескеріп, туристерді барынша таңқалдыруға тырысатыны өз алдына.

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061