Әкім Арыс шаруаларының жұмысымен танысты
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Арыс қаласында жұмыс сапарымен болды. Онда әкім бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Ең алдымен, облыс әкімі бастаған топ Арыстың Ақдала ауылдық округіндегі «Қазына жер LTD» ЖШС сүт фермасын аралап, егістік алқабы жайымен танысты. Бүгінде онда 800 бас мал болса, соның 500-ге жуығы сауын сиырлар. Олардан күніне 10 тонна сүт алынады. Орта есеппен сүт фермасындағы әрбір сауын сиыр 22-25 литр көлемінде сүт береді. Ал дайын ағарған «Алтын Дән» және «Фудмастер» ЖШС-на тасымалданады.
Ал сүт фермасының меншігіндегі 2847 га жердің бүгінде 2278 га игеріліп, оның 1265 гектарына жүгері, 1013 гектарына жоңышқа егіліп, қолдағы ірі қараны жем-шөппен қамту жайы өздігінен шешіліп отыр. Мұнда жергілікті 75 азамат жұмыспен қамтылған.
Серіктестіктің жайымен танысқан облыс әкімі бұл жұмыстарды оң бағалап, сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуда арнайы базаның құрылу керектігіне тоқталды. Мұндай үлкен көлемді бордақылау алаңдарының облыста небары екеу екенінен мысал келтірген әкім осы мақсаттағы жұмыстарды жандандыру үшін арнайы семинар ұйымдастыруды тапсырды.
Мұнан соң, аймақ басшысы «Жаңа Ақдала» ЖШС томат өңдеу зауытын көрді. Маусым кезінде тәулігіне 600 тоннаға дейін қызанақ өңдеуге қауқарлы өндіріс орны осы жылы жеміс өңдеу түрін де қызметіне қосты. 2009 жылы іс қосылған томат пастасы және алма тосабын (повидло) өндіретін зауытта 48 адам тұрақты, 200 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жеке инвестор есебінен қаржыландырылатын серіктестіктің 2747 гектар жері болса, соның биыл 300 гектарына қызанақ, 170 гектарына бау егіліп, одан 975 тонна томат концентраты (пастасы), 126 тонна алма (повидло) тосабы өндірілді. Мұндағы жалпы инвестиция көлемі 2 млрд. 300 млн. теңгені құрайды.
Жұмысшы топтың соңғы аялдаған нысаны – бүгінгі Арыс – Шымкент тас жолының бойынан жаңадан ашылған дендросаябақ құрылысы болды. Аумағы 12 га алқапты құрайтын дендрарий саябағының құрылыс жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталған. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аймақ басшысы Ж.Түймебаев арыстықтарға естелік ретінде шырша ағашын егіп, жергілікті халықты осы саябаққа кемінде бір түп ағаш егуге шақырды.
Аталған бақта бүгінгі таңда бірнеше түрлі ағаш көшеттерінен 10 мың түп жасыл желек өсірілуде. Атап айтқанда, мұнда ағаштардың тез өсетін тұқымдары - терек, шаған, үйеңкі, тал, қайың, акация, катальпа, шынар, шегіршін, үштікенекті, қарағаш, мойыл, боз арша, қарағай, шырша, жеміс ағаштары, тірі ағаш шарбақ, көп жылдық гүлзарлар бар.
Облыс әкімінің Арыс шаһарына жасаған жұмыс сапарының соңы қала активінің қорытынды отырысымен аяқталды. Арыстың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстары мен тап болған өзекті мәселелері бойынша Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек пен оның орынбасарлары жасаған баяндамалардан соң Жансейіт Қансейітұлы бірқатар салалардағы кемшін тұстарға тоқталды.
Атап айтқанда, әкім қала бюджетінің тек 33,6 пайызы немесе 4,1 млрд. теңгесі өзіндік кірістер, ал қалған 7 млрд. теңгесі облыс пен республикадан берілетін субвенция мен трансферттер екеніне тоқталды. Ал өзіндік кірістердің басым бөлігі, яғни, 2,9 млрд. теңгесі «Ордабасы» корпорациясының салықтары екенін айтқан ол басқа салаларда
дамушылықтың төмен екенін сынап, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу керектігін назарға алды.
Өзге де салалардағы кемшіліктерді тізбелесек. Арыста 10 айға арналған бюджет қаражатының 319 млн. теңгесі игерілмеген. Индустрияландыру картасының шеңберінде 3 жобаны іске асыру көзделсе, соның бірде-бірі орындалмаған. Мұнан бөлек, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырылуы тиіс 12 жобаның тек екеуіне ақша берілген. Қалада шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету шаралары жеткіліксіз дәрежеде болса, ветеринариялық шараларға және бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Мәселен, шаһарда мал өлекселерін тастайтын орындар қажеттіліктің тек 25 пайызын құрайды екен. Ал қала бойынша 45,8 мың гектар егістік жердің тек 25,9 мың гектары немесе 56 пайызы ғана игерілген.
Жоғарыда аталған бірқатар салалардағы олқылықтар инфрқұрылым, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, құқық бұзушылық, санитарлық тазалық мәселелерінде де бар. Әсіресе, облыс әкімінің коммуналдық мекемелердегі оңтайландыру жайттарына көңілі толмады.
«Қалаға қарасты Жосалы, Бақырша, Тоғансай және Ақтас елді мекендеріндегі шағын орта мектептерде дәріс алатын 33 балаға 7 мұғалім және 12 шаруашылық қызметкерлер қызмет көрсетеді. Осы 4 мектепті ұстауға бюджеттен жылына 14 млн. теңге жұмсалады. Ал осы балаларды жақын елді мекендердегі мектептерге тасымалдаса 13 млн. теңге үнемделер еді. Көңіл бөлетін мәселе, 1100 орындық Амангелді мектебінде 500 ғана оқушы оқиды. Осындай жағдайлар Б.Онтаев, Ж.Ташенов және Қабылсай мектептерінде де орын алып отыр. Ал Аққала жалпы орта мектебінің ғимараты бос тұр», - деді Ж.Түймебаев.
Отырысты қорытындылаған аймақ басшысы Арыс қаласының әкіміне салық салу базасын ұлғайтып, бюджеттік емес инвестицияларды тарту бағытындағы жұмыстарды арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды арттырып, бос жатқан жерлерді қайта айналымға қосуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды, білім ошақтарындағы оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын арттырып, құқықбұзушылық пен қылмыскерлікті азайту бойынша пәрменді шаралар қабылдауды жүктеп, Тәуелсіздік тойын жоғары деңгейде ұйымдастыруды жүктеді.
Abai.kz