Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
16366 0 пікір 24 Қараша, 2016 сағат 15:56

ТӘУЕЛСІЗДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ. Ол қандай құжат...

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып, онда депутаттар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларация қабылдады, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газеті.

 Бірлескен отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент палаталары төрағаларының атына бір топ депутаттан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларация қабылдау туралы Үндеу жолдағанын айтты. Осыған орай бірлескен отырыстың күн тәртібіне Дек­ларация қабылдау туралы бір-ақ мәселе ен­гі­зіледі, деді Төраға. Осыдан әрі күн тәртібі бекітіліп, бірлескен отырыс өз жұмы­сын Мемлекеттік Әнұранмен бастады.

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы өте маңызды тарихи кезеңге арналған құжат екенін айта келіп: «Осы уақыттың ішінде, барлық жетістіктер мен табыстар, ең алдымен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Сонымен бірге, әрқашанда Президентімізге қолдау көрсетіп, тірек болып келе жатқан халқымыздың береке-бірлігінің нәтижесі. Сондықтан, Парламентте осы тарихи құжатты қарастыру – ол келе жатқан Тәуелсіздік мерейтойының ерекше маңыздылығын көрсетеді», – деді.

Осыдан кейін Төраға Декларация мәтінін жариялау үшін сөзді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановқа берді. Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Тәуелсіздігін халқымыздың аса зор құндылығы ретінде бағалай отырып, Тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытына берік ұстанымын таныта отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына жетуді болашақ ұрпақ алдындағы өзінің тарихи парызы және жауапкершілігі деп сезіне отырып, «Мәңгілік Ел» қастерлі мекенінде жарқын келешегімізді жасауға ұмтыла отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдайды, деп бастады сөзін Қуаныш Сұлтанұлы.

Одан әрі Декларация мәтіні былай жалғасты: Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді.

Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақ­стан экономикасы қарқынды дамыған, та­быс­қа жетудің бірегей тәжірибесі бар сая­си тұ­рақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біз­­дің елімізде экономикалық, саяси және әлеу­­меттік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты.

Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетіс­тік­тері мен жеңістері Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеу­рінді және дана басшылығымен әрбір қазақ­стандықтың табанды да тынымсыз ең­бегінің арқасында мүмкін болды. Прези­дент Н.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақ­стандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды.

Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды.

Одан әрі Декларацияда Қазақстанның өткен жолына шолу жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады деді Қ.Сұлтанов. Тәуелсіз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асуын айғақтады. Заң Қазақстан егемендігінің оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнің саяси картасында мызғымастығын мәңгілікке бекітіп берді. Еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қабылдады.

Конституция егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін бекітіп, адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құндылықтары деп жариялады.

Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды. Қазақстанда тиімді демократиялық институттар – президенттік институт, Парламент, сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты.

Елімізде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асуын қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің саясаты ұзақ мерзімге негізделді, қазақстандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақ­сатты ұмтылысы оның басты ұстаным­дары болды және солай болып қала береді.

Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабі­летті 50 елінің қатарына енді, дей келіп Дек­лара­ция одан әрі Қазақстанның әлем­нің ең жоғары дамыған 30 елінің қата­ры­на кі­руді мақсат етіп қойған «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы стра­­те­гиялық құжатты қабылдағанын айтты.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жағымсыз құбылыстарға қарамастан, елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстан ядролық қауіпсіздік рей­тин­гінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді. 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ, бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды.

Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық процесінің жаңа кезеңі басталды. Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды «Яд­ролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп жариялады.

Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі нақты ұсы­ныстарын алға тартып, Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды.

Одан әрі Қазақстанның әлемдік дип­ло­матиядағы табысты қадамдары айтылды. Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақ­стандық дипломатия әлем елдерінің ба­сым бөлігімен сенімді достық және ынты­мақтастық қарым-қатынастар орнатып, ха­лықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде араласып келеді, делінген Декларацияда.

Біздің еліміз әлемдік қоғамдастықта орнын нық айқындап, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр. Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шек­арасын делимитациялау мен демаркация­лау Президент Н.Назарбаевтың тарихи жетістіктері болып табылады.

Қазақстан өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығай­туға қомақты үлес қосуда. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жү­зеге асыру Қазақстанның Еуропаның жетек­­ші мемлекеттерімен әріптестік пен ынты­­мақ­­тастықтың барынша жоғары дең­гейі­не шығуына жол ашты. Қазақстан ын­ты­мақтастықтың еуразиялық көпіріне айналды.

Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бас­тамашысы және ілгерілетушісі болып табы­лады. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңе­сі сияқты ірі халықаралық ұйымдарда та­быс­ты төрағалық етудің тәжірибесіне ие.

Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қар­са­ңында Қазақстан Орталық Азия елде­рінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жыл­дарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Халықаралық қоғамдастық Қазақ­станның халықаралық қатынастарды дамытудағы үлесін лайықты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 ха­лықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуді сеніп тапсырды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­стан­ның Қарулы Күштері еліміздің сенімді қалқанына айналды. Президент – Жо­ғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуел­сіз­дігін, аумақтық тұтастығын, оның ше­к­ара­сының мызғымастығын, халқы­мыз­дың бейбіт және тыныш өмірін сенім­ді қорғауға қабілетті Қарулы Күштер­ді түбегейлі реформалауды, әскери қуаты мен әлеуетін арттыруды қамтамасыз етті.

Тәуелсіздіктің 25 жылында Қа­зақ­станда жоғары экономикалық көрсет­кіштерге қол жеткізілді. Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқын дәйекті түрде ең жоғары әлемдік көр­сеткіштерге жетуге бағыттап келеді.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұр­лы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – әлем­нің ең дамыған мемлекеттерінің қатары­на кіруге қабілетті Қазақстанның қуатын нығайтуға бағытталған жоспарлар. Біз­дің бәсекелес болатын бірегей ба­сымдық­тарымыз – Қазақстанның мол табиғи бай­лығы, ауылшаруашылық, ком­му­ни­­кациялық және транзиттік әлеуеті еліміздің экономикалық жетістік­терінің негізіне айналды.

Бүгінде Қазақстан – жекеменшік институты орныққан, орта тап белсенді дамитын, ал кәсіпкерлік экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар ел.

Елбасының стратегиялық көрегендігі арқасында Қазақстанда жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстарға қарамастан, ел экономикасын жаңғырту табысты жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан индустриялық қуатын нығайту мен инновацияны дамытуды нық көздеп отыр.

Ауқымды құрылымдық реформалар барысында мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, темір жол, машина жасау, IT-технологиялар, ғарыштық спутниктер өндірісі салалары құрылды.

Елбасының бастамасы бойынша әр азаматтың өмір сүру деңгейін арт­ты­руға бағытталған «Бизнестің жол кар­тасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұ­­мыс­пен қамту-2020» бағдарламалары жүзе­ге асырылып жатыр. Тәуелсіздіктің мерей­лі 25 жылында Қазақстан Әлемдік банктің Doing Business рейтингінде 35-орын алды.

Елімізде жаңа экономикалық ұмты­лыс­ты қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­тін «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Ба­­тыс Еу­ропа – Батыс Қытай» халық­ара­лық көлік дәлізі, Транскаспий халық­­ара­лық көлік маршруты секілді бірқа­тар стра­тегиялық маңызды инфрақұ­ры­лымдық жобалар жүзеге асырылып отыр.

Осыдан әрі Декларацияда Пре­зи­дент­тің елорданы құрудағы рөлі туралы баяндалған. Жаңа елордамыз Астананы құру­дағы айрықша рөл еліміздің Тұңғыш Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі. Аста­на Қазақстан Тәуелсіздігінің салтанат құруын паш етіп, халқымыздың мақта­нышына айналды.

Астана құрылысы жаңа мемлекеттің, жаңа қоғамның құрылысы ретінде киелі мәнге ие болды. Астана өткеннің барлық құндылықтарын жинақтап, болашақтың жарқын келбетін елестетті.

Бүгінде Астана – өз күшіне сенімді, жаңа Қазақстанның бүкіл әлемге әлеуетін танытқан ірі іскерлік орталық. Астана саммиттер мен басқа да маңызды ха­лықаралық кездесулерді өткізетін ірі орталыққа айналды, еліміздің басқа қала­лары үшін дамудың үлгісі болды.

Астананың өзінде 2017 жылы «Бо­ла­шақтың энергиясы» инновациялық күн тәр­­тібімен ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесі өтетін болады.

Қазақстан конфессияаралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәр­тебесі бар айрықша институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

Әлемдік діндердің, тілдердің, мәде­ниеттер мен дәстүрлердің тоғысындағы тарихи араласуы Қазақстанда бейбітшілік пен келісім әлеуметтің адамгершілік және әдеп нормасына, ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған қоғамның айрықша үлгісін қалыптастырды.

Ол көпэтностық пен көпконфес­сия­лылықты Қазақстанның стратегиялық рес­урсына және артықшылығына айналдыра отырып, руханилық пен азаматтықтың құрыштай құймасын мейлінше бекемдей түсті. Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен қоғамдық келісім моделі қоғамның үй­ле­сімді дамуының әлемдік эталонына айнал­ды.

«Мәңгілік Ел» құндылықтары Тәуел­­сіздік жетістіктерін, Қазақстан халқы­ның мүдделер ортақтастығы мен тарихи тағдырын көрнекі бейнелеп берді. «Мәң­­гілік Елдің» жеті құндылығы қазақ­стан­дықтардың Тәуелсіздікті нығай­туға, еркін де өркендеген елде өмір сүру­ге ұм­ты­лысын – ортақ мақсатын, ортақ мүд­делері мен ортақ болашағын біріктірді.

Қазақстан халқы қабылдаған «Мәң­гілік Ел» Патриоттық актісі қуатты жұ­мыл­­дырушы бастауға, қоғамдық келі­сім­ді нығайтудың өзегіне, бүкіл қоғам­ның мүдделері мен ұмтылысын біртұтас тұрғыда бекемдеу құралына айналды.

Басты бағдары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы құндылықтары болып табылатын әлеуметтік тұрақтылық қоғамы құрылды. Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бас­тап Президент Н.Ә.Назарбаев халық алдына әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды.

Әлеуметтік жаңғырту әлеуметтік прогрестің экономикалық еркіндіктері мен идеалдарын үйлестікпен өрістетіп, қоғам мен әрбір адамның әл-ауқатының артуы үшін жағдай жасады, қарқынды дамитын еңбек нарығын құруға мүмкіндік берді.

25 жылда бала туу деңгейі 60 пайызға өсті. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рейтингінде жыл сайын жоғары көтеріліп келеді. Біз қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға қол жеткіздік.

Еңбек адамының мүдделері – біздің мемлекетіміздің басты назарында. Мем­лекет қазақстандықтардың оқуы мен кәсі­би дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруы үшін жағдай жасайды, еркін еңбекке және лайықты еңбекақы алуға мүдделі әрбір азаматтың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін өндірістер, инфра­құрылымдар және басқа да нысандар құрылысын жүргізеді.

Білім беру саласын кешенді реформалау Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына жағдай жасады. Отандық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі және елді әлеуметтік-экономикалық жаң­ғыр­тудың шешуші тетігі болып табыла­ды. Қазақстан ересек адамдардың сауат­тылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімнің алғашқы үштен біріне кіреді. Қазақстан зияткер ұлтты қалыптастыру үшін дәйекті түрде жағдай жасай отырып, адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобынан нық орын алды.

Президент бастамасының арқасында елде ерекше сипатты «Болашақ» бағдар­ламасы ұдайы жүзеге асырылуда,
«На­зарбаев Университет», зияткерлік мек­теп­тердің кең тараған желісі құрылды.

Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында университеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды.

Ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды. Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді: заманауи медицина ор­та­лықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңір­лерінде зерттеулер мен жоғары техно­логиялы операциялардың бүкіл спек­трі жүзеге асырылуда. Қазақстан еуразия­лық кеңістікте медициналық туризм­нің орталығына айналып келеді. Халық ден­сау­лығы көрсеткіштерінде БҰҰ Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойын­даған айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілді.

Қаржы ресурстарымен және жоға­ры шығармашылық қайтарыммен нығай­тыла түскен мәдениет саласы қуатты даму серпініне ие болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша іске асырылған «Мәдени мұра» бағдар­ламасы отандық мәдениетті сақтау мен дамыту жөніндегі кең ауқымды жұ­мыстардың бастамасы болып табылды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Таң­балы» археологиялық кешені сияқты бі­ре­гей отандық ескерткіштердің, сон­дай-ақ, «Сарыарқа – Солтүстік Қазақ­стан­ның далалары мен көлдері» табиғи мұра ны­сандарының ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мәдени мұралары тізіміне енуі әлем­дік маңызы бар оқиға болып табылады.

Тәуелсіздік жылдарында спорт пен саламатты өмір салты саласында тама­ша нәтижелерге қол жеткізілді. Спорт­шыларымыздың аса ірі халықаралық жарыстардағы табыстары қуатты және бірлікшіл спортшы ұлт өмір сүретін Қазақ­станның жаңа бейнесін жасады. Бү­гінде Қазақстан спорты ең жақсы да­мыған әлемдегі 30 елдің қатарына кіреді.

Декларацияның тұжырымында бір­қатар ұсыныстар жасалған. Атап айт­қанда: Тәуелсіздіктің Ұлы жолы мәңгі болуы тиіс! – дей келіп: елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғы­зу қажет екендігі айтылған.

Ел Конституциясында Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құру­дағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және елі­міздің басқа да маңызды нысандарын­да көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақ­сатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу.

Тәуелсіздік біздің ең басты ұйыс­тырушы құндылығымыз болған, қазір де солай және бола да бермек, деп Қуаныш Сұлтанов Декларацияның мәтінін толық аяқтады.

Декларация жобасының мәтіні оқы­лып болған соң Парламент палата­ларының бірлескен отырысы оны бір­ауыздан қа­был­дады. Декларация қабыл­данғаннан кейін бір топ депутат оның мәні мен ма­ңы­зы туралы өздерінің ойларын ортаға салды.

Алғашқы сөз Сенат депутаты Мұх­тар Алтынбаевқа берілді. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы жылында біз елімізде орын алған тарихи мәні терең көптеген оқи­ғалардың куәсі болып, олардың тікелей қатысушысы болғанымызды айқын сезінеміз және оны әрдайым мақтан тұтамыз, деп бастады ол өзінің сөзін.

Тарих қойнауына көз жүгіртсек, осыдан аз ғана уақыт бұрын жағдай мүлдем басқаша еді. Әлі есімізде, біздің алғашқы шетелдік сапарларымызда Қазақстанның әлем картасында қай жерде орналасқанын ұзақ түсіндірумен қатар, оның орналасқан жерін тәптіштеп көрсетуге тура келетін. Мұны біз Қазақстанның 25 жыл ішінде жүріп өткен жолының қаншалықты ауқымды болғанын түсіну үшін әрдайым ескеріп отыруымыз керек. Ширек ғасыр ішінде біз алыс және жақын шет елдермен достық қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастық құрдық.

Одан әрі шешен қабылданған құ­жат­тың маңызына ойысты. Декларацияда Мемлекет басшысының тәуелсіздігімізді орнату мен нығайтудағы, мемлекет­тілігімізді қалыптастырудағы негіз қа­лау­шы рөлі айқын көрсетілген, дей келіп Қазақстанның алдағы 2017-2018 жыл­дары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшелігіне сайлануы шын мә­нінде тарихи оқиға. Бұл елі­міздің әлемдік қауымдастықтағы орнын нығай­тып, Елбасының зор халық­аралық бе­делін паш етті, деді. Сөзінің қо­рытын­дысында М.Алтынбаев Дек­ларацияны қолдайтынын жеткізді.

Сөз кезегін алған Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жаңа тарихтың бастауы болып, Алаш армандаған Азаттықтың ақ таңы атқан күнге ширек ғасыр толды, деді өзінің сөзінде. Талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірген ұлтымыз үшін тәуелсіздік – асыл қазынамыз. Тұтас бір халықтың тағдыры сыналар шешуші сәтте Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел тізгінін қолына алып, Тәуелсіздіктің туын тігіп, тар жолда кідірмей, тайғақта сүрінбей жол бастады. Осылай деген шешен, одан әрі қиын-қыстау жылдарға шолу жасап өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге оңай болған жоқ. Көпұлтты елдің ішін дауға, сыртын жауға алдыр­маудың ауыр сыны алдымызда тұрды. Ел мүддесін басты мұрат еткен, Елба­сымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың еңбегінің арқасында жарқырай келген жас мемлекет алға қадам басты, деді ол.

Одан әрі шешен тәуелсіздік жылдарында мемлекет бюджеті 1100 есеге, ішкі жалпы өнім көлемі 1500 есеге артты. Жалақы жылдар сайын еселеніп, 2 миллионға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, инфрақұрылымдар қалпына кел­тіріліп, дамып, ел игілігіне жарады. Осының барлығы қаржылық дағ­­дарыс­тарға төтеп беріп, экономика­мызды дамытып, мемлекетімізді биік белес­терге жеткізген Елбасының терең ойлай­тын, болашақты дәлдікпен болжай­тын көре­гендігі арқасында жүзеге асты. Қа­зақтың намысын ту еткен Жел­тоқ­сан жастарын да Елбасы ақтады, қор­ғады, қолдады, батыр ұл мен қы­зын паш етті. «Ерлік пен елдіктің, қай­сар­лық­тың нышаны» деп бағасын берді, дей келіп, Декларацияда ұсынылған Ас­тана қаласында «Тәуелсіз Қазақстан» монументін орнату, Мемлекеті­міздің Конституциясында Тұңғыш Прези­ден­тіміздің бірегей үлесін көрсету, Елбасы есімін елордамыз бен басқа да маңызды нысандарға беру арқылы айшықтау идея­ларын қолдайтынын жеткізді.

Кезек өзіне келгенде Сенат депутаты Серік Ақылбай 25 жылдықтың бар­лық жетістіктері Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен ты­­­ғыз байланысты деп бастады өзінің сөзін. Бейбітшілік, келісім, қоғам бір­лігі, экономикалық және әлеуметтік тұ­рақ­­тылық, халықаралық қауымдастық­тың тануы – осының барлығы біз, қазақ­стан­дықтар мақтан тұтатын жетістіктер. Елі­міз Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығын бола­ша­ғымыздың нақты бағдарын сезіне оты­рып қарсы алуда. Елбасымыздың бас­шылығымен Қазақстан дамуында кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеу­меттік реформалар жүзеге асырылды. Бар­лық ауыртпалықтар мен сәт­сіз­діктер­ге қарамастан, елімізде әлеуметтік-эконо­микалық құрылыс сәтті өтті. Мұ­ның негізін­де ең алдымен еліміздегі көпұлтты халқымыздың бірлігі жатыр.

Одан әрі Декларация туралы шешен сөзін: «Мемлекет дамуының негізгі кезеңдерін және қалыптасуын қамтитын салтанатты саяси-заңды құжат болып табы­лады. Онда замандастарға және бола­шақ ұрпаққа тәуелсіздікті, оның базалық құндылықтарын, бостандықты, бірлікті, тұрақтылық пен өркендеуді сақтауға және нығайтуға үндеу қамтылды, деп жалғастырып: «Мемлекет басшысы – Тұңғыш Прези­дентіміздің тарихи миссиясын тиісін­ше тану біздің моральдық және саяси борышымыз болып табылады», деп қорытты.

Жарыссөзде сөз алған Мәжілістегі Ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің мүшесі Владислав Косарев Мемлекет басшысының ширек ғасыр ішіндегі Қазақстанның дамуына қосқан шексіз үлестеріне тоқталып өтті. Әсіресе, ол сыртқы саясаттағы көрегендік пен көшбасшылық қасиеттің бір көрінісі болып келетін сан салалы келіссөздер жасаудағы Елбасының ерен еңбегіне басымдық берді. Міне, осындай табандылық пен қажыр-қайраттың арқасында іске асырылған есіл еңбек ешқашанда ескерусіз қалмауы тиіс, деген Владислав Борисович, Кеңес Одағы ыдырап, 1991 жылғы Тәуелсіздіктің алғашқы айларындағы аңғал-саңғал күйіміз көз алдында екендігін еске алды.

Менің әлі де көз алдымда, жұрт жап­пай мазасыз күйге түсіп, халық шаруашылығындағы етене байланыс­тар бүлінген шақта біздің елімізге бәрін де нөлден бастап, аяқтан тұруға тура келді. Солай болды да. Енді, міне, байтақ даладағы бүгінгі Қазақстан Еуразия құрлығының қақ төрінде гауһар тастай жарқырайды. Ота­ны­мыздың осыншалықты деңгейге жетіп, жағ­дайымыздың жақсаруында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның ең­бегі ұшан-теңіз. Бұл біздің тари­­хы­мыздың ажырамас бөлігі әрі ақиқи шын­дығы. Сондықтан да, Тәуелсіз Қазақстан­ның қалыптасу кезеңі мен даму жолын­дағы Президентіміздің ерен еңбегі мемле­кетіміздің Конс­ти­туциясында көрініс беруі тиіс. Бұл туралы бүгін талқыланып жатқан Дек­ларацияда егжей-тегжейлі баяндалған, деді депутат.

В.Косарев содан кейінгі сөзін Нұрсұлтан Әбішұлының барлық қазақстандықтардың жалпыұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеуді қоғамдық деңгейге көтеріп, бейбіт тіршілікке негізделген өмір сүру идеясы отандастарымыздың мақсатты ұстанымдарына айналғанымен сабақтап, ізгілікке үндейтін Елба­сы­мыз өз ойына ел азаматтарын жұмыл­дыра білгендігін атап көрсетті.

Ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің таңдауы еліміздің мерейлі жылымен тұспа-тұс келуі Қазақстанның әлемдік саясат сах­на­сында беделі артқанының тағы бір дәлелі екені айқын. Ендігі жерде Қазақстан мұндай мәртебелі ұйым аясында өзін жасампаз ел ретінде көрсетіп, әлем халқы көксеген өмірлік құндылықтарды қорғап, қуаттайды деп айтуға болады. Бұл сөзімізді біздің елдің жү­ріп өткен жолы, осы кезге дейін Шан­хай ынтымақтастық ұйымы мен Еу­ра­зиялық экономикалық одақ, ЕҚЫҰ сынды әр түрлі халық­ара­лық ұйымдарға төрағалық еткен тә­жіри­бесі нақтылай түседі. Тәуелсіз­діктің алғашқы күнінен бас­тап елдің ішкі тұрақтылығы мен тыныш­тығын сақтауда орасан зор жұмыс­тар атқарылып келеді. Міне, осы сезім сенімге айналып, бізді алға жете­леуі қажет, деген Владислав Бори­сович ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығындағы Декларация ерек­шелігін екшеп айтты. Осындай маңызды құжатты қабылдай отырып, біз өзіміздің ширек ғасырдағы табыстарымызды күллі әлемге паш етіп, баянды болашағымыз үшін одан әрі талмай еңбектенуге бел буамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы бірде былай деген еді: «…біздің әрбір жеңісіміз – береке-бірлігіміздің айғағы». Қиын-қыстау кезеңде бірігу ауырлықты жеңілдетіп, жетістіктерге жетелейді емес пе?! Осындай Көшбасшысы бар халық кемеріне толып, әлі де дами түсетіндігіне сенімдімін, деп В.Косарев өз сөзін түйіндеді.

Парламент Сенатының депутаты Ақан Бижанов өз сөзінде Тәуелсіздіктің мән-маңызына тоқталды. Бүгінгі сәт, яғни ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын қабылдау маңызды мемлекеттік мерекелер – Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент күндері қарсаңында өтіп жатыр. Мұнда өзара логикалық байланыс бар, себебі, біздің еліміздің жаңа тарихында болып жатқан тағдыршешті әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктер ел Президентінің атымен тығыз байланысты, деген сенатор ата-бабамыздың ғасырлар бойы арман еткен егемен мемлекет құру жөніндегі ұлы миссиясы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген салмақты да сарабдал саясатының арқасында жүзеге асқанын айтып өтті.

Елбасы Қазақстан халқының өзіне артқан зор сенімін үлкен абыроймен атқарып шықты және қазір де миссия­сын табысты жалғастыруда деп өз әріптестерін аса маңызды аталмыш құжатты қолдауға және қабылдауға шақырды. «Мәңгілік Ел» боламыз десек, осындай Декларацияның өте қажет екеніне күмәніміз жоқ болу керек. Тұңғыш Президентімізге, Елба­сына лайықты баға берейік. Себебі, бұл тарихи тұлғаның саяси миссиясы аса маңызды, аса ерекше, деді ол.

Содан кейін мінберге шыққан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Ирина Аронова да 25 жыл ішіндегі Мемлекет басшысының зор жауапкершілікпен атқарып келген қызметі жоғары бағалауға лайық екендігіне тоқталды. Бүгінге дейін біздің елімізде 1400 жаңа білім ошағы мыңдаған бүл­дір­шіндерді білім нәрімен сусын­датып жатса, 1300 емдеу-сауық­тыру мақсатында аурухана мен ем­ханалардың салынуы – біздің бұрын-соңды тарихымызда болмаған оқиға. Осындай су жаңа ғимараттардағы соңғы үлгідегі сандық технология­лар халқымыздың білімін ұштап, ұлтымыздың саулығын шыңдауда. Соның арқасында ел азаматтарының тұрмыс жағдайы жақсарып, өмір сүру жастары 10 жылға дейін ұзара түсті.

Сонымен қатар, жыл сайынғы бала туу көрсеткішінің 400 мыңнан асып түсуі Қазақстан дамуының айқын көріністері. Менің осы пікірлеріммен, барлық қазақстандықтар келіседі деген сенімдемін. Оның үстіне мем­лекетіміздің қалыптасу кезеңіндегі ерен еңбегін ескере отырып, Нұр­сұлтан Әбішұлына қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. Оған біздің Конституциямыз бен заңнамалық нормаларымыз мүмкіндіктер береді деген ойдамын, деді Ирина Петровна.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кездерде еліміздің ІЖӨ-сі жыл өткен сайын тұрақты түрде өсіп отырды. Оны біз мынадай статистикалық көр­сеткіштерден байқаймыз. Мәселен, 1993 жылы ІЖӨ-нің жан басына шақ­қандағы көрсеткіші 696 АҚШ долларына тең болса, өткен жылдың соңындағы бұл деңгей 10,5 мың АҚШ долларын құраған. Осындай жетіс­тіктерді сөз еткен Сенат депутаты Ольга Перепечина орайы келгенде елдің экономикалық әлеуетін айтып, жаһан­дық бәсекеге қабілеттіліктің жай-күйін баяндады. Бүгінгі таңда Қазақстан бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан 53-орынға жайғасқан. Сондай-ақ, 31,2 млрд АҚШ долларына тең резервтік қорымен біздің ел мемлекеттердің халықаралық деңгейінің рейтингінде көш ілгері шығып, дамушы елдердің алғы шебінен көрінді. Ал бүгінгі таңда Ұлттық қордағы қаражатымыз 62 млрд долларды құраса, 2020 жылға қарай бұл межені 90 млрд-қа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сон­дықтан біз Парламент депутаты ретін­де мемлекетіміздің қалыптасу жолын­дағы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне тарихи бағасын адал бергеніміз жөн болар деп санаймын, деді баяндамашы.

Одан соң сөз кезегі Сенат депутаты Елеусін Сағындықовқа берілді. Депутат бұл Декларация даңғыл жолға бет бұрған, сын-қатерге шеп құрған егемен еліміз үшін ерекше маңызды саяси құжат екендігін атап өтті. Оның түпкі мазмұны – «Мәңгілік Елдің» өрлеу, өркендеу, өркениеттену жолдары. Асыл бабаларымыздың мұраты – «Мәңгілік Ел» өсиетін Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ғасырлар тоғысында жалпыұлттық идеяға ұластырды. Оны жүзеге асыру және оның мызғы­мас іргетасын қалауға қатысу – бар­ша­мыздың қасиетті борышымыз, болашақ алдындағы мерейлі мінде­тіміз, деді Елеусін Сағындықов.

Бұдан әрі Декларацияны қолдаған қызу пікірді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жалғастырды. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасыр­лық мерекесі қарсаңында, Қазақстан Парламенті арнайы декларация қабылдап отыр. Әрине, тарих өлше­мімен алғанда, бұл қас-қағым сәт. Бі­рақ осы уақыт ішінде, Елбасы – Қа­зақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен халқымыз осынау таңғажайып толайым табыстарға қол жеткізіп, бүкіл әлемнің назарын аударып отыр. Қазақ халқының азаттығы үшін күрескен Алаш арыс­тары айтқанындай, «мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық». Еліміздің сан ғасырлар бойғы үмітін, қолжетпестей сағымды арманы – тек 25 жыл бұрын ғана Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастауымен шынайы өмірге айналды. Санаулы уақыт ішінде «еліміз егемен мемлекет ретінде қалыптасты» деп мақтанышпен айта аламыз. Ендігі тілегіміз Елбасының стратегиялық бағытын бағдар еткен тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болғай! – деді Азат Перуашев. Сондай-ақ, ол бүгінде тәуелсіздігіміз тарихи сынақтардан сүрінбей, тар жол, тайғақ кешулерден абыроймен аман өткенін, қайта «мың өліп, мың тірілген» еліміз түрлі қатер мен тосқауылдардан шың­далып, бүгінде нағыз қуатты, беделді мемлекетке айналғанын атап өтті.

Бұл біздің Ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Прези­ден­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қайсарлығының, ерен ерлігінің, мил­лиондаған қазақ­стандықтардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде мүмкін болды. Ширек ғасырда Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл әрі терең рефор­маларының арқасында еліміздің барлық саласына тағдыршешті өзгерістер еніп, мемлекетіміз өмірге қайта келді. Нақтысында, жаңа қоғам пайда болып, дүниеде жаңа бір мемлекет құрылды, деді Азат Перуашев.

Сондай-ақ, ол Декларациядағы ұсы­ныстар Конституциямыздағы Тұң­ғыш Президентіміздің Қазақстан мем­ле­кетін құрушы әрі негізін қалаушы деп белгіленген орынын заңды негізде одан әрі бекемдей түсетінін жеткізді.

Тәуелсіздігіміздің төл перзентінің бірі жекеменшік кәсіпорындар болып табылады. Алғашқы күндерден бастап Мемлекет басшысы жеке кәсіпкерлікті нарықтық экономикадағы негізгі фактор ретінде әлпештеп, қолдап-қорғап келеді. Мұның бір дәлелі, Тәуелсіздік алған соң бірден 1992 жылы 4 шілде «Жеке кәсіпкерлікті қолдау туралы» заң қабылданды. Ал 25 жылдан кейін, яғни биылғы жылы жеке бизнестің мол мүмкіндіктерінің кеңейтілген Кәсіпкерлік кодекс күшіне енді. Мұндай кәсіби заң ТМД аумағында еш елде жоқ екендігін айта аламын, деді депутат.

Депутат, сонымен қатар, соңғы 10 жылда шағын және орта кәсіп­керлікпен айналысатындар қатары екі есеге көбейгенін, бүгінде 3 миллион­нан астам адам шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейті­нін мысалға келтірді. Сондай-ақ, Қа­зақстан бүгінде халықаралық рейтинг­тегі бизнес-ахуалы бойынша ұстаным­дарын күшейте түсуде де жақсы нәти­желерге қол жет­кі­зіп жүр. Қазіргі күні елімізде жүз­деген жаңа кәсіпорын құрылып, бұ­рын-соңды болмаған өнім түрлері шығарылуда. Бұрынғы шикізат өңдеумен шектелген еліміз қазіргі күні тауар өңдеу өнеркәсібіне нық қадам басты. Елдің көлік-логистика әлеуе­ті, ауыл шаруашылығы және инфра­құ­ры­лым саласындағы жобалары да жедел дамып келедіХалықаралық сарап­шы­лардың бағалауынша, бүгінде біз бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің ішіндегі экономикасы әлдеқайда көш іл­гері дамыған ел болып отырмыз. Ал елдің бүгінге дейін жеткен әрбір же­тіс­тігінің артында Тұңғыш Президен­ті­міздің толассыз, өлшеусіз еңбегінің үлесі тұр, деді.

Біз барлығымыз – бүгінгі заманауи қазақ мемлекетінің құрылуының куәсі, тікелей қатысушысы және атсалысушылары екендігімізді мақтан тұтамыз. Қазақстан бизнес-қауымдастығы атынан, «Ақ жол» демократиялық фракциясы атынан Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты және барша отандастарымызды келе жатқан мерекесімен құттықтаймын және де баршаңызды ұсынған Декларацияны қолдауға шақырамын, деп сөзін аяқтады Азат Перуашев.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова да Елбасының ерен еңбегі жайында қолдау пікірін білдіріп, әңгімесін тереңнен өрбітті. Күлтегін бабамыздың «Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды» дегеніндей, тәуелсіздікті басты мұраты еткен халқымыздың 25 жылдық тарихын Елбасынсыз елестету мүмкін емес, деді депутат.

Ұлтты ұлы мұратқа ұйыстырған Елбасының еңбегін бағалай білу – әрбіріміздің міндетіміз! Бүгіні мен ертеңімізге Елбасының тарихи болмысы кеңінен насихатталуы керек! Бұл бағыттағы іс-шаралардың бірі ретінде еліміздің маңызды, ауқымды нысандары Елбасы есімімен аталса, бұл – халықтың біртуар перзентіне деген шексіз сый-құрметінің көрінісі болмақ, деді Б.Хаменова.

Осындай жарыссөздерден соң құжат дауысқа салынды. Нәтижесінде, Сенаттың – 46, Мәжілістің 105 депутаты Декларацияны жақтап дауыс берді.

«Сонымен, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы қабылданды. Бұл – еліміз үшін, соның ішінде, Пар­ламент үшін ерекше орын алатын маңызды құжат, маңызды шешім. Осы қабылданған Декларация біздің тарихымыз және болашақ ұрпағымызға қалдыратын мұрамыз, деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қо­рытынды сөзінде.

Жақсыбай Самрат, Динара Бітікова, Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2072