Бейсенбі, 20 Қараша 2025
Әдебиет 585 0 пікір 20 Қараша, 2025 сағат 12:50

Абайдың Сенатқа жазған хаты

Сурет: 365info.kz сайтынан алынды.

Дереккөздеріндегі Абай кітапханасы

I-бөлім

Ұлтымыздың данышпан ақыны Абайдың тікелей өзіне қатысты ел аузындағы әңгімелер мен естеліктерді есептемегенде, тарихи деректерге негізделген мұрағаттық құжаттар өте аз.

Абай мен оның айналасына қатысты тарихи-мұрағаттық деректер дегенде еске түсіп отырғаны – Құнанбай-Бөжей дауына байланысты өткен ғасырдың 60-жылдарында Омбы мұрағатынан Әлкей Марғұлан тапқан тарихи құжаттар мен Абайдың Қоңыр-Көкшеге болыс болған кезіндегі дау-шарға қатысты мұрағаттық деректер. Бұл деректерді кезінде ғылыми айналымға түсірген белгілі абайтанушы ғалым – Тұрсын Жұртбай (Т.Жұртбаев. Бесігіңді аяла. Астана, «Фолиант» 2002ж.).

Абай туралы тағы да бір дерек – 1903 жылы түркішіл тұлға Шаймардан Қосшығұлұлының хатына байланысты Абай үйіне жасалған тінту жұмыстарының хаттамасы. Бұл хаттамада Абайдың отбасылық жағдайы, жеке мал-мүлкі, қанша рет би және болыс болғаны анық жазылған. Содан соң, Абайдың түрлі кезеңдегі болыстық қызметі мен Сенатқа жазған хаты және Құнанбайға қатысты кейбір деректік-мұрағаттық құжаттарды өз кезегінде абайтанушы ғалым Мұздыбай Бейсенбаев – 1988 жылы Алматы қаласы, «Жазушы» баспасынан шыққан «Абай және оның заманы» еңбегі арқылы ғылыми айналымға түсірді. Мұның бәрі Абай және оның айналасы туралы тарихи құжаттарға негізделген мұрағаттық деректер.

Ал, дәл қазір бізді қызықтырып отырған – ақынның білім деңгейінің көрінісі болған «Абай оқыған кітаптар» яғни, «Абай кітапханасының» жәй-күйі хақында айтылатын дереккөздер мәселесі.

1903 жылы Шаймардан Қосшығұлов хатына байланысты, Абай үйіне жасалған тінту жұмыстарынан соң, Облыс бастығы генерал-майор Галкин дала генерал-губернаторлығына берген мәліметінде Абай туралы: «Құнанбаев орыс әдебиетін ерекше ынта қойып оқиды, кітаптарды, газеттер мен журналдарды жаздырып алып отырады», – деп жазады (Т.Жұртбай. Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады. malim.kz 10.08.2023).

Әрине, генерал-майор Галкиннің бұл мәліметі бізге Абай кітапханасының деңгейі мен көлемін анықтап бере алмасы анық. Біздің білуімізше, осы уақытқа дейін «Көкбай естелігіндегі» Абайдан өзге, қазақ халқының данышпан ақыны тарихи Абайдың білім деңгейі мен оның кітапханасының көлемін айқындайтындай төрт тарихи дерек бар. Оның бірі Абайдың «Сенатқа жазған хаты» екіншісі, «Американ журналисті әрі саяхатшысы Джордж Кеннанның тарихи дереккөзі негізінде жазылған «Сибирь и ссылка» кітабы мен орыс тілінде жазылған Әлихан Бөкейханның 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде жарияланған «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты азнама мақаласы. Ал, төртінші дереккөзіне соңында тоқталмақпыз.

Әуелгі сөз Абайдың «Сенатқа жазған хаты» хақында.

Тарихқа тарихтың көзімен қарау керек деген ескі тәмсіл бар. Сондықтан, Абай заманына да, өз уақытының көзімен қараған абзал.

Қазақ поэзиясының ұлы реформаторы, ойшыл-философ ақын Абай Құнанбайұлы – өз заманында іргелі би, айналасы мен орыс шенеуніктеріне де сөзі өтетін ықпалды болыс, аймаққа белгілі беделді рубасы болғанын ұмытпауымыз керек.

Рубасына айналған  Абай өмірінің осы тұсын М.Әуезов: «...Бұл уақытта елінің бір деген басшы кісісі атанып, айтқаны кімге болса да бұлды, әмірі Тобықты ішіне екі болмайтын дәрежеге жетеді. Болыс болып күндегі істі інісі басқарғанда, өзі елдің  сыртқы шеңберін ұстап, үлкен таразысын бағатын Тобықтының «мен» деген рубасына айналады», – дейді (М.Әуезов. 130-бет. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, «Санат» 1997).

1903 жылы генерал-майор Галкиннің дала генерал-губернаторына берген мәліметі бойынша Абай екі сайлау би, Шыңғыс болысына үш рет, Мұқыр болысына бір рет «назначениемен» яғни, тағайындау арқылы болыс болған (Т.Жұртбай. Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады. malim.kz 10.08.2023).

Осы орайда: 59 жылдық ғұмырының 21 жылы ел басқару ісіне кетсе, Абай өз ғұмырының қай тұсында шығармашылыққа бет бұрды? – деген заңды сұрақты туындары хақ.

Абай өмірінің ағартушылық жолға түсіп, сыншы, ұстаз, данышпан ақын болуға айналған тұсын М.Әуезов: «40 жастан асқан соңғы Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі: өмірге үйлескісі келмей, заманынан, ортасынан озып шығып сыншы, ұстаз, ақылшы, ақын-данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі: күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғысынша партия тартыстық, билік, әкімшілік жолындағы ру басшысы, ел меңгерушісі – Абай», – дейді (М.Әуезов. 135-136-беттер. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы «Санат» 1997).

Міне, осы ел іші партия тартысында ру басшысы, ел меңгерушісі болып жүрген тұстағы Абайға ежелден  есесі кетіп жүрген Оразбай, Бейсенбі, Әбді, Әкімқожа секілді ел жуандары 1898 жылы 18 июнь күні Мұқыр болысының сайлауы өтіп жатқан Көшбике деген жерде Абайды таяққа жығып, арына дақ түсіргендей болады.

«Осы оқиғадан соң дос-жары, туысқандары, «өлтіреміз», «бітім жоқ» дегенде, «Жаманшылықтан тек жаманшылық туады. Мен мұны қостамаймын», –  деп, әкем туысқандарын басты», – деп еске алады баласы Тұрағұл (Тұрағұл Құнанбаев. Әкем Абай туралы. Алматы, «Бәш» 2012).

М.Әуезов 1898 жылы Көшбикедегі Мұқыр болысы сайлауында Абай басына жасалған қастандық туралы: «Бұл уақыттағы Абай елден азайып, қайраты кеміп таршылық көрген жоқ-ты. Оразбай істеген іске он есе артық істеп, жаза мен қарсылық көрсету 1898 жылда да қолынан келуші еді...Егер күшпен, елмен Оразбайды жазалаймын десе, қалың қазақ Абайдың жасағынан табылатыны даусыз», – дей келіп: «Абай жуандардың ісін ұлыққа шақпаған. Заң-закон арқылы кек алуды да іздемеген», – дейді (М.Әуезов. 75-76-беттер. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Монография. Т20. Алматы, «Жазушы» 1985).

Абайдың баласы Тұрағұл да, М.Әуезов те, Көшбикедегі ел жуандарының қиянатына байланысты Абайдың әуелі облыстық прокуратураға, нәтиже шықпаған соң Санкт-Петербургтегі жоғарғы Сенатқа шағым-хат жазғанынан бейхабар болған секілді.

Жас деп іске араластырмаса керек, – баласы Тұрағұлдікі бір жөн. Ал, Абайдың өмірі мен шығармашылығын өмірлік нысана еткен М.Әуезов Абайдың Сенатқа жазған хатын қалай білмей қалды екен? – деп, талай рет ойладық.

Анығына келгенде, тек бұл емес М.Әуезов мұрағатта сақталып қалған, Абай үстінен 1876 жылы өзі басқарған Қоңыр-Көкше болысының қазағы Үзікбай Бөрібаевтың да, Омбы мемлекеттік мұрағатындағы «Қарқаралы округінің аға-сұлтаны және болысы Өскенбаевтардың заңға қарсы әрекеттері туралы Сібір қазақтарының жалпы шекара басқармасына түскен шағымдар» және «Сұлтан Өскенбаев туралы» (244,3қ3649) деп аталатын екі томдық тергеу ісінен де бейхабар болған (Тұрсын Жұртбай. Бесігіңді аяла. Астан, «Фолиант» 2002).

М.Әуезов Семей және Омбы мұрағаттарында сақталып қалған Абай және оның Әкесі Құнанбай  туралы бұл тергеу құжаттарын көрмеген. Дей тұрғанмен, адалдық үшін атап өткен абзал: М.Әуезов Абай өмірін зерттеушілерге Абай туралы тергеу құжаттарды қай қаланың қандай мұрағатынан іздеу керек екенін анықтап жазып кеткен (М.Әуезов. 126-127-беттер. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. «Санат» 1997).

Абай мен оның айналасы туралы жоғарыда көрсетілген мұрағаттық деректерді ғылыми айналымға түсірген белгілі абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Ол құжаттар М.Әуезов қолына түспеген. Алайда, суреткерлік түйсігі мен шешімі өмірлік оқиғаның даму бағыты мен әлеуметтік психологиялық себептерінің тамырын дөп басқан», – дейді (Тұрсын Жұртбай. Бесігіңді аяла. Астан, «Фолиант» 2002).

Абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың дәл осы пікіріне егіздің сыңарындай ұқсас ойды академик Ә.Марғұлан да айтады (Ә.Марғұлан. Қазақ әдебиеті. 1963 16 август).

Ә.Марғұлан мен Т.Жұртбай айтқандай М.Әуезов Абай мен оның айналасы туралы мұрағаттық құжаттар мен Абайдың Сенатқа жазған хатынан бейхабар болса да, Абай туралы жазған ғылыми еңбектері мен «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайдың жазған хатында баяндалатын Мұқыр сайлауындағы Көшбике оқиғасына байланысты, сол тұстағы Абай айналасының өмір ағымы мен ақын өмір сүрген заманының әлеуметтік психологиялық жәй-күйін реалистік тұрғыда, ғажайып білгірлікпен дәл суреттеген.

Айтқымыз келгені: Абай шығармашылығы мен Абай жайлы ел аузында айтылатын түрлі мағлұматтарға келгенде – М.Әуезовте сөзбен түсіндіріп бере алмайтын ерекше түйсік бар. Ол Абай шығармалары мен ақын айналасын, Абай заманын адам таңғаларлықтай ғажайып негізде түйсінген. Біз бұған М.Әуезов білмейтін Абайдың Сенатқа жазған хатымен танысқанымызда анық көзіміз жетті.

Рулық-феодалдық қоғамда өмір сүріп, өз түсінігіндегі өз руының «жазылмаған заңынан» басқа заңды қабылдай қоймайтын, орыс патшасының парақор шенеуніктерімен жең ұшынан жалғасып, ел басқарып отырған надан атқамінерлерге «заң» барын, «әділет» деген ұғым барын ұғындырғысы келді ме екен, бұл кезде ұлт ұстазына айналған хакім Абайдың өзіне қастандық жасаған атқамінерлерді, әсіресе қыр жуандарымен олжалас, парақор орыс шенеуніктерін де заң алдында жауапқа тартқысы келгені анық. Бұған дәлел: Абай Құнанбайұлының Петербургтегі патшалық Сенатқа жазған шағым түріндегі арыз-хаты (ЦГИА СССР Ф-1352,0-20 ед. хр 379 «Об отмене быв. Семипа-го облсуда о прекращении дела об ограблении киргиза И.Кунанбаева киргизами Битимбаевым и др» 1899-1905 г).

Хатты сол кездегі Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласының архивінен тауып, 1978 жылдың 24 апреліндегі «Қазақ әдебиеті» газетіне жарялаған Асылжан Бәзілжанов. Ал, Абайдың Сенатқа жазған бұл хатын жан-жақты талдап, ғылыми айналымға түсірген белгілі абайтанушы ғалым – Мұздыбай Бейсенбаев (М.Бейсенбаев. Абай және оның заманы. Алматы, «Жазушы» 1988).

Абайдың Сенатқа жазған хатының қысқаша мазмұны былай еді: 1898 жылы маусым айында, Семей уезінің бастығының қатысуымен Мұқыр болысының алдағы 1899-1902 жылдардағы үш жылдық болыс сайлауы жүргізілмек болады. Бұл – бір мәселе.

Екінші мәселе: Ертеден дау тудырып келе жатқан Мұқыр және Шыңғыс болыстарының арасындағы жер бөлісін ретке келтіріп, шекараны белгілеу.

Міне, осы жер бөлісіне байланысты уезд бастығының тікелей өзі қыр еліне қатысты  барлық мәселелердің білгірі, өзі де талай жыл ел басқарған Абайды шақыртып, екі болыстың арасындағы шекара межесін белгілеуге көмектесуін өтінеді. Ояз бастығының өтінішін құп көрген Абай, 1898 жылдың 17 маусым күні Мұқыр болысының сайлауы өтетін Көшбике деген жерге келеді. Абайдың уез бастығының шақыртуымен сайлау өтетін жерге келгенін естіген ел жуандары: «Уез бастығы Абайдың сыйлас кісісі, ол Абайды тыңдайды. Егер Мұқыр сайлауына Абай араласса, біздің адамымыз Мұқырға болыс бола алмай қалады», - деп ойлап, ел басқару ісінде Абайға бұрыннан есесі кетіп жүрген Оразбай, Бейсенбі, Әбді секілді ел жуандары Абайға қастандық жасап, соққыға жығады. Жазықсыз жапа шегіп, арына дақ түскендей болған Абай, 1898 жылдың 4 және 9-шілде күндері екі рет Семей облысы прокурорына арыз жазады. Абай арызы бойынша тергеу ісі басталады. Қылмыскер деп танылған ел жуандары заң алдында жауапқа тартылу керек еді. Дәл осы тұста Абайға қастандық жасаушы Оразбай, Бейсенбі, Әбді секілді ел жуандары дүниеге сатылғыш, парақор патша шенеуніктерімен тіл табысып, «дәлелі жеткіліксіз» деген сылтаумен Абай ісі қысқартылады да, іс архивке тапсырылады.

Міне, осыдан соң, «Мыңмен жалғыз алысып, заманды түзетпек болған» данышпан ақын, өзінің азаматтық құқығын қорғау, заңсыздықты әшкерелеу мақсатында әділет тілеп, Санкт-Петербургтегі патша Сенатына хат жазса керек. Орыс тілінде, өте жүйелі жазылған Абай хатында, ел жуандарымен қатар олармен «жең ұшынан жалғасқан» парақор патша шенеуніктерін де әшкерелеу ісі басты орынға шыққан секілді.

Абайдың Сенатқа жазған хатымен танысқан адам, хат иесінің орыс тілін соншалық жетік меңгерген жан-жақты білімдарлығына еріксіз таңғалады. Ол орыс империясының қылмыстық істер заңын жетік біліп қана қоймай, парақор патша шенеуніктері тарапынан  заңның бұрмаланған жерлерін: «Имеет ли прокурор право давать предположение суду на том оснавании, что он разделяет мнение областного управление, не составляя своего заключение», – деп, (Қазақшасы: Прокурор өз қорытындысын шығармай тұрып, сотқа облыстық басқарманың пікірін қолдап отырмын деп алдын-ала айтуға құқы бар ма? Еркін аударған: Н.Махан) заңның бұрмаланған жерлерін астарлы мысқылмен дәл көрсетеді.

Біздің бәрімізді Құнанбаевтың өзі ұрып кетті деп Абай үстінен Оразбайлар жазған арызға қарсы: – «Есектің жақ сүйегін алып, күллі дұшпандарын жалғыз өзі ұрып жығатын Самсондай күшті болғаным ба?», – деп, «Библиядағы» Еврей халқының батыры Самсон туралы мифологиялық аңызын мысалға келтіріп, қарсы жақтың жапқан жаласының логикалық жүйесін – өзінің білімдарлығының арқасында тас-талқанын шығарады.

Десек те, Абайдың Сенатқа жазған арызының кейінгі тағдыры құмға сіңген судың кебін киіпті. Бұл ойымызға себеп: 1898 жылы Семей округтық сотына берілген Абай арызы бойынша, Облыстық басқарма «Құнанбаевтың жеткілікті дәлелдері болмағандықтан» істі қысқартқаны жөнінде Абайға 1900 жылдың 4 январь күні Семей округтық прокуроры арқылы хабарлайды. Осы хабарды естіген Абай әділет іздеп, Петербургтегі жоғарғы Сенатқа арыз жазады. Абай арызы Семей облыстық сот мекемесі арқылы Петербургтегі Сенатқа 1900 жылдың 5 февраль күні жіберіледі де, 1900 жылдың 3 декабрінде Абай арызын Сенат қарап, іс қайта қаралсын деген үкім шығарады. 1901 жылы 21 февральда Семей округтық соты істі қайта қарау үшін өндіріске қостық деп, Сенатқа қызметтік есеп береді. Абайдың Сенатқа жазған хатының бұдан арғы тағдыры белгісіз. Іс сиырқұйымшақтанып барып, Абай қайтыс болған бір жылдан соң, 1905 жылы жабылып, мұрағатқа өткізілген сыңайлы.

Сөз жоқ, Сенатқа жазылған хаттың иесі орыс тілі мен заңын терең білетін, жан-жақты білімдар адам екені көзге анық көрініп тұр. Осы хатты Абайдың өзі жазды ма? Жазса оған қандай дәлел бар? Ендігі мәселе осы жерде.

«Россия заңын жетік білу, оны құрметтей сөйлеу, әдеби-көркемдік шеберлікті пайдалана отырып, ой жүйесін құру, айтар ойын терең мазмұнды дәлдікпен беру – Абайға тән қасиет. Орыстың классикалық әдебиетін жете меңгеріп, орысшадан қазақшаға аудармалар жасап, екі тілді бірдей жақсы меңгерген Абайға – өз басынан өткен Мұқыр оқиғасын баяндап айту – ешбір қиындық келтірмейді», – деп жазады абайтанушы ғалым Мұздыбай Бейсенбаев (Мұздыбай Бейсенбаев. 63-бет, Абай және оның заманы. Алматы, «Жазушы»-1988 жыл).

Абай өмірін мұрағаттық деректер арқылы көп зерттеген Мұздыбай Бейсенбаев ағамыз: Сенатқа жазған хат – күмән жоқ, Абайдың өз қолымен жазылған, – деп куәлік берсе де, хаттың Абайдың өз қолымен жазылғанына дәлел келтірмеген.

«Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да» өлеңінде Абай:

Құтырды көпті қойып аз ғанасы
Арызшы орыс – олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде – мұны
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы», – деп,

өз халқының ішіндегі аз ғана топ – арызқой атқа мінерлерді сынап отырған ақын, арызқойлық секілді ел бүлдіргіш жағымсыз әрекеттердің түп-тамыры отаршыл орыс империясының сұрқия саясатынан бастау алып отырғанын қапысыз білген.

Өлеңдегі «арызшы орыс» – заңнан хабары бар, өздері қазақша білетін, орысша білмейтін сауатсыз қазақтарға орыс тілінде арыз жазып беретін сауатты орыстар. «Арызшы орыстар» – қазақтарға арыз жазып беруді табыс көзі деп қарап, арыз жазуды олар күнкөріс құралына айналдырғандықтан да олардың есімі қазақтың арызқой атқамінерлері арасында өте белгілі болған.

Ғылым үшін ұсақ-түйек деген ұғым жоқ. Әсіресе, ұлтымыздың ұлы ақыны, данышпан Абайдың өміріне қатысты мәселелерде «ұсақ-түйек» деген ұғым мүлдем болуға тиісті емес.

Айтпағымыз: Абайдың Сенатқа жазған хатын жоғарыда айтып өткен «арызшы орыс» жазып бермеді ме екен? – деген күдік те ойымызда жоқ емес. Күдікті ойға дем беруіміздің негізгі себебі: Сенатқа жазылған хаттың соңында қойылған Абайдың өз қолын арыз мәтіндегі жазумен салыстырып, оларға каллиграфиялық сараптама (каллиграфическая экспертиза) жұмысын жасаған адамды өз басым білмейді екенмін. Біздің ойымызша, ондай жұмыс жасалған жоқ. Жасалса естір едік. Бұл – «Абайтану» ғылымы үшін ғана қажет дүние. Болмаса, Абайдың жан-жақты терең біліміне күдік келтіріп отырған жоқпыз. Абайдың орыс тіліне жетіктігі мен жан-жақты білімдарлығына өлеңдері мен қарасөздері толық дәлел.  Қалай десек те, Абайдың Сенатқа жазған хаты мен ақын туралы түрлі мұрағаттық деректер – Абайдың терең біліміне дәлел болса да, Абай кітапханасының нақты көлемін анықтап бере алмайды.

Бірінші бөлімнің соңы. Жалғасы бар...

Нұрғали Махан

Abai.kz

0 пікір