Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Экономика 4508 0 пікір 22 Қараша, 2016 сағат 00:00

Алматы болашағы - G4 Cіty спутник-қалалар

Кеше оңтүстік астанамызға жұмыс бабымен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин қаладағы бірқатар құрылыс нысандарында болды    

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Алматы агломера­циясының солтүстігіндегі спутник-қалалардың құрылыс барысын көріп қайтты. G4 Cіty спутник-қалалар болашағымыздың өркені десек болады.  Мұнда Gate Cіty, Golden Cіty, Growіng Cіty және Green Cіty сынды төрт спутник-қаладан тұратын жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

– 2017 жыл – G4 Cіty жобасын жүзеге асырудың бастамасы деп айтуға толық негіз бар, инфрақұрылым дайын тұр. Енді индустриялық, тұрғын үй, логистикалық аймақтағы жұмыстар игеріледі, – деді А.Мамин. Сонымен қатар, ол инвестиция тартуға бар жағдай жасалғанын, қажетті көліктік, инженерлік инфрақұрылымдардың дайын екенін атап өтті. «Инвесторлармен белсенді жұмыс істеу қажет. Тікелей инвестицияларды қамтамасыз етуіміз керек», – деп тапсырды. Gate Cіty аумағында «Береке» индустриялық аймағы орналасатын болады.

 Асқар Мамин келесі жылы сәуірде «Алтын Орда» базары ауданындағы Алматы — Бішкек жолын қайта жаңартуды бастауды тапсырды. «Алтын Орда» базары аумағындағы Алматы — Бішкек жолы 17-19 шақырымды құрайды. Қазір  ол төрт жолақты ғана болып тұр. Жөндеу жұмыс­тарынан кейін 10 жолаққа дейін кеңей­тіледі», – деді «ҚазАвтоЖол» компания­сының өкілі.  Жоба құны 10 млрд. теңге, оның 5,5 млрд. теңгесі жол жөндеуге жұмсалады. Сондай-ақ, жоба бойынша жерүсті жаяу жүргінші өткелі мен үш айналма эстакада салу көзделген.

– Бірінші тоқсанда жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтап, сәуірде жұмысқа кірісуді тапсырамын. Бұл қаладан шыға­беріс – өте күрделі мәселе. Біз жолды 10 жолаққа дейін кеңейтеміз. Бұл көліктердің жүру жолын жеңілдетіп, жүктемені азай­тады, – деп атап өтті Премьердің орын­басары.

Нысандарды аралау кезінде  Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин метрополитен құрылысының барысымен танысты. Еліміздегі ең үлкен мегаполис үшін қоғамдық көлік мәселесі­нің оң шешім табуы айрықша маңызды. Бұл орайда Алматы метросының жұмысын жандандыру аса өзекті нәрсе болып тұр.

– Жаңадан салынып жатқан «Сары­арқа» мен  «Достық» стансаларының   құ­рылысын 2020 жылы аяқтау басты мін­детіміз болып тұр. Біз қаржыландыру мәсе­лесін қайта қараймыз. Бұл жобалар жүзеге асқаннан кейін қоғамдық көліктердегі жо­лау­шылар тасымалын екі есе азайтуға кө­мек­теседі. Ең бастысы, жолаушылар ағы­ны 45 мыңнан 85-90 мыңға дейін мет­роға ауысатын болады, – деді Асқар Мамин.

Алматы метрополитенінің өкілдері бірінші Вице-премьерге «Мәскеу» станса­сынан «Достық» стансасына дейінгі аралық 3,1 шақырымды құрайтынын айтты.

– Біз қазір автобустық хабарламаларды метроға жинақтаудамыз. Барлығы осыған байланысты, жолаушыларды метроға қарай тартуымыз керек. Күніне 85-90 мың жолаушы тасымалдау – қаладағы қозға­лысты жеңілдетеді. Бұл маңызды жоба, – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Қазірде «Қалқаман» және «Батыс авто­вокзалы» жаңа екі стансасын жобалауға қаржы бөлінген. Метрополитен солтүстік бағытта G4 Cіty-ге дейін созылатын болады.

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052