Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дей салдым-ау 4317 0 пікір 18 Қараша, 2016 сағат 10:08

МЫНА ЗАМАН ҚАЗАҚҚА СЫРТЫН БЕРДІ

 

Зар жылап та, заманнан қалжырап та,

Кешір, Алла, бет алсам сандыраққа!

Сен кессеңде, тілімді ешбір патша

Кесе алмайды шідерлеп, қарғылап та.

 

Жаз дәуреннің жүргенде сәнін бұзбай,

Арамзадан алданған ару қыздай

Сенімімді жоғалтып жан біткенге,

Мына өмірден түңілген жаным мұздай.

 

Тәнімді асқақ арманның қаны кезген,

Мырзан едім әні де, жаны да өзге.

Өз елімде езіліп, еңсем түсіп,

Бір жан болдым үміттің нәрі безген.

 

Шындық іздеп текке өтіп есіл күнім,

Кесапаттан тілегім кесілді мың.

Мына жердің бетіне келгеннен-ақ,

Жазамды өтеп жүрген жан секілдімін.

 

«Жат жұрт таптап бағымды тұрған гүлдеп,

Қанішер мен қарақшы жырғап жүр тек»,–

Десем, күлед парықсыз пақырларың,

«Зарлауы ғой баяғы Мырзанның»,–деп.

 

Серік қылып жаныма қайғы асырап,

Жыр жазамын өзімше «жайғасып ап»

Мен де өзімше күлемін біреулерге

«Мәз болад,–деп,–тапқанға пайдасымақ».

 

Солар озып, бос сөзің құрысын деп

Кеткенімен, шаруам да жұмысым жоқ

Жұбатпақшы боламын кейде өзімді,

«Біріншінің» сөзінен дұрыс іздеп.

 

Есімде жоқ «уақытпен үндескенім»,

Қадамыма көргем жоқ «гүл де өскенін»,

Ақ періште болсын деп, баламның да

Қаламаймын дәл менше күн кешкенін.

 

Күле бер, жұрт, кеп тұрса күлкің де енді,

Сүйретумен келемін құр сүлдемді

«Есі кірмес, ержетпес ел екен»,–деп,

Мына заман қазаққа сыртын берді.

 

Болмайтынын білсең де жаза жеңіл,

Айтқызбасты айтқызар нала көңіл,

Біз қимайтын ештеңең қалған жоқ-ау,

Кім көрінген кемсіткен мазақ өмір.

 

Біз күткен бақыт бұл емес

Азаттық таңы атқанда

Алдымнан шығып бір елес

Алақан жайып аспанға

Біз күткен бақыт бұл емес.

 

Есті алып ерге қондырып,

Еркіндік деген бір елес

Қолдағы барды қор қылып,

Біз күткен бақыт бұл емес.

 

Жырлап ең еркін болдым деп

Құм-қойма болдың көмейім

Жұрқаны кидім торғын деп

Қатемді кімнен көрейін?!...

 

Жаба алман жанға жаламды

(Қасқа да айтам, досқа айтам)

Әжуалап әулие бабамды

Басыма шықты-ау көп шайтан.

 

Жұлығы жыртық құлыным

Шаттығын іздеп шетелден

Сұмырай болды сұлуым

Көрпесін әркім көтерген.

 

Сөйлесем ата тілімен,

Сөзімді шонжар ұқпайды.

«Колаға» толы күбіден

Шұбаттың исі шықпайды.

 

Аруанам қайып айырдан

Майыма тойып мас бөрі,

Жайлауға доңыз жайылған...

Біз күткен бақыт басқа еді

 

Қараймын оңға, солға да

Осы ма бүкіл келешек!

Біз күткен бақыт сонда да

Дәл мына бақыт емес ед.

Мырзан Кенжебай, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592