ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ
Бүгінгі таңда «дәстүрлі құндылықтар» сөз тіркесі «дәстүрлі отбасылық құндылықтар» ұғымын береді. Отбасылық құндылықтарға бір-бірін сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың отбасын сақтау жолындағы қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрлер жатады. Әрбір отбасының өзіне ғана тән құндылықтарының бар екендігі белгілі. Отбасылық құндылықтарды ежелден бері келе жатқан (дәстүрлі), жаңадан қалыптасқан (қазіргі), тәлім-тәрбие арқылы дарыған (тәрбиелі) құндылықтар деп, үшке бөліп қарастыруға болады.
Дәстүрлі құндылықтарға қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері жатады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әр түрлі. Олардың ұқсас жақтары да бар. Кез келген отбасыда дінді сақтап, некені бұзбау, ұрпақ жалғастырып, бала тәрбиелеу сынды ортақ дәстүрлі отбасылық құндылықтар қалыптасқан.
Қазіргі таңдағы отбасылар бұрынғы салт-дәстүрді ұстанғанымен ол ұстанымдар тарихи процестер нәтижесінде өзгеріске ұшырай отырып, әр отбасыда әр түрлі көрініс табуда. Салт-дәстүрдің «озығы бар, тозығы бар» демекші, кейбір құндылықтардың ескішіліктің көлеңкесінде қалып қоюына қарай олардың орнын бүкіл адамзат өркениетінің жемісі немесе жеке тұлғаның дүниетанымы ретінде қалыптасып, заман талабына сай ыңғай танытқан қазіргі құндылықтар басып келеді.
Әрбір отбасының басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу болып табылады. Бақытты отбасын құру бірінші кезекте жас жұбайлардың тәрбиелілігіне тікелей байланысты. «Балапан ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, қазақ халқы тәрбиелі құндылықтардың маңыздылығын ескерткен.
Қарт адамдар дәстүрлі отбасылық құндылықтар қатарына жас жұбайлардың шыққан руын (жеті атасын) білуі қажеттігін жатқызады. «Тегін білмеген жетесіз» демекші, олар жас жұбайлардың келешек ұрпағының биологиялық (генетикалық) жағынан денінің сау, психологиялық жағынан жанының пәк тууын қалаған деп білу қажет. Бұл құндылықтың бастапқы қызметі аясынан шығып, «трайбализм мен рушылдық» түрінде өзге мақсаттарға қызмет ете бастауы саясаттың да, эконмиканың да кінәсі емес. Жаһандану процесі барысында алуан-түрлі этностармен бірге бейбіт өмір сүруді қалаған адамның экзистенциалистік (өмір сүруді көздейтін) ұстанымы мына трансұлттық әлемде өзінің шыққан тегіне деген құштарлығы мен жақын туыстарымен иық тіресіп қоғам болып ғұмыр кешуді қалауынан туындауда.
Сол себептен, бүгінгі қоғамымыздың өзекті мәселелерінің бірі «отандас» ұғымын қалыптастыру болып табылады. Кеңес Одағы «советтік адам» («homo soveticus») типін қалыптастыра алмағаннан кейін өзінің біріктіруші функциясын жоғалтып, ыдырағанын білеміз. Кеңес Одағының жолын қуған мемлекеттер әлі де бар. Олар ғылым тілінде «дәстүрлі қоғамдар» деп аталады. Заманына сай ақпараттанған адамның шапшаң әрекеттілігіне мұндай қоғамдар жетіп те үлгере алмайды. Дәстүрлі қоғамның біріктіруші функциясы адамдардың ортақ пікірі негізінде емес, қысым көрсету немесе қорқыту негізінде жүзеге асқандығы белгілі.
Қысым жасамайтын, қорқыту саясатын жүргізбейтін қоғамда ғана «Отанды сүю» сезімі қалыптасады. Отансүйгіштік дегеніміз адамның Отан үшін өлімге бас тігуге дайын екендігін білдіреді. (Отансүйгіштігімізді өз-өзімізге дәлелдеуіміз үшін «жаппай өлу қажет екен» деген пікірден аулақпыз). Отансүйгіштік – Отанға қызмет етуге дайын болуды жан-тәнімен қалауды білдіреді. Яғни, Отан үшін өмір сүру деген сөз.
Жаһандану үдерістерін басынан өткеріп жатқан қазіргі заманда «Отанды сүю» сана-сезімі жеткіліксіз. Қасында өмір сүріп жатқан азаматтарды «отандас» ретінде қабылдау дүниетанымына әрбір қоғам зәру. Отан үшін өмір сүретін адамдардың арасында ғана шынайы «отандастық» дүниетанымның қалыптасуы мүмкін екендігін есепке ала отырып, осы бағытта шетелдік тәжірибенің озық технологияларын игерген абзал. Сонда ғана азаматтық қоғамның қарқынды түрде дамуына қол жеткізуге болады.
Жұбайлар мен олардың ұрпағын біріктіретін қоғамдық бастауыш ұйым – отбасы болып табылады. Отбасы адамның дара тұлға ретінде қалыптасуының ең маңызды құралы. Бүлдіршін отбасында жүріп, алғашқы рет қоғамдық өмірге араласуды, оның құндылықтарын құрметтеуді, жүріс-тұрыс нормаларын ұстануды, ана тілі мен сана-сезімін үйлестіре отырып қарым-қатынас жасауды үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, отбасы дегеніміз өмірлік тәжірибені меңгеруге көмектесетін тәрбие ошағы. Дәстүрлі отбасы бір қажеттілік. Қоғам болашағын қазіргі отбасылардың ішкі жай-күйі анықтайтындығын есепке алған жөн.
Түркия Республикасында әрбір азаматтың өзіне ғана тиесілі жалауы (мемлекеттік рәмізі) бар. Оны алты жасқа толған бүлдіршінге ата-анасы сыйлық ретінде сыйға тартады. Табыстау рәсімі бала-бақшада баланың туған күнін атап өту барысында торт басында жиналған құрдастарының ортасында тәрбиеші апайының ресми құттықтауымен жүзеге асады. Үйіне келген бүлдіршін мемлекеттік рәмізді кереуетінінің бас жағына құрметпен жайғастырып өседі. Елі үшін өмір сүруге дайын ұрпақтың алғашқы күні осылайша басталады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, шетелдің осы сияқты дәстүрлі отбасылық құндылықтарынан үлгі алу қажет.
Ресей Федерациясында 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Готов к труду и обороне (ГТО)» атты Бүкілресейлік физкультуралық-спорттық кешенді жүзеге асыру іс-шаралары орындалып келеді [1]. Кешен 4 кезеңнен құралған. 1-кезеңде (2014 жылдың 24 наурызы мен қыркүйегі аралығында) тұрғындардың жас ерекшеліктеріне қарай нормативтер анықталып, құқықтық базасы түзілді. 2-кезеңде (2014 жылдың қыркүйегі мен 2015 жылдың тамызы аралығында) апробациялық жұмыстар жүргізіліп, 3-кезеңде (2015 жылдың қыркүйегі мен 2016 жылдың желтоқсаны аралығында) Ресейдің барлық ұжымдарында, жұмыскерлер мен қарттар арасында кешенді жүзеге асыру жолға қойылды. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап 4-кезең басталды, аталмыш кешеннің орындалуы Ресейдің барлық тұрғындарына міндеттелді. Бұндай өзгерістердің азаматтардың қоғамдық санасында жоғары деңгейлі «отандас» ұғымының жылдам қалыптасуына жақын болашақта ықпал ететіндігі анық. Қазақстандықтар үшін де осындай бір кешенді іске қосу уақыт күттірмейтін мәселелердің бірі болып табылмақ. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды асқақтататын, «Еңбек етуге және Отанды қорғауға дайын» азаматтардың тәні сау болса, жаны да сау болары, әрі дәстүрлі емес теріс пиғылды идеологияларға қарсы иммунитетінің де жоғары болары даусыз.
Мемлекеттің басты байлығы оның азаматтары. Даму бағдарламаларының мақсаттары ел азаматтары тарапынан құрылған азаматтық қоғам институттарының мақсаттарымен үйлескен жағдайда ғана оң нәтиже беретіндігін ұмытпаған жөн. Тек осындай жағдайда ғана қолайлы орта қалыптасып, әлеуметтік және экономикалық даму процестеріне қоғамның барлық сегменттерінің тиімді қатысуы жүзеге асуы мүмкін. Қабілетті адамдардың қадірін білетін дүниетанымдар ғана елді өткінші дағдарыстан тез арада құтқара алмақ. Азаматтарымыздың ұзаққа созылатын терең психологиялық өзгерістерге деген құштарлықтарының тетіктері анықталып, белгіленуі тиіс. Аталмыш мақсаттардың алдыңғы қатарында қазақстандықтардың дәстүрлі, қазіргі және тәрбиелі отбасылық құндылықтарын сақтау, әрі дамыту мәселелері де орын алғанын жөн деп білеміз. Себебі отбасылық құндылықтар азаматтық қоғамның негізі болып табылады.
Б.К.Баймаханов, Қазақстан Республикасы Діни істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к.
Abai.kz