Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
11045 0 пікір 28 Ақпан, 2017 сағат 12:23

ОРЫС ТІЛІ БІЗДЕ ОРЫС ДИАСПОРАСЫНЫҢ ЕМЕС, БИЛІКТІҢ ТІЛІ

Коллаж "Жас Алаш" газетінің сайтынан алынды

Рас, орыс тілі бізде орыс диаспорасының ғана емес, биліктің тілі. Билік болғанда алдымен «үлкен отбасының» тілі. Осыны билік пен «үлкен отбасының» мойындайтын уақыты жетті. Бірақ, билік әрнені сылтау етіп орыс тілінің қажеттілігін айтудан танар емес. Ілгеріде, тоқсаныншы жылдары Президенттің өзі бастап: «Үй өзімдікі демегін, үй сыртында кісі бар», «Жасы ұлғайған адамдарға тілді қыстап үйретудің қажеті жоқ», «Орыс тілі көп ұлтты Қазақстанда ұлтаралық тіл қызметін атқарады», т.б. дегенді үнемі ескертіп отыратын. Билік әлі де сол сөзін қайталаудан жалықпай келеді. Алайда бұның бәрі осы күні ескірген аргумент. Өйткені «үй сыртында кісі бар» екен деп жылдар бойы үндемей отыра беру, сыпайылап айтсақ – ұят. Бұл үнсіздік көршінің қас-қабағын баққан үнсіздіктен гөрі қорқақтықты, қосүрей болып сорлаған сорбақтықты білдіреді. Екіншіден, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда қазақ тілін үйрене алмайтын үлкендер: қарттар, шал-кемпірлер қазір таусылып бітті. Қазір олардың орнын мемлекеттік тілді үйренгісі келмейтін  нигилсит буын басты.  Олар – кешегі жастар еді.  Олар  қазақ тілінде сөйлеп үйренуді кеше бастағанда бүгін сайрап тұрар еді. Жоқ, қазақ билігі қазақ тілін оларға қасақана түрде үйретпуге тырысты, сөйтіп орыс тілін өз мүдделері үшін (билік пен байлықтың қауіпсіздігін қаматамсыз ету үшін) сақтап қалды. Әйткенменде, Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтін орта азайып барады. Орыс тілінің негізгі иесі – орыс диаспорасы біздің елдегі халық санының 26,1 пайызды әрең құрап отыр. Өзгелері қазаққа қаны да, тілі де жақын түркі елдері. Олар ешкімнің бұйрығынсыз, пәрменінсіз қазақ тілінде сөйлеп  кетті. Сонда аз ғана санды диаспораның (26,1 пайыз орыстың) тілі қалайша ұлтаралық тіл болып қалады?  Көрдіңіз бе, «Орыс тілі көп ұлтты Қазақстанда ұлтаралық тіл қызметін атқарады» дейтін биліктің бұрынғы аргументі  де ескірген, ештеңеге жарамайтын, істен шыққан аргумент.  Бірақ, сонда да орыс тілі тұғырынан таяр емес. Өйткені бұл тілде ешкім бетінен қақпайтын, қарсы келмейтін, көлденең уәж айтпайтын билік сөйлеп отыр. Өткенде бір топ қазақ зиялысы Конституцияның 7 - бабының 2 - тармағын алып тастауды талап етті (сілтемеге қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=12843). Бұл талап осыдан алты-жеті жыл бұрын да күн тәртібіне қойылған болатын. Алайда ондай талапқа биліктің бүйрегі бүлк етіп, сирағы сылқ еткен жоқ. Тіпті, елең қылып қоймады да. Себебі ақ жағалы ұлықтар, шенеуніктер армиясы «ресми тілден» айрылғысы келмейді. Бұл тілден айрылса, олар биліктен де айрылатын сияқты. Өйткені,  бүгінгі шенеуніктер, әсіресе, үкіметтегілер, әкім-қаралар қазақ тілді мамандармен бәсекелесе алмайды. Осыны жақсы білгендіктен бәрі жабылып қазақ тілінде сөйлейтін ортаны биліктің маңына жуытпауға күш салуда. Сөйте тұра елді алдап, алдарқатып қоюды да ұмытпайды. Қайтіп дейсіз ғой? Орындалуы беймүмкін бағдарламалар арқылы. Мәселенки, 2011 – 2013 жылдары  іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшуі керек болған.  Бұны ресми билік 2009-2010 жылдары айтты. Айтты да қойды. Енді 2020 жылы Қазақстан халқының 90 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деп жүр. Онысы енді рас. Қазірдің өзінде бұл жоспар орындалып үлгерді. Жөн делік, халықтың 90 пайызы 2020 жылы қазақ тілінде сөйлеп кетсін, сол кезде билік, анау «үлкен әулетке» мүше іскер, табыскер бизнесмен жастар сөйлей жөнеле ме? Жоқ. Сөйлемейді. Конституциялық реформа кезінде бұл жайт, әсіресе,  байқалды. Неге десеңіз, билікті заң шығарушы орган мен  Үкімет арасында бөлістің нақты көрінісі мемлекеттік тілден басталуы керек еді. Себебі, мемлекеттік тіл дегеніміз – алдымен қазақ халқы. Ал, қазақ халқы биліктің ісін бақылаушы, бағалаушы, пәрмен етуші күш болуы керек. Осыны ескертіп зиялы қауым Президенттен бастап барлық билік өкілдеріне ашық хат жазды. Ашық хат, әрине, әдеттегідей жауапсыз қалды.  Демек, тіл мәселесінде биліктің шексіз үстемдігі осылай жалғаса бермек. Сөздің қысқасы, бүгінгі жүйе, бүгінгі билік түбегейлі өзгермей қазақ тілінің басындағы хәл де өзгермейді.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1968