Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
6227 0 пікір 8 Ақпан, 2017 сағат 10:27

СЕНАТОРЛАР: ҚАЗАҚ ЕЛІ ЖАҢА БАҒЫТҚА БЕТ БҰРУЫ КЕРЕК!

Сенаторлар «Қазақ елі жаңа бағытқа бет бұруы керек» деген пікір мен насихат аясында Қазақстан халқымен кездесулер өткізудеп деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

Икрам Адырбеков: Үкіметте дербестік болуы керек

Сенат депутаты Икрам Адырбеков әлемдік экономикадағы жылдам өзгерістер жағдайында құбылмалы әлеуметтік-экономикалық ахуалдағы қазіргі мәселелерді жедел шешу үшін Үкіметтің әрекет ету мүмкіндігі мен қажетті дербестігі болуы керек, деп санайды. Сенатордың пікірінше, Мемлекет басшысының билік өкілеттіктерін қайта бөлу және саяси жүйенің өзгерістері жөніндегі үндеуіндегі бастамалар демократиялық қоғам қалыптастыру жолындағы тарихи меже болып табылады.

Cәрсенбай Еңсегенов: Заман өзгерді, қоғам жаңарды

Парламент Сенатының депутаттары Қайрат Ищанов пен Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылының тұрғындармен кездесті.

Жүздесуде билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Елбасының үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын халыққа түсіндіру тұрғысында жан-жақты әңгіме болды. Сенатор Қ.Ищанов Мемлекет басшысының Жолдауындағы ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту, жерді тиімді пайдалану, субсидия бөлу, саланы әртараптандыруға қатысты алға қойған міндеттерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, стратегиялық маңызды құжаттағы бес басымдықты іске асыру, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелері жайында әңгіме болды. Парламенттің заң шығару қызметі туралы жұртшылықты хабардар еткен сенатор конституциялық реформалар жөніндегі ұсыныстарды сарапқа салу және оны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажеттігі туралы ойларын ортаға айтты.

Сенаторлар Индер ауданындағы Көктоғай ауылында да болды. Депутат  С. Еңсегенов «Қазір заман өзгерді, қоғам жаңарды. Соған байланысты қазақ елі де бұрынғы жүйемен қалмай, жаңа бағытқа бет бұруы керек. Елбасының халыққа арнаған Үндеуінде осы мәселеге баса мән берілді», - деді. Сенатор Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік билік тармақтары жұмыстарының нәтижелілігі мен тиімділігін, тепе-теңдігі мен жауапкершілігін арттыратынына сенім білдірді.

Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында аудан активімен болған кездесуде аудан әкімінің есебі тыңдалды. Жүздесуде сенатор Қ.Ищанов Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерге жан-жақты тоқталды.

 Үшінші жаңғырудың келешегі талқыланды

Парламент Сенатының  депутаты Серік Жақсыбеков Астана қаласында жұмыс бабындағы бірнеше жерде кездесулер өткізді.  Депутат Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты. Мемлекеттік билік жүйесін реформалау, оның ішінде Президент өкілеттіктерін қайта бөлу мен Үкіметтің қызметін бақылау жөніндегі Парламенттің рөлін күшейту туралы мәселелер талқыға салынды.

Сенатор С.Жақсыбеков университет қабырғасында ғалымдар мен сарапшылар, әділет және білім беру министрліктерінің өкілдері қатысқан жиналыста зияткерлік меншік және ғылымды коммерцияландыру саласындағы заңнамалық ережелерді талқылады. Пікірсайыс барысында Мемлекет басшысының жоғары оқу орындарының әлеуетін дамыту, инновацияларды қолдау және оларды өндіріске енгізу жөніндегі алға қойған міндеттерін іске асырудың келешегі туралы айтылды.

Қуаныш Айтаханов:  Ел экономикасында әр өңір маңызды

 Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс бабындағы сапары барысында Сарыағаш ауданында болды.

Сенатор Сарыағаш қаласында аудан активімен, жергілікті мәслихат депутаттарымен, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, ауыл тұрғындары және жастармен кездесті. Жүздесуде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауы мен конституциялық реформаларды түсіндіру және насихаттау жөнінде жан-жақты әңгіме өрбіді. Жолдаудағы бес негізгі басымдыққа тоқталған сенатор еліміздің экономикасын өркендетуде әр өңірдің маңызы бар екенін ерекше атап өтті. Стратегиялық құжатта Елбасы алға қойған міндеттер аясында 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену үшін экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға арттыру және шикізаттық емес экспортты дамыту қажеттілігі айтылды.

Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Сарыағаш аудандық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Полат Тұрсынбаев аудан көлемінде Президенттің халыққа Жолдауы мен үндеуін түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатқанын айтып өтті. «Жас Отан» жастар қанаты Сарыағаш аудандық бөлімшесінің төрағасы, Сарыағаш аудандық жастар орталығының инспекторы Нұрғали Отаров Жолдауда айтылған мақсат пен міндеттердің жастарға қатысты тұстарына тоқтала келіп, қойылған міндеттердің жауапты екенін және жастарға зор үміт артылғанын жеткізді.

Жиын соңында аудан халқы Елбасының халыққа Жолдауына қатысты сұрақтар қойып, стратегиялық құжатты бірауыздан қолдайтындарын білдірді.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052