Жұма, 29 Наурыз 2024
7655 0 пікір 7 Ақпан, 2017 сағат 15:28

АҚШ: ЖУРНАЛИСТ ПУТИНЕН КЕШІРІМ СҰРАМАЙДЫ

Жақында «Fox News» арнасының жүргізушісі  O’Reilly Ресей Президенті Владимир Путинді «қанішер» деп атады. АҚШ-тың 45-Президенті Доналд Трамп ресейлік әріптесі Володяны «құрметтейтінін» айтқан. Бұдан кейін Бил «ол қанішер ғой. Оны қалай құрметтейсіз» дейді. Сөйтіп, Трамп пен Бил арасындағы диалог жұрттың талқысына түсіп, әсіресе ресейлік БАҚ-тың шамына тигенге ұқсайды. Трампты жеті әкесіндей көретін Ресейдің шолақ белсенді саясаткерлері бұған үндемей қалмапты.

«Theguardian.com» жазады. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков O’Reilly сөзіне қатысты пікір білдірді. «Біз «Fox» телеарнасының бұл сөздерін қорлау деп түсіндік. Және осындай сыйлы телекомпаниядан «былапыт» сөздері үшін кешірім сұрауын талап етеміз», - дейді Песков.

Қазір кешірім сұрамаймын

Песковты пір тұтпайтын O’Reilly тікелей эфирде жауап берді. «Мен қазір сол кешірім мәселесімен бас қатырып жүрмін. Шынында ол біраз уақыт алуы мүмкін. Шамамен 2023 жылдары кешірім сұрап қалуым мүмкін», - деді жүргізуші (I am working on that apology, but it may take a little time. Might want to check in with me around 2023).


Айтпақшы, Путиннің «қанішер» екеніне сенбейтіндер «Washington Times» шығарған Bill Gertz жазған «Ақпарат ғасырындағы соғыс пен бейбітшілік» деген кітапты оқуға кеңес беріпті.

Ал «Theguardian» басылымы өз кезегінде, «Путин үлкен саясаттағы 17 жылында саяси оппоненттерін өлтіруге тапсырыс бергендігін жазған. Алайда Кремль әм оның қожайыны Путин мұны теріске шығарды», - деп жазады (Putin, in his 17th year of dominating the Russian political landscape, is accused by some Kremlin critics of ordering the killing of opponents. Putin and the Kremlin have repeatedly rejected those allegations as politically motivated and false). Басылым ресейлік оппозиционер Борис Немцовқа жасалған қастандықты меңзеп отыр деп топшыладық. Себебі, Кремльдің қақ алдында қастандық жасалғаны әм сол кездегі Немцов пен Путин арасындағы араздықтың өршіп тұруы тапсырыс берушінің кім екендігін жанамалай нұсқап тұр.

Таяқтың көкесін Трамптан жейсің

"Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" демекші, бәленің бәрі Трамптың «Путинді құрметтейтінінен» басталған еді. Ол «қанішер барлық елде бар» дегенді айтып, Путинді білікті саясаткер ретінде құрметтейтінін білдірген. Сондықтан да, ресейліктердің Трампты төбелеріне көтере ұлықтайтыны туралы бірнеше дүркін жазғанбыз.

Жақында ғана орыстан іргесін аулақ салуға бекінген Белоруссия президенті Алаксандр Лукашенко Путин мен Трамп достығы туралы баяндап, БАҚ өкілдеріне тәптіштеп айтып берген еді.

«Міне, АҚШ-та Трамп сайланды. Енді Лукашенко көп дүниеден дәмеленбесе де болады дейді. Мейлі, Құдды сол Трмапты солар сайлағандай. Трамп ресейшіл Президент емес. Ол - американдық Президент. Оның сайлауалдындағы ұранына қараңыз. «Біз Американы ең Ұлы мемлекет етеміз» дейді. Ол да ақымақ емес. Ертең теріс айналғанда көресің. Содан кейін Трампты қалай жамандайсың? Сендер сайлаған жоқ па едіңдер?! Трамп Обамадан да өтеді», - деген Лукашенко таяқтың көкесін Трамптан жейсің дегенді ұғындырды. Расында, Трампты Президент ретінде ұлықтауда дүниежүзі елдерінің ішінде Ресей оқ бойы озық шықты. Кремльден бастап, әртістерінің барлығы Трампқа жылы лебіздерін білдіріп жатты. Бұл кезде Трамп тізгінін ұстаған АҚШ штаттарында ондаған мың адам шеруге шықты. Сонда Трамп кім үшін Президент болды?

Трамптың қазақстандық инвесторлары

Трамп демекші, жақында «Bloomberg.com» сайты Трампқа қазақстандық инвесторлар қонақ үй салып беретінін жазды.

Scion желісінің  қонақүйі Далластың орталығында соғылады. Құны 50 миллион доллар тұратын жобаны АҚШ, Түркия, Катар және Қазақстан инвесторлары қаржыландырмақ көрінеді (Trump Hotels plans to open one of its lower-priced Scion properties in a $50 million downtown Dallas project that’s being funded by individual investors in countries including the U.S., Turkey, Qatar and Kazakhstan).

Естеріңізде болса, біз біраз уақыт бұрын «Трамптың демеушілері Қазақстандық олигархтар» екендігін жазған едік.

P.S.Осындайда біздің қазақ билігінің Кремльдің алдындағы дәрменсіздігі еске түседі. РФ Президенті Путинді Гитлерге ұқсатқаны үшін "Аңыз адам" журналы осыдан екі-үш жыл бұрын сотталып кете жаздаған болатын. Ақыр соңында аталған журнал ұжымы қазақстандық қатал соттың алдында жығынды болып, "қылмысын" қаржылай өтеп құтылған болатын. Әрине, Қазақстанмен АҚШ-ты салыстыруға болмайды дерсіз. Әйтсе де мәселе мынада: қазақ тілінде "Аңыз адам" дейтін журналдың бар-жоғын білмейтін Мәскеу үшін әлгі бір шағын мақала түкке де тұрмайтын еді. Бірақ, қазақ билігіндегі сатқындық, қорақтық "жау қылышын қайрамай тұрып қырылып өлдінің" керін келтірді. Әрине,«Fox News» арнасының жүргізушісі әлгіндей сөз айтты екен деп Путиннің қылшығы да қисаймайды. Өйткені оның артында "ә" десең "мә" дейтін өзінің ұлтшыл, импершіл баспасөзі тұр. Оның үстіне Таяу Шығыстың талқанын шығарған АҚШ та "сау сиырдың боғы" емес. Деп келгенде айтпағымыз: мәселе сөз бостандығында ғана емес, мәселе сөз бостандығын ел, мемлекет болып қорғай білуде. Көріп отырмыз, АҚШ журналисті Путинен кешірім сұрамайды екен. Әрине, сұрамауға оның қақысы да, еркі де бар! 

Нұргелді Әбдіғаниұлының шолуы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600