Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 82352 12 пікір 3 Ақпан, 2017 сағат 09:34

"БІЛЕКТІ БІРДІ ЖЫҒАДЫ, БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ"

Ең үлкен күш кімнің күші? Алып балуанның күші ме, шіріген байдың дәулеті ме, жоқ әлде айлакер сиқыршының сиқыры ма? Бұл  үшеуінің біреуін таңдап, нағыз күш деп ойласаңыз сіз қателесесіз. Байдың күші кедейлерге көмектескенінде, әйтпесе қолдың кірі ғана. Балуанның күші бұлшық етінде,  жалғыз ғана қарсыласын жығуға жетер, он балуанға бірден шамасы жете қоймас. Сиқырдың күшін айтпасам да болады, өзі де көз байлап қызықтыратын бірнеше айладан тұратыны мәлім. Ал ешқашан сарқылмайтын, өмірде бағыт бағдар беріп, мыңдарды жығатын күш ол- білім. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді қазақ. Бұл мақалды көбіміз жатқа білсек те, мағынасына терең үңіліп ойланып көрмеген болармыз.

Адам баласы туа сала ештеңе білмегенімен, Алла тағала оны үйренуі үшін барлық мүмкіндіктермен қамтыған. Яғни адам туа білмейді, жүре біледі. Сол сізге берілген мүмкіндіктердің ең негізгісі, және сізді жануарлардан айыратын ол – ақыл және де ойлау қабілетіңіз. Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас демекші осы ақыл ойыңыз арқылы үйреніп, білім күшіне ие бола аласыз.

Бұл күнде математика саласынан метерeологияға дейін керек етіліп келгенімен әлі де зерттеніліп біте бермеген қолданбалы физиканың Каос атты теориясы бар.  Бұл теория мінездері шағын өзгерістерге өте сезімтал келетін күрделі жүйелерді зерттейді және сол  шағын өзгерістер үлкен зардаптарға жол ашады деп жорамалдайды. Едвард Лоренз 1963-жылы Каос теориясының ''Көбелек әсері'' атты принципін ашқан. Лоренздің айтуынша, әлемнің бір шетінде ұшып жүрген әлдебір көбелектің қанат қағысынан пайда болған жел, әлемнің енді бір шетіндегі мұхиттың толқынына себеп болады. Яғни кішкентай көбелектің қанат қағысы қанша болымсыз көрінгенімен, үлкен нәтижеге жетелейді. Сол сияқты сіздің  біліммен жасаған аз ғана талпынысыңыз әлемнің жақсаруына үлесін қоспақ. Білмейтін адам қалай талпынбақ әрине білімнің, білудің де өзіндік құрамы, ережелері бар. Ең маңызды төртеуі төмендегідей.

Өз өзіңізді тану

Өз өзіңізді қаншалықты жақсы білесіз? Өзіңіздің ішкі дүниеңізді еш ауытқусыз айта аласыз ба? Адам баласын кішкентай әлеммен ұқсастыруға болады, тіпті жер бетіндегі су мөлшерімен адам ағзасындағы су мөлшері шамамен бірдей. Әр адам өзінің жан дүниесінің егжей-тегжейін білмей сырт әлемді толықтай түсінуі мүмкін емес. Ал ішкі дүниеңізді тану үшін: ''Менің қайратым неде? Қандай кемшіліктерім бар? Неден қорқамын, қандай жағдайда ашуланамын? Менің қандай құндылықтарым бар? Өмірдегі мақсатым не? Қайдан келіп қайда барамын?'' деген сұрақтарға жауап беруіңіз қажет. Жәй әшейін бір сәтте беретін жауап емес, уақыт өте келе өз өзіңізді бақылай, қадағалай отырып ойланып толғанып беретін жауабыңыз маңызды. Содан кейін басқаларының сіз жайындағы ойлары маңызды емес болып қалады, себебі сіз жан дүниеңізді тани келе шыныменде Алла тағаладан кейінгі сізді ең жақсы білетін адам ол өзіңіз екенін түсінетін боласыз. Өзіңді тану ең әуелі анық және дербес ойлауыңызға жол ашады.

Әлемді тану

Өзіңіздің жан дүниеңізден толығымен хабардар болғаннан кейін сырт әлемді зерттей бастасаңыз болады. Сырт әлем бір жұмбақ, толық суретін көру үшін алдымен бөлшектерін құрастыруыңыз абзал. Құрастырарда сізге ең сенімді  жол нұсқаушыңыз болатын ол – кітап. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» демекші, кітап  білімді болу сапарында ең берік серігіңіз болмақ. Үйде отырып қана сізге Қазақтың тарихын, Европаның соғыстарын, Африкалықтардың өмірін, Американың даму қағидаларын т.б барлығын айтып беретін кітап. Ұлы тұлғалар немесе әйгілі жазушылар Толстой, Диккенс және Мақатаевтермен қарама-қарсы отырып әңгімелескендей әсер қалдыратын да кітап. Көптеген кітаптарды оқи келе, соншама уақыт түсінбей басыңыз қатып жүрген сырт әлемнің барлық шытырмандары біртіндеп өз орнына келіп, сурет айқын көрінетін болады. Яғни,  білімдіге әлем жарықтана түседі.

Тоқтамау

Өзіңізді таныдыңыз, сырт әлемнің бөлшектерін құрастырып жатырсыз, бірақ бірнеше кітап оқыдым немесе мектеп, университет бітірдім деп білімді болып кетпейсіз дегенді ұмытпаңыз. Мектеп білім теңізінің бір бұлағы болғаны болмаса тұтастай бәрі емес. Қолына дипломын ала сала мен бәрін біліп, үйреніп қойдым, жетерліктей білім алып қойдым деген жан расында ештеңе үйренбеген болар. Білім – ол таусылмайтын кен, өмір бойы жалғасатын сапар. Қанша көп нәрсе білгеніңізбен, білмегеніңіз қашан да одан  көп болады. Махатма Ганди айтпақшы «Eртең өлетіндей өмір сүріңіз алайда мәңгі өмір сүретіндей үйреніңіз'».

Жауапкершілік

Өз өзіңізді, әлемді тану және  тоқтаусыз ізденіс –  білім шыңының баспалдақ қадамдары. Шыңға жеткен соң сіздің нағыз күшіңізді растайтын бір нәрсе – жауапкершілік. Білгеніңізді өзгелерге үйрету жауапкершілігі. Алаңдамаңыз, тола бастаған кеседегі су ішіне сыймай сыртқа  аққандай, жан дүниеңіз тола бастағанда өзгелерге үйрету тілегі өздігінен пайда болады. Бұл әлемде білгенімен бөліспейтін адамның құндылығы жоқ. Егер сіз білімнің жауапкершілігін алып басқалармен бөлісe бастаған болсаңыз, әлемнің жақсаруына күшіңізді қосып жатырсыз деген сөз.

Қасиетті  Құран кәрімнің Исра сүресінің 13-аятында Алла тағала: «Әр адамның іс әрекеттерін (тағдырын)  өз мойнына байладық. Сондай-ақ қиямет күні ашық түрде кітабын оның алдына қоямыз» дейді. Яғни, бұл дүниеден қараңғы түнек ішінде өтесіз бе жоқ әлде білім және сенім жарығын иемденіп басқаларға сәулеңізді шашып өтесіз бе барлығы өз іс-әрекеттеріңізге байланысты. Cонда жоғарыда айтқан көбелектің қанат қағысындай, адамзат мұхитындағы надандық толқынын өшіретін білім қанатын қағуға бекініп көресіз бе? Шешім сіздікі, бірақ ұмытпаңыз, аз да болса талпыныс үлкен нәтижеге жетуге себепкер болары сөзсіз.

Амине Қадыр

Abai.kz 

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349