Меруерт Әбусейітова: Қазақ тарихы – болмысы бөлек, қайталанбас тарих
Бүгінде әлем Шығыс өркениетін мойындай бастады. Ал Шығыс әлеміндегі қазақ халқының алар орны қандай? Әсіресе егемендігін жаңа алған мемлекетіміздің өзін-өзі тануында шығыстанудың маңызы орасан зор. Осы орайда Қазақ мемлекеттілігіне қатысты тың деректерді тауып, ғылыми айналымға енгізуде тер төгіп жүрген Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, «Мәдени мұра» бағдарламасы «Шығыстану» секциясының төрайымы Меруерт Әбусейітованы әңгімеге тарқан болатынбыз.
– Меруерт Қуатқызы, сіз басқарып отырған институттың соңғы жылдардағы жұмыс қарқыны қалай?
– Біздің институтта жаңалықтар жетерлік. Әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша көптеген материалдар жинадық. Шығыс ескерткіштеріндегі Қазақстан тарихы бойынша 20 томдық шығардық. Оның бес томы парсы, 5 томы араб, 3 томы түрік, 5 томы қытай және 3 томы моңғол дереккөздеріне арналған. Парсы және араб дереккөздері орыс тілінде, ал қалған үшеуі қазақ тіліне аударылды. 20 томдық еңбектен тыс қазақстандық шығыстану зерттеулерінің 30 томдығы жарық көрді.
Бұл кітаптар еліміз бен ТМД тұрмақ, әлем бойынша сұранысқа ие. Сонымен қатар, ағылшынша, французша, немісше, орысша, қазақша 5 тілде халықаралық «Шығыс» журналын шығарамыз. Таралымы 1000 дана. Журналда тек қазақстандық қана емес, шетелдік ғалымдардың да еңбектері жарияланып тұрады.
Бүгінде әлем Шығыс өркениетін мойындай бастады. Ал Шығыс әлеміндегі қазақ халқының алар орны қандай? Әсіресе егемендігін жаңа алған мемлекетіміздің өзін-өзі тануында шығыстанудың маңызы орасан зор. Осы орайда Қазақ мемлекеттілігіне қатысты тың деректерді тауып, ғылыми айналымға енгізуде тер төгіп жүрген Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, «Мәдени мұра» бағдарламасы «Шығыстану» секциясының төрайымы Меруерт Әбусейітованы әңгімеге тарқан болатынбыз.
– Меруерт Қуатқызы, сіз басқарып отырған институттың соңғы жылдардағы жұмыс қарқыны қалай?
– Біздің институтта жаңалықтар жетерлік. Әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша көптеген материалдар жинадық. Шығыс ескерткіштеріндегі Қазақстан тарихы бойынша 20 томдық шығардық. Оның бес томы парсы, 5 томы араб, 3 томы түрік, 5 томы қытай және 3 томы моңғол дереккөздеріне арналған. Парсы және араб дереккөздері орыс тілінде, ал қалған үшеуі қазақ тіліне аударылды. 20 томдық еңбектен тыс қазақстандық шығыстану зерттеулерінің 30 томдығы жарық көрді.
Бұл кітаптар еліміз бен ТМД тұрмақ, әлем бойынша сұранысқа ие. Сонымен қатар, ағылшынша, французша, немісше, орысша, қазақша 5 тілде халықаралық «Шығыс» журналын шығарамыз. Таралымы 1000 дана. Журналда тек қазақстандық қана емес, шетелдік ғалымдардың да еңбектері жарияланып тұрады.
Соңғы кездегі археографиялық экспедициялар да жазба ескерткіштерді, артефактарды табуда өте нәтижелі болды. Франция, Ұлыбритания, Түркия, Моңғолия, Ресей, Швейцариядан жазба дереккөздер мен мұрағат құжаттары ғана емес, сондай-ақ өте қызғылықты артефактар әкелдік. Аударма жұмыстары жалғасуда. Жинаған материалдарымызды бүгінде ғылыми айналымға енгізіп жатырмыз. Осы орайда, 2005 жылы президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен бастау алған «Цинь империясы кезеңіндегі қазақ-қытай қарым-қатынасының тарихы жөніндегі құжаттар жинағы» аталатын қазақ-қытай жобасын атап айтқан жөн. Жоба бойынша негізінен манчжур тілінде жазылған, қазақ тарихына қатысты 3000-ға жуық құжат жинақталды. Бұған қоса түрлі конференциялар ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ отандық ғалымдар шетелде де көптеп баяндамалар оқып жүр. Институтта ЮНЕСКО-ның «Ғылым және руханият» атты кафедрасы жұмыс істейді. Мәдениет пен конфессияаралық диалог Қазақстан үшін ғана емес, күллі әлем бойынша зор маңызға ие екені белгілі. Біз табылған құжаттардың негізінде Қазақстанның көптеген елдермен байланысын ашып көрсете аламыз. Халықтардың өзара қарым-қатынасын зерделейміз.
Егер Кеңес Одағы кезінде шығыстану ғылымы негізінен Ресейде, Өзбекстанда қарқынды дамыса, бүгінде қазақстандық шығыстану алдыңғы шепке шықты. Мұны ресейлік ғалымдардың өзі мойындауда. Олар Қазақстанда ТМД шығыстанушыларының ассоцияциясын құруды ұсынып отыр. Институттың шығыстану саласындағы еңбегінің жемістілігін осыдан-ақ анық білуге болады.
– Елімізде шығыстанушы мамандар жеткілікті ме?
– Институтта қытайтанушы, т.ғ.д. Бақыт Еженхан, Сағынтай Сұңғатай, Нұрлан Кенжеахметті, Жанымхан Ошан сынды білікті мамандар тобы жұмыс істейді. Мамандарымыз манчжур, қытай, ойрат, шағатай тілдерінде оқи алады. Соның ішінде манчжур тілі – өте көне тіл. Оны оқи алатын мамандар тіпті әлем бойынша санаулы. Біз қазақтың, Қазақ мемлекеттігінің тарихын пәнаралық негізде жазып жатырмыз. Институтта тарихшы, этнограф, филолог, тіл білгірлері бар. Сондықтан кез келген құжатты кешенді түрде зерттейміз.
– Қазақ-қытай жобасының нәтижелеріне тоқталсаңыз. Алып көршіміздің қоржынында біраз дүниелер бар болар…
–Аталған жоба 2005 жылдан бастап 4 жыл бойы жалғасып келеді. Қазақстан көптеген елдермен тығыз саяси-дипломатиялық, тарихи-мәдени қарым-қатынаста болған. Ал бұл жайындағы таптырмайтын аса құнды қаншама құжаттар Қытайдың Бірінші тарихи архивінде жатыр. Бүгінгі таңда 3 том жарық көріп үлгерді. Институттан шыққан осындай кітаптарға тапсырыс өте көп. Әлемнің түкпір-түкпірінен хабарласады. Енді төртінші, бесінші томдар қалды. Сонымен қатар бір мезетте бұл фотокөшірмелер қазақшаға аударылуда. Бүгінде қазақ тіліндегі бірінші томы жарық көрді.
– Таралымы қандай?
– Өкінішке орай 3000 дана таралым аймақтарға, ауылдарға жетпей жатыр. Жуырда Елбасының Жолдауына орай атқарылатын жұмыстар бойынша Оралда болып қайттым. Арнайы кітапханаларды, мұражайларды, университеттерді аралағанда аталмыш кітапты ешқайсысынан көре алмадым. Таралым аз болғандықтан аудандық, ауылдық жерлерге жетпеді ме, белгісіз.
– «Мәдени мұра» бағдарламасының 2009-2011 жылдарға арналған екінші кезеңі басталғанына біраз уақыт болды. «Қазақ-қытай» бірлескен жобасы жалғасын тауып жатқан шығар?
– 2009 жылдың бюджетінде жобаға қаржының бөлінбеуі жұмысымызға қолбайлау болып отыр. Бұл – екіжақты халықаралық жоба. Сондықтан тапқан мәліметтерді дер кезінде қолға түсірмесе, соңынан орнын сипап қалуымыз мүмкін. Мәдениет және ақпарат министрлігі жұмысты 2010 жылғы бюджеттен қамтамасыз етеміз дейді. Ал уақыт өтіп жатыр. Шықпаған әлі 2 том бар. Құжаттарды жинағаннан кейін, аудару керек. Сондықтан бұл жұмысқа кем дегенде 3 жыл кетеді. Іссапарлар бар, мұрағаттарды ақтарып іздеу бар. Ертең оны кім табады?
– Сөзіңіздің ауанына қарағанда жас мамандар тапшы секілді ғой…
– Бүгінде жастар ғылымға келмейді. Еңбекақы төмен, жағдай жасалмаған. Көпшілігі бизнесті, аудармашылықты, жеке фирмаларды таңдайды. Менің ойымша, ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде деректану бөлімшесін ашу керек секілді. Себебі, біздің жұмыс тек тіл білумен шектелмейді, ол – тарихпен де байланысты қиын мамандық. Бірақ қазіргі жастарымыз ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге әуес. Ал бұл зерттеулер отан, халық, мемлекет үшін, мемлекеттің беделі үшін қажет. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға басшылық етеді. Батысқа қазақтардың кім екендігін танытуымыз керек қой. Қандай тарихымыз бар? 2011 жылы мемлекетіміз Ислам конференциясы ұйымын басқармақ. Сондықтан мұсылман әлемімен арадағы байланыстарды да зерттеу керек. Мұсылман дереккөздерінде қазақтар жайында өте көп айтылады. Дүмшетарихшылар бар, қиялшылдар бар, ал біздің мамандар тарихи оқиғаларды дереккөз арқылы дәлелдейді. Қазақтардың тарихы бай, еш халықтыкіне ұқсамайтын ерекеше тарих. Біздің тарихымыз – хаттарда, археографиялық құжаттарда, ауызекі сөз қорымызда, дәстүрімізде сақталған тарих. Мұрағат материалдарын өзгелерге тайға таңба басқандай етіп көрсетсек қандай тамаша болар еді.
– Ал қазақтар жайында еуропалық мұрағаттар не дейді?
– Алматы қаласы әкімдігінің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Анри Мозер қорындағы қазақтар туралы сирек қолжазбалар» атты еңбекті басып шығаруға дайындап жатырмыз. Швейцариялық жиһанкез А.Мозер Қазақ даласында 4 рет болған. Оны халқымыз қонақжайлылықпен қарсы алып, қымбат заттар сыйға тартқан. Швейцарияның Берн қаласындағы тарихи музейдегі Анри Мозердің қорында қазақ тарихы бойынша көптеген бұйымдар сақталған. Бұл қазақтарды, Қазақ даласын, ондағы бүгінде ізім-қайым жоқ болған балбал тастарды суреттеген жазба ескерткіштер ғана емес, сонымен қатар нақты артефактар. Ол өзіне сыйға тартылған дүниелерді көзінің қарашығындай сақтап қана қоймай, мұражайға табыстаған. Мың алғыс айтуға тұрарлық еңбек. Бұл мұралар – тек 18-19 ғасырдың ғана емес, талай кезеңді қамтитын, атадан балаға мұра болған қазақ мәдениетінің көрінісі. Бұйымдар жібектен, барқыттан тігілген, алтын жіптермен зерленген. Мысалы, мұражай қорында сақталған тұскиізде хан-сұлтандардың, билер мен байлардың отыратын орындары нақты көрсетілген. Бұл сол кездегі қазақтардың саяси иерархиясынан, қоғамдық құрылымынан хабар береді.
– Сіз сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасының «Шығыстану» секциясын басқарасыз…
– Жоғарыда атап өткен, институт шеңберінде жүзеге асқан, Қазақстан мен Қытай, Швейцария елдері арасындағы жобалар «Мәдени мұра» бағдарламсының аясына кіреді. Сонымен қатар, жақында Анри Мозердің екі томдығы жарық көреді. Сонымен қатар қазақ тарихына қатысты кішкентай болса да мәлімет бар миниатюраларды тірнектеп жинап, «Шығыс миниатюраларындағы Қазақстан тарихы» атты басылымды дайындап жатырмыз. Осыған байланысты бір оқиғаға тоқталып өтсем, былтыр Британ кітапханасында жұмыс істеп отырып, Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарих» кітабынан Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі, яғни Алтын Орда заманына қатысы бар миниатюраларды кездейсоқ тауып алдым. Олардың бірі «Алтын Ордадағы исламның таралуы» деп аталған. Демек, біздің тарихымыз артефактарда, археографиялық материалдарда ғана емес, сонымен қатар, шығыс миниатюраларында да бедерленген. Осы орайда нумизматика да маңызды дереккөз болып табылатынын айта кеткен жөн. Соңғы кезде монеталар да көптеп табылып жатыр. Олардың беттерінен хандардың билік құрған жылдарын, суретін, шыққан қаласын көре аламыз. Сондықтан тарихымызды зерттеуде қандай да болсын деректемені ұсақ-түйек деп қарауға болмайды.
– Қытай мұрағаттарынан табылған дереккөздер қай ғасырларға қатысты?
– Әзірге Қытай мұрағаттарынан табылған дереккөздер 1742 жылдан басталады. Одан да ертерек кезеңдер бар. Жуырда Иранмен бірлескен жобаны бастағалы отырмыз. Қазақстанның Ирандағы елшілігі арқылы байланыстар орнатып жатырмыз. Осы орайда Қытай, Иран, Ұлыбритания, Швейцария, Франция елдеріндегі елшіліктеріміз зерттеу жұмыстарында қолдарынан келгенше көмектесіп келеді. Иран мұрағаттарында 16 ғасырдың басындағы Иран билеушілері мен қазақтар арасындағы алғашқы қақтығыстар жайындағы құжаттар табылды. Парсы тіліндегі дереккөздер өте көп. Мысалы, Искандер Муншидің «Тарих-и аламара-ий Аббаси» және «Ахсан ат-тауарих» қолжазбаларын айталық. Әсіресе, екіншісінде 1548 жылға қатысты Хақназарды хан ретінде атап көрсеткен ең алғашқы хабарлама кездеседі. Сондықтан біз бұлардың бәрін жинап, жүйелеп, бай тарихымызды түгендеуіміз қажет. Бірақ біздің тарихымыз Қазақ хандығынан басталған жоқ, сондықтан енді тереңге бойлайтын кез келді. Келешекте археологтар, этнографтар, тарихшылар, деректанушылар бірлесіп жұмыс істейтін болуын жоспарлап отырмыз. Себебі сан түрлі сипаттағы салыстыру, сәйкестендіру арқылы талдауды қажетсінетін қызықты деректер өте көп. Сондықтан, көне дәуірлерді, ортағасырларды назардан тыс қалдырмау керек. Қазақ тарихының алтын арқауын түзуіміз қажет. Ал ол күн алыс емес.
– Шетелдіктер қазақтарға қандай баға берген екен?
– Кеңес Одағы уақытында 1985 жылы «16 ғасырдағы Қазақ хандығы» деген кітабым жарық көрді. Маған сын да айтылды. Мұны қозғап отырғаным, Қазақ хандығына қатысты ерекше құжаттар сол кезде де, бүгінде де табылуда. Мысалы, Қытайдың бірінші тарихи мұрағатында Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан сынды қазақ хандарының хаттары өте көп сақталған. Бадр ад-дин әл-Кашмиридің «Раузат ар-ризван» деген еңбегінде қазақтар жайында деректер жиі кездеседі. Одан 16-ғасырға қатысты Тәуекел ханның өлеңі табылды. Қазақ хандарының дипломатиясы жайында да мәліметтер бар. Біз шайбан, сефевид (иран), ортаазия, қытай, осман тарихи дереккөздері деп жіктейміз. Бұлардың бәрінде қазақ хандарының көрші елдің билеушілерімен арадағы хаттары жинақталған. Олардың көпшілігі сауда-саттық жайында. Мысалы, қытай дереккөздерінде Абылай ханның Цинь императоры Цяньлунге «Мынадай да, мынадай дәрілер бар, менің басым, асқазаным ауырады. Мүмкін болса, маған, менің қарамағымдағыларға осы дәрілерді жібертсеңіз» деп жазған хаты табылды. Манчжур құжаттарында да қазақтар жайында көп айтылады. Онда қазақтарда қанша жүз, қанша тайпа, ру болғандығы, қайда көшіп-қонатыны, хандар мен сұлтандардың тізімі жазылған. «Қазақ қоғамы өте бай. Оларда үйір-үйір жылқы, отар-отар қойдың көптігі соншалықты, әр қазаққа 10 мың бастан келеді» делінген. Байқасақ, Қазақ хандары тек шағатай тілінде ғана емес, сонымен қатар парсы тілінде де сөйлеген. Тәуекелдің өлеңі де парсы тілінде. Бірде Қазақстанның Франциядағы сол кездегі өкілетті елшісі Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекованың көмегімен Париждегі Азия өнерінің Гиме мұражайында жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болдым. Гиме мұражай қорында сақталған итальяндық қылқалам шебері Джузеппе Кастильонидің «Қазақтардың ат сыйлауы» атты суреті таптым. Джузеппе Кастильони Цяньлунның сарай суретшісі болған. Сурет 1757 жылы салынған. Оны фотоға түсіріп, көшірмесін кітапта жарияладық. Қазақстан тарихы жөнінде Францияда сақталған жалғыз сурет әзірге осы. Сол суреттің түпнұсқасын Қазақстанға әкеліп көрсетсе, тамаша болар еді. Бүгінде жазба құжаттардан біз сол сәйгүлік сыйлаған елшілердің есімін білдік. Сонымен қатар, суретте Цинь императорының уәзірлері Абылай ханға арнап жебелер, алтын тостаған сынды сыйлықтар ұсынып тұрғаны бейнеленген. Демек, бұл осы кезеңде қазақ-қытай арасындағы сенімді әріптестік қарым-қатынас болғандығын көрсетеді.
– Осы кейде «қазақ өркениеті» дегенге бейім тұрамыз. Бұлай айтуға қаншалықты негіз бар?
– Көп жылдар бойы кеңестік ғылым қазақтарда жазу, мемлекеттілік болмаған деп келді. Мұрағаттардағы құжаттарды келтіре отырып, біз бәріне де дау айта аламыз. Қазақтың хан-сұлтандары Цинь императорына шағатай, ойрат тілдерінде жауап берген, басқа да шет тілдерін меңгерген. Осы орайда тағы бір мәселе туындайды. Бізге жолданған хаттар қайда? Олар хан ордалары орналасқан Түркістан, Ташкент қалаларында болуы мүмкін. Себебі орда бар жерде іс-қағаздарын жүргізген кеңсе болған. Бірінші ойым, хаттар кезінде жойылған болар, әлде олар Ташкент немесе Ресей архивтерінде сақталуы да мүмкін ғой. Оларды тапсақ, Қазақ мемлекеттілігі жайында біраз соны мәліметтерге қол жеткізер едік.
Біз соңғы уақытта көне дәуірлерді зерттеуге көштік. Есік қорғаны, жазуы бар күміс тостаған, осыдан бір-екі жыл бұрын археолготарымыз Шымкентте Арыс ауданынан тапқан кірпіштер, тағысын-тағылар. Ал Ұлы Жібек жолы ше? Қазақстан көне өркениеттер ошағы болған. Енді олардың бір-бірімен өзара байланысы қалай жүзеге асқандығын зерделеуіміз қажет. Сонда өзге өркениеттерден ұлттық болмысымен ерекшеленген қазақ өркениетінің тарихын анық көрсете алатын боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Жанар Елдосқызы
«Ана тілі» газеті 28 мамыр 2009 жыл