ҚХР БАСПАСӨЗІ: "ҚЫТАЙДЫ ТАМСАНДЫРҒАН ҚАЗАҚ"
Жас қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің қолдауымен Қытайдың Хунань провинциясында өтіп жатқан «I am a singer» телевизиялық музыкалық-вокалдық конкурсында өнер көрсетіп жүргенін бәрі біледі.
22 жастағы әнші француз тілінде Грегори Лемарштың SOS d'un terrien en détresse» композициясын орындап, бірінші кезеңнің жеңімпазы атанды.
- Осындай ауқымды халықаралық жобаға менің ұлымның қатысуына қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс сезімімім зор. Сондай-ақ осы игілікті іске тікелей жанашырлық танытып, оның телевизиялық нұсқадағы конкурсының екінші турынан өтіп, үшінші турға даңғыл жол ашуға ұйытқы болып жүрген министр Арыстанбек Мұхамедиұлына ерекше ықыласымды білдіргім келеді. Димаштың үшінші турдағы жеңісі – бұл енді барлығымызға үлкен жетістік болар еді! Алда 14 кезең бар, бізге табыс тілеп, қолдау көрсетіп жатқан барлық жанашырға алғыс айтамыз, - деп ағынан жарылады әншінің әкесі Қанат Айтбаев.
Димаш Құдайберген - конкурсқа қатысушылардың ішіндегі ең жасы. Ерекше дауысқа ие қазақстандық әнші өнерді мейлінші қадірлей білетін қытайлық көрерменді бірден-ақ баурап алды.
Әкесі Қанат Айтбаевтың айтуынша, көптеген жергілікті басылымдар Димаш туралы кесек-кесек жағымды мақалалар жариялап үлгерген. Ал қытайлық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде «Қытайды тамсандырған қазақ» деген тақырыпта мақалалар жазып, телехабарлар таратып жатыр екен.
Мұндай жобаның мақсаты мемлекеттер мәдениетін біріктіру мен әлемдік қауымдастық құру болып табылады. Осы конкурс аясында көптеген көрмелер, театрлық қойылымдар, эстрадалық музыка орындаушыларының халықаралық конкурсы өткізіледі.
Телевизиялық конкурс ережесіне сәйкес, бірінші іріктеу турына Димаш Құдайберген видео нұсқасын жіберіп, екінші турға өткен. Ол алты ән, ағылшын тілінде үш, әлемнің басқа тілдерінде үш ән орындап іріктеу турынан өтті. Үшінші іріктеу турын Қытай телеарналары ішінде рейтингісі жоғары - Hunan TV телеарнасы түсірді.
Abai.kz