Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 44482 0 пікір 23 Қаңтар, 2017 сағат 02:17

КӨП ТІЛДІ ҮЙРЕТУДІҢ... БЕРЕРІ МЕН БЕЗЕРІ

Қостілділік дегеніміз - «адамның екі тілдің көмегімен қарым-қатынас жасауы» (Михайлов М. М. Двуязычие. Чебоксары, 1968, 3-бет), яғни адамдардың қоғамдық өмірде ана тілімен бірге басқа да шет тілінде сөйлеу құбылысы. Ал көптілділік – екіден көп тілдерде түсінісу.

Жалпы, қостілділік, көптілділік – әртүлі этносқа жататын адамдардың, ұлт пен ұлттың, мемлекет пен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастарды қамтамасыз ету мақсатында есте жоқ ескі замандардан келе жатқан әлеуметтік құбылыс. Ертедегі гректер жат тілде сөйлегендерді жақтырмай, «бар-бар» («варвар», яғни не сөйлегені түсініксіз) атаған. Бірақ та халықтар арасындағы аралас-құраластың дами түсуімен байланысты адамдардың екі, не одан да көп тілдерді үйренуге мәжбүрлігі арта түскен. Тіпті басқа тілдерді білмейінше, адамдардың дұрыс өмір сүруі қиындай түскен. Ғалымдардың анықтауынша, болашақта халықтар арасындағы түрлі байланыстардың ұлғая түсуімен байланысты көп тіл білушіліктің де маңызы арта береді. Қазірдің өзінде-ақ көп тіл білушілердің саны бір тілділерге қарағанда, әлдеқайда көп (Ахметжанова З. Язык в социальном, культурном и коммуникативном контексте. Алматы, 2012, 472-бет). Қазір жер шарын мекендеген халықтардың 70 пайыздайы екі, не одан да көп тілдерді әртүрлі деңгейде меңгерген. Өйткені, қазір біз өмір сүріп отырған жаһандану дәуірі шегараларды білмейтін, көп тілде сөйлейтін заман.

Қостілділіктің пайдалы және зиянды жақтары бар. Тағы бір қасиеті бірнеше тілді қолдану барысында оның осы екі жағының бірі ғана жүзеге асады (Г. Д. Алдабергенова. Явление билингвизма в перспективе исследования. В книге «Язык: система, функционирование». Алматы, 2007, 180-бет). Сондықтан да қостілділікті ақ, қарасын ажыратып барып, жүзеге асырудың маңызы зор. 

«Екі тілді білетін адам бір тіл білетін адамнан жоғары тұрады... Әр адам қаржысы мен жағдайы келсе, үш тілді үйренгені жөн; ана тілін, өзі тұратын мемлекеттің тілін және барлық халық үйренуге талпынатын   тілді» (Исмаил Гаспринскийдің нақыл сөздері. «Аңыз адам», 2014, №20).

Шет тілін үйрену барысында адам басқа бір ұлттың сөзін, сөйлем құрау тәсілдерін меңгеру арқылы оның ойлау жүйесіне еніп, рухани әлеміне қадам басады; жаңа бір халықтың ұлттық болмысын ашады. Шет тілінде сөйлеу арқылы сол ұлтша ойлайды; мұның өзі сол ұлтпен іштей жақындастыра түсетін болады. Ең бастысы басқа тілдерді білу адам мен адамды, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты жақындастыра түседі.

Тіл білуі барысында адамның қарым-қатынас жасау, әлеуметтену, білімін арттыру мүмкіндіктері екі-үш есеге дейін артады. Өйткені әр тіл - өзінше бір тұтас әлем. Тіл үйрену арқылы адам жаңа бір әлемнің, әлемдік өркениеттің тағы бір ғимаратының  есігін ашып, ішіне кіріп, таныса бастайды. Бірінші кезекте адамның ақпараттық, мәдени және экономикалық кеңістігі  кеңейіп, таным-түйсігі арта түседі.

Соңғы кездердегі зерттеулер бірнеше тіл білетіндердің басқаларға қарағанда ұқыптырақ, ойын тез жинақтап айтуға қабілеттірек келетіндігін  анықтап жатыр. Оның басты себебі адам бір тілден екінші тілге ойлауға көшкенде, оның миы ақпараттарды шапшаң реттеп, ең маңыздыларын тез іріктеп алуға машықтанады екен (Кирилл Стасевич. Иностранный язык помогает думать на любом возрасте. «Наука и жизнь», 2014, №7). Сондықтан да көп тілділік мәселесіне ғылыми тұрғыдан келіп, оның жақсы жақтарын да, теріс тұстарын да әрдәйім ескеріп отырған жөн.

Осы мәселені арнайы зерттеген бірсыпыра ғалымдар қостілділіктің жас баланың ойлау қабілетінің дамуына кері әсерін тигізетінін анықтаған. Ойлау барысында екі тілдің бір-біріне кедергі келтіріп, тежеу тудыратындығы, сөйтіп баланың ойлау жүйесінің қалыптасуындағы айтарлықтай кері әсер ететіндігін алға тартады.  

Екінші шет тілін үйрену өмір қажеттілігінен туындап, еркіндік, теңдік, ізгілік ниеттерімен жүрсе ғана ол - пайдалы. Б. Хасановтың пайымдауынша, қостілділік - екі жақты (қазақша-орысша, орысша-қазақша) болғанда ғана пайдалы. Негізінен, солай болуы тиіс. Өкінішке орай, бізде бір жақты  жүріп жатыр (Хасанов Б. Х.  Казахско-русское двуязычие. Алматы, 1987, 23-бет). КСРО-ның кезінде белгілі бір мақсаттармен жүзеге асырылған қостілділіктің бір бағытта ғана жүруі тәуелсіз Қазақстанда күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.

Қостілділіктің бір жақты жүруі тіл үйренуді түрлі жолдармен мәжбүрлеп енгізу арқылы жүзеге асып,  орны толмас  зиян шектіреді. Профессор З. Ахметжанова   басқа тілдің басымдығындағы қостілділік  ана тілін қолдану аясын тарылтуға алып келіп, мұның аяғы ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына кедергі жасайтындығын айтады (З. Ахметжанова Язык в социальном, культурном и коммуникативном контексте. Алматы, 2012, 476-бет).

Астана медицина университетінің профессор М. Ахметов «Әр ұлттың Ана тілі - сол ұлттың генетикалық бір Коды. Көп жылдар бойы өзге жүйеде, өзге тілде оқытамыз деп, кодымызды шатастырдық. Тіліміз шұбарланды. Коды бұзылған сана-функциясы быж-тыж болған күрделі механизм іспетті. Орыстың филолог маман ғалымдары бүгінгі орыс тілінің ахуалына «русский язык болен» деп, диагноз қойып отыр, ал біздің қазақ тіліміз реанимацияда жатыр. Қазір тура сондай жағдайдамыз...

Тіл бұзылу, дінсіздену, дүбәрәлану - ұлттың негізгі Кодын шатастырады» (Мұхамбедия Ахметов. Ұлтабар мен көтеншек: айырмасы қандай? «Дат», 08.10.2015)-деп, жазыпты.

Шет тілін білуге ұмтылушылықтың саяси-әлеуметтік, психологиялық, мәдени-антропологиялық себептері бар. Әрбір адам белгілі бір қоғамда өмір сүре отырып, сол қоғамның сұраныстарына, талаптарына сай өмір сүретіндігі белгілі. Демек, қостілділік те адамның қоғамдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында туындайтын табиғи құбылыс екен. Бұл - қостілділіктің, көптілділіктің пайдалы жағы.

Десек те, көп тіл білудің осындай пайдалы жақтарымен қатар, кері әсерін тигізетін тұстары да баршылық екен. Мәжбүрлі түрдегі қостілділік ұлтаралық алауыздықтарды қоздырып, оның қайнар көзіне айналады; қоғамдағы антогонистік қайшылықтарды күшейтіп, бір ұлттың екінші бір ұлтқа басымдығын жүзеге асырып отырады.  Мұның соңы сөйлеушілердің бір бөлігінің, немесе толықтай  ана тілін тастап,  екінші тілге ауысуына, мұның аяғы өз тілінің жойылуына, ұлтының ассимлияцияға ұшырауына алып келеді. Демек, қостілділік ана тілінен екінші бір тілге, яғни өз ұлтынан басқа бір ұлттың рухани әлеміне өткеріп жіберетін көпір рөлін атқарады. Ғалым Дэвид Кристал «Тіл ажалы» атты кітабында бір тілді, немесе ұлтты жоқ қылып жіберу үшін оларға қостілділікті енгізсе, жетіп жатыр деп, жазыпты. Сонда сөйлеушілерінің саны көп басым, яғни басқыншы тіл өзінен әлсіз тілді ассимилициялап, жұтып жібереді екен.

Ғалым Н. Рсалиева шет тілдерін білудің мынадай позитивті тұстарын атайды:

« -генологиялық тұрғыдан жақындығы жоқ, мүлдем басқа мәдениет өкілімен тікелей, аудармашысыз, емін-еркін қарым-қатынас жасай аламыз (бұрын ондай мүмкіндік болмаған);

 - ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізгенде, бұрын тек қана қазақ және орыс тілдеріндегі әдебиет көздеріне жүгінетін болсақ, енді ғылымы ілгері дамыған шетелдердегі мол мағлұматтарға қол жеткізе аламыз;

 - ғаламтордағы ағылшын тіліндегі мағлұматты игере аламыз;

 - тілін меңгерген жастар және ғалымдар экономикасы дамыған мемлекеттерде білім алуға және сол озық тәжірибені елге алып келуге мүмкіндік алды; -өз зерттеулеріміздің нәтижесін де шетелдердегі жоғары халықаралық деңгейдегі конференцияларға, конгрестерге, симпозиумдарға шығарып, көрсете алатын болдық;

- өзге мәдениеттердің көркем әдебиетін бұрынғыдай (негізінен) орыс тіліндегі аудармасынан емес, өз түпнұсқасында да оқып, таныса алатын болдық;

- төл әдебиетіміздің озық үлгілерін де жетекші шетел тілдеріне түпнұсқасынан аудару үдерісі (баяу қарқынмен болса да) басталды;

- ағылшын тілін оқытудың методологиясын әлемдегі ең жетілдірілген тіл үйрету тәжірибесі ретінде (басқа да тілдерді оқытуға) пайдалануға болады; -өндірістің қай саласында болса да, ағылшын тілін немесе басқа да шетел тілін білетін маманның жалақысымен салыстыралы түрде алғанда, жоғарырақ, т. с.» (Н. Рсалиева. Қазақстандағы үш тұғырлы тіл идеологиясының позитивті және негативті тұстары. Кітапта: «Түркітану мен қазақ филологиясының дамуы: ғылыми мұра және ғалым феномені. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары». Алматы, 2014, 320-бет).

 Сонымен бірге елімізде жүзеге асырылып жатқан «қостілділік» пен «үш тұғырлы тіл» саясатының жағымды жақтарымен қатар мынадай негативті тұстары бар:

 «- тілдерді үйрену кісінің басқа пайдалы амалдарға жұмсауға болатын ұзақ уақыты мен көп энергиясын алады;

- өндірісте кейде құжаттарды үш тілде толтыруға тура келеді; жұмыс бірнеше еселенеді;

 - компьютерде тілдерді ауыстырып отырудың өзі де уақыт алады; кейде қай тілде тұрғанын білмей, сөйлемді жазып қойып, өшіріп, қайта жазуға тура келеді; бұл уақытты ғана алмайды, жүйкеге де елеулі дәрежеде әсер етеді;

 - қазақ тілін екі үлкен тіл (орыс және ағылшын тілдері) фонетикалық тұрғыдан да, грамматикалық тұрғыдан да, лексикалық тұрғыдан да бағындырып алып ара жатқандай үдеріске куә болып отырмыз;

 - үстем тілдерде сөйлейтін халықтардың тілімен қоса менталитетін де қабылдау кісіні өз мәдениетінен біртіндеп қол үзуге, соның салдарынан өз рухани құндылықтарына немқұрайлы қарауына, кейде тіпті аяқ асты етуіне дейін алып барады; т. с. с.» (сонда, 325-326 беттер).

Сонымен, қостілділік, басқа тілді үйрену ана тіліне негізделмеген жағдайда пайдасынан гөрі зияны аса қауіпті екен. Швейцариялық священник Э. Блохер «Қостілділік: жақсылығы мен кемшілігі» атты еңбегінде тұлғаның рухани тұтастығын бұзып, интеллектуальды дамуын тежейтінін жазады. Сол сияқты ассоциативті психологияның көрнекті өкілі И. Эпштейн билингвизмнің ойлау қабілетінің дамуына кері әсер ететінін айта келіп, екі тілде сөйлейтін адамды («билингв») бағыты белгісіз тұлға («дезориентированная личность»), ал қостілділікті («билингвизм») әлеуметтік бақытсыздық («социальное зло») атапты. Белгілі неміс ғалымы Лео Вайсгербер  тек ана тілінің ғана адамның жан-жақты жетілуін қамтамасыз ете алатынын, сол себепті де басқа тілді, мәдениетті жаппай қолданудың әлеуметтік тұрғыдан қауіптілігің, онымен тек аса дарындылардың ғана айналысқаны дұрыстығын, жалпы қарапайым жанның о баста бір тілді болып жаратылғанын алға тартады. «Тіл және халық» атты кітабында А. А. Потебня екі тілді жастайынан игерудің өмір туралы  тұтастай түсініктің, ғылыми абстракцияның  қалыптасуына кедергі келтіретінін ескертіпті. Осындай пікірді Фридрих Ницше де білдіріпті (қараңыз: Д. Шайбакова. Билингвизм: за и против. Кітапта: Теоретические и методологические проблемы филологии. Сборник. Алматы, 2015, 593-598).

 Бала психологиясын, тілі мен дүниетанымының қалыптасуын біршама зерттеген еңбектерімен танымал болып, бала дамуының когнитивтік теориясын жасаған  швейцариялық атақты психолог әрі философ Ж. Пиаже бала 6-7 жасында өзінің қай ұлтқа жататындығы жайлы алғаш рет есітіп, хабардар бола бастайды; 8-9 жасында өзінің, ата-анасының қай ұлттан екендігін, ана тілін, туған жерін білетін болады; 10-11 жасында ол өзін сол ұлттың өкілі ретінде толық сезініп, тарихының, мәдениетінің өзгешеліктерін  айыра алады, яғни, оның ұлттық сана-сезімі, болмысы толық қалыптасады  деп, жазады (Ж. Пиаже. Избранные труды. Психология интеллекта. Генезис числа у ребенка. Логика и психология. М., 1964, 659-бет). Демек, бала 10-11 жасында белгілі бір ұлттың өкілі болып қалыптасады екен. Ал бұл кезде баланы басқа тілде тәрбиелеу - оны көзбе-көз басқа ұлтқа қарай итеру болып шығатындығы ешбір дәлелді қажет етпесі анық.

Билингвизмнің проблемаларына арналып 1928 жылы Люксембургте өткен халықаралық конференция  қостілді балалардың ойлау  қабілеті мен тіл дамуында артта қалатындығын бір ауыздан атап өткен. Сондықтан да әрбір бала оның бойында ана тілі негізінде ұлттық ойлау жүйесі қалыптасқанша, алдымен, отбасында, сосын мектептің бастауыш сыныптарында міндетті түрде ана тілінде тәрбиеленіп, содан кейін барып шет тілдерін үйрену пайдалы болмақ.

Көбіне империялардың кезінде көрініс табатын қостілділік аз санды ұлттардың тілінің жойылып кетуіне апарып соқтырады.  Жаһанданудың барынша қанат жая түсуімен бірге тіл империализмі де күшейіп, қостілділік пен көптілділік басқаша сыпат алып келеді.  Сондықтан да қостілділікке, «үш тұғырлы тілге» барынша назар аудара түскен жөн.

Қостілділік туралы Дэвид Кристал өзінің «Тіл ажалы» атты кітабында былай деп жазыпты: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал жаңағы жеңіліс тапқан шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ та «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ - ата-ана қанша әуреленсе де өз балаларына ана тілін үйретуге шамалары жетпейді. Ең өкініштісі де - осында».

Сонда қостілділік дегеніміз де өңін өзгерткен, шапанын айналдырып киген ұлтсыздандырудың тәуелсіз Қазақстан тұсында жүзеге асып жатқан заманға лайықты «модный» бір түрі болып шығады. Қазақ тілінің қазақ қоғамында өзіне лайықты орнын алуына осы секілді сырты жылтырақ, іші былдырақ саясаттардың айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын айтпасқа болмайды.

Қостілділік қазақ ұлтын іштей ірітіп, аз болса да қолында қазақтың билігін ұстаған, өздерін ұлт «элитасы» санайтын шала қазақтарды іріктеп шығарды. Қазір ұлтының болашағы үшін күресте өздерін прогресшіл санап, үлкен мінберлерде  қазақ атынан сөйлеп жүрген шала қазақтардың ұлтының келешегіне келтіріп жатқан зияндықтары оларды іште жүрген ұлт жауларына қосып отыр.

Қостілділік ақыр соңында өз тілін білмейтін, ұлтын менсінбейтін, өздерін ұлттан жоғары санайтын космополиттерді,  «мәңгүрттер» мен көзқамандарды» шығарды. «Мәңгүрт» деген жау қолына түсіп, қорлық пен зорлықтың неше атасын көріп, мүсәпір ғаріпке айналған жан. Ол - трагедиялық бейне. «Көзқамандар» білімді, ақыл-есі бүтін, дүние жүзі тарихынан сөз қозғағанда желдей еседі. Бірақ олардың білімі - өз ұлтына жанасымы жоқ космополиттік білім. Көзқамандардың қазіргі мұрагерлері өз ана тілін білмейді. Халқының салт-дәстүрін мансұқтайды. Елінің тарихын қадір тұтпайды. Ең қасіреттісі сол - олар еліндегі болып жатқан құбылыстарға өз ұлтының мақсат мұраты тұрғысынан емес, басқа бір елдің көзқарасы мен  дүниетанымы биігінен қарайды» (Р. Бердібай).

Сөйтіп, ана тілін білмеушілік, немесе біле тұра менсінбеушілік, оның орнына басқа тілде сөйлеушілік қазақ ұлтын іштей қақ жарды. Қазақстандық неміс жазушысы Г. Бельгер бұл туралы «Қазақтардың қазір тілге байланысты жіктелуі - өте-мөте өткір мәселе. Байшыкештерге ана тілінің көк тиынға қажеті жоқ. Олардың тілі - доллар. Тілді сақтаймын деушілер - түгелімен жалаңаяқ, жарлылар. Жаны күйген базбіреулер бар кінәні орыс тіліне үйіп-төккісі келеді. Бұл - түбірімен қате. Қазақ тілінің басты жауы - ұлттық намыс пен рухтан жұрдай қазақтардың өзі» (Т. Сәукетаев. Қазақтың Герағасы. «Жас алаш», 28.10.2014)-деген пікір білдіріпті.

Сондықтан да  А.Байтұрсыновтың осыдан бір ғасыр бұрын шырылдап тұрып айтқан мына бір ойлары әрдәйім есте болуы керек: «...әр халыққа керегі - өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдык пікір, суық қолдан тыныш боларға керек... Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек... Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы» (Бастауыш мектеп. «Қазақ», 1914, №61); «Әуелі біз елді түзеуді бала окыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстықта, билікте, халыктық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» (Қазақша оку жайынан. «Қазақ», 1913, №14»); «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» (Оқыту жайынан «Қазақ», 1913, №63).  Ұлт қамын, халық келешегін ойлаған әрбір азаматтың есінде жүрер, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, өміршең ойлар «мені ұмытпа, ұмытсаң, күнің қараң болар» дегендей, шырылдап тұр.

Елімізде қос тілділіктің сақталып қала беруіне әсіресе шала қазақтар мүдделілік танытуда. Олардың ойынша, жуық арадағы Қазақстанның болашағы қос тілділікке тікелей байланысты. Әсіресе, Қазақстан билігінің және қазақ элитасының қос тілді болуы  - өмір талабы. «Қостілділік - бізге алла сыйлаған үлкен сый. Сондықтан да біз мұны барынша тиімді пайдалана білуіміз керек. Қазақ тілін дамыту орыс тілінің есебінен жүрмеуі керек, керісінше қостілділікті сақтау бағытында жүруі керек деп біледі» (Ж. Жакупов. Шала қазақ. Алматы, 2009, 59-60 беттер).

Сонымен, қостілділік, «үш тұғырлы тіл»  дегеніміз - ұлтты іштей ірітіп, ұлтішілік жіктеулер туғызатын, сөйтіп, мұның аяғы ұлттық  алауыздықтарға апарып,  ұлтты құрдымға кетіретін, ұлт әлсіреген кездегі ұлттық тілдің жойыла бастауын байқататын жол, адамдардың суға кетіп бара жатқан ұлт тілінен оны осындай жағдайға душар еткен екінші бір тілге  ауысардағы, ұлтсызданардағы   аралық сатысы. Қостілділіктің адамдардың күнделікті тіршілігінде пайдалы жағы көп болғанымен де түптің түбінде ұлттың тамырына балта шабар аса қауіпті құбылыс екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қостілділік екі тілдің теңдігі жайында жүрсе, оны қажетті жерінде орынды пайдалана білсе  ғана екі тілдің де қатар дамып, байи түсуіне игі әсерін тигізе алады.

Орыс тілінің өктемдігінен құтыла алмай жатқанда, аренаға әлемдік ауқымда жүріп жатқан жаһанданудың негізгі қозғаушы күші ағылшын тілі шықты. Білім-ғылымның, халықаралық қатынастардың  негізгі тіліне айналып, әлем халықтарының жартысына жуығы қолдана бастаған ағылшын тілінің қарқыны тіпті қатты. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей, ағылшын тілі төрден орын алуға тырысуда. Қазақстанда да «үш тұғырлы тіл» саясаты жүргізілуде.

Айтарымыз, ағылшын тіліне ешкімнің қарсылығы жоқ. Бар бәле осы «үш тұғырлы»  тіл саясатын жүзеге асырудың жолдарында болып отыр.  Тіпті «үш тұғырлы» тілге Елбасының берген «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің - біріншісі. Негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» - деп, қадап айтқан түсініктемесі де ескерілмейтін болды.

Азамат ретінде ой-санасы, дүниетанымы әлі қалыптаса қоймаған жастарға жарқ-жұрқ еткен түрлі тәсілдермен әсер ету оңай. Сондықтан да қазіргі Батыс түпкі мақсаттарына жету үшін барлық күшті жастарды өздеріне қаратуға салып жатыр. Ағылшын тілінде жүріп жатқан жаһанданудың негізгі ақпараттық бағыты жастардың сана-сезіміне әсер етіп, олардың ұлттық тілінен, ұлттық құндылықтарынан ажыратып, дүниетанымын өзгерту арқылы ұлтсыздандыруға бар күшін салуда.  Сол себепті де бүгінгі таңда еліміздің ертеңі саналатын жастар тәрбиесі шешуші мәселенің бірі болып отыр. Біз бүгінгі жас ұрпағымызды заманға лайықты ұлттық рух бағытында тәрбиелей алсақ, ертеңіміз  жарқын; тәрбиелей алмасақ, күніміз - қараң. Бүгінгі күннің ащы шындығы - осылай.

Жаһанданудың басты міндеттерінің бірі - ана тілінен, сол себепті де ұлттық тамырынан ажырап қалған мәңгүрттерді, ұлтынан жеріген, өздерін ұлттан жоғары санайтын космополиттерді, ешқандай ұлтқа жатпайтын, жатса да оны білмейтін, бойында көптеген ұлттардың қаны, болмысы бар «жаңа адамды» тәрбиелеп шығару. Қазір Батыстың бүкіл ақпарат құралдары, білім, тәрбие  беру жүйелері осы мақсатқа жұмылдырылған.

Өкінішке орай, жаһанданудың осы сияқты тереңірек ойлануды қажет ететін тұстарының  байыбына бара бермей, жылтырап тұрған сыртқы жағына, алғашқы әсеріне малданып, жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарының қармағына түсіп қалып жатқан жағдайлар да жиі кездеседі. Соның бірі біздің білім беру саласында жаһандану жоспарларын жүзеге асыруы тиіс Болон жүйесіне еніп, енді осы Батыстық қалыпқа бүкіл Қазақстандық оқу жүйесін сәйкестендіру жұмыстарының қарқынды жүргізіле бастауы ойлантпай қоймайды. Бұл саладағы жағдай жиі ауысып тұратын әрбір жаңа министрдің жаңа реформалар жасауы барысында ұлттық тәрбие, білім беру сыпатынан айрыла түсуде. Осындай шаралардың бірі жаңа оқу министрі қолға алып, жүзеге асыруға кірісіп те кеткен «үш тұғырлы тіл» саясатын мектеп жүйесіне енгізу болып отыр.  

Біздіңше, балаға шет тілін бала бақша түгілі бастауыш сыныптарда да оқытуға болмайды. Өйткені, А. Байтұрсынов ескерткендей, «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз».

Кеңестік кезеңдегі және одан кейінгі дәуірдегі тіл саясатын зерттеген В. М. Алпатовтың анықтауынша, жас баланың сөйлеу тілі, сол арқылы ойлау жүйесі ата-бабалардан келе жатқан тұқым қуалаушылық арқылы ана сүтінің уызымен қалыптасады  (В. М. Алпатов. 150 языков и политика: 1917-2000. Москва, 2000, 11-12 беттер). Жалпы адамның ойлау қабілеті сол ұлттың тілі арқылы ғана алғашқы мүшелде, яғни 13 жасқа дейін қалыптасады. Жас баланың бойындағы ген арқылы тұқым қуалап келе жатқан ойлау жүйесін сол негізде ана тілі арқылы ары қарай жалғастырса, ол баланың ойлау қабілеті тез жетіледі. Ал енді ойлау жүйесі әлі қалыптаса қоймаған жас балаға өзінің бойында бар ген арқылы келе жатқан ойлау жүйесіне сәйкес келмейтін тілді оқытса, ол баланың бұрыннан тұқымында келе жатқан ойлау жүйесі бұзылып, жаңа тілге негізделген жаңа ойлау жүйесі пайда бола бастайды. Сондықтан да А. Байтұрсыновтың «Бала ең алдымен, өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт», «әр бала өзінің ана тілінде 4 сыныпқа дейін оқуы керек содан кейін барып, басқа тілдерді оқуына болады»  екендігін қадап тұрып айтып кеткенін барлық уақытта да естен шығармаған абзал.

Канададағы ағылшын, француз қостілділігін  арнайы зерттеген ғалымдар М. Сигуан мен У. Ф. Макки мынадай тұжырымдарға  келген. Біріншіден, бала алдымен, ана тілінде тәрбиеленіп, оқып, оны толық меңгергеннен кейін ғана екінші тілді үйретуге болады. Екіншіден, бала негізгі білімді ана тілінде алуы керек. Сонда ғана барып, бала екінші тілді өз тілімен салысытыра отырып, тез меңгеріп кетеді. Қазір қостілді Канадада негізінен, осы ұстанымдар қолданылып, өзінің өміршеңдігін танытуда (Қараңыз: А. Айталы. Тіл мен діл. «Егемен Қазақстан», 25.02.2015). Бізге де қостілділік тәжірибелерінің әлемдік озық тәжірибелеріне назар аударып, оңтайлы жақтарын пайдалану жетіспейтіндей.

Сөздің адам организмінің, оның рухани болмысының  қалыптасуына  әсері мұнымен шектелмейді. Адамның қай тілде сөйлеуі, немесе қандай музыка тыңдауы оның бүкіл физиологиялық, рухани жағынан дамуына тікелей әсер етіп, оның өмірдегі орнын анықтайды. Күнделікті тіршілікте айтылған әрбір сөз, тыңдаған әрбір  әуен, сол сияқты не көрдік, не дедік, не ойладық - барлығы жиналып келіп,  адам организмінің генетикалық аппаратына тікелей әсер етіп, мұның өзі әрбір клетканың ұзақ уақыттар бойы қалыптасқан ұлттық табиғатының өзгеруіне, тұқым қуалаушылық қасиетінің басқа жаққа бұрылып кетуіне апарып соқтырады  екен. Демек, сөз, дыбыс  атаулының барлығы да электромагниттік толқын түрінде адамға жағымды (ұлттық, тұқым қуалаушылық), не жағымсыз (генде жоқ, басқа) тиіп, жағымды болса, тұқым қуалаушылық жалғасын табады да, олай болмаған жағдайда жат әсерлердің теріс әрекеттерінің салдарынан тұқым қуалаушылық қабілеті өзгеріп, не болмаса жойыла бастап, мұның өзі ДНК-ның басқаша сыпатқа ауысуына әкеліп соқтырады. Демек, сөз сол тілде қалыптасқан ойлау жүйесін, дүниетанымын  қалыптастыру  арқылы адамның генетикалық аппаратына әсер ете отырып, оны одан ары қарай дамытады, не не болмаса  өзгертіп, басқа мазмұндағы адамды  жасап шығуға болады екен.

Сөз бен ойдың, сөйлеу мен ойлаудың, сол сияқты ойлаудың өз кезегінде адамның тәнімен, жанымен тығыз байланыстылығы адамның тіл мәдениетін жетілдіріп, тән сұлулығы, жан сұлулығы жарасқан, жан-жақты жетілген жарасымдылықты қамтамасыз етеді. Ғалымдар кей адамдардың дұрыс сөйлей алмауы, не болмаса, кекештенуі сияқты кемшіліктерді  оның  ойлау жүйесіндегі, не болмаса, психикасындағы ақаулармен, яғни денсаулығымен тікелей байланыстырады. Адамның қай тілде сөйлеуі, қай тілде ойлауы  сияқты әдетте байқала бермейтін нәрселердің өзі ғасырлар бойы белгілі бір ұлтқа жатып, белгілі бір тілде сөйлеген адамдардың сыртқы бет әлпетінен бастап, бүкіл физиологиялық құрылымын қалыптастырып, денсаулығына, мінез құлқына, жалпы адами болмысына әсер ететіндігін көпшілік қауым біле бермеуі мүмкін. Өз тілін жетік білмейтін, оның үстіне басқа да бірнеше тілдерде қатар сөйлейтін адамдардың ойлау жүйесінің бір бағытта жүрмей, үзіліп қала беретіндігі, соның салдарынан өз ойын дұрыстап жеткізе алмай, бірді айтып, бірге кетіп сөйлейтіндігі бүгінгі қазақ қоғамында үйреншікті жағдайға айналып отыр.

Ана тілін күнделікті қолдану – адам денсаулығына өте-мөте пайдалы екенін және ана тілімізде сөйлеген адамның бет-жүзін әжім торламайтыны, сөйтіп, ерте қартаймайтынын ғалымдар айтып жүр. Қазақ тілінің өзге тілдерден ерекшелігі дауысты дыбыспен бастал­ған сөз – дауысты дыбыспен ғана, да­уыс­сыз дыбыспен басталған сөз – дауыссыз дыбыспен ғана аяқталады. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сөздің бұлай айтылуы денсаулыққа аса пайдалы. Әсіресе, қазақша сөйлеу кезінде асқазан мен бүйрекке мүлде сал­мақ түспейді. Сондай-ақ, қазақша сөйлегенде ауыздың тек астыңғы жағы ғана қимылдап, қозғалатындықтан адам­ның бет-жүзін әжім ерте торламайды (профессор Несібелі Жә­кенқызы).

Адам белгілі бір тілде қалыптасқан мәдени ортада өмір сүреді. Белгілі бір мәдени ортада сол ұлттың рухани құндылықтарын меңгерген адамдар ғана жақсы жетістіктерге жете алады. Ал сол құндылықтарды  игерудің бірден-бір төте жолы сол мәдениетте жасалынған тіл арқылы жүретіндігі белгілі болса керек. Сөйтіп тіл адамның денсаулығымен бірге оның қоғамдағы орнын да, жетістіктерін де, материалдық жағын да  қамтамасыз ететі бәрден-бір тетікке екен. 

«Әрбір азамат мұншама тіл білуі керек» деген тілге қатысты ешқандай халықаралық стандарт жоқ. Сондықтан да қалайда шет тілін, көп тіл  білуді міндет қылмай, қажеттілігіне қарай үйренген жөн. Өйткені біздің басты мақсатымыз  әлемнің кез келген елінде қызмет істей алатын әлемдік ауқымдағы  азаматтарды   дайындау емес, керісінше, еліміздің ертеңіне адал еңбек ететін жан-жақты білімді, парасатты ұлттық мамандар дайындау екендігін естен шығармайық.

Ал енді екі тіл қатар оқытылғанда, екі тілде қатар сөйлегенде, екі тілдегі ойлау жүйесі де қатар жұмыс істеп, бір-біріне кедергі жасайды. Қазақша сөйлеп тұрған адамның кей кездерде орыс тілін араластырып жіберетіндігі - осы екі тілдік ойлау жүйесінің қатар келіп, бір-біріне кедергі келтіретіндігінің нақты көрінісі. Екі тілдік ойлау жүйесі жұмыс барысында бір біріне кедергі келтіріп, нәтижесінде адамның ойлау қабілетінің дамуына айтарлықтай нұқсан келтіретіндігін ғалымдар айтып жүр. 

Сонымен, бүгінгі күндері Қазақстанның білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан «қостілділік», «үш тұғырлы тіл» дегендеріміз - байқамаса, яғни ғылыми негізде жүргізбесе, тікелей ұлттық тілдің жойылуына, оның артында тұрған ұлтсыздыққа, ұлттың жойылуына алып баратын қаупі бар екендігі әрдәйім есте болғаны жөн.

 «Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Досың да, әріптесің де, жолдасың да көп болады. Алайда, қандай жағдайда да туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тілдің туы қашанда биік болуы қажет» ( Н. Назарбаев. Ұлы дала ұлағаттары. «Егемен Қазақстан», 03.11.2016).

Сондықтан да елбасымыздың  «Оқу жүйесіндегі жаңа реформаны халықтың ойымен санаспай, пікірін тыңдамай қабылдай салды. Мұндай өзгерістер оқушылардың білім деңгейін көтеру үшін қажет. Барлық тараптың пікірі қаралуы тиіс. Ойланбай жасалған тәжірибелер қажет емес, бізді ешкім қуып бара жатқан жоқ» («Елана.кз», 03.01. 2017) – деп, ескертуіне тура келді.

Дандай Ысқақұлы, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048