Украина Ресейге қарсы Гаага сотына арызданды
Украина БҰҰ-ның Гаагадағы Халықаралық сотына Ресейдің үстінен шағымданды. Бұл туралы Украинаның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Марьяна Беца хабарлады.
Шағым терроризмді қаржыландырумен күрес конвенциясы аясында қаралады. Киев Ресейдің Қырымды аннексиялауы, Донбастағы жікшілдерді қолдауы арқылы осы конвенцияның ережелерін өрескел бұзды деп есептейді. Украина президенті Петр Порошенко жікшілдердің әрекетін терроризммен байланыстырды.
2016 жылы қарашада БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Ресейді басқыншы мемлекет, ал Қырым мен Севастопольді уақытша жаулап алынған аумақ ретінде танитын қаулы қабылдады. Құжатта қырым татарлары мен украиналықтардың Қырымдағы құқықтарын шектегені туралы айтылды. Кремль БҰҰ-ның бұл әрекетін "шындыққа сай емес" деп атады.
Абай-ақпарат