Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5574 0 пікір 18 Маусым, 2015 сағат 11:05

«СЫҒАНАҚ» МЕЙРАМЫ

Мәңгілік елдің  қалыптасып, мемлекетік мәртебесін сақтап тұруын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – оның негізі қаланғаннан басталған тарихымен  сипатталады. 

Қазақ елінің тарихы сонау XV ғасырдың 60 жылдарының ортасында Керей хан мен Жәнібек хан қол астындағы ру-тайпалармен өзбек мемлекетінен бөлініп, Шу өңіріне көшіп келіп, жеке хандық көтеруден басталады. 1965 жылдың көктемінде бөлініп шыққан қазақ жұрты Керейді хан етіп сайлайды.

Міне, осы оқиғадан басталған қазақ хандығының құрылуына биыл 550 жыл толды, осындай мерейтойды өткізу мақсатында республикалық комиссия құрып, тойлата бастадық. Бұл мерекені алдағы уақыттарда да осындай мелекеттік деңгейде,  ұлттық сипатта және жалпы халық болып тойлауды дәстүрге айналдырсақ, бұл мейрам жалпы елдің символына айналар еді. Ол үшін ең бірінше кезекте жыл сайын осы мейрамды өткізетін нақты бір күн белгілеу керек.

Қазақ хандығының құрылған мерзімін негізге алатын болсақ, бұл оқиға мөлшермен 1465 жылдың көктем-жаз айларына тұспа-тұс келеді, яғни осы мерзімді және төменде келтірілетін деректермен тұжырымдарды ескере отырып, бұл күнді 4 шілдеге қоюға болады.

Мемлекеттің көрінісін айқындайтын, елдің өркениетінен бастау алып, тамыры тереңде жатқан ел мәдениетінің өкілі екендігін баян ететін көрсеткіш – халықтың  болмысын айқындайтын ұлттық мерекелер. Мұндай мерекелерге Австрияның «пфластерспектакел», Қытайдың және жалпы шығыс елдерінің  «ақ ай мейрамы», Ирландияның «Әулие Патрик күні», Бразилияның «Рио Де Жанейро Карнавалы», Венециядаға карнавал, Нидерландия патша күні, Перудегі күн фестивалі, Оңтүстік кореяның Ежелгі Чосон күні (мемлекеттің құрылған күні), Монғолиядағы наадам т.с.с. әлемге әйгілі, сол елді, ұлтты танытатын мерекелерді мысалға келтіруге болады.

Тәуелсіздік алғанымызға көп уақыт болмаса да, біздің елде өткізілетін ресми мерейтойлардың тойлануы жылдын-жылға кеңейіп жатыр. Дегенмен де қазіргі кезде елімізде өткізілетін мемлекеттік деңгейдегі ресми 12 мерекені тойлану деңгейіне байланысты алып қарасақ келесідей пікірлер туады.

1, 2 қаңтар – Жаңа жыл

9 мамыр – Жеңіс күні

7 қаңтар – Рождество Христово

6 шілде – Астана күні

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні

30 тамыз – Конституция күні

21, 22, 23 наурыз – Наурыз мейрамы

24 қыркүйек – Құрбан айт

1 мамыр – Қазақстан халықтар бірлігі күні

1 желтоқсан – Бірінші Президент күні

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

16, 17 желтоқсан – Қазақстанның тәуелсіздік күні

 

Жаңа жыл, Рождество Христово, Халқаралық әйелдер күні, Отан қорғаушылар күні, Құрбан айт мейрамдары халықаралық сипаттағы мерекелер болып табылады және бұл мейрамдар бізде мемлекеттік деңгейде өтіп, дәстүрлі түрде тойланады. Наурыз мейрамы ауа-райының қолайсыз кезеңдерінде, көктемнің қары еріп, жер езілген,  мал төлдету, егін егу қарсаңында қарбалас сәтке және ата–бабамыз айтқандай «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» уақытқа сәйкес келеді.  Осы себептерден шашыраңқы түрде біреу ерте-біреу кеш, біреу тіпті сәуір айына қалдырып тойлатып жатады. Содан да ма, наурыз мейрамына халықтың құлшынысы бәсең.

6 шілде - Астана күнін алып қарасақ, ол бір күн ғана атап өтілетін демалыс және тек астана күні болғандықтан Астанадан басқа өзге өңірлерде немқұрайлылық байқалады. Конституция күні мен Бірінші Президент күні де бір күн ғана тойланады және бұл мейрамдар ресми сипатқа басым.  Ал Қазақстанның тәуелсіздік күні Жаңа жыл мейрамының әсерінен ескерілмей қалып қоятыны баршаға мәлім.

Ал елімізге қатысты, ұлтқа тән мейрамдар, яғни халық жыл бойы күтіп, жанұясымен, үлкен-кіші барлығы қатыса отырып, шынайы ниетпен, патриоттық сезіммен, рухани, көңілді демалыс алатын, жыл мезгілдердің ең бір қолайлы кезеңіне сәйкес келетін,  апталап тойланатын ұлттық мерейтой жоқ па сонда деген сұрақ туады. Осы сұраққа терең мән беріп, ден қоятын болсақ жоғарыда аталғандай ұлттық бір мейрам жасаудың қажеттілігі туады. Барлық жағдайды жан-жақты зерделей келе, мұндай мейрамды өткізуге ең қолайлы мерзім деп шілде айының басын айтуға болады.

1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі алғаш рет Президент лауазымын бекітіп, оған Нурсултан Назарбаевты тағайындаған. Одан кейін, 1991 жылы 1 желтоқсандаөткен алғашқы жалпы халықтық сайлауда, 1999 жылдың 10 қаңтарында өткен екінші реттік кезектен тыс сайлауда, 2005 жылдың 4 желтоқсанында өткен үшінші реттік сайлауда, 2011 жылдың 3 сәуір күні өткен кезектен тыс сайлауда және жақында 2015 жылы 26 сәуірде мерзімнен бұрын өткен сайлауда жеңіске жетіп Елбасы Нурсултан Назарбаев Президенттікке қайта сайланып отырды. 2010 жылы 15 маусымда Президентке Елбасы (ұлт көшбасшысы) атағы берілді.

Осы аталған уақыттардың барлығының да маңызы бар, барлығы да Елбасына қатысты айрықша күндер болғандықтан, Бірінші Президент Елбасы (Ұлт көшбасшысы) күнін 1 желтоқсаннан 5 шілдеге ауыстыруды ұсынамыз.

            Сонда, 4 шілде – Қазақ хандығының құрылған күні, 5 шілде -  Бірінші Президент күні, ал 6 шілде – Астана күні, яғни 3 мерейтой қатарынан келеді. Әрине, 3 мерейтойдың бір мезгілде өтуі ыңғайсыз, кезекпен бөліп-бөліп, үш күнде бірінен соң бірін өткізудің қисыны келмес. Сондықтан үлкен мерейтойдың мән-мағынасын, құрылымын сақтай отырып, бірыңғай атаумен өткізу қай жағынан алып қарасақта ыңғайлы. Мысалы, сонау қазақ хандығының құрылуынан бастап қазірге дейінгі қазақ елінің тарихына үңілсек, мұндай елдік, ұлттық сипаттағы мейрамға «Сығанақ мейрамы» атауы лайық.

«Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Тарихта «Ол – ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазылады. Қазақ хандығы Сығанақта құрылған. Сығанақ қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ Орданың астанасы болған. Сығанақ жұрты тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды. Қазақ түсінігінде «Алаш» ұғымы «қазақ» атауының баламасы болып табылады. Сондықтан, тарихи деректерге сүйенсек, Алаштың астанасы Сығанақты қазақтың ежелгі астанасы деп тануға толық негіз бар.

Демек, «Сығанақ мейрамы» Қазақ хандығының құрылуынан бастап, тәуелсіздігін алған кезге дейінгі тарихын, Қазақстан ел болып танылғаннан кейін жеткен жетістіктерін, бағындырған биік белестерін, оның дамуында үлкен рөл атқарған тұлғаларды  қамтитын, тарих қойнауының терең қатпарында әлемдік деңгейдегі өзіндік орыны бар үлкен мерейтойға айналуы ғажап емес.

Басқаша айтқанда, «Сығанақ мейрамы» мемлекеттік рәміздер сияқты, мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін, нақты тарихи оқиғаны баяндайтын, өзара үйлесімде орналастырылған құрылымдары бар, балама рәміз тәріздес болып қалыптасады. 

 

Мизамбек УАТХАН

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406