Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 11959 0 пікір 17 Маусым, 2015 сағат 16:02

Есенғали Раушанов: ШЫНДЫҚТЫ АШЫП АЙТУ КЕРЕК ДЕП ШЕШТІМ

Оның қатары бүгінде көптомдықтарын шығара бастаған. Бірақ, бұл кісі кітап шығаруға да құлықсыз. Әйтпесе, үлкен бір баспаның құлағын ұстап отыр. «Осы күнге дейін жазғаным бір-екі кітаптан аспайды» дейді өзі. Бірақ, біз оған сенбейміз. Өйткені, Оның досы да, сырласы да, мұңдасы да – Өлең. Мұндай адамның жазғаны аз болмасы анық. Әңгіме іріктеп, сұрыптап, «ең, ең, ең» дегендерін шығару туралы болса, сөз басқа. Жалпы, бұл кісі сұхбат бермейді. Телевидениеге бармайды. Жазушылар Одағына да. Бірақ, анда-санда әңгімелесіп қалсаң, құлақ құрышың қанады. Бүгінгі кейіпкеріміз – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов. 

Кейде осы қоғамның барометрі сияқты көрінетіні де бар. Осы жолы да әңгімені ә дегеннен халтурщиктерден бастады. «Жастар өссін, көтерілсін деп, артық-ауыс пікір де айтпаймыз. Бірақ, бұлар өсу орнына, халтура жағына қарай кетіп бара жатыр. Өздері өлеңнің не екенін білмейтін жігіттер ел-елді аралап, мастер-класс өткізетін көрінеді», – деп бастады әңгімесін. Алғашқы сауалды ақындық, ақынның қолтаңбасы деген тұрғыда қойдық. 

 – Әңгімені, өзің айтып отырған, әртүрлі ақындардың көбейіп кеткендігінен бастайық, – деді Есенғали аға. – Олар қай кезде де көп болған. Совет өкіметінің тұсында да аз болған жоқ. Онда да өзінің генийлары, өзінің халтурщиктері болды. Бірақ, ол кезде іріктеу бар болатын, редакторлық қызмет деген бар еді. Жақсыны – жақсы, жаманды жаман деп айта алатын әдеби сын бар еді. Қазір заман да, әдебиет те көп өзгере қойған жоқ. Өзгерген бірді-екілі ұғымдар мен нәрселер ғана. Соның ең бастысы – талғамның азайып кеткені. Оның басы жаңа қоғам құрудан бастау алды. Сол жаңа қоғамға сай идеология мен мәдениет пайда болуы керек еді. Бірақ, олай болмады. Мен кезінде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлымен жұмыстас болдым, көрші де болдық. Жақсы жігіт болатын. Талай айттым. «Әй, Алтынбек, тартсаңдаршы тізгінді, тым қатты кетіп барасыңдар», – дедім. Ол әуелгіде «қатты кетпегенде неден қорқамыз?» деп жүрді. Кейін өзгерді. Қатты өзгерді. Ол кезде мен ештеңе демедім. Марқұм көп сөйлемейтін еді ғой. Түбі анадай болды. Біз идеологияға бағыну орнына, белгілі бір топтардың қызығына, солардың таным-талғамына, солардың интеллектісіне бағытталған, соған шақталған, соған лайықталған қоғам құрдық. Бүкіл нәрсені осы жерден іздеу керек шығар деп ойлаймын. Әдебиеттің жағдайы нашар деп отырмыз, былайғы жерде бұдан да нашар болады. Өйткені, бүгінгі қоғам – өзгерісті талап етіп тұрған қоғам. Қазақ ешқашан тұлпар мен жабыны бір бәйгеге қоспаған. Біздің заманда сол мүмкін болып тұр. Мысалы, анау бір кісінің мынау бір туысы, інісі, құдасы Мемлекеттік сыйлық алады, оған ешкім таңғалмайды. Есесіне, Тынымбай Нұрмағамбетов, Серік Ақсұңқарұлы немесе Жәркен Бөдеш алмай қалуы мүмкін. Баяғы заманда мұндайға таңғалатын едік, қазір таңғалатын түк те жоқ. Сол заманда Тынымбайдың, Серіктің,  Жәркен Бөдештің, Тыныштықбек Әбдікәкімовтың намысын қорғайтын, солардың жыртысын жыртатын әдеби сын, әдеби орта – Жазушылар Одағы бар еді. Қазір ол  жоқ. Әдебиеттің есік терезесі ашық-шашық. Абай айтқан, «Көрінген  ит кетеді бір-бір сарып» деп. Әдебиетіңіз бүгінде шешек шығып, шетте қалған бір үй секілді, кез келген адам келіп, керегін алып, шығып кетіп бара жатады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Қаншама халтурщик жастарды дайындадық, дайындап келе жатырмыз. Жастарға берілетін мемлекеттік «Дарын» деген сыйлық бар. Оны кім береді, комиссияның мүшелері қандай, мен оны білмеймін. Әдебиеттің тағдырын шешіп отырған адамдарды танымаймын. Бірақ, олар  жазушы-мемлекет қайраткері, жазушы-қоғам қайраткері болып есептеледі. Абай айтады тағы да, «Сонда жауап бере алман мен бейшара» деп. Содан мен ұятты қойып, «ол жазушы ма еді, қандай жазушы еді?» деп сұраймын. «Иә, жазушы ғой, бірдеңе деген повесі шыққан» деген жауап естимін. 

Тірі жүрсек, топырақтан тысқары болсақ, біздің өзіміз бір-екі жылда алпысқа келеміз. Біздің буын шарасыз, біздің алдымыздағы буын бүгінде жетпіске келді. Олар да осылай кете берсін дейтін сияқты. Немесе шаршаған. Күтулі. Қатты күтулі. Ең мықтысы Дулат Исабеков  газет, журнал, теледидар, радиоға интервью беруден қолы тимейтін секілді. Тіпті, Дүкең аудандық газетке сұхбат беріп жатыр екен десе таңғалмаймын. Қалай жалықпайды, тоба.

1991 жылдан бері мен газет оқымаймын. 1991 жылдан бері теледидар, соның ішінде қазақ теледидарын қарамаймын. Радио екібастан. Аманхан айтса қарауым мүмкін. Кейінгі кезде ол да ештеңе айтпайтын болып жүр. 1991 бастап 2015 жылға дейінгі аралықта әдеби процесс тоқтап тұр. Біз артымыздан ерген жастарға дұрыс тәрбие бере алмадық. Қазіргі жастардың кілең вариация жасаумен әуестеніп кеткені де содан. Поэзияда жаңалық жоқ. Сен қолтаңба туралы айтып отырсың, қолтаңба қайдан болады, жаңалықтың өзі жоқ! Өзі болмайтын себебі, біз оларды салғаннан мақтадық. «Қандай керемет, не деген ғажап!» деп, сайттан сайт қоймай, газеттен газет қоймай, мақтаумен болдық. Ешқайсысы сыналған жоқ. Нәтижесінде, әдеби өлімге пара-пар жағдайға тап келіп отырмыз. Мен пессимист емеспін, бірақ, әдебиеттің қазіргі ахуалы оптимистік ойға жетелемейді. Әдебиеттің қазіргі ахуалы деген не сөз? Ол қоғамның қазіргі ахуалы деген сөз.  Ал ол ахуал маған кереметтей бір оптимистік болжамдар, байламдар жасауға мүмкіндік беріп отырған жоқ. Менің әдетте интервью бермейтінім, мақала жазбайтыным, жастармен кездесуден қашатыным, олардың өлеңдерін оқып жүрсем де, оқымадым деп көзапара өтірік айтатыным, құтылып кетуге тырысатыным осыдан. Аманхан өйтпейді, ол мықты. Менен мықты.

– Бірақ, әр адамның жауапкершілігі деген нәрсе бар емес пе? Мысалы, сіз жаңағыдай кездерде құтылып кеттім деп ойларсыз, сүйкімімді кетірмейін дерсіз, бітпейтін дауды бастап қайтем деп ойларсыз. Бірақ, ол әрі қарай да бәрібір ойландырады ғой, сол күйі ұмытылып кетпейді ғой? Осының бәрін неге айтпасқа?! Әлде, оны түсінетін, қабылдайтын орта жоқ деп есептейміз бе? 

– Орта туралы ойланбаймын. Себебі, біріншіден, ол ортаның маған керегі жоқ. Ортаға менің де қажетім шамалы болуы керек. Сондықтан орта деген нәрседен  шет қалдым. Мен өзіме керек әлемді өзім қиюластырып  жасап алған адаммын. Қолдан жасадым. Саналы түрде. Өмірімнің аяғына дейін оқитұғын кітаптарым да өзіме аян. Олар менде бар. Басқа ортаның  неге керегі бар? Үнемі қайталап айта беретін бір сөзім бар, соны тағы да қайталап айтайын, қоғам өзгеруі керек. Қоғам өзгермесе, ештеңе де өзгермейді. Қоғамның өзгеруін асыға күтіп жүрген екі адам болса, соның біреуімін. Көктемді күткен секілді. Құстардың оралуын асығып күткенсіз бе, күтсеңіз сіз мені түсінесіз. Осыған дейін мұны көп айтпай келдім. Ендігі жерде ашық айтамын. Жастардың арасында халтурщиктер көп. Арсыздық басым. Кісі мақтау, есеппен өлең  арнау сұмдық. Енді айта бастаймын деп ойлаймын. Менің білетінім бір нәрсе – 1991 жылдан бері әдебиетте жаңалық болған жоқ. Жастар арасында бұрынғы жазылған нәрселердің түрлі вариациялары жасалды. Ұйқасты біледі, техниканы меңгерді. Ғабең айтқандай, қазақ өлеңі өзі ұйқасуға сұранып тұрады. Оңай жымдасады. Сол бойынша қазір жазып жатыр. Менің бүкіл жазғаным – 18-20 баспа табақтың арасы. Бұл көп. Қысқарту керек. Мыжи берме деп үйреткен Қуан ағаң мен Тоқаш көкем. Өз қатарым туралы айтпай-ақ қояйын, менен кейін келген жастардың арасында 18 кітап шығарғандары бар екен! Менікі 4-5 кітаптан артпайды. Оның өзінің біреуі құстар туралы кітап. Демек, мұның обал-сауабы бар-ау, осыны таза сақтайық, шалдардан қалған мұра ғой, аманат қой деген ой жоқ қазір. Осының бәрін үйлестіріп отыратын жер де  жоқ. Ресми билік Жазушылыр Одағын жекеменшік бір фирма деп қабылдайтын секілді. Әдебиеттің өсуіне мұрындық болу, оның мұң-мұқтажын айту, дұрыс иманды жолға салу, жақсы нәрселердің жазылуына қолұшын беру, өзге елдермен араласу, аударма, насихат жұмысын үйлестіріп отырудың орнына, қаптаған халтурщиктердің ұясына айналды. Кезінде Әбдіжәмил ақсақал бастап, ПЕН-клубты құрған едік. Марқұм Симашко екеуміз орынбасар болдық. Әдепкіде әлгі айтқан шаралар жақсы жүрді. Бізге мүше болғысы келгендер көбейді. Көбейдік. Есесіне  сапа төмен түсіп кетті. Алған алғысымыз шамалы. Симашко Израильға кетіп, сонда қайтыс болды. Құтылып кетті. Қазіргі ПЕН-клубпен менің қатысым жоқ. Алматы, Астанаңмен де. Сол екеуі іздемеген сайын қуанамын. Бір күн болса да былғанбай жүргенге не жетсін. Екеуі де жат. «Жат ішіндегі жалғыздай» деген өлең бар ғой. Біржолата кетіп қалайын десем, Қазақстан біреу. Басқа Қазақстан жоқ. Басқа Қазақстан болса көрсетші, қарамды сол күні-ақ батырайын. Жә, ПЕН-клубқа оралайын. «Сонымен сол апаң байға тидінің» кері. Ол баяғы клуб емес. «Аға, сен мені ондай дау-шарыңа  араластырма» деп шалға айттым. ПЕН өзінің мүмкіндігін сарқып бітірді. Жазушылар Одағы да сол. Олай болатыны айналасында жүрген жігіттер көркем әдебиетті иман, ұят, обал мен сауаптың ісі деп білмейтін сияқты, есен-сау, алдырмай-жұлдырмай жүрсек болды деп қабылдайтын секілді. Одақ кісі өлсе керек – бір, екіншіден, сыйлық үлестіргенде керек. Шығарма талдау, таразылау, перспектива белгілеу, шетелдермен байланыс, елге әдебиетті таныту, насихаттау, нашар дүниелерді талқылауды қойдық. Неге ол Жас әдебиетшілір кеңесін өткізбейді? Мемсыйлыққа ұсынылар дүниелер талқылаудан өтпейді. Қатысып тыңдар едім. Бірақ, қайтеміз, жоғарғы жақ соларды мойындайды. Жазушылардан қорқудың керегі жоқ. Дұшпандық ақындардан келмейді. Талантты адамдарды қорлап отыр. Шын таланттарды. Баяғы ескі өлең қалай деуші еді: «Осы күні шығып жүр, Қасым деген бір ақын». Соңғы кезде Сәбит Досановтың тасы  өрге домалай бастады. Өрге ғана емес, аспанға шапшып тұр. Бауырынан жараған қарайғыр секілді. Түбі Оразалиннің орнын алады-ау сол. Сұры жаман. Мемлекеттік сыйлықты лайықсыз алғандар кейін келер заманда кері қайтаратын болады. Бұған сеніңіз. Кезінде Совет өкіметінің құлайтынына да ешкім сенген жоқ. Дүние өзгереді әлі. Тек тезірек өзгерсе екен сол бар болғыр. Терезені ашып, бөлмені желдетіп алмасақ, ауа адам тұншығарлық болып кетті. Осындай күйге тап келіп отырмыз. ПЕН-клуб та, Одақ да қарапайым нәрселердің өзін жасай алмай отыр. Сондықтан, әрі қарай не боларын болжай да алмаймын. Оптимист болғым-ақ келеді, бірақ соған негіз жоқ. 

Ақындардың қолтаңбасы дегенге қайта оралсақ. Өткенде Гүлнәр Салықбаеваға «Жазушы» баспасының «Жылдың үздік ақыны» деген сыйлығын бергіздім. Сол жерде де айттым, тағы қайталап айтайын, мың-сан өлеңді араластырып, қопарыстырып жіберіп, ішінен суырып алған уақытта да Гүлнәрдің өлеңін тануға болады. Сол сияқты сонша өлеңнің ішінен Темірханның, Серік Ақсұңқарұлының, Жәркен Бөдештің немесе Аманхан Әлімнің, Тыныштықбек пен Ұлықбектің өлеңін жаңылыспай тауып алуға болады. Ал кейінгі жастар инкубатордан шыққан сияқты. Бәрінің өлеңі жақсы. Бірақ, керемет емес. Сондықтан мен оларды ақындар деп емес, оқырмандар  ретінде бағалауға бейіммін. Не, оқырман болу жаман ба? Қолтаңба деген осындайдан шығады. Өткенде Тынымбай Нұрмағанбетовпен әңгімелесіп, жастардан кімді оқып жүргенін, жалпы оқитын-оқымайтынын  сұрадым. «Оқимын, бірақ тұшынбаймын» дейді. Мұқағали айтпақшы, өлең «арпалыс-қайшылықта туады». Қайшылығы жоқ, ашық тұрған есіктен емін-еркін кіріп, алшаңдай басып төрге өткен балалар ғой. Баяғыдай арпалысу, дәлелдеу, көзін жеткізу дегенге олардың ешқайсысы тап келген жоқ. Асылында, жастарға қарсы сөйлемеу керек. Өйткені, жастың аты жас. Оларды қорғап, қолдап-қолпаштау керек. Бізді де сөйтіп қорғады кезінде. Бірақ, қазақта «нар баласын қарпып сүйеді» деген сөз бар. Әдеби тілге аударсақ, кемшілігіңді бетіңе басып айтып отырады деген сөз. Жер-жерде толып жатқан фестиваль, мүшәйралар халтурщиктерді қаптатып жіберді деп ойлаймын. Жақында бір кісі маған Жукель Хамай деген монғол ақынының топтамасын берді.  Қызық екен. Сол секілді ақындарды көбірек аудару керек. Олар әр елде бар.

 

ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?..

Мен тақауда Өзбекстан  Жазушылар Одағының Ташкенттегі  Дүрмен шығармашылық үйінде  болдым. Жазамын деп жүрген бір нәрселерім бар еді... Бірсыпыра қағаздарымды реттестіріп дегендей... Өзбектер Жазушылар Одағының шығармашылық үйін сол күйінде сақтап қалған. Барлық мүшелерге қолжетімді. Тап-таза. Одан тысқары Дүрмен бағында атақты қаламгерлерге арнап коттедждер де тұрғызған. Әркім өз орнын біледі. Әр нәрсе өз орнында. Қалыптасқан тәртіп (ал тәртіп Өзбекстанда қатаң сақталады) бойынша, әр жазушы сол коттедждерді жалдап тұруға құқылы. Жазып жатқан дүниең аяқталмаса, мерзімін әрі қарай создырасың. Жазып болсаң үйді босат, басқа жазушы келеді.  Үш аптаға мен біздің ақшамен он сегіз мың теңге ғана төледім.  Өзбек қаламгерлерінің өз президенті Ислам Каримовқа деген сыйластығы керемет. Оның көркем әдебиет туралы, руханият  туралы  қанатты сөздерін Дүрмен бағының ең көрнекті жерлеріне жазып қойған. Және бұл көпе-көрінеу жағымпаздық емес, шын қамқорлық танытып отырған жұртбасына деген ағеден ықылас. Жұртбасының өтірік сөйлемейтініне, барды бар, жоқты жоқ дейтініне разы. Тіпті, әділдік үшін туған қызын да заңмен жазалағанын айтып риза болысады. Біздегідей мыш-мыш әңгіме жоқ. Бәрі ашық. Сосын ешкім жаза баспауға тырысады.

 

Әлбетте, 2005 жылғы Андижан қырғынын ешкім ұмытқан жоқ. 

Әлбетте, Ташкент метросының әр бекетінде екі милициядан тұратыны, кез келген көшеде  кез келген адамды тоқтатып тексеретіні тағы рас.

Қазақстан Жазушылыар Одағының шығармашылық үйі қайда? Мен оны білмеймін.

Қазақстан Жазушыларына баяғы Храпунов беретін базар қайда? Оны да мен білмеймін.

Қазақстан Жазушылар Одағында неге шығармашылық атмосфера жоқ, мен оны да білмеймін.

Қылмыс бар жерде Жаза болуға тиіс. Біздің Одақты тексермеген орган жоқ, бірақ неге жабулы қазан жабулы күйінде қала береді?..

 

ХАЛТУРАНЫ НАСИХАТТАУ – ӘДЕБИЕТТІ ҚОРЛАУ

– Сіз үнемі айтып жүретін Сырбай Мәуленов, Ғафу Ғайырбеков, Сағи Жиенбаев, Қуандық Шаңғытбаев қатарлы бір топ ақын бар. Ол кісілердің заманында өлеңге деген көзқарас та басқаша болған сияқты. Қуандық ағамыздың, мәселен, өлең жазбай да кеткен кездері болды...

– Өмір бақи жазғаны – жалғыз томға жетер-жетпес. «Евгений Онегиннің»  аудармасы басқа. Сұңқар ақын ғой! Керемет талғампаз ақын. 

– Сол талғам тұрғысынан қараған уақытта Қуандық Шаңғытбаев қатарлы тағы кімдерді айтсақ болады? Қазіргі прозадағы тазалық туралы сөз болса, ең алдымен есімізге Тынымбай Нұрмағанбетов түседі. Сол сияқты біздің қазақ поэзиясындағы тазалық пен бекзаттықтың үлгісі дерлік ақындар кімдер? 

– Сырбай аға Мәуленов керемет бекзат еді. Ерекше таза адам болатын. Ол кісі туралы «Жаздың жұпар жаңбыры» деген мақала жаздым. «Жас Алашқа» шықты. «Жас Алаштан» басқа ешкім менің шығармаларымды баспайды да. Оның өзі кейінгі кезде қайсыбір халтурщиктерді насихаттайтын болыпты. Осы жаңа ғана Әмірхан Меңдекемен сөйлесіп, «бұдан кейін сенің газетіңе ештеңе бермеймін, кестім ат құйрығын, сен мені қорладың» дедім. Қорлағаны сол, халтурщиктерді басады, соларды насихаттайды. Ал мен оны әдебиетті қорлау деп түсінемін. Яғни, бірінші кезекте мені қорлау деп түсінемін. «Қазақ әдебиеті» туралы тіпті айтқым да келмейді. Жұмабайдың өзіне талай рет айттым да. Бұл өзі сексен-тоқсан жылдық тарихы бар басылым ғой. Арғысын көп біле бермеймін, бірақ мен білгенде, бұл газеттің дәл осы күнгі деңгейге дейін құлдыраған кезі болған жоқ. Осыншалық нашар болғанын көрген емеспін. Баяғыда Шерхан Мұртазаның кезінде мықты болып, Сайын Мұратбековтің кезінде кішкене төмендеп кеткен кездері болатын. Ол кезде де әртүрлі интригалар болып жататын, оны балалықпен аңғармадық. Ал бүгінгі, әсіресе, соңғы он жылдағы «Қазақ әдебиеті» өте нашар. Басқасын айтпағанда, сөйлем құраудың өзі шылқып тұрған жоқ. Шерханның тұсында бұл әдебиет пен мәдениеттің газеті болатын. Қазір әдебиеттің өзінің жүгін көтере алмай отыр. Егер қазір осы газет жабылып қалатын болса, мен түк қиналмас едім. Өйткені, «Қазақ әдебиетін» оқымасам ештеңе жоғалтпайтынымды білемін. Кейін сауатты жастар келіп қайтадан ашып жатса, оған тілектес боларым тағы даусыз. Осы күйінде бұл газеттің неге керегі бар екенін мен білмеймін. «Қазақ әдебиетін» бір кездері жаңа айтып отырған Сырбай аға басқарды. Ол кезде халтурщиктер аз болды дейсің бе? Адам салатындар, кісі салатындар, ағасын сүйреп баратындар ол уақытта да көп болатын. Кезінде өзім де журналға редакторлық еттім, жақсы білемін. Ондайға төтеп бере алатын төзім, ішкі принцип керек. 

– Сырбай ағамыздан басқа кімдерді айтуға болады? 

– Қалижан ағай Бекхожин бар. Дұрыс адам болды деп есептеймін. Шығармаларына қарасаң, халтура жоқ. Шындығын жазды. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ Қалижан ағай өлеңде ешқашан халтура жасаған жоқ. Ұмытылып, мүлдем айтылмай бара жатқандардың арасында Ізтай Мәмбетов бар. Қайнекей Жармағамбетов, Қасым Тоғұзақов деген ақындар болды. Ұмытылып қалды. Оларды іздеп жатқан одақ та жоқ. Білмейді де, тіпті, оқымаған да болуы керек солар. Ақын адам оқымаса, өспейді. Чехов 700-ге жуық шығарма жазған екен. Бунин зерттеу жүргізіп, соның 49-ын ең мықты шығармалары деген тоқтам жасаған. Сол Чеховтың артықшылығы ретінде үнемі тіл білгендігі айтылады. Қазір өзге әдебиетті түпнұсқада оқу, тіпті, орысшаның өзін оқу деген жоқ. Өзің білесің, мен шет елдерден келетін қазақтарды жақсы көремін. Мұның себебі көп. Бір себебі Үкімет менің бабаларымды да  қаңғыртқан. Біздің шалдар туралы Арнаулы қаулы да болған. Оралмандарды жазып жүрмін, қадари-қалымша жәрдемімді де беріп жүрмін. Бірақ, көңілім қалатын бір нәрсе, алдының келгеніне 20-30 жыл болды, көбі әлі күнге  қазақ жазуын  оқи алмайды. Жақында Ираннан келген бір ағайыныма ұрыстым. Түк оқымайды сабаз.

Осы жерде мына мәселеге назар аудару керек секілді. Өзбектің зиялы қауымы зар жылайды, «латынға көшкелі балам мені, мен баламның жазғанын оқи алмаймыз» деседі. Оларда жиырма жылдан бері екі әріп. Кирилл мен латын. Жиырма жылдан бері әрі-сәрі. Қаламгерлер баспа басшыларына «менің кітабымды кирилл қарпімен шығар» деп жиі өтініш айтады. Өзбек жастары арасында орысша білмейтіні өте көп. Жаза да алмайды. Декларация толтыра алмайтыны қанша? Ал біздікі не? Оралмандар қалай ма, қаламай ма, қазақ әліппесін үйрену керек, оның үстіне орысша үйренсе өзіне пайда. Ол керек дүние. Ең болмаса, дүкенге барса да, қажетіне жарайды. Оқуды былай қойғанда. Орысша үйренбейсің бе дегендерге «сендер орыстың құлы болып үйреніп қалғансыңдар, бізді де орыс қылғыларың келеді» деп Абай заманының надандарынша кергудің пайдасы шамалы. Орысша білу аз, ағылшынша да білу керек. Мен Жазушылар Одағы басшыларына айттым: «Анау ғимаратты арендеға беріп ақша тауып отырсыңдар ғой, соның бір-екі бөлмесін босатып, жазушыларға тіл үйрету курстарын ашыңдар. Қаптаған қалың надан болып кетуге шақ қалып тұрсыңдар», – дедім. Шығыста бір қарғыс бар, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген. Шығыста тағы бір бәйіт бар: «Мүһмин болмақ әсте-әсте, Кафир болмақ бір пәсте». Жоқ, надан болмақ бір пәсте, яки тез, жылдам деген сөз. Жылдам тіл үйреніп кеткен оралмандарға жаның сүйсінеді. Орыстың шовинистігін жек көруге болады, бірақ, оның әдебиетін жоққа шығаруға болмайды. Оны оқу үшін тіл білмек керек. Осының бәрін үйлестіріп отыратын ұйым, адам жоқ. Жарайды, Жазушылар Одағын қояйық, ол, Бейімбет айтпақшы «белгілі Бекбике» болып тұр ғой, бірақ, басқалар бар емес пе? Мәселен, бұрын Премьер-министрдің бір орынбасары осындай мәселелерге қарайтын. Мемлекеттік хатшы деген болатын. Қазір де бар. Бірақ, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед болған кездегідей ме? Олармен әдебиет туралы сөйлесуге болатын. Кейін ол орынға Саудабаевты қойды. Анау бір әйелді қойды. Саудабаевпен әдебиет туралы не айтуға болады? Саудабаевпен жалпы не туралы әңгімелесуге болады?! Қазір қайсыбір басшылар туралы «Саудабаевтың мораліндегі адам ғой» дегенді естимін. Демек, «Саудабаевтың моралі» дейтін «мораль» бар. Ал ондай адаммен не туралы сөйлесуге болады? Түптеп келгенде, қоғам өзгермей, ештеңе өзгермейді. Сондықтан, осы сіз бен біздің айтып отырған әңгімеміздің де біреуге керегі бар екеніне күмәнім бар. 

– Жасыратын нәрсе емес, мықты-мықты ақындарымыздың біразы билік басындағылар мен бай-манаптарға арнау жазып, соларды әспеттеп, соларды марапаттап жүрді. Тіпті, Фариза апамызға дейін осындайға араласып кетті. Осының барлығы асқына келе, мақтауға арналған поэмалардың жарысына ұласып кеткендей көрінді. Мұндай нәрсе сіздердің жас кездеріңізде де болды. Мұндай нәрсе сіздердің алдарыңызда да болды. Бірақ, оған былғанбай, ондайдан биік тұрғандар да баршылық еді. Қуандық Шаңғытбаев «Сталинге арнап бірде-бір шумақ, бірде-бір жол жазған жоқпын» деп, соны өзіне медет тұтып өткен ақын, мәселен. Бірақ, сталиндік репрессияның зардабын көре тұрып та, сол көсемге марапат айтқандар болды. Ақын адамның біреуді мақтауы, біреудің ығына жығылуы, біреуді дәріптеуі ақындыққа қиянат емес пе? 

– Көсем мақтау Жамбылдан басталды деп жүрміз ғой, анығында мақтап ат міну, мақтап шапан кию деген Жамбылға дейін де болған. Тіпті болмаса, жетім лақ беріп, есек жетектетіп жібереді екен. Халық әнінде «Қу кедейлік қолымды кесіп отыр» демейтін бе еді? Сұрамсақтық, тіленшектік деген сол ерте кезден бар болса керек. Мен тіленбедім. Қай кезде де жасырмай айтып жүрмін, мен бар жердің баласымын. Жеті атамыздан бері жілік майымыз үзілмеген тұқымбыз. Біреудің малын бақпаппыз. Шошқасын да. Қорлыққа, мазаққа, иттікке, тексіздікке шыдамайтындарданбыз, бақытым да, бақытсыздығым да сонда. Намыс деген бізде басқаша қабылданады. Біреудің сөзін сөйлеу, біреуді бөстірте мақтау, содан бірдеңе дәмету дегенді түсінбеймін. Иә, Тұманбай туралы жаздым, Сағи туралы жаздым. Сырбай, Ғафу, Қалдарбек ағамыз туралы да жаздым. Хамаң мен Тахаң қалып тұр. Жазамын. Бірақ, олардан ештеңе дәметкен емеспін. Кезінде Қонаевты мақтау, дәріптеу дәуірінде бір ағамыз пьеса жазды, біреу роман жазды, Тұрсынзада Есімжанов поэма арнады. Қалай қабылданғанын өзің білесің. Қонаевты қанша жерден мақтап, дәріптегенмен, ол дүниеден өткенде Садықбек Адамбековтің жазған бір шумақ өлеңі ол кісінің кім екенін белгілі бір ортаға дәлелдеп кетті. Қазақтың тілі, әдебиеті үшін шөп басын сындырмай кетті деген пікір бар. Осы сөз қаншалықты рас? Қаншама қазақ мектебі жабылды, қаншама орыс мектебі ашылды. Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі болды. Біздің балалар сонда оқыды. Қонаевтың тұсында Қазақстандағы қазақ мектебінен Өзбекстандағы қазақ мектептерінің саны көп болды. Сәкеңнің ел арасында кең тараған өлеңдері көп. Соның бірі:

Политбюро ішінде

Тұрушы еді сорайып. 

Ардақты татар халқының, 

Аяулысы кетті Қонаев, – деді. Оның алдында  Ғабит Мүсірепов қайтыс болып, төмен жаққа жерленді. Қонаевтардан төменге. Садықбек ағамыздың  мына өлеңі сонда туды: 

Қазақтың ұлы Ғабиті,

Тас жолға сүйеп иегін,

Күзетіп жатыр Кеңсайда,

Саудагер татар сүйегін.

Мақтау мен дәріптеу әдебиетте де болды. Бірақ, ол жарық көрмейтін әдебиет еді. Фариза апамның бай-бағландарға өлең арнағаны рас, ондай болды. Оны кезінде апамызға айттық та. Бірақ, ол кісінің қабылдауы басқа болатын. «Олар менің достарым, інілерім», «менің сіңлім» дейтін. Өзінің ойлап тауып алған шындығы болатын. Осындай нәрселер өлеңді қорлау екенін түсіну керек. Мысалы, қазір бір ауданға бара қалсаң, әкімі қарсы алады, қасында шапан жамылған ақыны болады. Сол ақыны сені мақтайды. Мұнысын сені сыйлағанымыз деп түсіндіреді. Өлеңді біз осылай «қадірлеп» келеміз. Өлеңді туған анаңдай қадірлеу керек. Оны көп азамат тоқалындай пайдаланып жүр.1991 жылдан бері пайда болған дерт бұл.

Менің бір таңғалатыным, «менікі дұрыс болмады-ау» деген түсінік жоқ бізде. Халықтан кешірім сұрау жоқ. «Ондай-ондай болады ғой» деген түсінікпен өмір сүріп жатырмыз. Қоғам өзгерісті күтіп тұр. Қоғам іріп-шіріп, иісі шығып, мүңкіп тұрған қоғам. Ол өзгермей, ештеңе өзгермейді. 

 

ПОЭЗИЯ ДЕГЕН ШОУ ЕМЕС!

– Қирабаевтарға ұстаз болған, Бельгерлердің әдебиетке келуіне ықпал еткен Қайнекей Жармағамбетов бүгінге ұмытылып та кетті. Бірақ, харизмасы жоқтықтан ба, жоқ әлде, өзіне жарнама жасауға шорқақтығынан ба, одан беріде де көптеген ақындарымыз айтылмай кетті. Мысалы, өзіңіз талай жыл бірге қызмет істеген Есенбай ағамызды да өзгеше өрнегі бар ақын десек, келісетін шығарсыз. Өмірінің соңында достық әзілдер де жазып жүрді... 

– Онысы нашар болды. Есенбайдың жазған шығармаларының ішіндегі ең нашары сол әзілдері болды. Қолынан келмейтін нәрсеге ұрынды. Сынның жоқтығынан ол да. Қазақта достық әзілді, эпиграмманы жақсы жасаған жалғыз адам бар, ол – Жарасқан. Ал Есенбайдікі ұйқасқа ғана құрылды. Көркемдік, тың шешім, тапқырлық деген онда болған жоқ. Есенбайдың өлеңдерінде кезінде жақсы-жақсы нәрселер болды. Академик Рымғали Нұрғалиев соны дәл байқап, дәл бағалаған да еді. «Бозторғай» деген керемет өлеңі болды. 

– Есенбай ағамыз сияқты ақындардың көпшілігі баспада қызмет етті. Кейде осы кісілердің мүмкіншілігі басқалардың өлеңін өңдеп-жөндеумен қор болып кеткен жоқ па деп те ойлайсың. Ұлықбек ағамыз да кезінде баспада істеді. Жалпы, ақындардың көпшілігі баспада қызмет етті ғой...   

– Баспада, газет-журналда істемесе, одан басқа қайда істейді? Оны каторга ретінде қабылдаудың қажеті жоқ шығар. Жұмыс істесе, ақшасын алды, бала-шағасын асырады. Ал кейбір ақындардың ұмыт қалып жатуына келсек, ол заңдылық. Солай болуға тиіс. 700 ақын-жазушы бар деп жүрміз, расында, оның барлығы ақын-жазушы емес. Сонымен бірге, оның барлығы қазақтың есінде қалып, алақанында әлпештеліп жүруі керек деген де сөз емес. Одан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Ал ескерілмей қалатын есіл таланттар болады, ол, әлбетте қиын. Кейде осы біздің баспаға баяғыда Мемлекеттік сыйлық алған кейбір ақын ағаларымыздың үйіндегі жеңгелеріміз келеді. Ұмыт қалып бара жатқанына ренжиді. Совет өкіметін мен құлатқан секілді өкпесін, мұңын айтады. Оған не дейсіз? Кезінде боларында болып өтті, бозжорғадай желіп өтті, болды, сонымен кетті. Ұлтқа емес, қоғамға қызмет етті. Бай-бағланға, биліктегілерге арнау жазу деген өз алдына, аға-апаларымыздың одан басқа да Құдай сүймейтін қылықтары көп болды. Арнаушылар жас ақындарда да көп. Әкесіне арнамаған өлеңді пайдасы тигендерге арнайды. Бірақ, жыланды үш кессе де, кесірткелік қауқары бар дейді. Кез келген ақын өлсе, бүгінгі шенеуніктерден сүйегі ауыр болады деп есептеймін. Маған сеніңіз, кез келген қаламгер халықты қарапайым шенеуніктен артық сүйеді. Кез келген ақын шенеуніктен бір кітап болса да артық оқиды. Бүгінгі идеология ақын-жазушыларды күстаналаумен келеді. Ондағы мақсат айқын – елге көп сүйкімдінің керегі жоқ. Бірақ, бұл тарихта талай рет болған нәрселер. Көне Рим императорларының ойшылдармен, ақындармен тату болғандары  да, болмағандары да бар. Тату қағандар тарихта қалды, басқалары Нерон секілді болды. Құдай бетін ары қылғай.

– Аға, осы арада бір жағымсыздау әңгіме ойыма оралып отыр. Күні кеше өмірден Оразбек Сәрсенбаев деген жазушы ағамыз өтті. Сол кісінің қазасында сөз алған белгілі ақын Мұхтар Шахановтың қайсыбір пікірі біраз жұртқа басқаша әсер етті. Мұхтар аға соның алдында ғана дүниеден озған әнші Батырхан Шүкеновтің қазасына мыңдап адам жиналғанын алға тарта келіп, Оразбек ағамыздың қазасына неге сонша адам жиналмағанына кейістік білдірген сияқты. Сол жердегі жастардың көпшілігі мұны құптамағанын аңғардық. Жалпы, осындай салыстыру, соның ішінде өлім үстінде салыстыру дұрыс емес шығар?..

– Жұлдыз, мен тыңдайтын, мен жақсы көретін әншілердің тізімінде Батырхан Шүкенов деген әнші жоқ. Мен «Жулияны» емес, «Жариям айдайды» тыңдаймын. Бірақ, бұл Шүкенов нашар әнші еді деген сөз емес. Менің талғамым – ол менің ғана талғамым. Сенің талғамыңа қол сұға алмаймын, солай болуы керек те. Әркім өз талғамын халыққа таңбауы керек. Ал Мұхаңа келсек, ол кісі шаршаңқырап жүр ғой деймін. Жоқ, дұрысы, ол кісіні шаршатып жүрген болуымыз керек. Өткенде филармониядағы кешіне бардым. Сол жерде «Қадыр Мырза Әлі халыққа қарсы сөйлеп еді» деген әңгіме айтты. Қадыр қазаққа қарсы шықты дегенге Алаш баласы сене ме? Қадырдай қазақ енді қашан туады? Тағы бірде «Тұманбай Молдағалиев менің үстімнен КГБ-ға арыз жазыпты» дейді. Мен бұған сенбеймін! Тұмағаң КГБ-ның қайда екенін де білмейтін адам. Күлтайына, Дәуреніне, Алатау, Алматысына өлең арнап қойып, өзімен-өзі жүрді. Жақсы өлең жазды, лирик еді. Бірақ, көшелі ой айтатын, үлкен масштабтың күрескер адамы емес еді, марқұм. Шаханов өзінікін дұрыс деп есептейді. Фариза апай да өзінікін дұрыс дейді. Оның үстіне, Шахановты жөндей алмаймыз. Ол мүмкін емес. Ол кісі енді сол Тұманбайды жек көрген қалпы кетеді. Шүкеновтің қазасына көп адам жиналса, ол әркімнің  өз қалауы, ал біз оған құрметпен, болмаса түсіністікпен қарауға тырысуға тиіспіз. Александр Блок  бірде Маяковскийдің музейде өткен кешіне барады. Сонда музейге адам сыймай кеткен екен. Таңғалады. Кейін өзі кеш жасайды. Бес-ақ адам келеді. Оның үшеуі әйел. Окололитературные дамы дегендер болады, ақылы аздау, ажары дұрыстау, өлеңді жақсы көретін әйелдер. Жалпы, өлеңді сүйетін әйелдерден қорқу керек. Мұны маған Тоқаш айтқан. Аулақ  болғайсың деп. Бірақ, Блок ештеңе демей, сол жерде бір сағаттай өлең оқыған. Ал біздің Мұхаңдар зал толмаса, қоңылтақсып тұрады. Зал неге толып отыруға тиіс деген сұрақ қаншалықты заңды болса, неге зал толмайды деп сұрау да орынды. Менің білетінім Поэзия деген шоу емес! 

 

ШАХАНОВҚА – 4000, ҚАЛҒАН ЖИЫРМА АҚЫНҒА – 500...

– Мектеп оқушылары арасында өтетін көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында байқалатын бір тенденция, біздің балалар не Абайдан, не Мұқағалидан, не Мұхтар Шахановтан оқиды. Ара-арасында Күләш Ахметованың өлеңдерін оқитын қыздар кездеседі. Соған қарағанда, бізде оқылымды, эстрадный дейміз сол, сол поэзияның өзінің жағдайы онша керемет емес пе деп қаламыз. Сіз осы бағытта не байқайсыз? 

– Мұхтар Шаханов Республика сарайында поэзия кешін өткізетін болса, егер сарайға үш мың адам сыяды десек, ол кісіге төрт мың адам баруы мүмкін. Ал қалған қазақтың 20 ақыны бірігіп кеш жасайтын болса, оған 500-ақ адам баруы мүмкін. Бірақ, Шахановтың кешіне баратын үш мың адамның барлығы бірдей  шын поэзия, биік поэзияны түсініп бара ма? Тәкен Әлімқұлов айтпақшы, «қызыққа қаша ма, қыз алып қаша ма?». Поэзияны шоу мен айтыстың деңгейінде немесе ұйқасқа түскен оқиғалар тізбегі  түрінде қабылдайтындар бар. Бар емес, көп. Шын поэзияға обал. Бұл Шахановты түсіру емес. Өткенде «Кітапхана» деген хабарға қатысқанымда да айттым, қазақта Шахановтан танымал ақын жоқ. Бұл тамаша. Бірақ, Шахановтың оқырманының барлығы бірдей сапалы деп ойламаймын. Біздің әдебиетке жасайтын обалымыз осында. Сауаты аз, ауылдан жаңа келген, оқымаған, мәдениеті төмен, шауып шыққаны бір кезде обкомның инструкторы болған кісілер ұлттық генефондты құрай алмайды. Мысалы, мен Тұрсынжан Шапай сол кешке барады деп ойламаймын. Тұрсынжан дегенде мен интеллектуал қазақтарды айтқым келді.  Қалай болғанда да, оқырманға обал. 

– Қазір интернетте он мыңға дейін оқырманы бар жас ақындар бар. Жастарды оқығанда не байқайсыз? 

– Оқымаймын. Оқып көрдім. Тынымбай көкем  айтпақшы, тұшынбаймын. Сондықтан қойдым. Бір шумағынан белгілі. «Теңіздің дәмі тамшыдан» дейді. Поэзияда жаңалық жоқ. Қыздар Гүлнәр Салықбаеваға еліктейді. Бәрі әйелі бар кісіге ғашық болады, соған «сіз» деп өлең жазады. Көркемдік талапқа жауап беретін дүниелер аз. Халтурщиктердің, әлбетте, қай-қайсысы да жақсы емес. Ең қиыны – әйел халтурщиктер. Не деп тоқтатуды, қалай қойдыруды білмей дал боласың. Мысық төбелескен сияқты. Жақындап абырой таппайсың. Сырттан бақылап қана тұрасың. 

Құрысын, Біржан салдан бастайықшы: 

Қара су есік алды, лайланды,

Бай болмақ, жарлы болмақ Құдайдан-ды. 

Шапанның келте пішкен етегіндей, 

Дүние өтерінде шыр айналды, 

– дейді.   

Қадыр айтады: 

Қарындашты ұштадық, 

Гильзадай боп қалғанша. 

Тұмағаң айтады: 

Екі жұлдыз, екі бақыт көктегі,

Төбемізде тұрып алды кетпеді. 

Кейін ән де шығарды. Сағи ағамыздың Жем туралы өлеңдері бар. Тұманбай мен Сағиды шатастыра алмайсың. Қадыр мен Тұманбайды тіптен шатастырмайсың. Жұмекен өз алдына басқа. Әрқайсысының өзінің мектебі бар. Ал қазіргілерден ондайды байқамаймын. 

– Мұқағали, Төлеген Айбергенов және Жұмекен Нәжімеденов туралы көп айтылады, ақындық туралы сөз болғанда алдымен ауызға ілігетін де осылар. Сонымен бірге, үнемі айтылатын, ауыздан түспейтін ақындардың қатарында Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев және бағана өзіңіз айтып кеткен Жарасқан Әбдірәш бар...

–Тек олар емес, Тынышбай Рақым деген ағамыз болды. «Алтайдың ар жағынан келген аруды» білесіз. Мықты ақын еді. Дәуітәлі Стамбеков қандай керемет еді! Әнге мәтін жазуда халтура жасамау Тынышбайлардың тұсынан басталды деп ойлаймын. Оған дейінгі ағаларымыздың ән сөзіне қойған талабы аса керемет емес болатын. Жаңағы айтып отырған Шаханов – ән сөзіне халтура жасамаған ақын. Ал Шөмішбайдың текстері туралы айтпай-ақ қояйын, ішің сезіп отыр. 

Жұматай Жақыпбаев туралы пікір орынды, мен оны марапаттап мақала да жаздым. Жақсы ақын еді. Бірақ, екі нәрсеге назар аудару керек. Біріншіден, Жұматай өмірден қор болып өтті, үкіметпен айқасып өтті деген пікір шындыққа  тіпті жанаспайды. Ол уақтылы ішетінін ішіп, өзімен-өзі, өлеңін жазып қана жүрген адам болатын. Жалқаулығы болды, жасыратыны жоқ, және оны өзі серілік деп түсінетін. Бірге жұмыс істедік. «Жалын» журналында. Компартиядан таяқ жеді деген – бос сөз. Компартияны жек көрсем, мен жек көрер едім. 1937 жылы әкемді «халық жауы» деп түрмеге отырғызған. Ауылымды тоз-тоз ғып жер аударған. Ал Жұматайға коммунистік партия қиянат жасаған жоқ. Жұматайға ешкім қиянат жасаған жоқ. Ол қиянатты өзіне өзі жасады, егер жасаған болса. Өлеңі  дұрыс болды, қазірге дейін жастар оны жақсы көреді. Өзім Жұматайдан гөрі динамикасы мықты ақындарды ұнатамын. Жұматайдың өлеңі, менің ұғымымда, әдемі қабырғаға салынған әсем сурет сияқты. Бар болғаны. Онда қозғалыс жоқ, онда динамика жоқ. Тамсанып-тамсанып тұрасың да, кетіп қаласың. Тұрып қалған су сияқты. Мұны өзіне де айтатынмын, мақаламда да жаздым. 

Жарасқанды мен жақсы көрдім. Бірақ, ылғи шекісіп қалатынбыз. Екеуміз сағынысып көрісетінбіз, жасы үлкен еді. Бірақ, ешқашан әңгімеміз аяғына дейін жетпеді, орта тұста міндетті түрде ұрсысып қалатынбыз. Менде қайбір жетіскен мінез бар?! Соңғы кездескенімізде де солай болды. Көптеген принциптері маған сай келмеді. Жарасқанның ерекше бағалайтын екі нәрсесі бар, оны үнемі айтып та, жазып та жүрмін. Бірінші бағалайтыным – керемет аудармашы болды. Аударманы Жарасқандай жақсы, сапалы, керемет етіп жасаған ақындарды аз білемін. Ол өз қатарының арасындағы ең сауаттысы еді. Екіншісі – эпиграммалары. Жұртқа «қырғидай тиді». Мені де жетістірген жоқ. Дұрыс істеді. Міне, мынау Жарасқан туралы жазып жатқан мақалам. Үзінді оқып берейін: «Көзі тірісінде керемет тату болдым деп айта алмаймын. Қату болдым да демеймін. Сирек те болса кездесіп жүрдік. Кездескен сайын құшақтасып амандасатынбыз. Осылай көрісудің сәті түскеніне екеуміз де қатты қуанатын едік. Сол сәттері «па, шіркін, аттың басын еркін бір жіберіп, кемі үш-төрт сағат әңгіме-дүкен құратын болдық-ау» деп ойлағанмен (оның әңгімесі мазмұнды, мәнді, бүгінгі тілмен айтқанда интеллектуалды болатын), 10-15 минут өтпей шартпа-шұрт кермалдасып қала беретін аурудың емін мен де, ол да таппадық. Сірә, іздемеген болармыз. Қазір ойлап отырсам, түкке тұрмайтын нәрсе екен соның бәрі». Жарасқан қайталап оқитын ақындарымның бірі. Әсіресе, аудармаларын оқып тұрамын. Ал Жарасқанның режиссер баласының қазіргі істеп жүрген тірлігін әкесі тіріліп келіп, сұраса, не деп жауап беретінін болжай алмаймын. Сол баланың өзін көрсем, сұрағым келіп жүр. Жарасқан комсомолдың сыйлығына қатты құмартты. Ол кезде комсомол сыйлығы деген қазіргі Мемлекеттік сыйлық сияқты болатын. Сөйтіп жүргенде ол сыйлықты Күләш Ахметоваға берді. Жәкең Күләштан  бұрынырақ танылды, әрине, қапа болды. Тағы бір рет әне алам, міне алам деп отырғанда көп ешкім біле бермейтін, әдеби ортада аса танымал емес Баққожа Мұқаевқа берілді ол сыйлық. Сағат Әшімбаев алды. Анау біраз ғалымдау, аздап ақындау бір  жігіт болды ғой, фамилиясын ұмытып отырмын, сол алды. Әділетсіздікке төзбеген Жарасқан «шетелге кетіп қаламын» деп қиғылық салды,  оны райынан қайтарған Әнуар Әлімжанов еді. Сол күйі ала алған жоқ. Алатын жөні бар еді... Сол кездегі комсомолдың басшылары Қуаныш Сұлтанов пен Серік Әбдірахманов Жарасқаннан гөрі Баққожаны, Сағатты талантты деп таныды. Әлде басқа себептері болды ма?..

Кеңшілік нағыз ақын болды. Жігіттер «солардың арасындағы ең ақыны Кеңшілік» дейтін. Мен оны жақсы бағаладым. Адам ретінде ағаларына, қатарына көбірек еркелеп қойып жүрген кездері болды. Адамның өзі қандай болса, өлеңі де сондай болады. Кеңшіліктің өзін көрген адам оның өлеңін де танитын еді. Алқын-жұлқын, ағыл-тегіл, аста-төк. Не айтса да, шын көңілмен беріліп тұрып айтатын. Титтей арамдығы жоқ еді. Рас, кейде кеше бастаған ісін бүгін  бастаған ісі жуып кететін. Қазақ мұндайды шайма дейді. Комсомол сыйлығын ол да ала алмады. Қай сыйлыққа да лайық еді марқұм Кеңкең. Қайталанбайтын классикалық дүниелері бар. «Іңкәр дүние» деген кітабы, тұтастай алғанда, сәтті шыққан дүние. «Анар», «Әубәкір», «Он бестен он алтыға жеткен апам», «Қайролла» деген өлеңдері керемет. Болашақта кеңшіліктанушылар қолға алса, әлбетте, әлгі  кітабының көлемі қысқаруы мүмкін. Көлемнің қысқарғанынан қорықпау керек. Ол ақынды осал етпейді. Біз Мұқағалиды сол көлеммен құртып алдық. Интеллектуалды оқырмандардың көп жағдайда үнсіз қалатыны содан. 

– Интеллектуалды поэзия дегенде қазақ поэзиясында кімді айта аламыз? 

– Жұмекен ғой. Интеллектуалды поэзия деген поэзияның сүйкімдісі емес. Әрі-беріден соң, ол скучная поэзия. Екінің бірі оқи алмайды. Шахановты оқырманы, дұрысы тыңдарманы көп ақын дедік қой. Ал бұл оқырманы ең аз, тыңдарманы одан да аз поэзия. Бірақ, ол – поэзия!..

– Күні кеше өмірден өткен Әмірхан Балқыбекті осы қатарға қосуға бола ма, қалай ойлайсыз? 

– Меніңше, болмайды. Өкінішке орай, ол бала әлі қалыптасып үлгермей жатып кетіп қалды. Қайтыс болып кеткен адамдарды сыпыра мақтаудың, асыра мақтаудың қажеті жоқ. Сондайдан құртып аламыз. Сен интеллектуалды поэзия туралы айтып отырсың. Ал мен «поэзия ма?..» деген сұрақ қояр едім. 

 

Осыдан кейін біз Есенғали ағаға авторын айтпай, бірнеше өлең оқып бердік. Әділ Ботпановтың біз оқыған екі өлеңінен де Мұқағалиға еліктеуді аңғардық. «Егер Әділ тірі болғанда, кейін өзінің жолын тауып кетер еді», – дейді ақын. Дәулеткерей Кәпұлының бір өлеңін оқыған ек, ақын ағамыз авторын дәл таппаса да, «сырттан келген қандастардың бірі болса керек » деп дәл тапты. «Олардың тілі  шұрайлы келеді, бірақ өлеңді қолдан жасаудан аулақ болған жөн. Өлең монтаждаудан құралмайды. Сырты жылтыр. Жасандылық тыз етпе жүйрік секілді, ұзаққа шаба алмайды. Тез барлығып қалады», – деді. Меңдекеш Сатыбалдиевтің бір өлеңін оқығанбыз. «Меңдекеш ағай тірі болса, бұл өлеңге қайта айналып соғып,  қайта қарайтын еді», – деді Есенғали аға. Сондай-ақ, «тірі болғанында Мұқағали да көп өлеңдерін редакциялайтын еді» дегенді айтты. «Өлең қалай жазылса, солай жарыққа шығуы керек деу дұрыс емес. Өлеңді де бір суытып барып оқу керек. Редакциялау керек. Баяғыда  Мұқағалидың екі томдығы жасалды, ішіне іріктемей, сұрыптамай, бәрін кіргізе берген. Өлеңді іріктеп, сұрыптау керек. Жалпы, Мұқағалида «марқұм тірі болса, шіркін, қайта қарар еді-ау» дейтін жырлар  көп. Және оның кітабын құрастыруға аналардан гөрі терең адам керек. Жалпы, ақын ретінде мен Мұқағалиға еліктеген жоқпын. Одан гөрі маған Тұманбай жақын. Төлеген жақын. Бұл біреуі мықты, екіншісі әлсіз деген сөз емес. Менің өзімнің шындығым. Егер Мұқағали өлеңдері іріктеліп, сұрыпталса, ол бүгінгі биігінен де биікте болар еді деп ойлаймын. Бұл менің сөзім. Әрине, сылап-сипап пікір айта салуға болар еді. Бірақ, адам өзіне өтірік айта алмайды. Ондайды арабша мұнафиқ дейді, яғни екіжүзді деген сөз, молдалар мұнафиқтық күнә дейді, менің молда досым жоқ, бірақ осы, асылында,  дұрыс сөз», – дейді ақын. Сонымен бірге, Мұқағалиға қойылған ескерткіш Тұманбайға да, Қадырға да қойылса, әділетті болар еді деп есептейді. 

Сондай-ақ, қоғамдағы кейбір өзі түсінбей жүрген жайттар туралы айтты. «Алпысқа да аз қалды. Оның ар жағында пайғамбар жасы тиіп тұр. Сондықтан, мен енді өтірік айтпау керек, тек шындықты айту керек деп шештім. Өлеңде өтірік айтпайтын едім. Енді өмірде де өтірік айтпауға, ақиқатын айтуға бел будым», – деді түйін сөз ретінде. Қазіргі жас ақындарға тіптен көңілі толмайды. Сонымен бірге, ақын қиналғанда да, қуанғанда да сырласы жалғыз өлең екенін, өлеңін ешкімге оқымайтынын, ақындардың арасында досы жоқ екенін де жасырмады. Сұхбат барысында байқаған болсаңыздар, «қоғам өзгермей, ештеңе өзгермейді» дегенді көп айтты. Біз де осы пікірге тоқтадық.  

 

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда

Kitap.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379