Сенбі, 23 Қараша 2024
Судың да сұрауы бар... 5974 0 пікір 11 Маусым, 2015 сағат 13:02

БӘЙГЕ АЛҒАН ПЬЕСА НЕГЕ ҚОЙЛЫМДА ЖОҚ?

Халқымыздың асыл перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Ілияс Омаровтың туғанына 100 жыл толуы қарсаңында, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мүшесі, құрылтай секретариатының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ  профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының кореспендент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Алтын қалам»  иегері Ақылбек Шаяхметтің « Қостанай таңы»   газетіне № 131, 132, 133, 135.  23 – қараша – 5 желтоқсан 2012 жыл аралығында «Культурбақан  немесе  өтелген парыз» атты тоғыз көріністі тарихи драмасы  жарық көрді.

Шығармада қайталанбас дара тұлға  Ілияс  Омарұлының қайраткерлік өмір жолының кейбір кезеңдері баяндалады, ықшамдалып алынған эпизодтарынан ірі тұлғаның адамгершілік-парасаты, ірілігі, өзіне тән инабаты, кішіпейілділігі, терең білімділігі, пьесадағы әр  істерінен көрініс тауып, жылы лебімен ерекшелендіріп, биіктей  түседі. Автор осының бәрін сенімді, көңілге қонымды әдеби тілмен баяндай отырып, оралымды оймен, айшықты сөзбен толымды етіп жеткізе білген.

 Автор шығармасында  Ілекен ағаның тура жолын, адалдығын, әділдігін және ұстаған басты мақсатын шеберлікпен аша отырып, бүкпесіз,  тұшымды етіп жеткізген. Аталған шығарма  2012 ж  жаңа пьесаларға арналған «Тәуелсіздік- тұғырым»  деп аталған республикалық жабық байқауда бірінші орынға ие болған.

      Осы жерде шегініс жасап, пьесадан үзінді келтірейік :

Қазақстан КП ОК  бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовпен диалогынан:

 Ілияс: « Жоқ, мен олай өтірік айта алмаймын. Аққа   Құдай жақ. Бекмахановты да кіналай алмаймын. Ол өз ісінің маманы, кәсіби тарихшы.  Абылай мен  Кенесарыны төре тұқымынан шыққанына ғана қарай  жамандай беруге бола ма?  Олардың қазақ  халқына  сіңірген еңбегінің де бағасын беру керек емес пе? ! ....»

Ілияс:  «Кешіріңіз !  Мен бұл мәселенің партия бюросында  қаралуына қарсы емеспін. Қажет болса, орынымды босатуға дайынмын» .

Міне осы қысқа диалогтан-ақ Ілекен ағаның бар болмысын байқауға (аңғаруға) болатын болса, классик жазушымыз  Ғабит Мүсірепов былай деп анықтама берген: « Тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас-бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай, азамат адамгершілікке, әділетке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмай өткен бір адам Ілиястай-ақ болар.  Үлкендердің қатарында кіші емес, кішілердің қатарында үлкен емес бір ғажап жан еді-ау» – деген еді. Міне осындай періште сияқты  жаратылысынан таза жанды қалай ұмытуға болады ?

Енді негізгі айтпағымызға оралайық, мен оқырман  ретінде  Ақылбек  Шаяхметтің өз заманының өр тұлғасы, бірегейі Ілекен аға (Ілияс Омаров) туралы 2012 ж. жазған тарихи драмасын зейін қойып оқып шықтым.  Алған әсерімнің қуаттылығы сондай, оқи отырып, санамда (ойша) сахнада көргендей күй кештім, соның әсері ме, осы драманың тезірек Қостанай облыстық қазақ драма театрында сахналанып, көрермен халыққа көрсетілуін қаладым, ай сайын «Қостанай таңы» газетінде басылатын драма театрдың репертуарлық жоспарында бар ма екен деп  алаңдаумен болдым. Өкінішке орай, содан 2,5 жыл бойы ( 2013-2014,01-05-2015ж.ж), бүгінге дейін  репертуар жоспарларына енбей келеді.

Демек, қазақтың маңдайына біткен азаматтың бірі – қайталанбас дара, дана тұлға  Ілияс Омаровтай абзал жанды әдебиет пен  өнердің нағыз жанашырын жоспарға  кіргізбей отырғаны өкінішті. Осы жерде  орынды сұрақ туындайды.  Жоғарыда айтқанымыздай, бірінші орын бәйгесін жеңіп алған шығарма неліктен Ілияс Омаровтың өзінің атындағы театрында қойлымынан шеттетіліп келеді, оны қалай түсінуге болады?

Бұл деген, адам баласына еш қиянаты болмаған, өмірінде дұшпаны болмаған абзал ағаның әруағын сыйламағандығымыз емес пе? ... Мұндай пьеса сахнаға шықпаса, ол пьесадағы идеяға  режиссер көңіл аудармаса, ар жағы  айтпаса да түсінікті шығар.

Қай жазушы болмасын, өзінің шығармасының  жарыққа шығуын қалайды, олай болмаған жағдайда ол сөзсіз азап шегеді. Ендеше қазақ театрының басшыларының не ойлағаны бар?!

Нағашыбай Серікбаев,

 еңбек ардагері, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің алқа мүшесі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345