КҮРДЕЛІ ӨМІРДІҢ КӨРКЕМ СУРЕТІН ЖАСАҒАН
жазушы Кәрібай Ахметбеков арамыздан кеткелі 10 жыл
Белгілі жазушы Кәрібай Ахметбеков өмірден өткелі он жыл болды. Осы уақыт ішінде оның шығармаларының негізгілері төрт томға жинақталып басылып, оқырман қолына тиді. Бірінші томына – «Қасірет», екінші томына – «Ақдала» романдары, «Егіз қала», «Сый орамал» атты үшінші және төртінші томдарына хикаяттары мен әңгімелері енген. Дара дарынды, қаламы қарымды қаламгердің шығармашылығы жайындағы мақалалар мен қаламдастарының, туыстарының, достарының аяулы азамат, көрнекті жазушы хақындағы естеліктерінен құрастырып, Орынкүл Ахметбеккеліні «Кәдірі бөлек Кәрағаң. Кәрібай Ахметбеков туралы» атты жинақ шығарды. Қаламгердің екінші рухани ғұмырындағы осынау маңызды оқиғалар хақында баспасөзде пікірлер айтылып, жазушының бейнесі мен туындылары оқырман санасында жаңғыртылып жүр. Туғанына жетпіс жыл толуы оның өзінсіз аталды. Енді міне, арамыздан кеткеніне де он жылға айналып барады. Осыған орай біз, Кәрекеңнің оқырмандары, оны, оның шығармашылық қызметін тағы бір еске алып отырмыз.
Кәрібай Ахметбеков екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында дүниеге келді. Ағалары қан майданға, әкесі еңбек майданына аттанып, әпкесі мен аналары тыл майданында белдерін жазбай жұмыс істеген кездерде қос сәби –тете ағасы екеуі ұзақты күн талай «үй қамағын» бастан кешкен. Сосын әкесі әлдебір қиырда сүйменмен тас бұзып, кен қазып, соғыс мұқтажын қамтамасыз еткен ауыр еңбек майданынан келді. Шайқас далаларынан бір ағасы қайтпады, бір ағасы сонау совет-фин соғысының, одан совет-герман соғысының қанды майдандарын кешіп, фашистерді жеңгеннен кейін бір-ақ оралды. Содан соң ес білу, есею, мектеп бітіріп, қойшы таяғын ұстау, одан жоғары білім алып, еңбекке араласу кезеңдері сабақтаса жалғасып жатты.
Саналы ғұмырын Кәрібай Ахметбекұлы қазіргі аға ұрпақпен бірге, бүгінде тоталитарлық дәуір деп аталатын қасаң кезеңде өткізді. Яғни Кәрекең де, сол кездің иланымымен айтқанда, коммунистік қоғам құрып жатқан заманда өмір сүрді, тиісінше, жарқын болашақ орнату жолында ел қатарлы адал еңбек етті. Қаламының қайратымен сол жолдағы кемшіліктерден арылуға үндеді. Халық шаруашылығындағы бұрмалауларды, табиғаттың бұзылуына апара жатқан қиғаштықтарды дәл ажыратып, дабыл қақты. Қай мәселені болмасын әр кез терең зерттеп, сындарлы көсемсөз тілімен жұртшылық назарына ұсынды. Сөйтіп, ел мен жерге төніп келе жатқан жаһандық проблеманың оң шешімін табуына атсалысуды көздеді. Әлеуметтік-тұрмыстық тыныс-тіршілікке көркем зерттеу жүргізді, өмір түйткілдерінің астарын ашты. Келісімсіз өзгеріске ұшырап бара жатқан рухани дүниеге, оның басты тіні тіл мәселесіне үңіліп, себеп-салдарын іздеді. Бұлар жөнінде тоталитарлық дәуірдің сонау сіресіп тұрған кезеңінің өзінде баспасөзде ашына мәселе көтерді. Соған байланысты алдына тартылған қоғамдық-саяси өмір шындығы оған барша жұрт жабылып орнатып жатқан коммунистік қоғам тұсындағы билеушілердің мұндай шаруалармен шұғылдануға мүдделі емес екенін көрсетті...
Түптеп келгенде, адамзаттың бақыт туралы ұғымына толық жауап бере алатын коммунистік қоғам хақында жазушылар он тоғызыншы ғасырда-ақ қиялдай бастағаны мәлім. Мәселен, романдарын шұлық тоқығандай жеңілдікпен жазған Аврора Дюдеван (Жорж Санд) коммунизмді армандады, өмір қаталдықтарынан өтіп, өлмес туындылар берген Джек Лондон сондай арман жетегімен социалистік партия қатарында болып көрді. Алайда олардың заманында коммунизм қиялдағы ғана қоғам болатын. Оны орнатудың нақты қадамы біздің ел де құрамында болған империяда жиырмасыншы ғасырда жасалды. Бірақ бұл қатал, қатыгез, қасіреті мол, бастапқы мақсатынан бұрмаланған қанды тәжірибе түрінде көрініс тапты. Мұны шығармашылық түйсігімен танып-біліп жүрген жазушы Кәрібай Ахметбеков демократияның алғашқы лебі есе бастағаннан-ақ жаңа тұрпатта кестеленетін көлемді көркем полотно жасауға отырды. Билеуші партия әуелі жариялылық саясатын жария етіп, артынша қайта құру саясатын көтерген ұрандарымен елімізде демократиялық жаңаруларға жол ашқаны мәлім. Осы шақты Кәрекең «Қасірет» романын жазуға батыл пайдаланған еді. Оның аталмыш шығармасы сол кезеңде, биліктегі партияның қайта құру саясаты жүзеге асырыла бастаған жылдары жазылып, республикамыз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанға дейін-ақ жарық көрген болатын.
Бұл коммунистік қоғам құру ұранымен адам құқтарын аяқасты еткен солақай бастықтар мен белсенділердің келеңсіз де сұрқия іс-әрекеттері салдарынан халық тартқан қиын-қыстау ауыр тіршілікті, зобалаң жылдары бастан кешкен қайғы-қасіретті және бертінгі, тоқырау деп таңбаланған кезеңдегі өмір көріністерін арқау еткен күрделі туынды еді. Онда қазіргі заманғы тыныс-тіршіліктің бел ортасында жүрген, ауылдан шығып, қалаға келген, бірақ туып-өскен топырағынан қол үзбеген бас кейіпкерлерінің өмір жолдарын, сондай-ақ олардың ата-аналарының кешкен ғұмырын шегіністер жасап суреттеу арқылы кеңестік саясат жабық тақырыпқа айналдырған белестер ақиқаты ашылады. Әйгілі Отыз екінші жылғы ашаршылық пен Отыз жетінші жылғы жазықсыз жазалаулардың адам тағдырын қалай ойыншық еткені әңгіме болады. Ел басынан кешкен зауалды кезеңдер мен оның соңын ала келген соғыс кезіндегі тіршілік ащы шындығымен бейнеленеді. Жазықсыз халық жауы атанған, сол қауіпті атақтың жамалуы салдарынан тіпті жер қойнына жақындарын да жасырын беруге мәжбүр еткен ахуалдан өткен, сондай-ақ дүлей ашаршылық апатынан әзер аман қалған кейіпкерлердің тақсіретті тағдырлары оқырман алдына бүкпесіз тартылады. Роман жаңа заманда жасалған ірі көлемдегі тонаушылықты – түн жамылып келген бірнеше алып жүк машинасының жайлаудағы шопан киіз үйін жандарымен қоса ауыр дөңгелектерімен тапап өтіп, отардағы күллі малды тиеп әкетуін жүзеге асырған қанды қылмыс суретімен аяқталады. Бұл құдды түбегейлі жаңа өзгеріс алдындағы қоғамда кішкентай адамдарға төніп келе жатқан зауал ұсқынын бейнелейтін, алдағы қатер хақында барлығымызға жасалған ескертпе іспетті сурет. Одан арғы оқиғалардың қалай өрбігенін романның келесі кітаптарынан оқысақ деген ынтызарлық оянады...
Осынау тақырыбы өте ауқымды «Қасірет» романының құрылымы қарапайым да күрделі. Романды құраған бес тарау (автор қолданысында – баяндар) телегей теңізге құятын көптеген өзендердің бір парасы ғана секілденеді. Айдын шалқарға қарай аққан көп судың басқалары тәрізді өзге де тараулар – туынды бедерін айқындай түсетін жаңа баяндар – романның кезекті кітаптарын құрайтынына шәк келтірмейсіз. Жалпы, шығармада қолданылған әдеби тәсіл – қазіргі заман мен артта қалған қайғылы кезеңдерді сабақтастыра отырып суреттеудің, сондай-ақ оқиғаның малшы ауылына жасалған қарақшылықпен тамамдалуының өзі туындының жалғасы бар екеніне меңзейді. Бірақ автор романның өзге бөлімдерін жазып үлгермеді. Әуелде, ыңғайы, аздап тыныс алып, шапшаң өзгеріп жатқан қоғамдық құрылыстың даму барысын, ықтимал кейіпкерлерінің сондай ахуал тұсындағы іс-әрекетінің аужайын зерделей түсуді мұрат етсе керек. Олай дейтініміз, роман жарық көргеннен кейін орнаған мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол екі томдық мақалдар жинағын дайындаумен шұғылданды. Оларды жинақтау, сұрыптау, жаңаша жүйелеу, сараптау, сөз жоқ, көп күш-жігер жұмсауды талап етті және, әрине, талай уақытын алды. Ал содан кейін ойда жоқта ұшырасқан жеке басының трагедиясы (оның ержетіп, жауапты қызмет атқара бастаған үлкен ұлы жол апатынан қаза тапқан еді) шығармашылық жоспарларын еріксіз кейінге ысырды... Осындай себептерге байланысты шығар, «Қасірет» романын құраған баяндардың одан әрі қалай түзілетіні, ойлы замандасымыздың күнделікті тыныс-тіршілігі көріністерінен басталып өмірдің қасіретті қыртыстарына тереңдеген, одан тағы да жаңа заманнан сыр шерткен осынау тарам-тарам суреттердің туындының басқа кітаптарында қалай бедерленіп, жалғасын табатыны белгісіз боп қалды. Тіпті бұлар жайындағы жоспар да жазбаша жасалмаған күйі, тек ойда болған сияқты. Дегенмен қолға тиген осы қомақты шығарма қозғаған әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық, тұрмыстық, ұлттық, түрлі реңкті ахлақи мәселелер романдағы ұтымды, толымды жасалған бейнелер арқылы оқырманын толғандырып, кім-кімге де үлкен ой салады.
Қоғам мүддесін тереңнен қозғау үлгісін жазушы Кәрібай Ахметбекұлы совет заманында-ақ өзінің қала мен ауыл адамдарының қилы тыныс-тіршілігінен жазған әңгіме-повестерінде, әсіресе 70-ші жылдары «Ақдала», «Алқакөл» атты екі кітап болып жарық көрген роман-дилогиясында көрсеткен болатын. Дилогия уақытында жақсы бағаланды. Екі бөлімді «Ақдала» романы болып қайта басылды. Орысшаға аударылып жарияланды. Туындының көркемдік ізденістеріне әдебиеттанушылар тарапынан жіті назар аударылып, кәсіби тұрғыда талданды. Автордың басшы қызметте жүрген коммунист бейнесін жасаудағы шығармашылық жетістігі Совет Одағының бас қоғамдық-саяси және әдеби газеттерінде атап айтылды, мадақталды. Романның бас кейіпкері боп табылатын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бейнесі сәтті сомдалғанына сүйсініспен көңіл бөлінді. Ол нағыз ел қамын ойлаған, жас та болса кемел ой түйе алатын, әділ де адал, жігерлі басшы түрінде бейнеленді. Ол еңбекшілерге әрдайым қамқорлық жасап жүреді. Ауданның экономикасын көтеруді ұйымдастыру жұмысында өзін байыпты да білгір басшы ретінде көрсетеді. Жалаң көрсеткіштер қууды қуаттамайды, адал еңбек иесін қолдайды. Жер байлығын ысырап етпей, парасатпен пайдалану жағында. Ауыл шаруашылығын ғылыми негізге сүйеніп басқаруды мұрат етеді, соған қол жеткізуге тырысады. Аудан проблемаларын күллі ел ауқымында жасалып жатқан іс-әрекеттермен байланыста қарайды. Нақты шаруашылықтың отына күйіп, суығына тоңып жүрген жерлестерінен, елдің, жер-судың, малдың жай-күйін жақсы білетін тәжірибелі шопандардан өзі де шаруашылық басқаруға қажет көп нәрсе үйренеді. Кәрекең көркем бейнесін жасаған аудан басшысы осындай адам. Осы заманауи қайраткердің айналасында романның сюжеті де өрбиді.
Кешегі социалистік деп аталатын дәуірді тәрк еткен қазіргі заманда социализмнің жетекші күші болған партия ұйымдарына да, олардың басшыларына да, тіпті коммунист атаулыға да немқұрайды қарау үйреншікті жәйтке айналды. Талайлар олардан ашық жеркенетін болды. Алайда, есті ересек ұрпақтың басым көпшілігі біледі, уақытында елімізде «заманымыздың ақыл-ойы, ар-ожданы» аталған билеуші саяси ұйымға деген көзқарас мүлдем басқаша еді. Заманына қарай амалы шығар, дегенмен мына ақиқатқа мән берген жөн: қалайық, қаламайық, өткен ғасырдағы ел өмірі негізінен солардың жетекшілігімен өтті. Жетпіс-сексен жыл бойғы күллі тыныс-тіршілік, сана-сезім өрісінде солар қатыспаған қалтарыс жоқтың қасы. Өйткені олар, «ертегіні шындыққа айналдыру» үшін жандарын салған революцияшыл аға ұрпақтың жалғасы екендіктерін мақтан тұтатын коммунистер, жалпақ елдің барша тіршілік көзін, даму барысын, ағу арнасын қолдарында ұстап тұрған. «Ақдала» романының бас қаһарманы да сондай жандар қатарынан екені дау туғызбайды. Ол мал шаруашылығы аймағындағы аудандық партия комитетінің басшысы ретінде, сол кезде тек біздің ел ғана емес, барша социалистік лагерь пір тұтқан көсем айтқандай, бұқараның көңіл-күйін, оның шынайы мүұтаждықтарын, ой-жүйелерінің көкжиектерін кез келген сәтте, кез келген мәселе бойынша айқындай білетін, жолдастық қарым-қатынас танытуы арқылы олардың өзіне сенім артуларына қол жеткізген қайраткер боп шыңдалған. Және бұл ойдан шығарылған образ емес-тін, сонау тоқырау таңбасы басылған қасаң заманда ел қамын жейтін ондай қайраткерлер шынымен де болған. Автор романында өзі өмірде кездестірген, еңбек жолын қадағалап зерттеген сондай азаматтардың жиынтық бейнесін жасаған еді.
Еліміздегі, әріден алғанда, патша империясындағы жеке меншік нысандарының рынок қатынасына негізделген өндірістік дамуының аяғын аспаннан келтіріп, түрін өзгерткен, бұрынғы барша игілікті қоғамдық меншікке алып, жалпақ елді біртұтас халық шаруашылығы алаңына айналдырған, әлеуметтік теңдік құруға ұмтылған, әркімнен қабілетіне сай алып, кім-кімге де қажетіне сай беруді ұран еткен, қысқасы, таптық айырмашылықты жойып, теңгермешілік сипатты дәріптеген, кім-кімге де оқу мен еңбек етуде бірдей өріске шыға алуын мүмкін еткен, әлемде бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор экспериментті солар жасаған болатын. Сонау ұлан-ғайыр алып тәжірибенің ойдағыдай, жақсы нәтижесін көргісі келгендер және сол жолда жан аямай еңбек еткендер бірінші кезекте коммунистік идеяның артықшылықтарына сенген адал азаматтар еді. Кәрекеңнің «Ақдаласының» ең ұнамды қаһарманы, сүйсіне суреттейтін бас кейіпкері сол қатардан болатын. Коммунист-басшы. Мал шаруашылығымен шұғылданатын ауданның қазіргі жағдайы мен болашағын, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін, тұрмысын қамқор көңілмен, жаны ауыра ойлайтын жан. Шын мәніндегі ел ағасы.
Бұдан автор коммунистерді идеалдандырды деп ұғу қателескендік болар едік, өйткені қалтасына партия билетін салып жүріп-ақ түрлі келеңсіз істер жасай беретін коммунистер де оның көркем зерттеуінен тыс қалмаған. Коммунистер арасында жоғарыға жалған ақпар беретін, белгілі бір мақсатпен мал басын, төл санын қосып жазатын, қайткенде көзге түсу жолында көзбояушылыққа салынатын басшы жетіп артылатын. Шығармадан көрсеткіштерді асырып көрсетуге машықтанып, даңғаза салтанатқа құмарлық көрсететін коммунист басшылар бейнесін де, сондай жәдігөйліктерге қарсы шығамын деп, жаза алып жүрген, қызметі төмендеген коммунист басшылар бейнесін де көресіз. Коммунистік идеология үстем заманда нағыз азаматтық қасиетімен баурап алатын аупаркомның бірінші хатшысы Кәрекеңнің сомдауында күнделікті күйбең, шаруашылықтағы қат-қабат мәселелерге малтығып қалмай, парасаттылығын таныта білетін, ел-жұртының тағдыры толғандырған, жер-су тепе-теңдігін ойсыз тірліктерімен бұзып, экологиялық зардаптарға ұрындырған ахуалды, топырағы эрозияға ұшыраған туған жерді көріп қиналған, алдын, болашағын ойлайтын басшы боп шыққан. Сол қасиеттерімен, тарих қойнауына кеткен тоталитарлық кезеңдегі шынайы өмір суреттері ортасындағы жанды бейнесімен біздің де замандасымыз сияқты әсер береді.
Тек аталған кең тынысты романдарында ғана емес, барша өзге хикаяттары мен әңгімелерінде де Кәрібай Ахметбекұлы жиырмасыншы ғасырдағы тыныс-тіршілік шындықтарын өмірдің өзінен ойып алған да, шұрайлы тілмен кестелеп, бояуы түрлі түсті ұмытылмас көріністер ортасындағы қилы мінезді адамдардың көркем әлемін жасаған. Бүгінде тоқырау деп бағаланған, коммунистік қасаңдықтың ұлт мүддесіне тигізген залалын ауызға алуға болмайтын заманда Кәрекең оқырманға «Көкбөрі» хикаятымен астарлы сыр шертті. Алыс батыс майдандарында шайқасып, фашизмді жеңіп оралған аға ұрпақ өмірі жайында «Жеңіс сарбазы», бейбіт өмір орнағаннан кейін қазақ жастарының ел астанасына келіп, үй алмақ түгіл, тіркеуге тұруы мұң болған заманда үйсіз-күйсіз бастан кешкен қиындықтары жөнінде «Қатардағы адам», малды ауыл тіршілігінің қызық-шыжығы жөнінде «Көк жасыл газик» хикаяттары, тағы да басқа хикаяттары мен әңгімелері оқырман алдына алуан мінез-құлықты кейіпкерлері бар қайталанбас көркем әлем суреттерін тартады.
Жалпы, Кәрібай Ахметбекұлы қаламынан туған туындылар совет заманындағы өміріміздің шынайы келбетін бедерлеуімен, бүгінгі күні де мәнін жоймаған заманалық проблемаларды көтеруімен, кеңестік өмір салтына байланысты өзгеріске ұшыраған адам психологиясын көрсетуімен, қысқасы, тарихқа айналған кезеңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық портретін кестелеуімен құнды. Оның бізге қалдырған көркем әлемін өз дәрежесінде тануды біз әзірге жүзеге асыра алмай отырмыз. Бұл, шамасы, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, сыншылардың, маман әдебиетшілердің алдағы уақыттарда жүйелі түрде атқарулары тиіс жұмыстарының бір парасы.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
Abai.kz