БІЗГЕ НЕ БОЛДЫ?..
Қазақтың саны – 70 млн адам дегенді көз алдыңызға елестете аласыз ба?..
Егер біз орыстың озбыр саясатынан 1930-1945 жылдардың аралығында, яғни небәрі 10-15 жылда ұлтымыздың тең жартысынан астамынан айырылып қалмағанымызда, бүгінгі күні қазақтың саны 70 млн адамға жеткен болар еді!
Сонда қазір біздің санымыз 9-10 миллионның шамасында болса, қалған 60 млн қазақты қынадай қырып салып, көрге тыққан Кремльмен қалайша төс қағысып, дос боламыз?!.
Біздің арамыздағы орыстілді және орысшыл немесе орысқұмар қазақ бауырларымыз менің осы сұрағыма жауап бере ала ма?..
Тіпті, бүгінгі қазақтардың жартысына жуығы орысшылдықпен уланған десек те, қарапайым есеп-қисап былай дейді: әлгі орысшыл 5 миллион қазақтың әрбірі орыстың кесірінен өзінің 6 бауырынан айырылды! Бар шындық та, тура дерек те осы!
Қазақ топырағындағы жазықсыз қуғын-сүргін 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін-ақ бірден басталды. Зорлық-зомбылық Азамат соғысынан соң да жалғасты.
Қазақ елінде әдейі қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың бірінші кезеңі 1919-1922 жылдары болды. Бірақ, бұл кездегі аштықтан құрбан болғандардың саны есептелмегендіктен, бүгінгі күнге дейін ұмытылып, сирек еске алынды. Қазақ ұлтын ашаршылық пен езгіден түп-тамырымен жойып жіберу саясаты бір сәт те тоқтаған жоқ. Ауылшаруашылығын еріктен тыс коллективтендіру мен үдемелі индустриализация шаралары қазақты есепсіз қырудың қолайлы құралына айналды. Зобалаң аштықтың 1930 жылдардан кейінгі кезеңі қазақтың санын екі еседен де артық азайтты. Ал, 1937-38 жылдары жүргізілген саяси қасабта 120 мыңнан астам адам сотталып, 30 мыңға жуығы атылды. Жалпы, 30-ыншы жылдары 2 миллионнан астам қазақ қырылса, екінші кезеңдегі аштықтың алғашқы жылының өзінде-ақ, 1 миллионға жуық қазақтың сүйегі далада шашылып қалды. Адамзат тарихында мұндай сұмдық нәубет ешқашан, ешбір заманда болған емес. Сондықтан, бұл қасап-қырғынды ұмытқан қазақ – қазақ емес!
1927 жылы “Кіші Қазан” ұранын жариялап, көшпенді қазақты асығыс әрі зорлықпен отырықшы жасамақ болып малын тартып алған Қазақстан Компартиясының жетекшісі Ф.Голощекиннің қуғын-сүргінінің кесірінен 5-6 жылдың ішінде қазақтың 40 млн малынан небәрі 4 млн мал басы ғана қалды. 1932-1933 жылдары 1,5 млн қазақ қырылып, 1 млн-нан астамы шетел асуға мәжбүр болды, яғни, ұлттың тең жарымы жойылып-қуылды.
Мәскеу билігі “баскесер басмачтар” атаған, шын мәнісінде, ашаршылықтан бас сауғалаған қарапайым ғана қазақтар Өзбекстанды, Қытайды, Монғолияны, Иранды, Ауғаныстанды паналады.
Советтің Қызыл Армиясы өкшелей қуған қазақтарды шекарада Қытай әскері қардай бораған пулемет оғымен қарсы алды...
Қазақты басып-жаншу мұнымен де тоқтамады. Совет Одағының түкпір-түкпіріндегі аз ұлттар Қазақстанға зорлықпен жер аударылып, төгілді. Саяси қысым да күшейіп, қазақ топырағында ГУЛАГ- тар, КАРЛАГ- тар, АЛЖИР- лер пайда болды.
Қайсар қазақтардың “Алашорда” қозғалысы тапталды. Қазақ зиялылары орған қамыстай қырылды. Тек арада 45 жыл өткен соң, 1970 жылдары ғана қазақтың саны 1926 жылғы дейгейге жақындады...
...Осыдан 24 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның жаңа басшылығы ашаршылық нәубетінің құрбандарына қазақтың ең ірі қаласы – Алматыда еңселі ескерткіш қоюға уәде берген. Ширек ғасыр бір ескерткіш орната алмағанына қарағанда, бүгінгі билікке қазақтың тең жартысын жұтқан нәубеттен гөрі, Көктөбеге американдық БИТЛЗ-ге ескерткіш орнату қымбатырақ болса керек?!.
Еліміз егемендік алғаннан кейін 1997 жылдың 5 сәуірдегі мемлекет жетекшісінің жарлығымен “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні” – 31 мамыр болып белгіленді. 1986 жылғы Желтоқсан құрбандары да осы топқа енгізілді.
Әйткенмен, өкінішке қарай, 31 мамыр күні құрбандарды еске алып, мұңға батқан елді байқай алмадық. Оның есесіне, барлық ақпарат құралдары мен ойын-сауық алаңдарында көңілді дауыстар жарқын-жарқын естіліп жатты...
...Осы нәубетті қазаққа аяусыз жасаған – қызыл коммунистер. Ал, қазіргі тәуелсіз Қазақстанда қос бірдей коммунистік-социалистік партия жұмыс істейді. Тіпті, таяудағы ел Президентінің кезектен тыс сайлауында бір қызыл коммунист мемлекет басшылығына кандидат болып тіркеліп, ресми мойындалып, толық әрі кедергісіз қатысты...
Қандай елде өмір сүріп отырмыз?!. Бізге не болды?..
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Редакциядан: 31-мамыр күні Алматыдағы қоғам белсенділерінің бір тобы, белгілі саясаткерлер мен БАҚ басшылары "Осы жерде ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады" деп, осыдан 24 жыл бұрын жазылған қара тастың қасына жиналып, мәселе көтерген. "Егер билік рұқсат етсе, халықтық қор құрып, кешенді ескерткіш тұрғызайық" деген ұсыныстар да айтылған. Әлгі ұсынысқа байланысты қалалық әкімшілікке хат та жазылған болатын. Сондай хат иесінің біріне келген жауап төмендегідей болып шықты. Бір сөзбен қайырғанда, ашаршылық құрбандарына арналып Алматы қаласында ескерткіш ашылмайды.
Abai.kz