ӘРУАҚҚА АЛТЫННЫҢ КЕРЕГІ НЕ?!..
Сенбі күні Отырар ауданында, Арыстан бапта жерленген Қоңырат ішіндегі әулие Құрбан атадан тарайтын 5 ру (кейде 6 ру деп те айтылады) елдің игі жақсылары атаның кесенесінің төбесіндегі қаңылтырды алтынмен аптау туралы солақай шешім қабылдапты. Өздері сол күні "қорда ақша аз, қай жағына жеткізерімізді білмейміз" деп отырды. Мен жексенбі күні аста сөйлеген сөзімде "әрине, қордағы ақша сіздердікі, не істеймін десеңіздер де ерік өздеріңізде, дегенмен, сол 18 млн.теңгені 18 дарынды баланы оқытуға жұмсасаңыздаршы" деген ұсыныс айттым. Қасқа мен жайсаңдарға сөзім ұнамай қалды ма, білмеймін... Бірақ, мешіттің күмбезін, кесененің күмбезін алтынмен аптау кімге керек? Алматыдағы Орталық мешітті жаңылыспасам В.Храпунов христиандарша алтынмен аптатқаннан кейін жұқпалы аурудай жайылып бара жатқан, одан бері Ақтөбе мен Астанадан көрініс тапқан осы теріс үрдіске тосқауыл қоюға болмай ма? Әсіресе, кесененің күмбезін алтындағаннан өлі әруаққа не пайда? Тірілерге оның қажеті қанша?! Қоғамға, ең бастысы болашаққа ол іс не береді? Бізде кесененің төбесіне алтын жапқаннан басқа проблема атаулының бәрі шешіліп, елдің оқыған, тоқыған, лауазымды қызмет атқарған мырзаларына басқа айналысар ештеңе қалмағаны ма сонда? Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің төбесіне Әмір-Темір байқұстың ақылы жеткенімен алтыны жетпей қалған екен-ау...
Ислам да бұндай үрдісті қолдамаса керек. Осының қажеттігін түсіндіріп берер Діни басқармада басшы, ғұлама молда немесе дінтанушы табылар ма екен?..
Өмірзақ АҚЖІГІТ
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Редакциядан: Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейтіндігін ескертеміз.
Abai.kz