Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 9951 0 пікір 2 Маусым, 2015 сағат 13:48

ҚАЗАҚТЫҢ КЕШІГУ СИНДРОМЫ

Біз үнемі кешігеміз. «Неге кешіктің?» – деп сұрай қалса, «Қазақпыз ғой», – деп ақталамыз. Өйткені, қазаққа «кешігу» деген сөз таңсық емес. Тіптен әзіл-сықақ театрларының нысанасына да осы тұсымыз жиі ілігіп жатады. Қазақтың санасына кешігу шартсыз рефлекс ретінде қалыптасып, ұлттық менталитетіміздің бір бөлшегі іспеттес болып кеткендей көрінеді де тұрады.  

Құдай Тағала адамзатты жаратып, кейін келе олардың ұрпақтары ұлттар мен ұлыстарға бөлінгенде, әрбірінің пешенесіне тағдырын белгілеп бергені хақ. Мүмкін сол кезде қазақ халқының маңдайына кешігуді жазып жіберген болуы керек деген мағынасыз ой да келеді кейде... Содан кейін бізге геніміз арқылы қанымызға сіңіп кеткен-мыс. Бірақ Құдай Тағала адамзаттың бәрін тең жаратты ғой. Еврейге ақылды болуды, неміске шөгел болуды, жапондарға қайсар болуды, арабтарға діндар болуды пешенесіне жазып, өзіне тән болмысын бәсірелеп берген жоқ шығар, әрине. Туыстық жағынан бірігетін белгілі бір қауымнан ру, рудан тайпа, тайпадан ұлыстар мен ұлттар пайда болғанын тарихтан жақсы білеміз. Әйтсе де сол ұлттар мен ұлыстар түп атасы бір болса да, кейін келе бір-бірінен алшақтап, өз тарихын, тілін, салт-дәстүрін, болмысын  қалыптастырады. Сондықтан да қандай ел болуымыз тікелей өзіміздің іс-әрекеттерімізге тәуелді. Құдай тағала жамандықты жаратса да, оны адамзатқа телімек емес. Жамандықты жұқтыруы адамның өз амал-әрекетінен.

Уақыт бар екен, ендеше кешігу де бар. Бірақ кешігу ұлтқа немесе жекелеген адамға тиесілі емес. Сол секілді Жаратушы иеміз ешбір ұлт пен ұлысқа кешігіп жүрсін деген жоқ. Өйткені кешігуді жек көреді. Құдай тағала сүйген құлының маңдайына кешігуді жазып қоюы мүмкін емес. Демек кешігу қазақ халқымен бірге пайда болмаған екен.

 

Көшпенділер кешікпеген...

Ежелгі ата-бабаларымыздың жауынгерлігімен аты шыққаны белгілі. Сонау сақ пен ғұннан бастап бергі Қазақ хандығына дейін жерімізде небір үлкен империялар өмір сүрді. Сол империялардың барлығының әскери әлеуеті өте жоғары болатын. Сол себепті де дұшпандарынан үстем тұрды. Ата-бабаларымыздың әскери әлеуетінің күшті болып, тек жеңімпаздар сапынан көрінуіне де бірнеше фактор әсер етті. Олар: ұтымды соғыс тәсілдерін қолдану, арыдан ойластырылған сұңғыла амал-айлалар, қатаң әскери тәртіп, жауынгерлердің жоғары деңгейлі физикалық дайындықта болуы т.б. Ең бастысы уақытты ұтымды пайдаланып, тез қимылдай білуінде. Яғни, кешікпеуінде. Шыңғысхан әскерлерінің қозғалу жылдамдығы қазіргі бронды соғыс техникаларынан (танк, БМП) да жылдам болған деседі. Тіптен І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы Қоқан ханына Кенесары әскерлерінің іргесіне келіп тұрғаны жайында хабар келгенде сенбей қойғаны жайындағы эпизодын оқысаңыз көшпенділердің уақытты игеру жағынан көш ілгері болғандығына көзіңіз жете түседі. Бұған әскери қуаты әлдеқайда күшті деген Ресей империясының өкілдерінің өзі де таңырқағанын қосыңыз. Біздің де ата-бабаларымыздың жылдамдығы мен ұшқырлығына таң қалмасқа шарамыз жоқ. Яғни, олар ешқашан кешікпеген. Демек, кешігу ата-бабаларымыздан да мирас болып қалмаған екен. Онда неге кешігуді әдетке айналдырдық?

Кешігу де әдеттенуден, бүгінгіні ертеңге, қазіргіні кейінге қалдырудан басталады. Өйткені, адам өмірге келгенде кеміс ауруы болмаса барлығы бірдей болып туылғанымен, өсе келе жақсы істерді де, жаман істерді де айналасынан үйреніп, кейін келе әдет болып қалыптасып кетеді. Бізде кешігуді алдымен үйрендік, сосын өзгелерге үйреттік.

 

Мектептегі кешігу...

Алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезіңізді еске алыңызшы. Көңіліңіздің кірі жоқ, жүрегіңіз пәк періште кезіңіз еді ғой. Ата-анаңыздың да еркесі едіңіз. Күні бойы ойынның қызығына тоймай, кеш болғанда да ұйқыңыз келмей, аласұрып жүрген шағыңыз. Таңертең тәтті ұйқыда жатқаныңызда ата-анаңыз сіздің ұйқыңызды қимай, оятуға батылы бармайтыны шындық. Бұл ата-ананың баласына деген қамқорлығының көрінісі ретінде көрінетін шығар. Бірақ ата-анаңыз осы кезде сіздің бойыңызға кешігу әдетін қалыптастыруды бастап жатқанын сезген жоқ.  Дегенмен, сабағыңыз бар, оятуға тура келеді. Өйтіп-бүйтіп орныңыздан тұрып, киініп, бүгінгі өтілетін сабақтарыңызды реттеп болғанша уақыт та біраз жерге барады. Сіз бойыңыздағы адами қасиеттеріңіз әлі қалыптасып үлгермеген шағыңыз ғой. Сол себепті кешіккіңіз де келмейді. Енді тамағыңызды шала-шарпы ішуге тура келеді. Қай ата-ана баласының аш болғанын қалайды дейсіз. Сіздің тамақ ішкеніңізді өздері бақылауға алады. Қатты асығып, байбалам сала бастайсыз. Ата-анаңыз сізді ертерек оятпағанына өкінудің орнына, сізге ақыл айта бастайды. Қандай ақыл дейсіз ғой. Ұзын ырғасы былай болып келеді: «Асықпай тамағыңды іш, бес минут кешіксең ешкім басыңды алмайды!». Міне, сізге болашақ кешігулердің жолын осылай ашып береді. Біртіндеп бұған бойыңыз да үйрене бастайды. Өйткені ешкім басыңызды алмайды ғой. Бірақ сол бес минуттардан құралатын өміріңіздің біраз бөлшегін босқа жұмсап, өзіңізге тиесілі нығметтеріңіздің «басын алып» жатқаныңызды түсінбей жатасыз. Жоғары сыныптарға барғанда сіздің кешігу қасиетіңіз дами келе, бұрынғы бес минуттар сағаттарға өседі. Енді сіз екінші, тіптен үшінші сабақтарға келе бастайсыз. Бұрынғыдай ұялмайсыз, кешіктім-ау деп байбалам салмайсыз. Себебі, кешігуге біртіндеп бойыңыз үйреніп, әдетке айнала бастағанын сезбейсіз де. Кешіккен кезіңізде амалсыз сылтау айта бастайсыз. Біртіндеп сол сылтауларыңызды судыратып жүріп нағыз Судырахметтің өзіне айналып шыға келесіз.

 

Университетті сылтаумен өткізесіз...

Енді кешігуді университет табалдырығын аттағанда дамыта түсесіз. Айтатын сылтауларыңыздың да тараулары көбейіп, жаңа сатыға көтеріледі. Мәселен, кептелісте тұрып қалдым, автобусты ұзақ күтіп қалдым, т.б. Университеттің іргесіндегі жатақханада тұрсаңыз да, бұл әдетіңізден айнымайсыз. Кейін дипломыңызды алып, жұмысқа тұрғанда да үйренген әдетіңізге адалдық танытасыз. Бірақ жұмыстың аты – жұмыс. Болашақ наның сол болған соң ескерту алмауға тырысып ерте келуге талпынғаныңызбен, «үйренген әдет қалмайдының» керін істейсіз. Әріптестеріңізге өзіңізді жоқтатпауын сұрап, жалынып-жалпаясыз. Кешігу басыңызға таяқ болып тиіп жатса да, әдетіңізден айнымайсыз.

Күндердің күні болғанда ата-анаңыздың жолын қуып сізде балаңызға кешігудің қыр-сырын үйрете бастайсыз. Келе-келе сіз болып, біз болып, бүкіл халық болып кешігуді әдет қылған соң, кешігу дегенге қалыпты жағдай ретінде қарай бастаймыз. Оның мысалын алыстан іздемей-ақ қазақтың тойын алсақ та жетіп жатыр.

Бәрін шақыру билетінен-ақ аңғаруға болады. Онда уақыты сағат 17:00 немесе 18:00 деп жазылады. Бірақ жиналатын уақыт 20:00 мен 21:00-дің аржақ, бержағы. 22:30-ға дейін созылуы мүмкін. Егер дәл уақытында барып көріңізші. Қонақтар түгілі, тойхананың қызметкерлерін де көрмеуіңіз мүмкін. Өйткені бәрі кешігуге үйренген. Кімнің төрт-бес сағат сарылып күткісі келеді дейсің. Тіптен бір минут кешікпейтін немістердің өзі де қазақтың тойына кешігіп келуді көп өтпей-ақ өзімізден де тәуір меңгеріп шыға келер еді.

Осылай жалғаса келіп кешігу қоғамдық сипат ала бастайды. Арты саясатқа ұласады. Дер кезінде қабылдануы тиіс заңдар кешігіп, дер кезінде шығарылуы тиіс шешімдер маңызын жояды. ТМД елдері ішінде тәуелсіздігімізді ең соңынан, тіпті Ресейдің өзі отауын оңаша тігіп кеткен соң кешігіп жариялағанымыз сондықтан шығар. Өйткені саяси аренадағылар да қазақтар ғой...

 

Қазақстанға ғылым кеш келеді

Тәуелсіздігімізді алып, жеке отау тіксек те кешігудің дертін әлі тартудамыз. Мұны ғылым мен білім, мәдениет, экономика саласынан айқын аңғаруға болады. Әлемдегі білім берудің үздік технологиялары біздің елімізге жиырма-отыз жылға кешігіп келетіні жасырын емес. Өнертабыс жағынан әлемде алғашқы орындарда тұрамыз деп көпіргенімізбен, оларды өндіріске енгізгенімізше басқалар алдымызды орап кетіп жатады. Бұлда кеш қимылдаудың салдары. Экономикамыз қарқынды дамуда деп кеуде кергенімізбен,  Жапония, Германия секілді елдермен салыстырғанда көптеген жылдарға артта қалудамыз. Тағы да кешігу...

Ендеше осы кешігу дейтін пәледен қазақты қалай арылтуға болады?«Қалыптасып кеткен әдетті тастау қиын», – дейсіз бе? Жоқ... Үйретудің арқасында арыстанды да жуасытып, аюды да билетіп, тотыны да сөйлетіп жатқанда, адам деген атыңызбен бұлай ойлау арыңызға сын. Сондықтан өзіңізді осы бастан тәрбиелеңіз. Сіздің әр ісіңіздің балаңыз үшін үлгі екенін ұмытпаңыз. Әрі өзіңіздің де қоғамның бір бөлшегі екеніңізді жадыңызда сақтаңыз. Жеке адамды тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелеуге болатыны ақиқат. Қоғамы түзелсе, ұлт та түзеледі. Демек, ел болашағы өз қолыңызда.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282