ЕЖОВТЫҢ ҚАРА ТІЗІМІ: 37-НІҢ ҚАНДЫ ІЗІ
Халқымыздың тарихындағы қара таңбалардың бірі – өткен ғасырдың 30-50 жылдар аралығында жүргізілген қанқұйлы саясат – жаппай саяси қуғын-сүргіннің зардаптары жайында кейінгі жылдары жүйелі жазылып келеді. Сандаған жылдар бойы мұрағат сөрелерінде сарғайған құжаттар мүмкіндігінше жарыққа шығып жатыр. Соның арқасында 1927-1953 жж. дейін саяси қуғын-сүргін құрбаны болған адамдардың қаралы тізімі жария болды. Ұзақ жылдардан кейін ғана көптеген алаштың ардақты азаматтарының есімдері халқымызға қайта оралды.
Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.
Сол мақсатта, осы тақырыпты қаузап жүргенімізге де біршама уақыт болды. Жақында Таллин қаласында (Эстония) жұмыс жасап отырып, менің қолыма зерттеуші Хилдо Саббоның жинаған еңбегіндегі сол кездегі Ішкі Істер Халық Комиссары Н.Ежовтың (суретте) репрессия науқанына қатысты шығарған бір бұйрығы түсті. Сол сұрапыл күндердің нақтылы бір көрінісі ретінде бұйрықты ықшамдап аударып, көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдім.
КСР Одағы Ішкі Істер Халық Комиссарының
ЖЕДЕЛ БҰЙРЫҒЫ
№00447
Бұрынғы кулактарды, қылмыскерлерді және басқа да кеңеске қарсы элементтерді репрессиялау жөніндегі операция туралы
30 шілде, 1937 ж. Москва қ.
Кеңеске қарсы құрылымдар жөніндегі тергеу істерінің материалдары бойынша деревняларда бұрынырақта репрессияланған, репрессиядан жасырынып жүрген, лагерьлерден, айдаудан және еңбек поселкелерінен қашып кеткен бұрынғы кулактардың бой тасалап жүргені анықталып отыр. Бұрын репрессияға ұшыраған шіркеу қызметшілері мен сектанттар, кеңеске қарсы қарулы қақтығыстарға белсенді қатысушылар да көптеп кездеседі. Деревнядағы кеңеске қарсы саяси партиялардың қомақты кадрлар шоғыры (эсерлер, грузмектер, дашнактар, муссаватистер, иттихадистер және т.б.), сондай-ақ бұрынғы бандалық бас көтерулердің белсенді қатысушылары, ақтар, жазалаушылар, репатрианттар, т.с.с. түгелге жуық жазасыз жүр.
Жоғарыда аталған элементтердің бір бөлігі деревнядан қалаға келіп, өнеркәсіп, көлік және құрылыс кәсіпорындарына кіріп алған.
Сонымен қатар, деревнялар мен қалаларда күні бүгінге дейін қылмыскерлердің басым бөлігі – жазасын өтеп жүріп, қамау орындарынан қашқан, репрессиядан жасырынып жүрген мал ұрлаушылар, қайталап қылмыс жасаушылар, тонаушылар т.б. тығылып жүр. Аталған қылмыскерлер контингентімен күрестің болымсыздығы олар үшін қайтадан қылмыс жасауға қолайлы жағдай туғызып отыр.
Тергеулер барысында анықталғандай, осы барлық кеңеске қарсы элементтер колхоздар мен совхоздарда, көліктерде және өнеркәсіптің бірқатар салаларында түрлі кеңеске қарсы және диверсиялық қылмыстардың өршуіне себеп болып табылады.
Мемлекеттік қауіпсіздік органдарының алдында үлкен міндет тұр – осы барлық кеңеске қарсы элементтердің бандаларын аяусыз басып-жаншу керек, кеңес халқы еңбекшілерін революцияға қарсы бас көтерулерден қорғау қажет, сөйтіп, олардың кеңес мемлекетінің негіздеріне қарсы жүргізіп отырған жылмысқы іс-әрекеттерінің біржола көзін құрту керек.
Осыған сәйкес БҰЙРЫҚ ЕТЕМІН – 1937 ЖЫЛДЫҢ 5 ТАМЫЗЫНАН БАСТАП БАРЛЫҚ РЕСПУБЛИКАЛАРДА, ӨЛКЕЛЕР МЕН ОБЛЫСТАРДА БҰРЫНҒЫ КУЛАКТАРДЫ, БЕЛСЕНДІ КЕҢЕСКЕ ҚАРСЫ ЭЛЕМЕНТТЕР МЕН ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ РЕПРЕССИЯЛАУ БОЙЫНША ОПЕРАЦИЯЛАР БАСТАЛСЫН.
ӨЗБЕК, ТҮРКІМЕН, ТӘЖІК ЖӘНЕ ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАЛАРЫНДА ОПЕРАЦИЯ ОСЫ ЖЫЛДЫҢ 10 ТАМЫЗЫНАН, АЛ ҚИЫР ШЫҒЫС ПЕН КРАСНОЯР ӨЛКЕСІНДЕ ЖӘНЕ ШЫҒЫС СІБІР ОБЛЫСТАРЫНДА ОСЫ ЖЫЛДЫҢ 15 ТАМЫЗЫНАН БАСТАЛСЫН.
Операцияларды ұйымдастыру мен өткізуде төмендегі қағидалар басшылыққа алынсын:
І Репрессияға жататын контингент
1. Жазасын өтеп келген соң да халық арасында белсенді түрде кеңеске қарсы бағытталған іріткі салу әрекеттерін жалғастырып жүрген бұрынғы кулактар.
2. Лагерьлерден немесе еңбек поселкесінен қашқан бұрынғы кулактар, сондай-ақ, кулактықтан арылтудан бой тасалап жүрген, кеңеске қарсы іс-әрекеттермен шұғылданып жүрген кулактар.
3. Көтерілісшілік, фашистік, лаңкестік және бандиттік құрылымдарда біріккен бұрынғы кулактар және әлеуметтік қауіпті элементтер.
4. Антикеңестік партиялар мүшелері (эсерлер, грузмектер, муссаватистер, иттихадистер және даншактар), репрессиядан бой жасырып жүрген, қамау орындарынан қашып шығып, антикеңестік іс-әрекеттерін жалғастырып жүрген бұрынғы ақтар, жандармдар, шенеуніктер, жазалаушылар, бандиттер, бандаларға ықпал етушілер, реэмигранттар т.б.
5. Тергеу және нақтылы агентуралық материалдармен әшкереленген барынша дұшпандық пиғылдағы және белсенді әрекет етіп жүрген казачество, ақ гвардияшылардың көтерілістері мен фашистік, лаңкестік және шпиондық, диверсиялық құрылымдарына қатысушылар.
6. Қазірде түрмеде отырған, еңбек поселкелері мен колонияларында жазасын өтеп жүрген, сонда да болса антикеңестік іріткі салу әрекеттерін жалғастырып жатқан бұрынғы кулактар, жазалаушылар, бандиттер, ақтар, сектанттар, шіркеу қызметшілері т.с.с. қатарындағы белсенді антикеңестік элементтер.
7. Қылмыстық ортамен байланысы бар, қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастырып жүрген қылмыскерлер (бандиттер, тонаушылар, ұрылар, кәсіпқой контрабандиттер, аферист-рецидивистер, мал ұрлаушылар).
8. Лагерьлер мен еңбек поселкелерінде жазасын өтеп жатқан, сонда да болса қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастырып жүрген қылмыстық элементтер.
9. Қазіргі таңда деревняларда – колхоздарда, совхоздарда, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында және қалаларда – өнеркәсіп және сауда кәсіпорындарында, көлік саласында, кеңес мекемелерінде, құрылыста еңбек етіп жатқан, жоғарыда аталған барлық контингент репрессияға жатады.
ІІ Репрессияланғандарды жазалау шаралары және репрессияға жататындардың саны туралы
1. Барлық репрессияланатын кулактар, қылмыскерлер және басқа антикеңестік элементтер екі категорияға бөлінеді:
а) бірінші категорияға жоғарыда аталған элементтердің қатарынан барынша дұшпандық пиғылдағы барлық қылмыскерлер жатады. Олар жедел тұтқынға алынуға, істерін үштікте қарап болғаннан соң АТУ ЖАЗАСЫНА кесілуге тиіс.
б) екінші категорияға белсенді емес, сонда да болса дұшпандық көзқарастағы барлық басқа элементтер жатады. Олар тұтқынға алынып, 8-10 жыл аралығындағы мерзімге лагерьлерге қамалуға тиіс, ал олардың арасындағы барынша қастық ниеттегі және әлеуметтік қауіпті қылмыскерлер үштіктің шешімімен түрмелерге жабылуы керек.
2. Республикалық ішкі істер халық комиссариаттарының (НКВД) халық комиссарлары және өлкелік және облыстық НКВД басқармаларының бастықтары ұсынған есептік мәліметтерге сәйкес репрессияға жататындардың ұзын саны мынадай:
1-категория 2-категория Барлығы
Әзірбайжан КСР-і 1500 3750 5250
Армян КСР-і 500 1000 1500
Белорусь КСР-і 2000 10000 12000
Грузин КСР-і 2000 3000 5000
Қырғыз КСР-і 250 500 750
Тәжік КСР-і 500 1300 1800
Түркімен КСР-і 500 1500 2000
Өзбек КСР-і 750 4000 4750
Башқұрт АКСР-і 500 1500 2000
Бурят-Монғол АКСР-і 350 1500 1850
Дағыстан АКСР-і 500 2500 3000
Карель АКСР-і 300 700 1000
Кабардин-Балкар АКСР-і 300 700 1000
Қырым АКСР-і 300 1200 1500
Қалмақ АКСР-і 100 300 400
Коми АКС-і 100 300 400
Марий АКСР-і 300 1500 1800
Мордва АКСР-і 300 1500 1800
Волга бойы немістері АКСР-і 200 700 900
Солтүстік Осетин АКСР-і 200 500 700
Татар АКСР-і 500 1500 2000
Удмурт АКСР-і 200 500 700
Чешен-Ингуш АКСР-і 500 1500 2000
Азов-Қара теңіз өлкесі 5000 8000 13000
Қиыр Шығыс өлкесі 2000 4000 6000
Батыс Сібір өлкесі 5000 12000 17000
Краснояр өлкесі 750 2500 3250
Орджаникидзе өлкесі 1000 4000 5000
Шығыс Сібір өлкесі 1000 4000 5000
Воронеж облысы 1000 3500 4500
Горький облысы 1000 3500 4500
Батыс облысы 1000 5000 6000
Иваново облысы 750 2000 2750
Калинин облысы 1000 3000 4000
Курск облысы 1000 3000 4000
Куйбышев облысы 1000 3000 4000
Киров облысы 500 1500 2000
Ленинград облысы 4000 10000 14000
Москва облысы 5000 30000 35000
Омбы облысы 1000 25000 3500
Орынбор облысы 1500 3000 4500
Саратов облысы 1000 2000 3000
Сталинград облысы 1000 3000 4000
Свердлов облысы 4000 6000 10000
Солтүстік облысы 750 2000 2750
Челябинск облысы 1500 4500 6000
Ярославль облысы 750 1250 2000
Украин КСР-і
Харьков облысы 1500 4500 6000
Киев облысы 2000 3500 5500
Винница облысы 1000 3000 4000
Донецк облысы 1000 3000 4000
Одесса облысы 1000 3500 4500
Днепропетровск облысы 1000 2000 3000
Чернигов облысы 300 1300 1600
Молдова АКСР-і 200 500 700
Қазақ КСР-і
1. Солтүстік Қазақстан облысы 650 300 950
2. Оңтүстік Қазақстан облысы 350 600 950
3. Батыс Қазақстан облысы 100 200 300
4. Қостанай облысы 150 450 600
5. Шығыс Қазақстан облысы 300 1050 1350
6. Ақтөбе облысы 350 1000 1350
7. Қарағанды облысы 400 600 1000
8. Алматы облысы 200 800 1000
НКВД лагерьлері 10000 10000
3. Бекітілген цифрлар бағдарлық-жобалық болып табылады. Дегенмен республикалық НКВД халкомдары мен өлкелік және облыстық НКВД басқармасының бастықтары оны өз беттерінше өсіруге құқылы емес. Кез келген мұндай әрекеттерге жол берілмейді.
Бекітілген цифрлардың санын арттыру қажет болған жағдайларда республикалық НКВД халкомдары мен өлкелік және облыстық НКВД басқармасының бастықтары маған жан-жақты негізделген тиісті кепілхаттарын ұсынуға міндетті.
Цифрларды азайтуға және репрессияға жататын тұлғаларды бір категориядан бір категорияға ауыстыруға рұқсат етіледі.
4. Бірінші және екінші категория бойынша сотталғандардың отбасылары репрессиялауға жатпайды.
Тек мыналарға репрессия таратылады:
а) мүшелері белсенді антикеңестік іс-әрекеттерге бейім отбасылар. Мұндай отбасылардың мүшелері үштіктің ерекше шешімі бойынша лагерьлер мен еңбек поселкелеріне қамалуға жатады.
б) бірінші категория бойынша репрессияланған, шекара шегінде жатқан отбасылардың мүшелері республика, өлке және облыстардың ішкі шекара шегіне қоныс аударуға жатады.
в) бірінші категория бойынша репрессияланған, Москва, Ленинград, Киев, Тбилиси, Баку, Дондағы Ростов, Таганрог қалаларында және Сочи, Гагра, Сухуми аудандарында тұратын отбасылар бұл пункттерден басқа жерлерге, олардың өз қалаулары бойынша, тек шекаралық аудандарға емес, қоныс аударуға жатады.
5. Бірінші және екінші категория бойынша репрессияланған тұлғалардың отбасылары есепке алынып, оларға жүйелі түрде бақылау жүргізілсін.
ІІІ Операцияны жүргізу тәртібі
1. Операция 1937 жылдың 5 тамызынан басталып, төрт ай мерзім ішінде аяқталсын.
Түркімен, Тәжік, Өзбек, және Қырғыз КСР-інде операция 10 тамыздан, Шығыс Сібір облысында, Қрасноярск және Қиыр шығыс өлкесінде 15 тамыздан басталсын.
2. Бірінші категорияға жатқызылған контингент бірінші кезекте репрессияға тартылады.
Екінші категорияға жатқызылған контингенттер осыған қатысты ерекше өкім шыққанша репрессияға тартылмайды.
Егер республикалық НКВД халкомы, НКВД-нің басқарма немесе облыстық бөлімінің бастығы бірінші категорияның контингенті бойынша операцияны аяқтап, екінші категорияға жататын контингентке қатысты операцияны бастау мүмкін деп шешкен жағдайда, ол аталмыш операцияға кіріспес бұрын менің санкциямды сұрауға тиіс, соны алған соң ғана операцияны бастай алады.
Лагерьлерге немесе түрмелерге, түрлі мерзімге сотталғандарға қатысты, үкімдердің шығу ретіне қарай, қанша адам, қандай түрмелер мен лагерьлерге, қандай мерзімге сотталғаны жөнінде маған тікелей хабарланып отырсын. Осы мәліметтерді алған соң мен сотталғандарды қандай тәртіппен, қандай лагерьлерге жіберу туралы нұсқау беремін.
3. Жергілікті жағдайларға байланысты республика, өлке және облыстардың аумақтары оралымды секторларға бөлінеді.
Операцияны ұйымдастыру және өткізу үшін әрбір сектор бойынша жедел топ құрылады, оған республика НКВД-сінің, НКВД облыстық немесе өлкелік басқармасының осы күрделі міндетті ойдағыдай орындай алады деген жауапты қызметкері басшылық жасайды.
Кейбір жағдайларда жедел топтардың бастығы болып аудандық және қалалық бөлімшелердің тәжірибелі және қабілетті бастықтары тағайындалуы мүмкін.
4. Жедел топтар қажетті қызметшілер құрамымен толықтырылып, көлік және байланыс құралдарымен жабдықталсын. Оралымды жағдайлардың талаптарына сәйкес топтарға әскери немесе милициялық бөлімшелер мәртебесі берілсін.
5. Жедел топтардың бастықтарына репрессияға жатқызылғандардың есебін жүргізу, тергеу жұмыстарына басшылық жасау, айыптау қорытындыларын бекіту және үштіктің үкімдерін орындауды жүзеге асыру жүктелсін. Жедел топтың бастығы өз секторында операцияны ұйымдастыруға және жүргізуге жауап береді.
6. Әрбір репрессияға ұшыраған адамға қатысты жан-жақты, нақтылы мәліметтер жинақталуға тиіс. Олардың негізінде тұтқынға алынуға тиістілердің тізімі жасалады, оған жедел топтың бастығы қол қояды, екі дана болып дайындалып, ішкі істер халық комиссарының қарауы мен бекітуіне жіберіледі.
Ішкі істер халкомы, НКВД басқармасының бастығы тізімді қарап, оларды келтірілген адамдарды тұтқындауға санкция береді.
7. Бекітілген тізім негізінде жедел топтың бастығы тұтқынға алуды жүзеге асырады. Әрбір тұтқынға алу ордермен рәсімделеді. Тұтқынға алу кезінде тыңғылықты тінту жүргізіледі. Міндетті түрде алынатын заттар: қару, оқ-дәрілер, әскери құрылғылар, жарылғыш заттар, уландырғыш және улы заттар, революцияға қарсы әдебиеттер, монета, құйма және бұйым түріндегі қымбат металлдар, шетел валютасы, көбейтетін аппараттар және хат-хабарлар. Барлық алынған заттар тінту хаттамасына тіркеледі.
8. Тұтқынға алынғандар ішкі істер халық комиссары, НКВД-нің басқарма бастықтарының бұйрықтары бойынша арнайы пункттерде ұсталады. Тұтқындарды ұстау пункттерінде тұтқындарды орналастыруға жарайтын ғимараттар болуы керек.
9. Тұтқынға алынғандар қатаң түрде күзетіледі. Қашып кетудің немесе басқа да эксцесстердің алдын алатын барлық іс-шаралар ұйымдастырылады.
ІV. Тергеу жүргізу тәртібі
1. Әрбір тұтқынға немесе тұтқынға алынған топқа тергеу ісі ашылады. Тергеу жылдам және оңайлатылған тәртіппен жүргізіледі. Тергеу барысында тұтқынның барлық қылмыстық байланыстары анықталуға тиіс.
2. Тергеу аяқталған соң іс үштіктің қарауына жіберіледі.
Іске тіркеледі: тұтқынға алу ордері, тінту хаттамасы, тінту кезінде алынған материалдар, жеке құжаттары, тұтқынның анкетасы, агентура-есептік материалдар, жауап алу хаттамасы және қысқаша айыптау қорытындысы.
V Үштіктің жұмысын ұйымдастыру және жүргізу
1. Үштіктердің төмендегідей республикалық, өлкелік және облыстық құрамын бекітемін:
Әзірбайжан КСР-і – төрағасы – Сумбатов, мүшелері – Теймуркулиев, Жәңгір Ахунд Заде
Армян КСР-і – төрағасы – Мугдуси, мүшелері – Миквелян, Тернакалов
Белорусь КСР-і – төрағасы – Берман, мүшелері – Селиверстов, Потапенко
Грузин КСР-і – төрағасы – Ранава, мүшелері – Талахадзе, Церетели
Қырғыз КСР-і – төрағасы – Четвертаков, мүшелері – Жиенбаев, Гуцуев
Тәжік КСР-і – төрағасы – Тарасюк, мүшелері – Ашуров, Байков
Түркімен КСР-і – төрағасы – Нодев, мүшелері – Анна Мұхамедов, Ташли Анна Мурадов
Өзбек КСР-і – төрағасы – Загвоздин, мүшелері – Икрамов, Балтабаев
Башқұрт АКСР-і – төрағасы – Бак, мүшелері – Исанчурин, Цыпнятов
Бурят-Монғол АКСР-і – төрағасы – Бабкевич, мүшелері – Доржиев, Гросс
Дағыстан АКСР-і – төрағасы – Ломоносов, мүшелері – Самурский, Шиперов
Карель АКСР-і – төрағасы – Тенсон, мүшелері – Михайлович, Никольский
Кабардин-Балкар АКСР-і – төрағасы – Антонов, мүшелері – Калмыков, Хагуров
Қырым АКСР-і – төрағасы – Павлов, мүшелері – Трунчу, Монаков
Коми АКСР-і – төрағасы – Ковалев, мүшелері – Семичев, Литин
Қалмақ АКСР-і – төрағасы – Озеркин, мүшелері – Хонхошев, Килганов
Марий АКСР-і – төрағасы – Карачаров, мүшелері – Врубельский, Быстряков
Мордва АКСР-і – төрағасы – Вейзагер, мүшелері – Михайлов, Поляков
Волга бойы немістерінің АКСР-і – төрағасы – Далингер, мүшелері – Люфт, Анисимов
Солтүстік Осетин АКСР-і – төрағасы – Иванов, мүшелері – Тогоев, Коков
Татар АКСР-і – төрағасы – Алимасов, мүшелері – Лепа, Мухамедзянов
Удмурт АКСР-і – төрағасы – Шленов, мүшелері – Барышников, Шевельков
Чешен-Ингуш АКСР-і – төрағасы – Дементьев, мүшелері – Егоров, Вахаев
Чуваш АКСР-і – төрағасы – Розанов, мүшелері – Петров, Елифанов
Азов-Қара теңіз өлкесі – төрағасы – Каган, мүшелері – Евдокимов, Иванов
Қиыр Шығыс өлкесі – төрағасы – Люшков, мүшелері – Птуха, Федин
Батыс Сібір өлкесі – төрағасы – Миронов, мүшелері – Эйхе, Барков
Краснояр өлкесі – төрағасы – Леонюк, мүшелері – Горчаев, Рабинович
Орджаникидзе өлкесі – төрағасы – Булах, мүшелері Сергеев, Розит
Шығыс Сібір облысы – төрағасы – Лунекин, мүшелері – Юсуп Хасимов, Грязнов
Воронеж облысы – төрағасы – Коркин, мүшелері – Анфамов, Ярыгин
Горький облысы – төрағасы – Лаврушин, мүшелері – Огурцов, Устюжанинов
Батыс облысы – төрағасы – Каруцкий, мүшелері – Билинский, Коротченко
Иваново облысы – төрағасы – Радзивиловский, мүшелері – Носов, Карасик
Калинин облысы – төарағасы – Домбровский, мүшелері – Рабов, Бобков
Курск облысы – төрағасы – Симановский, мүшелері – Пискарев, Никитин
Куйбышев облысы – төрағасы – Попашенко, мүшелері – Нельке, Клюев
Киров облысы – төрағасы – Газов, мүшелері – Мухин, Наумов
Ленинград облысы – төрағасы – Заковский, мүшелері – Смородин, Позерн
Москва облысы – төрағасы – Реденс, мүшелері – Реденс, Волков
Омбы облысы – төрағасы – Горбач, мүшелері – Булатов, Евстигнеев
Орынбор облысы – төрағасы – Успенский, мүшелері –Нарбуг, Митрофанов
Саратов облысы – төрағасы – Стромин, мүшелері – Андреев, Калачев
Сталинград облысы – төрағасы – Раев, мүшелері – Семенов, Румянцев
Свердлов облысы – төрағасы – Дмитриев, мүшелері – Абалаев, Грачев
Сібір облысы – төрағасы – Бак, мүшелері – Коржин, Рябов
Челябинск облысы – төрағасы – Чистов, мүшелері – Рындин, Малышев
Ярославль облысы – төрағасы – Ершов, мүшелері – Полумордвинов, Юрчук
Украин КСР-і
Харьков облысы – төрағасы – Шумский, мүшелері – Гикало, Леонов
Киев облысы – төрағасы – Шаров, мүшелері – Кудрявцев, Гинзбург
Винница облысы – төрағасы – Гришин, мүшелері – Чернявский, Ярошевский
Донецк облысы – төрағасы – Соколинский, мүшелері – Прамнэк, Руденко
Одесса облысы – төрағасы – Федоров, мүшесі – Евтушенко
Днепропетровск облысы – төрағасы – Кривец, мүшелері – Марголин, Цвик
Чернигов облысы – төрағасы – Корнев, мүшелері – Маркитан, Склярский
Молдова АКСР-і – төрағасы – Рогаль, мүшелері – Тодрес, Колодий
Қазақ КСР-і
Солтүстік Қазақстан облысы – төрағасы – Панов, мүшелері – Степанов, Сегізбаев
Оңтүстік Қазақстан облысы – төрағасы – Пинтель, мүшелері – Досов, Случак
Батыс Қазақстан облысы – төрағасы – Ромейко, мүшелері – Сатарбеков, Спиров
Қостанай облысы – төрағасы – Павлов, мүшелері –Кузнецов, Байдаков
Шығыс Қазақстан облысы – төрағасы – Чирков, мүшелері – Свердлов, Юсупов
Ақтөбе облысы – төрағасы – Демидов, мүшелері – Мусин, Стецура
Қарағанды облысы – төрағасы – Адамович, мүшелері – Духович, Пинхасик
Алматы облысы – төрағасы – Шабанбеков, мүшелері – Сәдуақасов, Қужанов
2. Үштіктің отырыстарына республикалық өлкелік немесе облыстық прокурор (егер ол үштіктің құрамына енбейтін болса) қатыса алады.
3. Үштік өз жұмысын НКВД ғимараттарында немесе жедел секторлар орналасқан бекеттерде отырып жүргізеді.
4. Үштік өздеріне ұсынылған әрбір тұтқынға немесе тұтқындар тобына қатысты, сондай-ақ әрбір жер аударуға жататын отбасыға қатысты материалдарды жеке қарайды.
Үштіктер, материалдардың сипатына және тұтқынның әлеуметтік қауіптілігіне қарай, екінші категория бойынша репрессияға тартылған адамды бірінші категорияға, бірінші категория бойынша репрессияға тартылған адамды екінші категорияға жатқыза алады.
5. Үштік өз отырыстарының хаттамасын жүргізеді, хаттамаларға әрбір сотталушыға қатысты шығарылған үкім жазылады.
Үштік отырысының хаттамасы жедел топтың бастығына, үкімді орындауды жүзеге асыру үшін жіберіледі. Тергеу істеріне әрбір сотталушыға қатысты хаттаманың көшірмесі қоса тіркеледі.
VІ Үкімдерді орындауды жүзеге асыру тәртібі
1. Үкімдерді орындау үштік төрағасының, яғни республикалық НКВД халкомының, НКВД басқармасы немесе облыстық бөлімдері бастықтарының бұйрығы бойынша жүзеге асырылады. Үкімдерді орындауды жүзеге асыруға негіз болып табылатын құжаттар – үштіктің отырысы хаттамасының расталған көшірмесі, әрбір сотталушыға қатысты үкім, үштік төрағасының қолы қойылған арнаулы кепілхат, ол үкім шығарылып отырған адамға беріледі.
2. Бірінші категория бойынша үкім ішкі істер халық комиссарлары, НКВД басқармасы және облыстық бөлімдерінің бастықтары белгілеген орындарда және тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте үкімді орындау орны мен мерзімі қатаң түрде құпия сақталуға тиіс.
Үкімнің орындалғаны жөніндегі құжаттар жеке конвертте әрбір сотталушыға қатысты іске тіркеледі.
3. Екінші категория бойынша сотталған адамдарды лагерьлерге жіберу СССР НКВД-сінің ГУЛАГ басқармаларының өкімхаты бойынша жүзеге асырылады.
VІІ Операция басшылығын ұйымдастыру және есептілік
1. Операцияға жалпы басшылық жасауды өзімнің орынбасарым – Мемлекеттік қауіпсіздік бас басқармасының бастығы – Фринковский жолдасқа жүктеймін.
Операцияға басшылық жасаумен байланысты жұмыстарды жүргізу үшін оның жанынан арнаулы топ құрылсын.
2. Үштіктің үкімдердің орындалысы жөніндегі хаттамалары КСРО НКВД ГУГБ 8-бөлімінің бастығына, №1 үлгі бойынша есеп карточкалары қоса тіркеле отырып, жедел жолдансын.
Бірінші категория бойынша сотталғандарға қатысты хаттама және есеп карточкаларымен қоса, тергеу істері де қоса жіберілсін.
3. Операция барысы және нәтижелері туралы әрбір айдың 1, 5, 10, 15, 20 және 25 күндеріне қарай, бес күндік мәліметтермен телеграф арқылы және нақтылы пошта арқылы хабарланып отырсын.
4. Операцияны жүргізу барысында әшкереленген революцияға қарсы құрылымдар, эксцесстердің пайда болуы, шетелге қашу, бандиттік және тонаушы топтардың құрылуы және басқа да төтенше жағдайлар туралы телеграф арқылы жедел түрде хабарланып отырсын.
Операцияны ұйымдастыру және жүргізу кезінде мынадай келеңсіздіктерге жол берілмес үшін жан-жақты шаралар қолданылсын: репрессияға тартылған тұлғаның бой жасыруы, тұрғын жайынан, оның ішінде шетелге қашып кетуі, бандиттік және тонаушы топтардың құрылуы, қандай да бір эксцесстің пайда болуы.
Қандай да болмасын революцияға қарсы белсенді іс-әрекеттер уақтылы анықталып, жедел алдын алу шаралары жүргізілсін.
СССР Ішкі істер халық комиссары
Мемлекеттік Қауіпсіздік Бас Комиссары -
Н.Ежов
Растаймын:
М.Фринский
КСР Одағы Ішкі Істер Халық Комиссарының
ЖЕДЕЛ БҰЙРЫҒЫ
15 тамыз, 1937 ж. Москва қ.
№00486
Осы бұйрықты алған соң отанын сатқандардың әйелдерін, әскери алқалар және әскери трибуналдармен 1936 жылдың 1 тамызынан бастап бірінші және екінші категория бойынша сотталған шпиондық-диверсиялық оңшыл-троцкистік ұйымдардың мүшелерін репрессиялауға кірісіңіздер.
Бұл операцияны орындау кезінде мыналарды басшылыққа алыңыздар:
Операцияны дайындау:
1) Репрессияға жатқызылған әрбір отбасыға қатысты тыңғылықты тексеріс жүргізіледі, қосымша нұсқаушы мәліметтер және әшкерелейтін материалдар жинақталады.
Жиналған мәліметтердің негізінде:
а) отбасыға жан-жақты анықтама жасалады, онда: сотталған отбасы басшысының аты-жөні, тегі, қандай қылмысы үшін, қашан, кіммен және қандай жазаға тартылды; отбасы құрамының атаулы тізімі (бұған сотталушының күтіміндегі және бірге тұратын адамдар да кіреді), отбасының әрбір мүшесіне қатысты нақтылы мәліметтер: сотталушының әйелін әшкерелейтін материалдар; 15-тен жасы асқан балалардың әлеуметтік қауіпсіздігінің дәрежесіне қатысты сипаттамалар; отбасындағы жасы келген және күтімге зәру ата-аналар туралы, ауыр немесе жұқпалы аурумен ауыратын сырқаттар, дене тұрқы бойынша күтімді қажет ететін балалар туралы мәліметтер көрсетіледі.
б) 15-тен жасы асқан, әлеуметтік қауіпті және антикеңестік іс-әрекеттерге бейім балаларға жеке қысқаша анықтама толтырылады.
в) 15-ке жасы толмаған, мектеп және мектепке дейінгі жастағы балалардың атаулы тізімі.
2) Анықтамаларды тиісінше республика ішкі істер халық комиссарлары және өлкелер мен облыстардың НКВД басқармасы бастықтары қарайды.
Соңғылары:
а) отанын сатқандардың әйелдерін тұтқынға алуға және тінтуге санкция береді;
б) тұтқынға алынғандарың балаларына қатысты іс-шаралар белгілейді;
в) сотталғандардың асырауындағы және онымен бірге тұратын ата-аналар және басқа туысқандарға қатысты іс-шараларды көрсетеді.
Тұтқынға алу және тінтуді жүргізу
3) Репрессияға жатқызылғандар тұтқынға алынады. Тұтқынға алу ордермен рәсімделеді.
4) Сотталушымен оны тұтқындаған сәтте заңды немесе нақтылы некеде тұратын әйел тұтқынға алуға жатады.
Тұтқынға алуға сондай-ақ, сотталушымен бұрын некеде тұрған, оны қамаған сәтте айрылысып жүрген әйел де, егер ол:
а) сотталушының революцияға қарсы іс-әрекеттеріне қатысы болса;
б) сотталушыны жасырған болса;
в) сотталушының революцияға қарсы іс-әрекеттері жөнінде білген, бірақ ол туралы тиісті органдарға хабарламаған болса, жатады.
5) Тұтқынға алуға жатпайды:
а) аяғы ауыр әйелдер; емшек еметін жас балалары барлар; ауыр немесе жұқпалы аурулар; күтімді қажет ететін ауру балалары барлар; жасы ұлғайған адамдар.
Мұндай адамдарға қатысты отбасына тыңғылықты бақылау орнатып, уақытша ешқайда кетпеу туралы қолхат алумен шектелу керек.
б) өз күйеулерін әшкерелеген және ол жөнінде өкімет органдарына күйеулерін тұтқынға алуға негіз болған мәліметтер берген әйелдер.
6) Тұтқынға алумен бір мезгілде тыңғылықты тінту жүргізіледі. Тінту кезінде алынады: қару, патрондар, жарылғыш және химиялық заттар, әскери құрал-жабдықтар, көшіру, көбейту аспаптары (танирографтар, стеклографтар, жазба машиналар және т.с.с.), революцияға қарсы әдебиеттер, хат-хабарлар, шетел валютасы, құйма, монета түріндегі қымбат металлдар, жеке басының құжаттары және ақша құжаттары.
7) Тұтқынның барлық мүліктері (тұтқын өзімен бірге алатын қажетті киім-кешектер, сырт және іш киімдер, аяқ киім және төсек жаймаларынан басқа) – тәркіленеді. Тұтқынның пәтері мөрлеп жабылады.
Тұтқынға алынушымен бірге оның кәмелетке жасы толған балалары, ата-аналары және басқа туысқандары тұратын жағдайда, олардың пайдалануына жеке мүліктерімен қоса: тұрғын жай, жиһаз және ас үй құралдары қалдырылады.
8) Тұтқынға алу және тінту жүргізілген соң тұтқын әйел түрмеге жіберіледі. Сонымен бір мезгілде, төменде келтірілген тәртіппен, балалар да орналастырылады.
Істерді рәсімдеу тәртібі
9) Әрбір тұтқынға және жасы 15-тен асқан әрбір әлеуметтік қауіпті балаға тергеу ісі ашылады, оған белгіленген құжаттармен бірге анықтамалар (қараңыз: 1-баптың «а» және «б» тт.) және қысқаша айыптау қорытындысы қоса тіркеледі.
10) Тергеу істері КСРО НКВД-сінің Ерекше Жиналысының қарауына жолданады. Қиыр Шығыс және Краснояр өлкесі, Шығыс Сібір облысының НКВД басқармасының бастықтарына – тұтқынға алынғандардың тергеу істерін Ерекше Жиналысқа жібермесін. Оның орнына, телеграф арқылы сотталғандардың отбасылары жайындағы жалпы анықтаманы (1-б. «а» тармағы) хабарласын, оларды Ерекше Жиналыс қарайтын болады. Соңғысы өз шешімін қамау орнын (лагерьді) көрсете отырып, жоғарыда аталған НКВД бастықтарына, телеграф арқылы хабарлайды.
Істерді және жазалау шараларын қарау
11) Ерекше Жиналыс отанын сатқандардың әйелдері және олардың жасы 15-тен асқан, әлеуметтік қауіпті және антикеңестік іс-әрекеттер жасауға бейім балаларына қатысты істерді қарайды.
12) Сотталғандар мен отанын сатқандардың әйелі әлеуметтік қауіптілігі деңгейіне қарай, 5-8 жылдан кем емес мерзімге, лагерьлерге қамауға алуға жатады.
13) Сотталғандардың әлеуметтік қауіпті балалары, олардың жас шамасы, әлеуметтік қауіптілігі және түзелу мүмкіндігіне қарай, лагерьлерге немесе НКВД-нің еңбекпен түзеу колонияларына қамауға алуға немесе республиканың оқу-ағарту халық комиссариатының ерекше режимдегі балалар үйіне жіберуге жатады.
14) Ерекше Жиналыстың үкімдері оларды жүзеге асыру үшін республикалық НКВД халкомдарына және өлкелер мен облыстардың НКВД басқармасының бастықтарына телеграф арқылы хабарланады.
15) Тергеу істері КСРО НКВД-нің мұрағатына тапсырылады.
Үкімдерді орындауды жүзеге асыру тәртібі
16) Ерекше Жиналыстың шешімімен сотталған отанын сатқандардың әйелдері жазаларын өтеу үшін Темниковск еңбекпен түзеу лагерьлеріне, КСРО НКВД ГУЛАГ-тың жекелеген нарядтарына жіберілсін.
17) Сотталған отанын сатқандардың әйелдері, егер сырқат немесе қолында ауру баласы болса, тұтқынға алынбайды, аурудан айыққан соң ғана тұтқындалып, лагерьлерге жіберіледі. Емшек еметін балалары бар отанын сатқандардың әйелдері, үкім шыққан соң бірден тұтқынға алынады да, түрмеге жабылмай-ақ, тікелей лагерьге жіберіледі. Жасы ұлғайған сотталған әйелдерге осындай жаза қолданылсын.
18) Сотталған әлеуметтік қауіпті балалар лагерьлерге, НКДВ-нің еңбекпен түзеу колонияларына немесе НКВД ГУЛАГ-тың жекелеген нарядтары бойынша республикалардың оқу-ағарту халкомдарына қарасты ерекше режимдегі балалар үйіне жіберіледі.
Сотталғандардың балаларын орналастыру
19) Сотталғаннан кейін қалған барлық балалар – жетімдер:
а) 1-1,5 жас аралығындағы және жасы толық 3-ке толған балалар сотталғандардың тұрғын жай бекеттері жанындағы республикалық оқу-ағарту халкомының балалар үйі мен бөбекжайларына орналастырылсын;
б) 3 жастан асқан, 15 жасқа дейінгі балалар – басқар республикалардың, өлкелер мен облыстардың (белгіленген дислокацияға сәйкес) оқу-ағарту халкомдарының балалар үйіне және Москва, Ленинград, Киев, Тбилиси, Минск, теңіз жағалауындағы және шекара бойындағы қалалардан тыс жерлерге орналастырылсын.
20) Жасы 15-тен асқан балаларға қатысты мәселе жеке қарау арқылы шешілсін. Жасына, табан ақы, маңдай терімен, өзі бетінше өмір сүру мүмкіндігіне немесе туысқандарының қарауында өмір сүру мүмкіндігіне қарай, мұндай балалар:
а) 19-баптың «б» тармағына сәйкес республикалардың оқу-ағарту халкомдарының балалар үйіне;
б) басқа республикалар, өлкелер мен облыстарға (жоғарыда аталған қалалардан басқа) еңбекпен қамтылуға немесе оқуға тартылуға жіберілуі мүмкін.
21) Емшек еметін балалар сотталған аналарымен бірге лагерьлерге жіберіледі, жасы 1-1,5-ға толған соң республикалардың денсаулық халкомдарының балалар үйі мен бөбекжайларына ауыстырылады.
22) 3-15 жас аралығындағы балалар мемлекеттік қамтамасыз етуге қабылданады.
23) Егер жетім қалған балаларды басқа туысқандары (репрессияға ұшырамаған) өзінің толық қарауына алғысы келген жағдайда – қарсылық жасалмасын.
Балаларды қабылдауға және бөлуге дайындау
24) Операция жүргізілетін әрбір қалада арнайы жабдықталады:
а) қабылдау-бөлу пункттері, оған балалар аналары тұтқынға алынысымен жеткізіледі де, содан соң балалар осы жерден үйлеріне жіберіледі.
б) НКВД Ерекше Жиналысының шешіміне дейін әлеуметтік қауіпті балалар ұсталатын, арнайы жабдықталған ғимараттар ұйымдастырылады.
Жоғарыда аталған балалар үшін НКВД еңбек колонияларының қабылдау бөлімдері пайдаланылады.
25) НКВД органдарының бастықтары оқу-ағарту халкомының балаларды қабылдау үшін дайындалған балалар үйіне, олардың қызметшілер құрамына, облыстық білім беру бөлімінің меңгерушілері немесе өкілдерімен бірлесе отырып, тексеріс жүргізеді – саяси сенімсіз, кеңеске қарсы пиғылдағы және азып-тозған адамдар жұмыстан босатылады. Жұмыстан босатылған үй қызметшілерінің орнына саяси сенімді, тексерілген, өз қарауына келген балалармен оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізе алатын адамдар алынады.
26) НКВД органдарының бастықтары 3 жасқа дейінгі балаларды денсаулық халкомының қандай балалар үйлерінде және бөбекжайларында орналастыру мүмкін екендігін анықтайды және бұл балалардың кедергісіз, жылдам қабылдануын қамтамасыз етеді.
27) Республика ішкі істер халкомдары және өлкелер мен облыстардың НКВД басқармасының бастықтары телеграф арқылы КСРО НКВД АХУ бастығының орынбасары Шнеерсон жолдасқа аналары тұтқынға алынуға тиіс балалардың атаулы тізімін хабарлайды. Тізімдерде мыналар көрсетілуі тиіс: аты-жөні, баланың туған жылы, қай сыныпта оқитыны. Тізімде балалар топтар бойынша, өзара туыстық немесе таныстық байланысы бар балалар бір үйге бірге түспесін деген есеппен жасақталады.
28) Балаларды балалар үйіне бөлуді КСРО НКВД АХУ бастығының орынбасары жүргізеді. Ол телеграф арқылы республика НКВД халкомдарына және өлкелер мен облыстардың НКВД басқармасы бастықтарына балаларды қандай балалар үйіне жіберу жөнінде хабар береді. Жеделхаттың көшірмесін тиісті балалар үйінің бастығына жолдайды. Соңғы үшін аталмыш жеделхат балаларды қабылдауға негіз болып табылады.
29) Сотталушының әйелдерін тұтқынға алу кезінде олардың балалары аналарынан ажыратылып алынады да, жеке басын куәландыратын құжаттармен (туу туралы куәлік, оқушы құжаттары), тұтқындауды жүргізетін топтың құрамына кіретін НКВД қызметшісінің алып жүруімен:
а) 3 жасқа дейінгі балалар – денсаулық халкомының балалар үйлері мен бөбекжайларына;
б) 3-15 жас аралығындағы балалар қабылдау-бөлу пункттеріне;
в) жасы 15-тен асқан әлеуметтік қауіпті балалар оларға арнайы дайындалған ғимараттарға жіберіледі.
Балаларды балалар үйіне жіберу тәртібі
30) Балаларды қабылдау-бөлу пунктінде пункт меңгерушісі немесе НКВД ОТК-сының балаларды қабылдау бөлімінің бастығы және УГБ-ның арнайы бөлінген жеделқызметшісі қабылдайды.
Әрбір қабылданған бала арнаулы кітапқа жазылады, ал оның құжаттары жеке конвертке жабылады.
Содан соң балалар бөлінген орындары бойынша топтастырылады да, арнайы таңдап алынған қызметшілердің айдауымен оқу-ағарту халкомының балалар үйлеріне жіберіледі, онда олар балалар үйлерінің меңгерушілеріне, барлық құжаттарымен қоса, қолхат ала отырылып, тапсырылады.
31) 3 жасқа дейінгі балалар денсаулық халкомының балалар үйлері мен бөбекжайлары меңгерушілеріне, олардан арнайы қолхат ала отырып, тапсырылады. Баламен бірге оның туу туралы куәлігі де тапсырылады.
Сотталғандардың балаларының есебін жүргізу
32) Сотталушылардың оқу-ағарту және денсаулық халкомының балалар үйлері мен бөбекжайларына орналастырылған балалары КСРО НКВД АХУ-да есепке алынады.
Жасы 15-тен асқан балалар және сотталған әлеуметтік қауіпті балалар КСРО НКВД ГУГБ 8-бөлімінде есепте тұрады.
Сотталғандардың балаларын қадағалау
33) Сотталушылардың балаларының саяси көңіл-күйін, олардың оқуын және тәрбие-тәртібін қадағалауды республика Ішкі істер халкомдарына, өлке және облыс НКВД басқармаларының бастықтарына жүктеймін.
Есептілік
34) Операцияның барысы туралы үш күндік мәліметтер бойынша телеграф арқылы маған хабарланып тұрсын. Барлық эксцесстер мен төтенше жағдайлар туралы – жедел түрде.
35) Бұрын соттталған отанын сатқандарға қатысты операция осы жылдың 25 қазанына дейін аяқталсын.
36) Алдағы уақытта әшкереленген отанын сатқандардың, оңшыл троцкистік шпиондардың әйелдері, осы бұйрықпен белгіленген тәртіп бойынша, күйеулерімен бірге тұтқындалсын.
КСР Одағы Ішкі Істер Халық Комиссары
Мемлекеттік Қауіпсіздік Бас Комиссары
Ежов
Көріп отырғанымыздай, талай-талай тұғырлы тұлғаларды қыршынынан қиған репрессия науқаны жымысқы саясатпен, солақай есеппен, өте бір жақты ұйымдастырылған және жүргізілген. Тек аяусыз басып-жаншу, үркіту-қорқыту басшылыққа алынған. Репрессияға ұшырауға тиіс адамдарды сандық тұрғыда жоспарлауы, тіпті, жан түршіктергендей. Пәленше деген облыстан түгенше жүз адам репрессиялануы тиіс дегендей. Жалпы, осы тарихи құжатқа көз жүгіртіп өткеннің өзінде бірқатар мәселелерге көз жеткізуге болады деп білеміз. Біраз күндерден соң еліміз қуғын - сүргінге ұшырағандарды еске алу күнін атап өтеді. Осы құжат арқылы қазіргі ұрпақ сол нәубеттің «көлемін» біле берсін дейміз біз.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
заң ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі.
Abai.kz