Арсланбек Сұлтанбеков: Ноғайлар алтын берсе де Атамекенінен кетпейді (видео)
Түрік халықтары өркениеті музыкасындағы ең маңызды аспап – домбыра мен қобыз. Қобыз даланың сарыны болса, домбыра сол даланы еркін кезген түрік қанды халықтардың жүрегінің үні, тұлпарының дүбірі. Осы киелі өнерді қалпын бұзбай сақтап қалған, сарынын сар желдіріп, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнатқан қазақ ұлты болса керек. Қазақ үшін қара домбыраның үні ананың әлдиі іспетті.
Ана тілінде сөйлемей, өзге өркениеттің өңешіне жұтылып кеткен әлде кім араға жылдар салып, домбыра үнін ести қалса, алпыс екі тамырындағы қаны кенеттен тулап ала жөнеледі. Бұндай жағдай болатынын ана тілін білмей, ата дәстүрінен ұзақ кеткен талай қандастың аузынан естідік.
Бүгінде қазақ қана емес, Көктүріктің қай баласы болса да жиі тыңдап жүрген «Домбыра» атты бір ән бар. Тыңдай қалсаң тұла бойыңды мың-миллион құмырсқа жүріп өткендей шымырлатады. Ауыздығын қарш-қарш шайнаған дүлдүл мініп, құрыш сауыт киініп, болат садақ асынып апайтөс қыпшақ даласын ендей шапқың келеді. Тіпті ол әнді алты ғасырдан бері отырықшылыққа әбден үйренген түрік халқының билік партиясы – АҚ партия (Әділет және даму) 2014 жылғы сайлаудағы партиялық насихатына да қолданды. Себебі домбыра үні де, әннің сөзі де құдіретті еді.
Домбыра әнін Түркияда Қазақстандық ретінде таныстырылып жүрген Ноғай қанды Арсланбек Сұлтанбеков шығарды және өзі бес жылдан бері орындап жүр.
Арсланбек Сұлтанбек – 1965 жылы, 23 сәуірде Қарашай-Черкес республикасының Ноғай ауданы, Еркін-Халық (Эркин-Халк) ауылында туған. Классикалық гитара бойынша арнаулы музыкалық білімі бар. 1989 жылы Ноғай Түндер (“Nogay Keşeler”) атты алғашқы CD альбомын шығарған. Осы жылы Бардовский фестивалінде біріншілік алып, Қарашай-Черкес республикасының ұлттық әншісі болды. 1994 жылы «Республиканың ең тамаша дауысы» даңқын алды. 1997 жылы Петербургта «Ноғай елі» атты екінші CD альбомын шығарды. Осы жылы Мәскеуде өткен Түрік халықтарының фестивалінде «Фестиваль әні» номинациясын иеленді. Ол, Асан қайғының, Орта ғасырлардағы Қазақ-Ноғай жыраулары – Қазтуған Сүйінішұлының, Доспамбет Азаулының, Шалкиіз Тіленшіұлының кейбір шығармаларына күй қосып, рухын қайта тірілтті. Арсланбек қайда жүрсе де «Мен ноғай халқының баласымын» деген сөзді аузынан тастаған емес.
2014 жылдың 23 наурызы. Ыстамбұлдың Иеникапы алаңы. Түркияның жергілікті басқарау органдарын сайлауға бір апта қалған уақыт. АҚ партияның лидері, ол кездегі Премьер-министр Режеп Тайып Ердоған митингке жиналған екі миллионға жуық халықтың алдына шығып үш сағат бойы сөйледі. Ол сөз арасында өз партиясы сайлау насихаты үшін музыкасын қолданған «Домбыра» әнінің авторы Арсланбек Сұлтанбекті жанына шақырып, жоғары мінбеде үлкен ілтипат көрсетті. Бұл ән авторына ғана емес, киелі аспап домбыраға да көрсетілген құрмет болса керек.
Биыл, 23-25 сәуір күндері Ыстамбұлда өткен IV Дүниежүзілік Түрік форумы қарсаңында Арсланбек Сұлтанбековке «Қызыл Алма» өнер сыйлығы табысталды. Осы орайда форумға арнайы қонақ болып келген, елу жасқа толған Арсланбек жыраудан сұхбат алудың сәті түсіп еді:
– Алып жатқан марапатыңыз құтты болсын, аға, Түркияда жиі боласыз ба? Мұндағы елдің сізге деген құрметі қалай?
– Түркияға алғаш рет Дағыстан ноғайларымен бірге 1998 жылы келдім. Келудегі мақсатымыз – жергілікті ноғайларды көру еді. Олармен танысып, тегі бізден шыққан ноғай ма, қайдан келген ноғайлар екенін зерттеу болатын. Біз алғаш келгенде білгеніміз, жергілікті ноғайлар Ресейдегі ноғайлардай емес, руларын білмейді. Бірақ, кім қай ордаға кіретінін біледі. Мұндағы ноғайлар – Жембойлық ордасы, Жетісан ордасы, Жетішкөл (Жетіскөл) ордасы деп, шыққан ордаларын біледі екен. Мысалы, Жембойлық ордасы Жем өзені бойынан кеткен Ноғайлар. Қай жерде таныссаң да шыққан ордасын сұрасады екен. Арасында таңба бойынша бөлінетіндер де болды. Бізді бабаларының мазарларына апарып, ондағы таңбаны да көрсетті.
Түркияда жиі боламын, түрік еліне рахмет, қашанда түбі бір туған түрік еліміз деп ыстық ықылас көрсетеді. Түрікшілдік, жауынгерлік рухтарың мықты деп жоғары бағалап жатады. Партияларында, спортта әсіре фанатизмі болса да, Анадолыдағы ағайын біздерге ешқашан жат құшақ көрсеткен емес.
– Сізді түріктер ғана емес, ноғайды ең жақын бауыры санайтын қазақтар да төбесіне көтеріп құрметтейді. Қазақ елінің бүгінгі саяси келбетіне қалай қарайсыз?
– Қазақ десең, мен Аллаға шүкір деймін. Біз елі айырылған бір халықпыз. Мен Қазақстанға 2003 жылы бірінші рет бардым. Ол кезде Ноғай тағдырына қатты алаңдаған, елдің ертеңінен үмітім болмай жүрген адам едім. Себебі, заман қысып бара жатты. Алматыға келген күнімде Құрманғазы оркестрінің концерті болып жатыр екен. Сүйінгеннен көзімнен жасым ыршыды. Халық бар, қазақ бар деп еңсем көтеріліп, жеңілдеп қалдым. Музей араладық, музейден қазақ-ноғай тарихы туралы жазуларды көріп, тіптен рухтандым. Туған еліме келгендей болдым. Табан тірер жерім осы ғой деп арқаланып алдым. Қатты қуандым. Әлі де ноғайдың ертеңінен үміт бар ғой деп, жасай береміз ғой деп өшкенім жанды.
Біз Кавказда өстік. Халықты жүгендей алмайсың. Еліміз, жеріміз ғана бодан емес, мәдениетіміз, тіліміз де жұтылып бара жатыр. Кавказизацияландық. Тойларымызда лезгинка билеп кеттік. Әндерімізге де лезгинканың ықпалы бар. Түсінбеген адамға ол ештеңе емес. Түсінген адамға бұлар жылайтын жағдай.
Алматыда жүргенімде көп игі-жақсымен жолықтым. Ғалым кісілер елдің өзім әлі білмейтін тарихын, ноғайдың өткенін сөйледі. Бұған жүрегім өрекпи түсті. «Жас алаш» газетіне ноғайлар туралы «Қазақ тірі болғанда ноғай өлмес» деген мақала жаздым. Сөйтіп үйге қайттым.
Ауылыма келгенде маған Мәдениет министрлігінен «Министр Мұхтар Құлмұхамед мақалаңызды оқыды» деп қоңырау шалды. Қалдырып кеткен альбом дисктерім болған еді. Оны да тыңдапты. Сөйтіп ол кісі мені шақыртты. Мен 2004 жылы Қазақстанға қайта оралдым. Қазақстанда «бізде ноғаймыз» деп жүрген татарлар да бар екен. Министр маған осында тұрыңыз деп, Президент оркестріне жұмысқа алды. Мен сонда жеті жыл жұмыс істедім. Концерттерде мен айтатын едім: «Маған гонорар керек емес, мені таныстырғанда ноғай деп таныстырыңдаршы» деп. Өйткені, ноғай да үлкен халық. Бай мәдениетке ие. Маған Қазақстанда көп қолдау көрсетілді. Елдің аяқ алысы өте жақсы. Көп елдің алдындағы елміз. Елдегі саяси тұрақтылықты жақсы бағалаймын.
– Қазір Ресейдегі Ноғай диаспорасының жағдайы қалай? Ұлт ретінде қалай өмір сүріп жатыр?
– Біз онда диаспора емеспіз. Диаспора болсақ, автономиямыз болар еді. Қазақтың тарих ғалымдары бізден кеттіңіз деп айтып жатады. Ноғайда қазақтың найман, керей сияқты рулары бар. Қарасаңыз, ноғай мен қазақ арасында Хазар теңізі бар. Ескі картада біз жасап жатқан аймақ түгел дешті қыпшақ даласына кірген. Коммунистер келмей тұрып мәдениетіміз жойылмаған, айрандай ұйыған ел едік. Менің 18 жасымда, Карденова деген кісі фольклор жиып ауылға келді. Оны ертіп, Паша Керей деген адамға бардық. Ол кісі 90 жасқа жуықтаған, заң саласында жұмыс істеген көп білетін қарт еді. Әңгімесін айтып отырып, Едіге жырына келгенде кемсеңдеп, бізге қолымен шығыңдар деп ишарат жасады, көз жасын көрсеткісі келмеді білем, пішесі (қазақ бәйбіше дейді, біз піше дейміз) бізді сыртқа ыңғайлады. Сәлден соң бізді қайта шақырып: «Менің неге жылағанымды білесіз бе?», – деп сұрады? Ол кісі: «Мен Қарас руының баласымын (бұл ру тұқымымен жыраулар болып келетін), 1937 жылы Едіге жырын, басқа да халықтық жырларды жырлайтын адамдарды бір түнде жиып алып, жоқ етті. Суға ағызды, атты, шапты», – деді. Оған дейін тойларда, неке оқылған кезде міндетті түрде Едіге жыры оқылатын болған екен. Едігесіз той бастамапты. 1937 жылғы жағдайдан кейін жұрттың жүрегі Едіге жырын айтуға дауаламайтын болыпты.
– Ноғай тілінің бүгінгі күйі қалай? Тілге лингвистикалық тұрғыдан қандай қамқорлық жасалып жатыр?
– Ноғай тілінің халы мәз емес. Ставропольский край мен Астраханда қиын. Қарашай-Черкесте төрт байырғы ұлт бар. Соның бірі ретінде ноғай тілі мектептерде оқытылады. Шешенстанда да біраз қамқорлық бар.
Былтыр Түркия президенті мені қабылдап, не қалайсыз деп тілегімді сұрады. Мен сол мешіттің орнына қайта жаңғыртып мешіт салып беруін сұрадым. Ол кісі тағы да, бір мешіттің шаруасы жеңіл, басқа бір өтінішіңіз бар ма деген соң, сол мешіттің жанына киелі жер деп алыстан іздеп келетін қонақтарға қонақ үй болса дедім. Ол кісілер салып береміз деді. Мен алты айдан бері осы құрылысқа рұқсат алу үшін Мәскеуге шапқылап жүрмін.
– «Қазақстан арнайы бағдарлама қабылдап, ноғайды, қарақалпақты елге көшіріп алуы керек. Бұл мемлекеттің нығаюына жақсы. Ноғайдың, Қарақалпақтың жоғалып кетпеуін сақтайды» деген қоғамдық пікір бар? Бұған не дейсіз?
– Әрине, бұл пікір жақсы ниеттен туған ғой. Бірақ, ноғайлар ешқашан, алтын берсе де Атамекенінен ешқайда кетпейді. Бір жаққа көшу керек дегенді ноғайлар естісе үрейі ұшады. Біз заманында Ноғай ордасы болдық қой. Картаға қарайтын болсаңыз, Ресейдің Ставропольский край, Краснодарский край сияқты жерлеріндегі топонимикалық жер аттары негізінен ноғайша. Сондықтан ноғайлар бабасының мазары бар жерден ешқайда алыстап кетпек емес. Путин жақында Воронеж қаласына батыр қала атағын беріпті. Оның себебі туралы: «1585 жылы Ноғай ордасының шабуылынан Воронеж бен Курск қаласы қорғана білді» деп түсіндіріпті. Олар тарихты ұмытпау керек деп Воронежді батыр қала атады. Воронеж қайда, картаны ашып көріңіз. Мәскеудің түбі ғой. Бұл ноғайларды мойындағаны. Ресей алғаш мемлекет болғанда оларда тек екі елдің елшілігі болыпты. Біреуі Ноғай елшілігі, екіншісі Польша елшілігі. Басқа елшілік болмаған. Бұл ресми құжаттарда сақтаулы. Жайықтағы Сарайшық Ноғай ордасының ресми астанасы болған. Сарай Берке мен Сарай Батуды Әмір Темір бұзып, жермен жексен етті де, орны сақталмай қалды. Олар қалғанда тарих бір басқа болар еді.
– Қазір өнеріңізде нендей жаңалық бар, бүгінгі таңда немен айналысып жүрсіз?
– Шығармашылығымды бағалайтындар үшін Түрік дүниесі тыңдайтын бірнеше жаңа әндер бар қоржында. Мен тек ноғайша жырлаймын. Астанада жұмыс істеп жүргенімде, 2005 жылы бір қазақша ән айттым, патриот әндер номинациясы бойынша өткен конкурста екі номинация ұттым. Сол кезде маған министр Құлмұхамед: «Сен Ноғайша айта бер, мұнда қазақша айтатындар жетерлік» деді. Қазақ пен ноғайдың тілінде көп айырмашылық жоқ. Көп сөзде «И» мен «Ж» әріптерінің орны ауысып келіп отырады.
Ноғайда Мырза деген болады. Олар қазақтағы Төрелер сияқты. Қазақ хандығымен де, Астрахань хандығымен де, Қырым хандығымен де солар саясат жүргізіп отырған. Мырзадан қыз ала алмайсыз. Оларға ноғайдан ең жақын жүргені Қобан ноғайлары. Мен сол Қобан ноғайымын. Әулие Челебидің жазуынша, Қобан өзенінің бойында, Эеленчик суымен қосылған жердегі текше үстінде Ажы Қала (Ажы Кале) болған екен. Челеби: «Бұл жерде үлкен Ақ мешіт болды, жанында медресе, монша болған. Бұл қаладан шыққан ғалымдар көп болыпты. Айналасында ислам шейхтары мазарлары бар» деп жазады. Ресей патшалығы заманында сол мешітті бұзып, кірпішінен одан 300 метр төмен жерге шіркеу салыпты. 200 жылдай тұрған шіркеуді коммунизм келгенде бұзып, Қарашай-Черкестің парламент үйіне ірге тас етіп қалапты. Былтыр Түркия президенті мені қабылдап, не қалайсыз деп тілегімді сұрады. Мен сол мешіттің орнына қайта жаңғыртып мешіт салып беруін сұрадым. Ол кісі тағы да, бір мешіттің шаруасы жеңіл, басқа бір өтінішіңіз бар ма деген соң, сол мешіттің жанына киелі жер деп алыстан іздеп келетін қонақтарға қонақ үй болса дедім. Ол кісілер салып береміз деді. Мен алты айдан бері осы құрылысқа рұқсат алу үшін Мәскеуге шапқылап жүрмін. Уақытымның көбі жолға кетіп жатыр. Бұйырса жақында құрылысы басталмақ. Сіздерді осы Ноғай топырағына қонаққа шақырамын. Міндетті түрде келіңіздер.
– Уақыт бөлгеніңізге көп рахмет! Ақ мешітпен қуанатын күнге тезірек жетейік.
***
Бір ғана «Youtube» видео желісінде «Домбыра» әні түрлі каналдармен жалпы саны 15 миллионнан астам қаралыпты. «Домбыра» әнінде айтылғандай, киелі домбыра үні «естігенге ой беріп, жүректерге дес беріп» тарихты жалғай берсе дейміз.
Нұрғали Нұртай, Түркиядан
Abai.kz
«Домбыра» әнінің сөзі:
Қара қыс ауылыма келгенде,
Үлпілдеген қары жерге түскенде,
Домбырамды алармын,
Жүрек сазын шалармын
Қайғырғанды еш айтпай.
Домбыра сазын ескен аталар,
Мағынасын ескерген аналар,
Естігенге ой беріп,
Жүректерге дес беріп,
Көз жастарын аямай!
Ноғайдың қайғысы сансыз күнде
Батырлар ұйықтамаған күндерде.
Жүректерін көтерген,
Соғыстарға күш берген
Көпті көрген домбыра.