Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Жөн-ақ 9317 0 пікір 29 Сәуір, 2015 сағат 11:35

ТҮРІК-ҚАЗАҚ ТАРИХШЫЛАРЫ ОРТАҚ ЖУРНАЛ ШЫҒАРМАҚ

Ыстамбұлдағы халықаралық Бекмаханов симпозиумының қорытындысында осындай шешім қабылданды.

Мимар Синан көркем өнер университеті және Түркі әлемі муниципалитеттері одағының тізе қоса отырып 2015 жылы, 15-16 сәуір күндері Ыстамбұлда ұйымдастырған қазақтың тұңғыш кәсіби тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Кеңестік тарихнама және Қазақстан тарихының мәселелері» атты халықаралық симпозиум жоғары деңгейде өтті.

Симпозиумға Қазақстан, Солтүстік Кипр және Түркиядан келген 14 ғалым кеңестік тарихнаманы түрлі аспектілерімен талдаған баяндамалар жасады. Өз ықпалындағы ұлттарды тарихсыздандырып, ұлттық ерекшеліктерінен жұрдай қоғам орнатуға бағытталған кеңестік тарихнаманың қазақ және басқа да түркі халықтардың тарихындағы салдары әңгіме етілді.

Осы орайда Мимар Синан көркем өнер университетінің Тарих кафедрасының меңгерушісі және симпозиумды ұйымдастыру комитеті төрайымы т.ғ.д. профессор Фатма Үреклі ғылыми кіріспе сөзінде Түркия Республикасының тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің мынадай сөзін атау өтуі мәнді еді: “Тарихты жазу, оны жасаудай маңызды; егер тарихты жазған жасағанға адалдық танытпаса, мызғымайтын ақиқат адамзатты таң қалдыратындай өзгеріп кетеді.”

Т.ғ.д., профессор Үрекліден кейін Мимар Синан көркем өнер университеті проректоры профессор Зәки Алпан мен Қазақстан Ыстамбұл Консулы Сержан Сәрсенбаев сөз сөйлеп, симпозиуға табыс тіледі.

Бұдан кейін Қазақстан телеарнасының Бекмахановтың  100 жылдығына. дайындаған “Жарқын бейне” атты деректі фильмі тамашаланды. Жарты сағаттық деректі фильмде Бекмахановтың тарихшылығы мен жеке тұлғасы және отбасы таныстырылды.

Осыдан соң екі күн мен бес отырысқа жалғасатын симпозиум өз жұмысын бастады. Алғашқы отырыста жалпы Бекмахановтың өмірі мен ғылыми жұмыстары атап көрсетілді. Бекмахановтың  бетбе-бет келген барлық қысымдар мен қиындықтарға төтеп берген тарихшы ғалымдар үлгі тұтарлық кәсіби махаббаты пен табандылығы егжей-тегжейлі айтылды.

Екінші отырыста Бекмаханов зерттеген тақырыптар мен қазақ тарихының кеңестік дәуірге қатысты мәселелері сөз болды. Үшінші отырыста кеңестік тарихнамада ұлттық зиялылар және кеңестік тарих түсінігінен ұлттық тарих түсінігіне көшу үрдісі талқыланды. Төртінші отырыста Қазақ тарихы туралы зерттеулердегі идеологиялық қысым мен шектеулер мен кеңестік тарихнамада ұлттық тарихтарға қарау тәсілі туралы баяндамалар оқылды.

Бесінші және жабылу отырысында болса, симпозиум жұмысы туралы бағалаулар, қорытындылар және ұсыныстар айтылды. Осы отырыста симпозиумның алты тармақтан тұратын қорытындысы қабылданды. Олар:

1. Симпозиум барлық жағынан өте табысты өтті. Ұйымдастыру жоғары деңгейде болды. Симпозиумға баяндама оқуға шақырылғандардың санының шектеулі болуы отырыстарда уақыт тарлығына жол бермеді және пікір алмасулар ыңғайлы атмосферада өтті.

2. Жыл сайын мұндай ғылыми кездесулер Түркия мен Қазақстан тарихшылары арасында ауыспалы түрде жалғастыру қажет. Бұл Түркияда өтетін болса, онда Қазақстан тарихына, ал Қазақстанда өтетін болса, онда Түркия тарихына байланысты тақырыптарға негізделгені жөн. Мысал үшін келесі жылғы тарихшылардың кездесуі Қазақстанда ұйымдастырылғанда қазіргі таңда қазақ жұртшылығы қызығушылық танытып отырған Осман тарихы және Сұлтан Сүлейменнің кезеңі симпозиумның тақырыбы бола алады.

3. Мимар Синан көркем өнер университеті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университеті тарихшылары көбірек бас қосып тәжірибелерің бір-бірімен бөлісуі үшін орайлар туғызып, ортақ зерттеу жобалары іске асырылғаны дұрыс.

4. Екі университет магистратура және докторантура студенттері үшін әсіресе екі елдің тарихын үйрету, зерттеу және жазу туралы жұмыстардың атқарылғаны ұтымды.

5. Түркия мен Қазақстаннан симпозиумға қатысқан тарихшылардың мұрындық болуымен түрікше және қазақша екі тілде ортақ бір ғылыми тарих журналы (бастапқыда жылына екі рет) шығару пайдалы болмақ.

6. Симпозиумға келе алмаған АҚШ және Жапониядағы ғалымдардың жіберген баяндамалары да ішінде болатын симпозиум материалдары кітабын түрікше, қазақша және ағылшынша үш тілде осы жылы күзде жарық көруі тиімді.

Мимар Синан көркем өнер университеті және Түркі әлемі муниципалитеттері одағының 2015 жылы, 15-16 сәуір күндері Ыстамбұлда ұйымдастырған қазақтың тұңғыш кәсіби тарихшысы Ермұхан Бекмаханов туғанына 100 жыл толуына орай «Кеңестік тарихнама және Қазақстан тарихының мәселелері» атты халықаралық симпозиум осы қорытынды шешімдермен аяқталды. Симпозиум материалдары орын алған кітаптың тұсаукесері Қазақстанның Түркиядағы Елшісі және филология ғылымының докторы, профессор Жансейіт Түймебаевтын қамқоршылығында күзде Ыстамбұлда өтетін болады.

Әбдіуақап ҚАРА,
Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем
өнер университетінің профессоры

                                                            

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068