Сәкен СЫБАНБАЙ. ҚОҚЫСҚА КӨМІЛГЕН ҚОҒАМ
Әр адам өз үйін таза ұстауға тырысады. Шашылып жатқан бұйымды жинайды, шаң басқан сөрелерді сүртеді, бұзылған топсаны жөндейді, еденде ешқандай басы артық нәрсенің жатқанын қаламайды. Бір сөзбен айтқанда, барынша тазалық сақтайды. Ал сол үйінен аттап басып, көшеге шықса болды – әлгіндей ұқыптылықтан жұрнақ та қалмайтыны неліктен? Өзі тұрып жатқан ауланы, жалпы қаланы, даланы, ауылды дәл солай таза ұстауға не кедергі? Ол да – біздің ортақ үйіміз емес пе?..
Басыңызға «бомба» түсіп жүрмесін...
...Аялдамада автобус күтіп тұрған адам көп. Жолдың арғы бетінде әлгі жарнамадағы пілдің баласындай қауқиған күлгін түсті қоқыс салатын контейнерлер тізіліп тұр. Соған қарай беттеп келе жатқан шамамен 12-13 жасар балақай қос қолындағы қоқыс толы пакеттерді контейнерге жақындамастан құлаштай лақтырды да... тұра қашты. Өтіп бара жатқан адамдардың бірі: «Әй, неге лақтырасың? Жеткізіп, ішіне салып кетсең болмай ма?» – деп ұрсып жатты. Бірақ оған бұрылып қараған бала жоқ.
Тағы бірде балабақша жасындағы бармақтай бір бала ішіне қоқыс салынған дәу дорбаны мықшыңдап көтере алмай, сүйреп келе жатты. Контейнердің жанына келді де... әлгі ауыр пакетті көтеріп оның ернеуіне жеткізе алмады. Сөйтті де, сол жерге тастай салды. Бұл жерде балақайды кінәлау қиын, өйткені, оның бойы да кішкентай, әлгі қоқыс салынған ауыр дорбаны көтеруге әл-дәрмені де жете бермейді. Айып – қаршадай баланы шамасы жетпейтін жұмысқа жұмсап отырған ата-анада.
Қаламыздың басқа ауданында тұратын ағайымның пәтері – көпқабатты үйдің бесінші қабатында. Бір күні ол кісі таңертең жұмысына барайын деп үйден шығып келе жатса, дәл алдына қоқыс толы дорба сарт етіп түсіпті. Жоғары қараса, төртінші қабаттың балконында қолын қаққыштап бір әйел тұр дейді.
– Ау, мұныңыз не? – дейді ағам аң-таң қалып. – Тура басымызға түсе жаздады ғой мына «бомбаңыз»?
– Байқамай қалыппын сіздің шыққаныңызды. – Әлгі әйел түк болмағандай күліп тұр дейді.
– Мәселе менің шыға келгенімде емес қой. Мен болмасам, басқа біреу шығар еді, соған тиюі мүмкін.
– Қойыңызшы, сол бір титтей пакет біреудің басын жарып, көзін шығарады дейсіз бе...
– Жарқыным-ау, ақыры өзіңіз айтқандай титтей ғана пакет болса, соны анау жиырма-ақ метр жерде тұрған қоқыс контейнеріне апарып тастай салу қиын ба? – дейді ағам күйіп-пісіп.
– Әлгі біздің подъездің баспалдағын сүртіп, есік алдындағы қоқыстарды жинайтын әйел бар ғой, сол апарып тастайды да. Әр пәтер 300 теңгеден бекерге төлеп жатырмыз ба оған?! – Әйелдің қыңатын, қысылатын түрі көрінбейді.
– Апыр-ай, есік алдындағы ауланың, үй маңының тазалығы – тек сол әлгі қоқыс жинағыштардың ғана міндеті ме, сіздіңше? Өз пәтеріңіздің ішін жалтыратып, жайнатып, тап-таза ғып ұстап отырған шығарсыз? Дұрыс. Бірақ үйдің маңайы да, есік алдындағы далаң (подъезд) да, әрі-беріден соң осы көшенің өзі – сіз бен біздің ортақ мекеніміз емес пе? Оны да өз үйіміз секілді тап-тұйнақтай ғып отырсақ болмай ма?..
Балкондағы әйел «қайдағы-жайдағыны айтып басын қатырған» адамның ақыл-кеңесін тыңдағысы келмесе керек, ішке кіріп кетіпті...
Талапты күшейтпесе болмайды
...Рас, қазір адамдардың бәрі ақылды. Ешкім де басқа біреудің айтқанын құлағына ілгісі келмейді. Жай ғана «Мынауыңыз дұрыс емес сияқты...» деп көріңізші, бірден «Ақылыңды басыңа шайнап жақ!» деп шап ете қалады. «Шырағым, әуелі өзіңді түзеп ал, менің өз ақылым өзіме жетеді» дейді. Бірақ сол бәріне жеткілікті ақылының неге дәл қоқысты тиесілі орнына апарып тастауға келгенде жетпей қалатыны түсініксіз...
Өкініштісі, өзіміз мекен етіп отырған жердің келбетін көп жағдайда өзіміз осылай бұзып жатамыз. Қай жерде де контейнерге жетпей «желкесі қиылып», шашылып жатқан қоқысты көресіз. Сөйтіп, табиғат адамдардың қолдан жасаған қиянатынан зардап шегіп отыр. Бұл жауапсыздық экологиялық ахуалды одан сайын бұзуда. Халық көп, көшеде ығы-жығы адам, кептелiсте сiрескен көлiктер, олардан бөлінген түтін... Бұған тұрғындардың салақтығынан әр жерде шашылып қалатын қоқыстарды қоссаңыз, не болады? Мұның бәрі қаланың сәнін бұзғаннан бөлек, әрқайсымыздың денсаулығымызға зиян екенін ойласақ қайтеді?
Статистикалық мәліметтер Қазақстан бойынша денсаулығы нашар адамдардың ішінде тыныс жолдарының қабынуына душар болған жандардың көп екенін көрсетеді. Бұл мәселенің ең алдымен қоршаған ортаның ластануынан туындап отырғаны анық.
Дамыған шет мемлекеттерде көшедегі тазалық мәселесі қатаң қадағаланады. Бейжіңде (Қытай), мысалы, көшеде түкіргені, қоқыс тастағаны, тіпті итінің бүлдіріп кеткен «әлеметі» үшін арнайы айыппұл салынады. Сингапурде сағыз шайнамақ түгілі, оны сақтауға, бір-біріне таратуға болмайды. Ол есірткімен теңестірілген және бұл үшін үлкен айыппұл (1000 АҚШ доллары) салынады. Сондай-ақ, тасталған қоқыс үшін 500-ден 1000 долларға дейін, көшеде түкіргені үшін 1000 доллар, жеделсатыда темекі тартқаны үшін 1000 доллар айыппұл қарастырылған. Малайзияда асфальтқа тасталған сағыз үшін 1 ай қоғамдық жұмыс және 500 доллар көлемінде айыппұл салынады. Мұндай салақтық үшін Ұлыбританияда 90 фунт стерлинг айыппұл белгіленген. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде көшеде тасталған сағыз үшін кінәлі адам 137 долларға, ал темекі тұқылы үшін 55 долларға айыпталады.
Аталған мемлекеттердің көпшілігі – заң талабына мойынсұнатын елдер. Соның өзінде тұрғындардың жауапсыздығы, мәдениетінің төмендігі ішінара байқалып қалатынын аңдап отырмыз. Ал қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау, тәртіп сақтау, әдептен аттамау секілді атам қазақтың бойында баяғыдан болған ізгі қасиеттерден жұрдай болып бара жатқан біздің адамдар туралы не айтуға болады? Демек, бізде де қоршаған ортаны ластаушыларға, көше тазалығын сақтамай, отырған орнына шашылған қоқыс тастап кете беретін салақтарға деген қадағалауды күшейтіп, жаза қолдануымыз керек. Рас, қалалық әкімшіліктер тарапынан бұл бағытта біраз жұмыстардың атқарылып жатқаны белгілі. Бірақ, аңғарып жүргеніміздей, талапты қатаңдата түспесе болмайтын сияқты.
Ауладағы әткеншек
...Біздің үйге көрші орналасқан аулада ауылдан көшіп келген бір ақсақал тұрады. Ауылдық жердегі қарттардың қол қусырып отыра алмайтын әдеті емес пе, бұл кісі де үйде құр жата беріп іші пысса керек, көп ұзамай ауланы көркейту мәселесін қолға алды. Басқа аулалардың алдында тек қана қос ұзын отырғыш (скамейка) бар, басқа ештеңе жоқ, тұлдыр жалаңаш. Ал мына ақсақал сол отырғыштардың айналасына шырмауық іспетті жар жағалап өсетін бұталар екті. Олар жыланша ирелеңдеп өсе бастаған соң, отырғыштардың үстіне темір шыбықтарды ие көмкеріп, әлгі бұталарды соның үстіне өрмелетті. Міне, енді ауланың алды қою көлеңкеге, жаздың ыстығында тұрғындар саялай отырып, әңгіме-дүкен құратын орынға айналды.
Ақсақал мұнымен шектелген жоқ. Үй бұрышындағы бос алаңқайға жеміс ағаштарын отырғызды, оның шеткерілеу бұрышына аздап құм әкеп төккізді. Оның жанына ағаштан шауып кішкентай әткеншек орнатты. Қазір әлгі ағаштар аздап жеміс бере бастады. Қария алаңқайды сым шарбақпен қоршатты. Бос жатқан жер бірнеше жыл ішінде балалар ойнайтын құмы бар, әткеншегі бар, саялы, көлеңкелі мекенге айналды. Енді оның ішіне арнайы қақпа арқылы ғана кіре аласыз. Өйткені, былтыр кейбір бұзық жастар қараңғы түсе сонда кіріп, темекі тартып, сыра ішіп, түнімен қарқылдап күліп отыратынды шығарып еді. Содан бері ақсақал қақпаны құлыптап ұстайды. Тек балаларға ғана ашып береді.
Шіркін, біздің әрқайсымыз өз ауламызға, өз көшемізге осындай құрметпен, жауапкершілікпен қарай білсек қой!..
* * *
...Аялдамада тұрғанбыз. Манағы пілдің баласындай қауқиған күлгін түсті қоқыс салатын контейнерлердің тұсына сүттей аппақ шетелдік көлік тоқтады. Алдыңғы терезесі ашылып, одан шашы толқынданған, ай жүзді әдемі қыз көрінді. Автобус күтіп тұрған жігіттер жанарларын сол жаққа тігіп, кірпік қақпай қарап тұр. Кенет... рульдегі сұлу бойжеткен көлігінен түспестен терезе арқылы қоқыс толы пакетті лақтыра салды. Ол контейнерге жеткен де жоқ, шашылып қала берді.
Abai.kz