Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 8985 0 пікір 13 Сәуір, 2015 сағат 11:47

БЕКЗАТ БАТЫР

Жүрегiм елжiредi…

Бекзатжанымды еске алған сайын сағынышым үдей түседi. Жүрегiмнiң бiр түкпiрiнде құлыншағымның жарқын бейнесi мәңгi сақталып қалған. Менiң Бекзатым халықтың Бекзатына айналып кеткелi қашан. Елге рахмет. Жыл сайын ұлымның туған күнi қарсаңында еске алу кештерiн ұйымдастырып, турнир өткiзедi. Газеттер мен телеарналар ақпарат таратады. 4 сәуiр күнi облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде «Бекзат батыр» атты поэма жарияланды. Алпамыс Файзолла атты жиырма жастағы студент жiгiттiң 20 жасында ерлiк жасаған Бекзат ағасына арнаған шығармасы отағасы екеумiздiң жүрегiмiздi толқытып, көңiлiмiздi босатты.

Поэмада «Алла жазса, атақты батыр болам, Найза ұстамай қолына қолғап киген» деп айтқанындай, Бекзат бейбiт заманның батыры едi ғой. Өйткенi, қазiр елдiң, ұлттың мықтылығы соғыста емес, Олимпиада ойындарында айқындалып жүр емес пе? Алпамыс баламның поэмасындағы әрбiр тарау, әрбiр шумақтар қатты әсер еттi. Оның өмiрге келгенi, бозбала, студент шағы, олимп биiгiн бағындырған сәтi, АҚШ спортшысын жеңiп, қуанған кезi әдемi суреттелген. Шумақтарды оқып отырып, кей сәттерiнде көздің жасына ерiк берiп те алдым. Жасындай жарқырап, Олимпиада чемпионы атанған қағiлез баламның бұл дүниеде жоқ екенiне әлi күнге дейiн сенгiм келмейдi. Қайтемiз, Алланың бұйрығына шара бар ма? Ұлыма деген сағыныш менiң ғана емес, Алаш баласының да санасында тұр екен. Батырын ұмытпайтын ел бар екенiне қуанып қалдым. Бекзатымның туған күнiн ескерiп, поэманы оқырманға ұсынған «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң ұжымына, оның авторы Алпамыс балама аналық жүрегiммен алғысымды айтамын. Бекзаттың жолын жалғап, ел абыройын аспандататын саңлақтар көбейе берсiн! Мұны баласын сағынған ананың батасы деп бiлiңiздер. Поэма жүрегiмдi елжiреттi…

 Сырлыкүл САТТАРХАНОВА,

Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы.

Түркiстан қаласы.

 

Дереккөзі: «Оңтүстік Қазақстан« газетінің ресми сайты

4 сәуір – қазақтың арда туған перзенттерiнiң бiрi, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күнi. Ұрпаққа, ұлтқа ұран болған ұл тiрi болғанда отыз беске толар едi. Жиырмасында ерлiк жасаған Бекзаттай батыр ұлға бүгiн 20 жастағы жас ақын поэма арнап отыр. Күлбiлтелемей турасын айтайық, поэма көңiлден шықты. Және бұл туынды, құрметтi оқырман, сiздердiң де талғамдарыңыздан табылады деген ойдамыз. Ендеше, жырдың өзiне кезек берелiк.

 

 

I. Ана әлдиi

 

Шымырлатып өр намыс жас кеуденi,   

Көкiрегiн Ананың жас кернедi.

Сексенiншi

Жыл,

Ғасыр –

Жиырмасыншы,

Олимпиада өтуде Мәскеудегi.

 

Нар жiгiттер сын сәтте көрiнуде,

Елiн сүйген жүректер егiлуде.

Абыройын қазақтың арқалаған,

Қонақбаев финалда жеңiлуде.

 

Даламыздан сен жайлы ән ескесiн,

Ерлiгiңмен есiл ер әлi естесiң…

Ана отыр телмiрiп экранға,

Бесiктегi тербетiп нәрестесiн.

 

Ер тiлегiн тiледi нөпiр анда,

Ақ ниетi айналып от ұранға.

Шырылдайды сәбиi,

Ал Анасы

Естiмейдi –

Назары экранда.

 

«Ерлiк қана бабаңның iстегенi,

Елiңдi ойла сол саған күш бередi.

Жеңiлуге жiгiттiң қақысы жоқ!

Ұр! Ұр! Серiк!» – деп Ана тiстенедi.

 

Батыр деп жұрт есептер, санар қанша,

Алауың да жанады жана алғанша.

Атышулы қазақтың боксшысы,

Сол бiр сында жеңiлдi, амал қанша.

 

Жаратқаннан тiлегiн сұрады Ана,

Көздiң жасын ерiксiз бұлады Ана.

Бесiктегi төрт айлық

Iңгәлаған

Сәбиiмен қосылып жылады Ана.

 

Не жетедi Ананың әлдиiне?!

Жаратқанның сыйы ма әр үйiне.

Жасын сүртiп отырып,

Бесiктегi

Бесiк жырын шырқады сәбиiне:

 

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесiкке жат бөпем.

Тербетедi бұл анаң.

Аппағымсың, айдайым.

Жылама, бөпем, жылама,

Бесiк жырын айтайын.

Күнi ертең-ақ, көкешiм,

Таудай жiгiт боларсың.

Ержеткен соң, бөпешiм,

Ағаңның кегiн аларсың.

Ержеткен соң, Бекзатым,

Белiңдi бекем буарсың.

Жай отындай жарқ еткен,

Ағаңның жолын қуарсың.

Қаймана қазақ, құлыным,

Сенiменен мақтансын.

Ел жадында есiмiң,

Ғасырлар бойы сақталсын.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесiкке жат, бөпем.

Ұйықтай ғой, бөпем, ұйықтай ғой…

 

II. Арман құшағында

 

Толқыған-ды жүрегi аттай тулап,

Тынши алмай, iшiнде жатпай шумақ.

Уақыт шiркiн жүйрiк қой зымырандай,

Өте шықты он бес жыл аттай зулап.

 

Жанарына тiрлiктiң мұңы тұнған,

Қиындықтың жүзiне сыры тұнған.

Ал Сырлыкүл ананың

Әлдеқашан

Сонау кезгi арманы ұмытылған.

 

Оза шауып жасынан Бекзат дара,

Озат болды құрбыда, жекжатта да.

Сағат сайын, сәт сайын өспесе де,

Алғыр болып ержеттi Бекзат бала.

 

Көздерiнде ақыл мен зейiн мол-ды,

Халық күткен ғаламат кейiн болды…

Мектебiнде сабағын үздiк оқып,

Спортқа да Бекзат ұл бейiм болды.

 

Кiрiспекке бекiндi «от iске» де,

Жиi майып болатын оқыс дене.

Он бесiнде қолына қолғап киiп,

Шұғылдана бастады бокспен де.

 

Ешбiр iстен қиын деп жасымайтын,

Күн тәртiбiн ол жiтi бақылайтын.

Он шақырым жердегi спорт залға,

Қайсар бала жүгiрiп қатынайтын.

 

Төзiм қылып ұстаным, тiрегiн де,

Жиi Алладан сұрайтын тiлегiн де.

Сол бозбала шағында

Бекзат ұлдың

Арман оты лаулады жүрегiнде:

«Есе бермей менiмен таласқанға,

Көп асқарда, көп шыңда, көп аспанда.

Әнұранын қазақтың әуелетем,

Көк байрақты көтерем көк аспанға!

 

Елi үшiн шайқасқан ер кешегi,

Елдiң қамын жегендi ер деседi.

Бабаларым секiлдi

Белуардан

Қан кешпеймiн, бiрақ та тер кешемiн!

 

Алты алаштың намысын қорғап, күйген,

Ағайыны сол үшiн қолдап, сүйген.

Алла жазса, атақты батыр болам,

Найза ұстамай қолына қолғап киген!

 

Оқасы жоқ жанымды жайпаса мұң,

Қараңмен де, ағыңмен шайқасамын!

Айналайын, Отаным,

Мен сен үшiн

Батырларша рингте айқасамын!»

 

III. Студенттiк шақ

 

Бұлақтайын көңiлi тұнық болды,

Кеудесiне өреннiң үмiт толды.

Он сегiзге келгенде Бекзат батыр,

Жұрт қызығар сымбатты жiгiт болды.

 

Ортасында от болып жалындады,

Қарсы тұрар қарсылас табылмады.

Шымкенттегi, Әуезов атындағы,

Оқу орны оқуға қабылдады.

 

Ауыр жүгiн көтерiп ар тасының,

Алға сүйреп жүретiн қор, пасығын…

Студенттiк шағында Бекзат батыр,

Мақтанышы боп жүрдi ортасының.

 

Iздегенi осы боп аңсағаны,

Дауысына өзгелер тамсанады.

Отырыста, кештерде, думандарда,

Гитарамен әдемi ән салады.

 

Жас батырға кең пейiл, ашық қолы,

Iштей тынып, сыртынан асық болып.

Ақылды әрi иманды, дарынды ұлға,

Талай ару жүретiн ғашық болып.

 

Асыл тектi халықтың ұрпағы ғой,

Сол халықтың арайлы нұр таңы ғой.

Сегiз қырлы, бiр сырлы

Арыстан ұл –

Бекзат батыр жiгiттiң сұлтаны ғой!

 

IV.Көптен күткен сәт

 

Арман, мұрат көкейден жоғалар ма?!

Бiр кездегi жөн келiп жорамал да.

Жас боксшы Алашқа танытты өзiн,

Халықаралық көптеген додаларда.

 

Үлкен спортқа келсiн деп «құйын» жаңа,

Ұлы үшiн Аллаға сыйынды Ана.

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы жылы,

Бекзат батыр толды ендi жиырмаға.

 

Ел аманда, ата аман, ана аманда,

Жеңiлудi боксшы қалаған ба?!

Олимп шыңы – батырдың көздегенi,

Сиднейдегi өтетiн аламанда.

 

Ел намысын ойлады құлқын демей,

Отан қамын ойлады мүлкiм демей.

Олимпиада алтынын аламын деп,

Дайындалды Бекзат ер күн-түн демей.

 

Алтын алам, жеңем деп тiстенедi,

Осы оған алапат күш бередi.

Ұшар күнi Сиднейге

Ұйықтап жатып,

Батырымыз ғажайып түс көредi.

 

Дулығасы, қолғабы сайланады,

Қанжығасы батырдың майланады.

Ақ шапанды ақсақал

Жеңесiң деп, –

Аян берiп, көңiлi жайланады.

 

Анасына айтты ер: «Көнiңiздер,

Алтын медаль қоржында сенiңiздер.

Алла үйiнде жетi рет Құран оқып,

Жетi адамға садақа берiңiздер».

 

Сақтамасаң мұндайда тиынды үйде,

Жомарттыққа Жаратқан сүйiнбей ме?!

Олимпиада алтынын аламын деп,

Жас боксшы аттанды Сиднейге.

 

Жеңемiн деп уәдесiн бердi Бекзат,

Қайратына, күшiне сендi Бекзат.

Шығу үшiн финалға

Қиналмастан,

Қарсыластың төртеуiн жеңдi Бекзат.

 

Белiн бекем түйiнер, буар iскер,

Кейiн жақсы нәтиже туар iстен.

Ал, финалда кездестi боксшымыз,

Америка ұланы Хуареспен.

 

Екi арлан бiр-бiрiн «сүзе» мықты,

Дода соңын үмiтiн үзе күттi.

Чемпионы әлемнiң

Қазақ ұлы –

Ер Бекзатқа финалда тiзе бүктi!

 

Көкейiнде талайдың жатталды анық,

Жатты оны дос танып, жаттар танып.

Елдiң туын көтердi,

Сейiлханның

Кенже ұлы – ер Бекзат Саттарханов!

 

V. Соңғы сөз

 

Тамсанды әлем Алаштың бөрiсiне,

Таңдай қағып, сүйсiндi ер iсiне.

Күллi қазақ даласы қуанды ендi,

Жиырма жасар жiгiттiң жеңiсiне.

 

Жастық шығар көңiлдiң желiккенi,

Сымбатты едi, жас едi, көрiктi едi.

Бойжеткендер батырға ғашық болып,

Бозбалалар Бекзатқа елiктедi.

 

Әлдеқашан өзгертiп шешiлгендi,

Есiм жайлы күтпеген шешiм келдi.

Ата-аналар ырымдап,

Жаңа туған

Ұлдарына «Бекзат» деп есiм бердi.

 

Ағаңа ұқса, еңбек ет, босқа тұрма,

Деп айтатын болды ендi жасқа тұлға.

Қазақ үшiн боксшы Бекзатымыз,

Жас батырдан айналды хас батырға.

 

Ұзақ ғұмыр жазмышқа жазылмады,

Бiздiң қолда емес қой жазылмағы…

Бiрақ тағдыр iстейдi өз бiлгенiн,

Бұл қуаныш ұзаққа созылмады.

 

Тым кеш сыйын кейбiреу ұсынады,

Кеттi ұшып қолыңнан құсың әнi…

Көп ұзамай Темiрлан тас жолында,

Қайран батыр апатқа ұшырады.

 

Тұлпар едi аламан дүбiрдегi,

Өз көлiгi денесiн тiлiмдедi.

Соңғы сөзiн айтуға айқайлап бiр,

Шама келмей, есiл ер күбiрледi:

 

«Талай өткел, асудан ассам деп ем,

Зұлымдардың кеудесiн бассам деп ем.

Отанымның, тәуелсiз Қазақстанның,

Дамуына зор үлес қоссам деп ем.

 

Сәйгүлiктей бәйгеде желсем деп ем,

Iзгiлiктiң көшiне ерсем деп ем.

Отан-Ана, елiмнiң алдындағы,

Борышымды атқарып өлсем деп ем.

 

Халқым, разы боларсың еңбегiме,

Аз да болса, разы бол бергенiме.

Осы-ақ болды, қайтейiн, бұйырғаны,

Осы-ақ болды қолымнан келгенi де.

 

Ауыр сында сынбаңдар, жасымаңдар,

Және үлкен жеңiсте тасымаңдар.

Ел намысын тапсырдым сендерге ендi,

Отан саған аманат, жас ұландар!»

 

Мұратына көздеген жеттi батыр,

Уағдасын орындап кеттi батыр.

«Қош, Отаным! Қош, әке! Қош, анашым!»,

Осыны айтып, үзiлiп кеттi батыр.

 

VI. Бекзат-арман

 

Күн күркiреп, аспан да тұрды азалы,

Жаңбыр болып төгiлдi жыр-қазалы.

Жиырмасында Бекзатқа батыр болған,

Жиырма жасар жас ақын жыр жазады.

 

Өрекпiгiн, көңiлiм, өрекпiгiн,

Сан өреннiң оятып зеректiгiн.

Жиырмасында көрсетiп кеттi Бекзат,

Қандай болу жiгiтке керектiгiн.

 

Кейбiреулер ұмытып тердi көптен,

Қызықтарға өткiншi ердi көптен.

Жиырмаңда сен жүрсiң мақтан қуып,

Жиырмасында Бекзат ер ерлiк еткен.

 

Бәрiмiзге дарынды бердi көптен,

Әттең, бiрақ адам аз өрлiк еткен.

Жиырмаңда сен жүрсiң сауық iздеп,

Жиырмасында Бекзат ер ерлiк еткен.

 

Жүректерге батырлық, ерлiк ексе,

Кетерде де «Елiм!» деп шерлi кетсе.

Қазақстан ұлы ел болмас па едi,

Жиырмасында бар жiгiт ерлiк етсе?!

 

Әр көктемде, әр жаз, күз, әр қысында,

Еңбек етпей, бос жүрсе шалқысын ба?!

Талай адам жүр бiрақ түк бiтiрмей,

Жиырма түгiл қырқында, алпысында!

 

Үлгi алайық Бекзаттан, үлгi алайық,

Елге деген сезiммен нұрланайық!

Аманатын бабаның орындар деп,

Сенiм артып бiздерге жүр халайық.

 

Қайраттанып, сiлкiнiп, жiгерленiп,

Өн бойыма байлауым сiңер берiк.

Елiм үшiн бекiнсем бiр ерлiкке,

Бекзат-арман тұрады жiгер берiп…

 

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнiң студентi.

Алматы қаласы.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584