«ГАРМОНИЯ-ДИСГАРМОНИЯ» ДУАЛЬДЫЛЫҒЫ
ОНЫҢ ЭКОНОМИКАҒА ӘСЕРІ БАР МА?
Кейінгі кезде осы мақаланың авторы әлемнің дуальдылығы ғылымға ертеден мәлім дегенді оқтын-оқтын естіп қалуда. Ия, ол рас. Дегенмен де, өмір өзгереді, бүтін бір дәуір келесі дәуірмен алмасады, сондықтан біздің де қоғам дамуына деген көзқарасымыз эволюция жолымен өзгеруі заңды. Дуальдылық көп. Солардың бірі антикалық көне заманнан біздің дәуірге дейінгі руханилық пен материалдылықтың арасындағы бірлік пен тартыс. Ғалымдардың үнемі назарында жүрген бұл дуальдылықты және оның даму сатыларын зерттеу – көкейтесті мәселеге айналып отыр.
Біздің ойымызша, «рухани-материалды» дуальдылығы және оның дамуы Қасиетті кітаптағы өзгемейтін рухани құндылық – шынайы руханиятты ілім, ал жеке тұлғалардың ниеттері мен іс-әрекеттері, яғни Дін тұту жарғысының барлық ережелерін әруақытта орындау, соған сәйкес өмір сүру – өзгеріп тұратын құбылыс. Руханият іліміне сәйкес бастапқыда адам түйсігінде әлуетті екі бастама орын алады: бір жағынан рухани құндылыққа және екінші жағынан материалдық байлыққа ұмтылыс. Қайсысы нағыз маңыздысы, қайсысы өмірдің мәні болатыны – ол адам тәрбиесіне байланысты. Бұл Гармониялы не дисгармониялы әлемнің заңды түрде пайда болуына әсерін тигізеді. Әрине, бұл жерде өз қиыншылықтары болады және де ұзақ мерзімге созылуы да мүмкін.
Көп қырлы, тамаша «Гармония» түсінігі адамның жеке бақытын, қоғамның жан-жақты (сүйіспеншілік пен бауырластықтан өмірді сүю мен гумманистікке, тұлғалардың еңбекқорлығынан экономиканың тұрақты дамуына дейін, т. б.), яғни шынайы руханилылық негізінде жасалған алуан түрлі: игілік, қарапайымдылық, кеңпейілділік, жақсылық, саналылық, шыншылдықты өзіне алуан түрлі қамтитын ұғым. Керісінше, жеке азамат пен әлеуеттегі дисгармония жағымсыздыққа толы, тұнып тұр (сараңдық пен пайызқұмарлықтан маскүнемдік пен бейбастыққа, елдің жалпы кедейлігінен бір адамға шаққан табыс мөлшерінің жер мен көктей айырмашылығына, құқықтың шексіз бұзылуынан қатал әкімшілдікке, некесіздіктің басымдылығынан этностардың жойылуына дейін, т.б.). Әртүрлі әлеуеттерде дисгармонияның белгілері телегей теңіз. Бүкіл ғаламды, не жеке тұлғаны алсақ та Гармония барлық жерде бар. Оны зерттеу руханилық ілімді, әсіресе, Исламдық доктринаны, қазіргі ғылыммен, мысалы, метажүйелілік талдау теориясымен ұштастыруды талап етеді. Рухани деңгейі жағынан жеке тұлғалар, әсіресе, әлеуеттер әр алуан. Олар Жаратушыны мойындамайтын қараниетті материалистен (нөлдік көрсеткішпен) дін қызметшісіне дейін болады. Көбісі руханилығы жағынан әртүрлі деңгейдегі тұлғалар. Дуальдылықтың екі жағы да өзгеріп тұрады. Қатып қалған материалдық әлемнің болмайтынын жұрттың бәрі біледі. Ал, керісінше, рухани өмірдің эволюциясы, біздің пікірімізше, көп азаматтарға анық байқалмайды. Сондықтан да, осыны дәлелдеу қажет болып отыр. Күрделі өмірді бірқалыпты емес түрде қабылдау «руханилы-материалды» дуальдылықтың неге және қалайша қалыптасатынын түсінуге мүмкіншілік береді. Руханилылықтың деңгейінің көтерілуі Гармонияның негізін нығайтады, ал оның төмендеуі, керісінше, Гармонияны әлсіздендіреді, сөйтіп, дисгармонияны күшейтеді. Әлбетте, руханилылықты ғылымда жалпы қарайды, ал оның шынайылығына көңіл аудара бермейді.
Бұл жерде шынайы рухани ілімдердің рөліне өте жоғары баға берілуі керек. Содан кейін адамдардың дінмен қарым-қатынасы маңызды. Осы руханилылық ұғымның екі жағы дуальдылықтың қайнар көзін (генезисін) зерттеу қажет. Бізге белгілісі, монотеизмде, оның ішінде, Исламда руханилылық пен материалдылық маңызы жағынан тең емес. Рухани жетілудің дамуынан тұратын адам өмірінің мақсаты Қасиетті «Құран» кітабында, сонымен қатар басқа да Қасиетті Кітаптарда анықталған. Бұл діни сенімдегі тұлғалардың рухани қажеттілігіне өмір мақсатының ұстанымын, ал материалдық байлықтарға – осы жетістіктерге жету рөлін береді. Кез келген жүйенің иерархиясы бойынша, мақсат оған жеткізетін жолдардан, маңызы жағынан, биік тұрады. Әр заттың орны бар емес пе? Бұл кешенді талдаудың аксиомасы.
Руханилық пен материалдық бастамалардың өзара тартыс диалектикасы, әсіресе қазіргі кезде, күрделі және құбылмалы. Рухани құндылық пен материалды байлық деңгейінің құбылмалылығының әдістемелік және тәжрибелік мәні зор, материалдық байлық шексіз емес уақытша осы өмірдің қызықтырушысы, ал рухани құндылық ол шексіз мәңгілік, сондықтан оны, яғни даму үдерісін ескермеуге болмайды. «Гармония-дисгармония» дуальдылығы – барлық дүниенің, оның ішінде руханилық пен материалдылықтың өзгеруінің туындысы, руханилықтың материалдықтан немесе, материалдықтың руханилықтан басымдылығын анықтаудың нәтижесі.
Рухани негізде, адамдардың сана-сезімінде, содан кейін экономикада (сана тұрмысты анықтайды) әлеуметтік-экономикалық Гармония және оның заңдары қалыптасады, сондықтан жеке тұлғалардың сана-сезімдерінің шынайы руханиға және өнегелілікке қарай өзгеруі өте жоғары дәрежелі. Сананы Гармониялау – жеке тұлғалардың экономикалық істерінің бастамасы. Бұл әр елдің экономикасының даму деңгейіне және халқының тұрмысына, демография мен демократиялық жағдайына тәуелді емес. Гармониялы экономиканың мақсаты – халықтың барлық орынды материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету. Экономикалық жүйеде рухани-өнегелілігі, парасаты және мәдениеті жоғары қызметкерлер көп болған сайын, бұл мақсат ойдағыдай орындалып отырады. Натижесінде қоғамдағы және оның экономикасындағы Гармонияның қалыптасуы жеделдетіледі.
Дисгармония адамның жан дүниесі кемелденбегендіктен (парасаттылығы жоғары болса да) туады. Нәтижесінде адам атеист немесе агност болып қалады. Және де кейбір кезде діндарлар Дінтұтужарғысынан ауытқып, теріс қылықтар жасауы мүмкін. Осы діндарлар тәубасына келіп, Жаратушыдан кешірім сұрап, Гармония әлеміне қайтып келеді.
«Гармония-дисгармония» дуальдылығы «Руханилы-материалды» дуальдылықпен басқа себеппен де қабыспайды. Әлеуметтік Гармония өзінің негізі – руханилықпен (демоэтика) қатар қоғамның басқада өрістерін (демография, демократия, демоэкономика) қамтиды. Сондықтан, өзінің мазмұны жағынан руханилылықтан әлдеқайда кең, өйткені Гармония материалдылықты да қамтиды. Қарама-қайшылықтардың тартысы және тұлғалардың дамуының натижесінде бастапқы «Руханилы-материалды» дуальдылық «Гармония-дисгармония» дуальдылығына жиі ауысып отырады. Сондықтан да екінші ұғым құрамы жағынан күрделілеу. Бұны біліп жүргеніміз абзал. Халыққа кең таралған «игілік» пен «зұлымдық» сөздері «Гармония» және «дисгармония» ұғымына толық сәйкес келмейді. Себебі шынайы сенуші адамның игілігі Гармонияға жатады, өйткені ол оны Жаратушыға құлшылық ету үшін жасайды. Ал, атеистер мен политеистердің жасаған істері Гармонияға жатпайды, себебі олардың рухани негізі жоқ, жақсылықты олар өздері үшін немесе басқалар үшін ғана жасайды. Бірінші жағдайдағы игілікті іс нағыз бақыт көзі, өте құнды, себебі ол Жаратушының разылығына жеткізетін тура жол ғой. Орындылық, бір қалыптылық, әділеттілік, адалдылық және ашықтылық, адамның міндеті мен құқығын құрметтеу, әлемдік сүйіспеншілік, азаматтардың өзара сенімділігі және тағы басқа рухани-өнегелілік құндылықтар Гармонияға деген әлеуметтік эволюцияның мәнін, маңызын құрайды. Гармонияға жол ашылған жерде кедергілер жойылады, қоғамның барлық қорлары адамның игілігі және қоршаған ортаны сақтау үшін ерекше тиімділікпен жұмсалады. Ысырап, мақсатсыз шығын сияқты теріс іс-әрекетке тосқауыл қойылады.
Біздің өркениетімізде бір аса маңызды жайттың болып жатқанын, осыған байланысты қазіргі өмірге басқа көзқараспен қарау керек екенін, менімше, көптеген адамдар қатты сезінуде. Осы бір жаңа сезім, алдымызда болашақ өзгерістердің болу мүмкіндігі адамдардың көңіліне жаңа үміт тудырады.
Барлығымызға анық, кез келген қоғам материалдық байлықпен, ырықсыз сезіммен, қалауменен құрыла салмайды. Адамзаттың ғұламалары көптен бері жаңа дәуірдің келгенін айтып келеді. Жаңа дәуірдің қағидатты түрде жаңа адамгершілік ұстанымы болады, ал оны іске қосу үшін компьютерлік программадағы сияқты құпия белгісі (паролі) болады, ол пароль «дін» сөзі болып саналады.
Тарих үйреткендей, Жалғыз Жаратушыға сенушіліктің жоқтығы, байлыққа бойұсыну, жарамсыз ниеттер, құмарлыққа салыну, зинақорлық т.б. жайсыз көріністер қатерлі салдарға апарады. Бұл жерде Жаратушыға сенбеген Ад және Самуд, Соддом және Гоморо сияқты бай халықтардың, фараондардың, тағы басқалардың (бұл жерде қалған көптеген мысалдарды айтпай-ақ қояйын). жойылып кеткенінен тағылым алу қажет. Осы халықтардың тағдыры біздің заманымызда қайталанбайтынына кім кепіл бере алады? Қоғамда рухани-өнегеліліктің іргетасы жоқ жағдайда жоғары экономикалық даму – уақытша алдамшы, ең бастысы ол тұйыққа, әрі құрдымға апаратын алдамшы жол. Осыдан сақ болуымызды тарих айтып тұр емес пе? «Оян қазақ!» демей-ақ қояйын. Дегенмен де, ойланайықшы, ағайын!
Дәуіріміздің ауысып жатқаны, адамдардың құндылықтарының өзгеруі, руханияттың қайта жаңаруы жөнінде осы мақаланың авторы біраз жылдар бойы айтып та, жазып та келеді. Қазіргі таңда көптеген адамдар өзінің болашағын, өмірінің жол көрсеткішін Исламмен байланыстырады. Бұл үдерісте шынайы руханилық пен әдептіліктің рөлі көтеріліп жатқанына қөз жұмып отыра беруімізге болмайды. Дін мен ғылымның арасындағы қазіргі қашықтықты жоюға талпынуымыз керек. Міне, осы арқылы ғылымның жаңа заңдарын, тұжырымдарын, жаңалықтарын ашуға болады. Содан кейін ғылымның осындай натижелерін идеологияда, саясатта, тәрбиеде, білімде, экономикада саналы түрде пайдалануға болады. Діни ілімді (Ислам доктринасы) ғылыммен біріктірудің арқасында автор дуальдылық әлемді жаңаша көруге мүмкіншілік алды және де Гармония әлемі мен дисгармония әлемінің заңдарын, әлеуметтік экономиканың пардигмасын ашты ( D+ 3D). Бұл ғылыми жаңалықтар әр елдің Гармонияға бағытының бар екенін де, жоқ екенін де анықтап беруге мүмкіндік тудырып берді. Гармония бағыты – елдің бақыты, ал оның жоқтығы елдің құрдымға кетуі.
Рухани және ғылыми ілімнің пайымдауынша, адамның барлық ой өрісі жеке тұлғаның саналы ниеті ретінде қалыптасады. Қазіргі теория үздіксіз қайталанып жатқан дағдарыстардың түпкі себебін ашпауда. Бұл ретте тек дағдарыстың салдарларына ерекше мән беріп, оның ең бірінші түп нұсқасы – рухани-өнегелілік дағдарысты назардан тыс қалдыруда. Аурудың тек сыртқы белгілерін (симптомдарын) ғана емдеп, оның түпкі себебін анықтап жоймаса, адам мүлдем жазылып кетпейді ғой.
Қазіргі классикалық экономика үлгісі, өкінішке орай, қалыпты арнасынан тайған әлем тәртібіне жаңа түрткі болуға дәрменсіздік танытып отыр. Александриялық маяк сияқты, шынайы рухани-өнегелілікке негізделген әлеуметтік-экономикалық Гармония ілімі осындай кемшілікті жою үшін бізге жол сілтеп сәулесін шашып тұрғандай. Басқа орынды балама сөзсіз жоқ.
Жоғарыда айтылғандай қоғамдағы ең жоғары дәрежелі Гармония, бұл әлеуметтік эволюцияның жүйелі түрде жақындауы тиіс арман-мұрат (идеал). Ол қоғамға дұрысталған жол көрсеткіш (компас) сияқты тура бағыт береді, үлкен стратегиялық қатерлерге жол бергізбейді, кейбір мемлекеттердегідей құрдымға кетуден сақтап қалады.
Жиі қайталанып жатқан экономикалық дағдарыстар, әлеуметтік және саяси шиеленістер тіпті болып жатқан табиғи катаклизмалар осы мақсатқа жетудің бірден-бір қажет екенін дәлелдейді. Басқасын айтпағанда, тек қана, қазіргі болып жатқан мемелекетаралық валюталық қайшылықтар кәсіпкерлікті, әсіресе, орта және кіші кәсіпкерлікті ойсыратып, теріс әсерін тигізіп жатыр.
Қоғамның дуальдылығы жеке тұлғалардың экономикалық іс-әрекетіне, әлеуметтік Гармонияның қалыптасуына, оның заңдарына өте қатты әсер етеді.
Жоғарыдағы айтылған екі әлемнің адамдарының мұқтаждықтарының көбейіп, өсу заңдылықтары бар. 2014 жылы біздің институтта бұрын-соңды әлемнің ғылымына белгісіз «Әлеуметтік – экономика Гармониясының Заңы» жаңалығы ашылды. Ол заңның мағынасы мынада: жеке тұлғаның, әлеуеттің рухани қажеттіліктері орынды материалдық және материалдық емес қажеттіліктерінен доминантты, басым түрде өседі. Бұл заң негізгі заң болып табылады.
Әлеуметтік-экономикалық Гармонияның дамуы өркениетаралық және мемлекетаралық қарым-қатынастарда әріптестікті, қақтығыстарды болдырмауды, саяси қауіпсіздікті нығайтуды қамтиды. Қазақстан Президентінің жақында жариялаған бес реформалары біздің айтып отырған Гармонияны дамытуға дәл келеді.
Әлеметтік-экономикалық Гармонияның қалыптасуы барлық жағдайда бірқалыптылық, орындылық, адалдық, әділеттілік, ашықтық сияқты түбегейлі қағидаларға негізделеді. Гармония мәселері жақында АҚШ та шыққан «Harmony of Economy and Society The Paradigm of «D+3D», Laws and Problems» атты кітабымызда толық баяндалады.
Жоғарыда айтылғандай, қазіргі дәуіріміздің ерекшелігі түрлі қаржы-экономикалық, жалпы өркениеттік дағдарыстардың, ірі табиғи катаклизмалардың және көптеген соғыс қақтығыстарының шектен тыс шиеленістердің жиі, әрі қатарынан болып жатқанынында. Олардың одан ары жалғаса беруі мемлекеттерге, әлем өркениетіне өте зор қауіп тудырады. Деректерге сүйенсек, тек 1971 жылдан бері ғаламдық экономикада 500-дей қаржылық дағдарыстар (банктердің күйреуі, мемелекеттердің дефолті, девальвациялар, қор және ипотека нарықтарының күйзелісі) болыпты. Мұндай жағдайлар тарихта бұрын болып көрмеген. Олардың қайнар көзі көп тұлғалардың азғындауында, яғни рухани-өнегелілікке бойұсынбауында. Кейбір кәсіпқойлардың пікірлеріндей емес, дисгармонияға бейімделіп қана қоймай, қайта оның түпкі себебімен күресу кажет. Мәселе руханисыздықты, әдепсіздікті барынша тыю. Жанұяларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысының өзегі болуға тиіс. Ал, тәрбиесіз білім елді қанаты сынған құстай ұзаққа апармайды. Өйіткені, дисгармония азайып, әлсірей береді. Осыған зор мән беруіміз керек. Ашығын айтсақ, шындықты мойындайтын кезең туды.
Пессимизм, сары уайымға салынбай, оптимизм тұрғысынан айтсақ, Гармония, біздің ойымызша, әрі қарай адамдардың сана сезімінде олардың экономикалық өмірінде дами береді. Заманымызда, яғни ХХІ ғасырда басталып кеткен үдеріс осындай. Барша адамзаттың үміті: «Гармония әлемді сақтайды!».
Ораз БАЙМҰРАТОВ,
ҚР ҰҒА академигі, Қаржы-банк менеджменті
ғылыми зерттеу институтының директоры
Abai.kz